Алтынтөбе атауы қайдан шыққан?
Қазығұрт ауданында Алтынтөбе деп аталатын ауыл бар. Ауыл атауының қалыптасуына қатысты жергілікті тұрғындар арасында бірнеше аңыз-әңгіме айтылады. Солардың бір нұсқасы туралы айтпақпыз.

Алтынтөбе қалажұрты. Х-ХҮІІ ғасыр ескерткіші.
Ауыл маңында осылай аталатын ауыл атымен аттас көне қаланың орны, төрткүлтөбе сақталған. Қалажұрт орнынан ауыл тұрғындары көне заманғы құмыра сынықтары, кірпіштер мен (қару-жарақтың болса керек) металл сынықтарын, тиын-тебен қалдықтарын тауып жатады (Алтынтөбе қала жұртының координаты 41.831373, 69.709689). Бұл қалажұрт туралы massaget.kz сайтында блог жариялағанбыз (сілтеме: https://massaget.kz/blogs/20367/). Сілтемеден қала орнына қатысты біршама мәліметтер ала аласыз.

Алтынтөбе қалажұртының спутниктік картадан қарағандағы көрінісі
Мектеп жасындағы бала кезімізде ауылдан 2-3 шақырым оңтүстікте Қаракемер жақта, ауылдықтар «Шаңқай» атап кеткен жерде кетпен шауып, егіс егетінбіз. Көк ешекті арбаға жегіп алып, таңертеңмен сонда барып, күн бата түнделетіп үйге қайтушы ек. Бару-қайту жолымызда жарықтық әкеміздің аузынан ауылдың талай аңыз-әңгімелерін еститінбіз. Ауылда аңыз-әңгімелерді анық-қанығын жеткізіп, тамылжытып әкем мен Қалдыбай атадан асырып ешкім айта алмайтын. Сол естіген әңгімелер әлі күнге есімнен шыққан емес. Есте тұрған сәтте шетінен компьютерде теріп, блог етіп жариялап келеміз. Жоғарыда айтқанымыздай, солардың бірі туралы сөз сабақтасақ...

