«Алтын сапа» сыйлығын өткізу аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 30 пайызы үнемделді
«Алтын сапа» сыйлығын өткізу аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 30 пайызы үнемделді, деді ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
«Осы жылы байқауға шағын бизнес өкілдері қатысты, бұл жаңалықты өңірлер оңтайлы қабылдады. Байқауға бұл жылы алдын ала 300 кәсіпкер қатысты. Өңірлік деңгейде іріктеу жүргізіліп, орталық аппаратқа 153 өтініш келіп түсті, оның негізгі құрамын шағын бизнес құрады – 69 кәсіпорын, орта кәсіпкерлік – 44, ірі кәсіпкерлік – 40 компанияны құрады», - деді ол.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша, осы жылы байқауды өткізуде қаржы жағын үнемдеу жүзеге асырылды.
«Жыл сайын аталмыш сыйлықты өткізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Осы жылы республикалық бюджеттің 30 пайыз сомасы үнемделді. Біз бөлінген қаржыны барынша үнемдеп қолдануға тырыстық, үнемделген қаржы республикалық бюджетке қайтарылды», - деді Н.Әлтаев.
Айта кетейік, байқауда өндірістік үздік кәсіпорын иегерлері: «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, Солтүстік Қазақстан облысы, ОҚО-дағы «KAZMEDPRIBOR Holding» ЖШС, Алматыдағы «Құбыр арматурасының қазақстандық зауыты» ЖШС.
Халыққа арналған ұздік тауарларды өндіруші: Алматы облысындағы «Байсерке Агро» ЖШС, БҚО-дағы «Агроөндіріс ЛТД» ЖШС, Астанадағы «Алтын Орда» авторлық дизайн үйі» ЖШС.
Қызмет көрсетуші үздік компаниялар: Астанадағы «BI Holding» ЖШС, Алматыдағы «Исткомтранс» ЖШС, Маңғыстау облысындағы «Ынта» ЖШС.
Айта кетейік, биыл «Алтын сапа» сыйлығына 10 жыл толды.
«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының материалдарын қарау жөніндегі сараптау топтары үш номинация бойынша: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Байқауға өңірлердің 144 жеңімпаз кәсіпорны қатысады.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауының материалдарын қарап шығып, қорытынды жиналыс өткеннен кейін Президент Әкімшілігі жанындағы лауреаттар мен дипломанттар атағын беру жөніндегі комиссия екі байқаудың да ақтық жеңімпаздарын таңдайды.
