Мазмұнға өту
Обложка сообщества Алматы қаласы

Алматыда «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының символы» инклюзивті қайырымдылық фестивалі өтті

2026 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстанның Отбасы күні Алматы қ. Білім басқармасы ұсынған Алматы қ. оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының символы» инклюзивті  қайырымдылық фестивалі өтті. Фестивальді Қазақстан мен Орталық Азия отбасы институты Қазақстандық гемофилия қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Фестивальге Қазақстанның әртүрлі қалаларынан 13 дарынды бала – білім алуға және дамуға ерекше қажеттіліктері, дене және психологиялық денсаулығының түрлі ерекшеліктері, соның ішінде ауыр аурулары бар балалар қатысты. Әр баланың өз жолы, өз ерекшеліктері мен өз армандары болады. Бірақ барлығын бір нәрсе біріктіреді – естілуді, көрінуді және қабылдануды қалау.

Дене ерекшеліктері талантты ашуға және қабілеттерді дамытуға кедергі бола алмайды. Фестиваль қатысушыларының арасында – республикалық және басқа да шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары, халықаралық жобалардың қатысушылары, жаңашылдар, креативті идеялардың авторлары және өз шығармашылығында үздік нәтижелерге қол жеткізген балалар бар.

Бұл жетістіктердің артында – жыл сайын даму, шығармашылық және өзін-өзі таныту кеңістігіне айналатын фестиваль аясында балалармен 15 жыл жүйелі жұмыс істеу. Ерекше балалар рухы мықты адам ең биік белестерге жететінін көрсетеді. Үлкен аудитория алдында сахнаға шыққан балалар әр кезде ішкі күштерін жұмылдырады, өз әлеуеттерін ашады және өз мүмкіндіктеріне деген сенімділігін арттырады.

Фестивальдің тұжырымдамалық ерекшелігі: мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың Алматы қаласының шығармашылық және көркемдік топтарынан құрдастарын бірлескен қойылымдарда біріктіру. Осылайша балалар бір-бірін тең негізде қабылдау, қарым-қатынас жасау, өздерін қажетті және пайдалы сезіну мүмкіндігіне ие болады. Сахнада қатысушылармен бірге қаланың би топтарынан 100-ден астам бала өнер көрсетті.

«Just Dance» би студиясының көркемдік жетекшісі, педагог, хореограф Вашурина Венера өзінің басшылығымен көптеген жылдар бойы балалардың шығармашылық ұжымы қатысып келе жатқан фестиваль туралы айтып берді:

«2019 жылдан бастап фестивальге қатысып жүрміз, осы жылдар ішінде ол біз үшін шын мәнінде маңызды және сүйікті дәстүрге айналды. Бұл жоба айналамыздағы әлемді өзгертуге көмектеседі, балаларды бір-бірінің уайымына ортақ болуға, қолдау көрсетуге және шабыттандыруға үйретеді. Балалар сахнаға бірге шыққанда нағыз ғажайып жасайды. Олар үшін бұл – шығармашылықпен айналысуға, қарым-қатынас жасауға, жаңа достар табуға және осы жолды бірге жүріп өткен адамдармен қуана кездесуге мүмкіндік. Біздің студияның тәрбиеленушілерінің отбасылары да шетте қалмайды, олар әрқашан фестивальді қолдап, оған тікелей қатысуға дайын. Мен достықтан, қолдаудан және бірлескен шығармашылықтан үлкен өзгерістер қалыптасатынына сенемін. Біздің әрқайсымыз әлемді жақсартып, мейірімділігін арттыра алады».

Надира, Омарбек Зәурештің (12 жастағы) анасы, фестивальге қатысу оқиғасымен бөлісті:

«Біз бұл мерекеге осымен үшінші рет қатысып отырмыз. Фестивальге дайындалу барысында мен бұл жерде әр баланы ең алдымен өз қалаулары мен қабілеттері бар жеке тұлға ретінде бағалайтынын көрдім. Балаға өзін қалай танытқысы келетінін және сахнада не көрсеткісі келетінін таңдау мүмкіндігі беріледі.

Әуелі Зәуреш мазасызданып, менен сұрайтын: «Мама, мен мұны қалай істеймін? Қалай істей аламын?» Көзінде қорқыныш пен алаңдаушылық болатын. Бірақ ол сахнаға шығып, тырысты, еңбек етті, бәрі ойдағыдай болып шықты. Бүгін мен оның қаншалықты өзгергенін көріп отырмын. Жыл өткен сайын Зәурештің өзіне деген сенімділігі артып, өзінің бірегейлігі мен құндылығын жақсы сезіне бастады. Мен мұны тек қызымнан ғана көріп отырған жоқпын, фестивальде барлық балалар ашылып, дамиды. Олармен мамандар мен педагогтар көп еңбек етуде.

Фестивальдің отбасыны назардың ортасына қоятыны өте маңызды. Анасы жанында болғанда, онымен бірге сахнаға шығып, қорқынышты бірге жеңуге болғанда, бала өзін қорғалған болып сезінеді.

