«Алжир» мемориалдық-мұражай кешені(«Туған елге тағзым» экспедициясының төртінші күні )


Сталин вагонын көргенде, алғашында көз алдымнан бұрынғы қуғын-сүргін құрбандарының мұңы мен зары, қиналғандары өтті десем артық емес. Бұл вагон іші өте тар болғанына қарамастан, 80-90-дай адамды аяусыз қинап, вагондарға тиеп, әбден қорлық көрсеткен. Қақаған қысты күні бұл вагон ішінде 2 айдан аса жол жүріп, әбден азап шеккен.Енді назарымызды қақпадан оң жаққа қарай аударсақ, онда барақ орналасқан. Бұл барақ өте тар болған. Адамдарға жатар төсектің өзін бермеген. Олар өздері қамыстан төсек жасап, соларға жатқан. Бір барақтың ішінде 8-10 адамдай орналасқан. Оның ішінде балалы әйелдер де болған.


Жалпы 8000 осы қиыншылықты бастан кешірген. Оның қатарында 6000 адам алғашқы этаппен келген болса, кейіннен оған 1500 адам келіп қосылған деседі. Оның ішінде: М.Н. Тухачевскийдің қарындасы Е.Н. Тухачевская, А.С. Енукидзенің әйелі мен қызы, С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Күнжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, С.Қожановтың әйелі Күләндам, С.Меңдешевтің әйелі Рәзия, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, Н.Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, С.Аспандияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Елизавета Садуақасова, Мария Есқараева, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Сағадат Таштитова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, Кира Нұрмағамбетова (лагерьде атылды), Жанбике Шанина, Хадиша Мусина, Сақыпжамал Назарова (Зарап Темірбековтың әйелі), Уәзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Қалменова, Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдина т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын» өтеді. Алаң ортасында “Қасірет қақпасы” монументін көрдім. Бұл қақпа монументінің биіктігі 18 метр, ені 9 метр. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелдің қара жаулығын түбінде ақ жаулығы – үміті жеңетінін бейнелейді.

Ал енді музей ішіне кірген сәтте, залдың ортасында “Өмір гүлі” композициясы орналасқан. Гүл тасты жарып шығып, қаншама қиыншылықтарға қарамастан өмірдің жалғаса беретінін көрсетіп тұрғандай. “Өмір гүлінің” жоғарғы жағында “Еркіндік және еркінсіздік” композициясы берілген. Композиция тордағы ұшуға жанталасқан 15 кептерді бейнелейді. 15 кептер кезіндегі 15 республиканы көрсетеді. Кептердің кейбіреуі еркіндікке шыға алмай мерт болса, енді біреулерінің қапастан бостандыққа шыққаны көрініп тұр.


2-қабат толығымен 1937 - 1953 жж. "Алжир" тұтқындарына арналған. Онда азап шеккен нәзік жандылардың жатқан абақтысы, есігі, танымал кісілер туралы, олардың абақтыдағы балалары туралы, жеке заттары туралы, ГУЛАК пен КАРЛАК туралы ақпарат туралы мағлұмат табуға, абақтыдағылардың басынан өткен қорқынышты әңгімелерін естуге болады.


Дәл осындай күйде жазықсыз нәзік жандылар өздерінің 5 жылдан 20 жылға дейінгі ғұмырын АЛЖИР лагерінде өткізіп жатты.
