Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

«АЛТЕЛ» 4G LTE GSM желісін іске қосты»

Бүгін «АЛТЕЛ» компаниясы LTE/GSM/UMTS желісін іске қосқаны туралы хабарлады. Ол  смартфонда LTE  технологиясы бойынша жоғары жылдамдықта деректер беруді пайдалануға мүмкіндік береді, дауыс қоңыраулары автоматты түрде GSM/UMTS желісіне көшірілетін болады.

Қазақстанда тұңғыш рет Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Шымкент, Өскемен қалаларында 4G/3G/2G  технологияларын бір мезгілде  қолдай алатын конвергентті желі тармақталып отыр.   АЛТЕЛ ағымдағы жылдың қыркүйегінде республиканың барлық облыс орталықтарын желімен қамтымақ. 2014 жылдың соңына қарай LTE/UMTS/GSM  технологиясы негізіндегі байланыс Қазақстанның халық саны 50 000 адамнан асатын барлық қалаларында   іске қосылатын болады.

«АЛТЕЛ»  АҚ Басқарма төрағасы Мақсұт Сауранбековтің айтуы бойынша, жаңа оператордың басты артықшылығының бірі  жетекші ұтқыр операторлардың әлемдік тәжірибесі негізінде әзірленген бірегей тарифтік жоспарлар топтамасын ұсынуы болмақ. «АЛТЕЛ тарифтері түбегейлі тың ұсыныс болып табылады, біз бонус ретінде желі ішінде дауыс қызметтерін тегін ұсына отырып, интернетке қатынауға ғана төлем жасауды ұсынамыз», – деді М.Сауранбеков.

Озық технологиялар мен жабдықтарға негізделген мультитехнологиялық желі бірқатар инновациялық функциялар мен әзірлемелерді пайдалану мүмкіндігін ұсынады. Осылайша,   АЛТЕЛ GSM/UMTS желісі жұмыс істейтін аймақтарда абоненттерге «HD-voice» технологиясы қолжетімді болып отыр. Техникалық жағынан алғанда салынған желі VoLTE технологиясы бойынша LTE үстеме дауыс қызметтерін ұсыну және LTE Advanced 4-ші буын желілері дамуының келесі қадамын іске асыру үшін дайындалған.

АЛТЕЛ – «Қазақтелеком» АҚ еншілес компаниясы, ол Қазақстан Республикасы аумағында 1994 жылы бірінші болып ұтқыр байланыс қызметін көрсетуді бастады. АЛТЕЛ деректер беру желісі «Қазақтелеком» АҚ оптикалық желісіне негізделген және  IP технологиясымен салынған тірек желіні пайдаланады. Бұл желі сыйымдылығы мен деректер беру жылдамдығы тұрғысынан айтарлықтай артықшылықтар береді. Екі оператордың ықпалдасқан қызметі жайлы айта келе, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев: «Бұл дегеніміз ұтқыр және тіркелген бизнес  мүмкіндіктерін біріктіру, ол конвергентті өнімдерді, оның ішінде Quadroplay нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті.

LTE желісі 2012 жылдың 25 желтоқсанында Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында және Кеңжолақты деректер беруді стратегиялық дамыту бағдарламасын іске асыру аясында іске қосылды.

 

LTE технологиясы туралы

 

LTE — 4G деректер беру жылдамдығын 100 Мбит/с дейінгі және одан да жоғары диапазонда (LTE Advance) қолдай алатын ұтқыр байланыс технологиясы. Бұл алдыңғы буын желілерінде қолжетімді болмаған мүлдем жаңа сервистердің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.  LTE желісін әлемнің 100-ден аса елінде 288 ұтқыр оператор іске қосқан және оны пайдаланушылардың жалпы саны әлемде 200 млн. абоненттен асып жығылады.

0
0
617