«Алтын тұлпар» аламан бәйгесі
«Нұр Отан» партиясы доктринасында белгіленген мәдени және рухани құндылықтарды сақтау және арттыру мақсатында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Астанада аламан бәйге өтеді дегенді естіген соң Алматыда жата алмадым. "Көппен көрген ұлы той" осы болар деп ойланбастан ат басын Астанаға бұрдым.

Қабанбай ауылы. Шашасына шаң жұқтырмайтын 90 жүйрік ауыздықпен алысып 51 шақырымды бағындыруға сақадай сай тұр. 15 мыңға жуық қиқулайтын ұлттық спорттың жанашырлары өзара бәстесіп, мерекенің көркін қыздырса, ат сыншылары қай тұлпардың топ жарып, жүлделі орындарға ілігетінін болжауда. Киіз үйде ет асылып, қазан қайнап жатыр. Қысқасы нағыз қазақи той! Әнұран шырқалды. Ақсақал бата беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Еліміздің әр облысынан келген жүйріктер шаңғытып шаба жөнелді. 4 айналым. Ұйымдастыру жұмыстары да керемет. Алаңға үлкен екі экран орнатып, алыстап кеткен жүйріктердің шабысын көрермендер сол жерде тікелей эфир арқылып тамашалап отырды. Тікұшақ, коптер, кран... қысқасы бәйге жақсы түсірілді. Әншілер ән айтып, күйшілер күй тартып мерекенің көркін қыздырды.

Айтпақшы, 51 шақырым көп тұлпарға оңай соқпады. 1 айналымның өзінде-ақ 30-ға жуық жүйрік жарыстан шығып қалды. Кіл мықтылары ғана мәреге жететіні осы жерден белгілі болды.

Соңғы айналым. Бір топ тұлпар суырылып алға шықты. Делебесі қозған көрермен қай жүйріктің бірінші болып келетінін жақыннан көргісі кеп, мәреге қарай жүгірді. Бұл да мен үшін ерекше көрініс болды.



Сонымен мәре. Жамбыл облысының Шамал атты жүйрігі бірінші келіп, 10 млн. теңгені қанжығасына байлады. Айта кетейін ұйымдастырушылар 9-орынға дейін келген жүйрік иелеріне ақшалай сыйлық беріп, лайықты құрмет көрсетті.



Бәйге көру футбол көргеннен де қызық екен. Енді еліміздің қай өңірінде бәйге өткізілсе, сол жерден табылуға тырысамын :)
