Алматыда жарылыс ұйымдастармақ болған лаңкес құрықталды
Еліміздің Бас прокуратурасы мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті наурыздың 24 күні Алматы қаласында болуы тиіс террорлық әрекеттің алдын алды. Қазірдің өзінде бұл бүлікті кім ұйымдастырмақ болғаны анықталды. Әрі лаңкестік әрекет арқылы нендей мұратқа жетпек болғандардың бар мақсат-жоспары да әшкереленді.
Лаңкестікті ұйымдастырмақ болған адам – Александр Павлов. Ол БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтың жеке күзетін басқарған. Арам ойын жүзеге асыруды 2011 жылдың қыркүйегінен бастап ойластырған. Радикалды топтармен байланыста болған. Қазір «осы іске қатысы бар» деген күдікпен біраз адам ұсталып, кінәларын мойындап жатыр.
Халықты қорқыту мен үрейге бөлеу, аласапыран мен дүрбелең жағдай орнату. Елдің тыныштығын бұзып, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға жол ашу. Жүзеге асырмақ болған терактының көздеген мұраты осы. Ал, ұйымдастырушы – 1975 жылдың тумасы, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтың жеке күзетшісі Александр Павлов. Павлов 2005 жылдан бастап Қазақстанның құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген тұлға. Бұрынғы банкир Әбілязовтың сеніміне кірген және оның жеке құпия тапсырмаларын орындаумен айналысқан.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
Терроризм және экстремизм актілерін ұйымдастыру жөнінде жоспарларды олар 2011 жылғы қыркүйектен бері ойластырып келген. 2012 жылғы Наурыздың басында олар өздерінің сыбайластарына Алматы қаласының қоғамдық жерлерінде, оның ішінде саябақтар аймағында және әкімшілік ғимараттарының жанында жарылыстар топтамасын жасауды тапсырған.
Тапсырысты Павлов тікелей бұрынғы банкир Әбілязовтан алған, ал, жүзеге асыру үшін радикалды топтармен байланысқа түскен. Жарылыстың өрті шарпуы тиіс мекен-мекемелердің де тізімі түзіліп қойылған екен. Ол бойынша: Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы отбасылық саябақ «Family»-де, сондай-ақ, жарылғыш заттарды әл Фараби даңғылындағы жаяу жүргіншілер өтпелерінде де орналастырмақ болған.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
Терроризм актілерін ұйымдастыру үшін Павлов 25 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай қаражат бөлген. Оның 15 мың доллары орындаушыға берілген. Қалған 10 мың долларын терактілер жасалғаннан кейін беру жоспарланған.
Дәл қазір, аталған факт бойынша ҚР ҚК 233-бабының 1-ші тармағы терроризм бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергелуде. Бүгінде бірқатар кісілер ұсталып, кінәларын мойындап, айғақ беруде.