Ауыл балаларының Алтынтөбе қалажұрты үстіндегі футбол алаңқайы
Еретеректе, шамамен ХІХ ғасырдың екінші жартысы болса керек, Ресей Тәшкенді алатын заманның алдындағы Қоқанның бағы тая бастаған уақытта бұл төңеректі қайшылыдан шыққан Әжіқұл деген бай жайлапты. Мыңғырған малы, жинаған алтыны көп болыпты. Малды бір жұттық санап, негізінен алтын жиған екен. Бес уақыт намазын қаза жібермейтін тақуалығы бар, ілімді кісі болған. Байдың кіндігінен тарайтын қыздары болғанмен, ұлы жоқ екен. Күндердің-күнінің бірінде Әжіғұл бай алтындарын жиып, бір жерге тығып, көмеді. Мал-жанын сенімді кісісіне аманаттап, өзі қажылыққа аттаныпты. Бай сол қажылық сапардан оралмапты. Ауылдастары байдың қажылығы орындалдыға санап, «Әжіғұл әжі» деп атап кетіпті (2002 жылы шыққан «Қазығұрт» энциклопедиясының «Қазығұрттан шыққан қажылар» тақырыбындағы мақаласында Әжіқұл әжінің аты аталады. Тарихта болған кісі екенінің нақты дәлелі сол болса керек). Қыздары ұзатылады. Артындағы малын ағайын-туыстары бөлісіп алады. Байдың тек «Әжіғұл әжі» деген атағынан басқа ел-жұрттың есінде ешнәрсе қалмапты. Баяғы көмілген алтындарының көмілген жерін тұрғындар шамалағанмен, нақты білмегендіктен ол да ұмыт қалады.
Арада бірнеше ондаған жыл өткенде, шамасы ХХ ғасырдың басындағы Ресей патшалығы құлардың алдындағы жылдар болса керек, Самарқанның арғы жағынан екі тәжік келіп, Төрткүлтөбе айналасының жерін жыртып, егіс егеді. Ауыл тұрғындарының барлығымен тіл табысып алады. Екі тәжік тек қауын егеді екен. Тәжіктердің диханшылығына ауыл тұрғындары жақын жерден қауын сатып алатынына қуанбаса, еш күдіктенбеген. Дихандар су шыға қоймайтын Төрткүлтөбенің төбесіне дейін көтерме жасап, арық қазып, су шығарады, қия беттерді де жыртып, егіс егеді. Бір қызығы – жұма сайын жаңа жертөле қазады екен. Ауылдағылар неге жаңа жертөле қазатынын сұрай қалса, ескі жертөледе тышқандар көбейгенін сылтау етеді екен. Су жыққан арықтарының да арналарын жиі ауыстырады екен. Сонда да ауыл тұрғындары еш күдіктене қоймаған.
Шілде бітіп, тамыз басталар күндердің бірінде дихандарға көршілеу тұратын Нұрлыбай ақсақал (қазіргі Әбдиевтердің атасы) таңертемен арықтан су алуға барса, арық жағасынан күнделікті аяғын басып тұрып су алатын жалпақ үлкен тасы төңкеріліп жатыр. Екі-үш адам әрең орнынан қозғайтын үлкен тастың неге бұлай аударылып қалғанына таңырқап, мән бере қараса, тастың астынан бірнеше үлкен құмыралардың ізін көреді. Дихандардың жертөлесіне көз салса, ат-көліктері көрінбейді. Дихандардың өздері де аяқ астынан жоғалып кеткен. Асығыс-үсігіс аттанып, із суытып үлгерген.
- Қап! Неткен ақымақ едім?! Аяғымның астындағы қазынаны неге білмегем?! –деп, Нұрбай ақсақал аһ ұрып, өкініп, санын сабалап қала беріпті.
Қауын еккен тәжік «дихандар» сол кеткеннен хабарсыз кетеді. Баяғы Әжіқұл әжінің қазынасын ұрлағаны мәлім болады. Қауындар да пісіп қалған екен. Пісіп тұрған егінді пұлдауға да қарамаған ғой. Иесіз қалған қауындарды Сағынбек деген кісі иеленіп, Қаржансудың арғы бетіндегі Сенбі базарына (Сенбі базары ол кезде дүрілдеп тұрған шағы екен) шығарып, бір қауынды – бір қойға айырбастап, айырбастауға шамасы жоқтарға тіліктеп сатып бір жұмада байып шыға келеді. Сатқан қауынының үлкендігін сипаттау үшін «атты адам бір қауынды алдына өңгеріп әрең алған екен» деседі. Содан кейін, «кімсің?» - Сағынбек бай аталады (Сағынбек бай ХХ ғасырдың 30 жылдары ағайындарының көре алмаушылығынан бай-құлақ болып итжеккенге айдалған).

Қауын еккен жерлердің біраз бөлігіне бүгінгі күні ауыл зираты орналасқан
Әжіқұл байдың заманында қажылық сапарға баратын кісілер арнайы кеңесіп, топтанып жолға аттанады екен. Тегін адам қажылыққа бармайтыны белгілі, өңкей бай-бағыландар барады. Қажылыққа шыққан топ Самарқаннан асқанда оларға бір кісі топқа қосуын өтініп, қоярда-қоймай қосылады. Сапарластарының сеніміне кіріп, жақсы қызмет көрсетеді. Өтірік айтса, қажылығы қабыл болмайтыны туралы айтып, қазыналары туралы сыр суыртпақтап, біліп алады. Қажылықтан кері қайтарда да бірге болған. Түрікпен құмынан өткенде қапысын тауып, Әжіғұл байды өлтіреді. Содан құмға сіңіп, бой тасалап үлгереді. Топтағы өзге байлар өздерінің амандығын ойлап, жылдамдата отырып, қауіпті саналатын Самарқан жолынан ұзай береді. Әжіғұлдың қажылығы қабыл болғаны туралы елге жеткізіп, «әжі» атандырған сол топтағы өзге қажылар болатын. Ал Әжіғұл әжіні өлтірген кісінің кім екені сол күйі ұмытылады. Мүмкін Әжіғұл әжі де, оның қазынасы да, оны өлтірген самарқандық тәжік те ұмытылар ма еді? Араға бірнеше ондаған жыл салып «қауын оқиғасы» бәрін қайта ел есіне салды.
Содан бастап, Әжіғұл әжінің қазынасы табылған Төрткүлтөбе – Алтынтөбе деп аталады. Ауыл аты да соның атымен атала бастайды.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