Фестивальдің құндылығы – ерекше балалардың өзін-өзі танытуында, әлеуметтенуінде және бейімделуінде екеніне сенімдімін. Олар да басқа балалар сияқты: олардың өз армандары, таланттары, мақсаттары бар. Бәлкім, фестиваль бізге берген басты сыйлық – бұл өз күшімізге деген сенім. Зәуреш енді біледі: ең бастысы әрекет етіп, тоқтамау. Егер ол бір нәрсені қолға алса, соңына дейін барады.

Қызым фестивальге сүйсініп дайындалып жатыр. Ол ән салғанды ұнатады, көп жылдар бойы вокалмен айналысады, киноға, ситкомдар мен жарнамаға түседі, қолөнермен қызығады. Мен оның әрбір құштарлығын қолдауға тырысамын, өйткені әрбір жаңа қызығушылықтың артында даму, алға жылжу, жаңа мүмкіндіктер тұрады.

Сондықтан ата-аналарға айтатын кеңесім: ешқашан ешкімнің балаңызға күмән келтіруіне жол бермеңіз. Және бүкіл әлем оған қарсы сияқты көрінсе де, өзіңіз де оған күмәнданбаңыз. Кейде біз өзіміз де балаларымыздың әлеуетінің қаншалықты зор екенін білмейміз. Оларға көмектесіңіздер, қолдау көрсетіңіздер және олармен бірге армандаудан қорықпаңыз. Нәтижесі міндетті түрде болады, көресіздер

Әсем, Мохамад Тахир Джафардың (13 жастағы) анасы бізбен өз әңгімесімен бөлісті:

«Фестиваль туралы маған балаларымыз бұдан бұрын концертте бірге өнер көрсеткен керемет ерекше қыздың анасы айтып берді, сосын біз де қатысуды шештік. Фестиваль қарсаңындағы бір жазғы күні балалар ауладан үйімізге жүгіріп келіп, қатты қуанып: «Джафар бізбен сөйлесе бастады! Өзі бізге тақалып, ойнап, ойларымен бөліседі!» деді. Ол бұрын өте аз сөйлейтін, кейбіреулер тіпті оның сөйлей алмайды деп ойлайтын. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Мен оларға: «Өтінемін, оны жалғыз қалдырмаңдаршы, ойнап, сөйлесіңдерші», - дедім.

Бұрын Джафар маған келіп, неге оған балалармен қатынасу қиын деп сұрайтыны есіме түсті. Мен оған: «Саған тек уақыт керек. Ұялма, тырыса бер, бәрі міндетті түрде жақсы болады», - дейтінмін. Енді міне, бүгін сөздерімнің орындала бастағанын көріп тұрмын.

Фестивальде біз Әлиева Эльмира Мақсұтқызымен кездестік. Ол Джафармен бірден тіл табысты. Мен оның көз алдымда өзгергенін көрдім: ол босаңсыды, көңіл-күйі көтерілді, дауысы қаттырақ және сенімдірек болды. Сонда мен түсіндім: ертең ол сахнаға шығудан қорықпайтын болады.

Бұл Джафардың алғашқы фестивалі. Ол музыканы қатта жақсы көреді. Менің ойымша, музыка оған ұзақ уақыт бойы сөзбен жеткізе алмаған нәрселерді білдіруге көмектеседі. Музыка арқылы ол өзінің ішкі әлемін, сезімдерін, шынайы болмысын аша алды. Қазір ол пианинода  ойнауды үйреніп жүр, бұл оған қаншалықты ұнайтынын көріп тұрмын.

Фестивальге қатысу ұлымның ашылуына көмектесті деп сенемін. Бірақ ең бастысы, фестиваль тек балаға ғана емес, ата-аналарға да үміт сыйлайды. Мен оларға айтқым келеді: егер бірдеңе бірден болмай қалса, күдер үзбеңіздер және өзіңізді кінәламаңыз. Әр баланың өз қарқыны мен өз жолы бар. Кейде біз бала бір жерде тұрып қалған деп ойлаймыз, ал ол сол кезде әлемді өз жолымен зерттеп, үйреніп жатады, өзгеріп жатады. Оларға уақыт беріңіз, қолдау көрсетіңіз. Әр нәрсенің өз уақыты бар».

Ақжан Ерікқызы, «Гемофилиямен ауыратын мүгедектердің қазақстандық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті де өзінің іс-шараға қатысу туралы пікірін білдірді (бұл ұйым фестивальдің бастамашылары мен ұйымдастырушыларының бірі болған):

«Мен үшін бұл фестиваль ерекше мәнге ие. Ең алдымен мен ауыр диагнозы бар баланың анасымын, сондықтан ерекше балаларды қолдау, дамыту және әлеуметтендіруге байланысты барлық нәрсе жүрегіме өте жақын нәрсе. Мен осы жобаны іске асыруға өз күшін, уақытын және жанын жұмсаған әрбір адамға шын жүректен алғыс айтқым келеді.

