Алматыда ел бюджетіне 629 млрд теңге салық түсті
Алматы Кірістер Департаментінің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындысы шығарылды. Қала экономикасы тұрақты өсуде, ал бұл салықтық көрсеткішке оң ықпал етуде, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы қаласында үстіміздегі жылдың бірінші жартысында салықтық түсімнің өсу қарқыны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106%-ды құрады. Осылайша, мемлекеттік бюджетке түскен салық көлемі - 629,1 млрд. теңгені көрсетіп отыр. Бұл Алматыдан мемлекетке түскен салық көлемінің үлесі 33%-ға артқандығын көрсетеді.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов салық пен кедендік мемлекеттік органдардың бірыңғай Кірістер департаменті болып қайта құрылғандығы және экономикалық қауіпсіздік пен қызмет мәселелерінің бақылауға алғандығы өз жемісін берді деп мәлімдеді.
«Салық түсімінің өсуі қалада бизнес-ахуалдың жақсарғандығын көрсетеді. Екінші жағынан, қала салық түсімінсіз әлеуметтік және даму бағдарламаларын жүзеге асыра алмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған жаңа органның басты мақсаты мен міндеті мемлекеттік кірістерді бір жерде шоғырландыру, сонымен қатар экономиканы көлеңкеден шығару», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов.
Қала басшысы кедендік қызметтің кейбір көрсеткіштерінің төмендеп кеткенін де айттып өтті. Ахметжан Есімов көршіміздегі болып жатқан экономикалық қиын жағдайдың еліміздегі сауда саласына кері әсерін тигізіп отырғандығын, сондықтан ішкі резервтерді іздестіру керектігін ескертті. Әкім Алматының орталығында қаруланған контрабандистерді құрықтауға тура келгендігін де жеткізді.
«Егер олар шекарадан еш кедергісіз өте алса - онда тәртіптің дұрыс болмағандығы. Мемлекеттік кіріс Департаментінің қызметкерлеріне ішкі істер органдарының автокөліктерді видеофиксациялау базасына кіре алатындай мүмкіндік берген жөн. Сонда ғана олар шекарадан өткен автокөлікті бақылайтын болады», - деді Ахметжан Есімов.
Шара соңында мегаполис басшысы бірқатар міндеттерді алға қойды, олар: көлеңкелі экономиканың көлемін азайту, гастарбайтерлердің еңбегін заңсыз пайдаланғандармен күресу, әкімшілік кедергілерді шектеу, Алматыға қосылған аумақтардағы жұмысты жандандыру.
