ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Алматыда конфедерация кубогінің жеңімпаздары анықталды

Бүгін, 8 желтоқсан Алматы қаласында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында конфедерация кубогінің финалы өз мәресіне жетті. Бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, қазақ күресі, таеквондо және каратэ бойынша 17 команда ішінен ең үздігі анықталды. Бокстан финалда Нұр-Сұлтан қаласының командасы мен Түркістан облысының командасы кездесті. Нәтижесінде оңтүстік өңірден келген былғары қолғап шеберлері елордалық команданы 5:3 есебімен жеңді. Грек-рим күресінің шеберлері арасындағы финал өте тартысты өтті. Конфедерация кубогінің үш дүркін чемпионы Алматы облысының командасы ақтық сында Шымкенттік балуандарға жол берді. Есеп тең болғанымен ұпай саны бойынша шымкенттіктер алға шығып, 2019 жылғы конфедерация кубогінің чемпмоны атанды. Конфедерация кубогіне 2019 жылы каратэ спорты қосылды. Каратэ бойынша финалда Маңғыстау облысының құрамасы мен Алматы қаласының командасы кездесті. Алматылықтар 3:2 есебімен қарсыластарынан басым түсіп, Конфедерация кубогін иеленді. Жекпе-жек спорт түрлері арасында өткен байрақты бәсекеде ұлттық спорт -қазақ күресі де қалыс қалмады. Алматылық "Qazaq kuresi" клубы мен Солтүстік Қазақстандық "Қызылжар арландары" арасындағы белдесу "Қызылжар арландарының" еншісіне шешілді. Олар қарсыластарын 4:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, жеңімпаз атанды. Таеквондошылар арасындағы тартысты бәсекеге Алматы қаласының командасы нүкте қойды. Олар финалда Алматы облысының құрамасын 89:73 есебімен ұтып, Конфедерация кубогінің үш дүркін чемпионы атағына ие болды. Еркін күрес спортының өкілдері арасында өткен ақтық белдесуде Нұр-Сұлтан командасы үздік болды. Олар финалда Алматы облысының командасынан 4:2 есебімен басым түсіп, жеңіске қол жеткізді. Дәстүр бойынша конфедерация кубогін дзюдошылар аяқтады. Іріктеуден іркілмей өткен Ақтөбе облысы мен Шығыс Қазақстан облысының татами шеберлері тартысты күрес көрсетті. Кездесу 4:2 есебімен Шығыс Қазақстан облысы құрамасының еншісіне шешіліп, 2019 жылдың үздігі атанды. Жылдың ең маңызды спорттық шарасы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Жалпы жүлде қоры 165 млн теңгені құрады. Бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, таеквондодан үздік атанған команда 12 млн теңгеге ие болса, 2 орын иеленгендер 7 млн, ал 3 орын иегерлері 3 млн теңгеден бөліп алды. Қазақ күресі мен жарыс бағдарламасына биыл қосылған каратэ бойынша жеңімпаз атанған командалар 10 млн теңгеден, 2 орынға - 6 млн, ал 3 орынға тұрақтаған құрамаларға 4 млн теңгеден табысталды.