Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қанаттың туабітті таланты мен асқақ арманы

Қазақстанда инклюзивті білім берудің жаппай қолға алынғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де, елімізде өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап осы бағытта жұмыс істеп жатқан оқу орындары бар. Солардың бірі – Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжі. Дәл қазір осы колледжде шаштараз-стилист және киім үлгісін жасайтын модельер мамандығы бойынша есту және сөйлеу қабілеті нашар 50 студент білім алып жатыр. Колледжде мұндай айрықша қажеттілігі бар балалардың толыққанды кәсіби білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

Табыстың ең басты кепілі – табандылық, ол кейде таланттан да артық. Адамның табандылығы ешқашан ескерусіз қалмайды, әрі бұл қасиет жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады. Туабітті талант Қанат Абдраимовтың тағдыры осы сөзіміздің дәлелі. Есту қабілетінен айырылған Қанат өзінің бойындағы кемістікке қарамастан білім алуға мүмкіндігі бар екенін біле салысымен-ақ шаштараз-стилист болуға бел буыпты. «Жеті жасымда теледидардан модельдерге әдемі шаш үлгісін жасап жатқанын көрдім. Қатты ұнағаны соншалық, мен де осындай іспен айналысқым келеді деген шешімге келдім», – дейді Қанат. Шешімге келіп қана қоймай, ойға алған ісін бірден жүзеге асырып та көріпті – қарындасының қуыршағын сұрап алып, шашын сәндепті.

«Ал шаш қиюды мектепте оқып жүргенде-ақ бастадым. Әртүрлі шаш үлгілерін ойлап таба бастадым. Негізінен кәсіби шеберлердің жұмысын қарап алып, соған өзіндік ерекшелігімді қосатынмын», – дейді ол. Осы қасиеті қазірге дейін қалмаған. Ол ешқашан біреудікін көшіріп алмайды. Мұны Қанаттың кәсіби ұстанымы десек те болады. Жуырда ол Алматыда өткен техникалық және кәсіби білім беру (ТжКББ) саласындағы қалалық семинарға қатысып, осы салада жұмыс істейтін шығармашылық қызметкерлерінің оқыту тәжірибесін үйрететін семинарға қатысты. Жас талант басқа колледждерден келген оқытушыларға өзінің шеберлігін көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.

Қанат – өз ісіне берілген маман. Кәсіби шеберлердің WorldSkills Belarus 2016 («Шаштараз өнері» бойынша) конкурсында жеңіп шыққан соң тіпті жұлдызы жанды. «Бұл жақтағы іріктеуден өту Беларусь еліндегі сайыстан гөрі оңай болды. Ол жақта қарсыластарымның дені мықты болды. Алайда, мен Қазақстанның намысы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, барынша тырыстым. Еңбегім еленіп, «Ерлердің шаш үлгісі» бойынша бірінші орын алдым», – дейді Қанат қуанышын жасыра алмай.

Қанаттың жеңісіне бүкіл колледж қуанды. Шаштараз өнері, тырнақ эстетикасы, макияж және боди-арт бойынша Қазақстанда өткен І чемпионатта кәсіби шеберлермен бірге сайысқа түсіп, 3-орынды жеңіп алғаннан кейін беделі арта түсті. Бұл жетістікке көңілі толмаған Қанаттың өзі ғана: «Мен «Кешкі шаш үлгісі» номинациясы бойынша қатысқан едім. Дайын болатынмын, бәрін алдын ала ойластырып та қойғанмын, бірақ ойымдағыны толық жүзеге асыра алмадым. Уақытым да жетпей қалды», – дейді. Кез келген мақсатшыл адам секілді Қанат та өзіне сын көзбен қарайды. 

«Арнайы топтарға» айрықша мән береміз, – дейді колледж директоры Жарқын Жаниязова. – Айрықша балалар болғаннан кейін әрқайсысының өз ерекшелігіне орай талантын дамытуды көздейміз. Бұл еңбегіміз жеміссіз де емес. Студенттеріміз беделді кәсіби сайыстарда жүлделі орын алып жүр. Мұндай балалардың білсем, үйренсем деген құштарлығы да ерекше. Сондықтан олардың шығармашылығына барынша еркіндік береміз».

Педагогтардың ыждағатты еңбегінің арқасында Қанат пен оның курстастары теориялық білім алып қана қоймай, өздері таңдаған мамандықтың қыр-сырын тәжірибе жүзінде де үйренеді. Арнайы топтың студенттері сәннің тарихын, колористиканы оқып, шығармашылық тұрғыда ойлау машығын жетілдіреді. Уақыттарының көбін заманауи құрылғылармен жабдықталған екі оқу салонында өткізеді, мұнда студенттер өздерінің идеяларын тәжірибе жүзінде іске асырумен айналысады. Шеберлер тек тәжірибе жинап қана қоймай, маңызды әлеуметтік миссияны да жүзеге асырады: өздері тұратын аумақтағы тұрғындардың, соның ішінде зейнеткерлер мен тұрмысы нашар адамдардың шашын тегін қияды.

«Танымал шебер болуды армандаймын. Менің салонымда шаштараздар мен маникюр жасаушылар ғана емес, визажистер де жұмыс істейтін болады. Бәлкім, тіпті, боди-арт студиясын ашатын шығармын», – дейді Қанат сенімді түрде. Оның мақсаты зор, жоспары да көп. Колледж басшылары оқуын бітіргеннен кейін сабақ беруге қалуды өтініп отыр екен. Қалай болғанда да, біз Қанатқа тек қана табыс тілейміз. Қанаттың басындағы жағдай арманға жету үшін кез келген қиындықты жеңуге болатынын көрсететудің жарқын мысалы екеніне сенеміз.

Колледждерде тегін кәсіби және техникалық білім алу жөнінде http://yvision.kz/post/736475 сілтемесінен білуге болады.

Колледжде өз ісіне берілген талантты оқытушылар да, студенттер де көп. Біздің кейіпкерлерімізбен төмендегі сілтеме арқылы таныса аласыздар:

http://yvision.kz/post/740686

http://yvision.kz/post/740676

 
0
0
1547

Осы тақырып бойынша

Қанаттың туабітті таланты мен асқақ арманы - Yvision.kz