Қалың қардан 40 мұнайшы құтқарылды
Соңғы үш аптада Атырау облысында ауа райының қолайсыздығы жергілікті халықты да, құтқарушыларды да әбіргерге салды. Мұндай табиғи жағдайдан, яғни, қалың қар мен қатты соққан желдің әсерінен облыс аумағындағы барыс-келіс әлі де болса қиындау. Осыдан 10 күн бұрын темір жол қатынасының 16 сағатқа үзілгенін хабарлаған болатынбыз. Қазір теміржол қозғалысы қалпына келтірілді. Одан бергі уақытта күн райы аса суық болмаса да, қатты боранның салдарынан шалғай аймақтарда, әсіресе, кен орындарында көліктердің адасып кету оқиғасы көптеп тіркелуде. Мәселен, кеше Жылыой ауданындағы «Шөлқара» кен орнының 40-тан астам мұнайшысы осындай оқиғаға тап болды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Аэромобильді құтқару қызметі мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары кеншілерді бүгін аман-есен Құлсары қаласына жеткізді. Жалпы, көліктердің қар құрсауында қалу оқиғалары, әсіресе, Атырау мен Маңғыстау облыстарын қосатын тасжолдар бойында көптеп кездеседі. Соңғы мәліметтер бойынша, аталған екі облыстың ауа райы әлі де сол қалпында.
Амантай Ербозов, Батыс өңірлік аэромобильді құтқару жасағының бастығы:
Біздің құтқарушылар Бейнеу-Маңғыстау тас жолына ұшып барып, сол жерде тұрған 9 автокөлікті көріп, сол жерге вертолетті қондырып, өзіміз барып дәрігерлік көмек керек пе, соны сұрадық. Дәрігерлік көмек ешкімге керек болмады, сосын азық-түлік тастадық. Соңғы екі-үш күнде 73 адам, 52 техника шығарылды.