Фестивальдің ұйымдастырушысы Әлиева Эльмира Мақсұтқызымен біз екі жыл бұрын ынтымақтаса бастадық және осы уақыт ішінде үлкен жұмыс атқардық. Бізді біріктірген басты нәрсе – біздің балаларымызға тек медициналық және қаржылық көмек қана емес, сонымен қатар қарым-қатынас жасау, оқу, өз қабілеттерін көрсету және өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезіну мүмкіндігі қажет екенін жалпы түсіну болды. Сондықтан біздің ынтымақтастығымыз бүгінде инклюзивті білім беру мәселесінен бастап педагогтар мен психологтарға арналған әдістемелік ұсынымдарды әзірлеуге дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.

Фестиваль өте маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге көмектесетін жобалардың біріне айналды. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қолдау – бұл тек дәрі-дәрмек пен емдеу ғана емес. Назар аудару, түсіну, қабылдау және психологиялық тірек де маңызды. Көп жағдайда ата-аналар жай ғана жалғыз емес екенін білуі қажет.

Сондықтан да бізде фестивальді ауқымы ету идеясы пайда болды. Біз еліміздің барлық өңірлерінде «Жаңартылған Қазақстан – дана және саналы отбасының символы» тақырыбында инклюзивті балалар фестивальдерін өткізу бастамасын көтердік. Дайындық іс-шаралары кезінде біз мұндай қолдауға деген қажеттіліктің өңірлерде, әсіресе Астана мен Алматыдан алыс қалаларда қаншалықты зор екенін көрдік. Біз үшін талантты ашу, өзін үлкен мерекенің бір бөлігі ретінде сезіну мүмкіндігі маңызды. Бұл идея Алматыда басталып, Қазақстанның әр өңіріне енетін үлкен ізгі тарих болады деп үміттенемін. Мен қатысушыларға шын жүректен денсаулық, даму, жаңа жетістіктер мен үлкен жеңістер тілеймін. Әрбiр бала мен әрбiр отбасы өздерінің жалғыз емес екенін білгенін қалаймын. Біз маңайдамыз, көмектесуге, қолдауға және бірге алға жылжуға дайынбыз».

Жобаның бастамашысы – Эльмира Әлиева, ол 2011 жылдан бері «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының символы» аясында түрлі іс-шаралар өткізіп жүр. Осы жылдар ішінде фестиваль балаларды, олардың отбасыларын, педагогтарды, еріктілерді және әлеуметтік жауапты серіктестерді біріктіретін маңызды қайырымдылық іс-шарасына айналды. 2015 жылы жобаға Қазақстан мен Орталық Азия отбасы институты қолдау көрсете бастады, оның мүмкіндіктерін кеңейтіп, жыл сайын көбірек қатысушыларды тартып келеді.

Біз фестивальдің идеялық ұйымдастырушысы Әлиева Эльмира Мақсұтқызынан фестивальдің миссиясы туралы сұрадық, оның бізге айтып бергені:

«Мен әрдайым ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала басқалардан оқшауланып қабылданбайтын, жалпы кеңістіктің толыққанды қатысушысы болатын: ойнап, сөйлей алатын және құрдастарымен араласатын мереке жасағым келетін. Бәлкім, біздің фестивальдің ерекшелігі де осында шығар: біз инклюзия туралы айтып қана қоймай, оны табиғи ететін кеңістікті қалыптастырамыз.

Фестиваль өткізілген 13 жыл ішінде мен ғажайып өзгерістерге куә болдым. Бірінші жылы сөйлеуді немесе сахнаға өз бетінше шығуды қиын көретін балалар біраз уақыт өткеннен кейін өлең оқып, ән салып, үлкен аудитория алдында сенімді өнер көрсетеді. Әрине, баланың дамуына көптеген факторлар әсер етеді: емдеу, мамандардың жұмысы, ата-аналардың қолдауы. Бірақ фестиваль көбінесе баланың алға қадам басып, өзіне сенуіне және өз мүмкіндіктерін көруіне көмектесетін сол бір күшті серпінге айналады.

Жүздеген адамдардың алдында сахнаға шығу үшін қорқынышты еңсеріп, жинақталып, дайындалып, қолынан келетініне сену керек. Бала осыны жасай алғаннан соң, тек сәтті өнер көрсетуден гөрі көп нәрсе болады. Оның сенімділігі артады, қарым-қатынас аясы кеңейеді, достары мен жаңа қызығушылықтары пайда болады, тырысып көруге және одан да көп нәрсеге қол жеткізуге ниеті пайда болады.

Дегенмен, бәлкім, фестивальдің балаға беретін ең маңызды нәрсесі: «Мен керекпін. Мен маңыздымын. Мені көреді. Маған сенеді» дегенді сезіну. Мұнда «кәдімгі» және «ерекше» балаларға бөлінбейді – мұнда әншейін өздерінің мінездері, дарындары, мүмкіндіктері бар балалар жүреді. Мен үшін Фестиваль – бұл бала өзін ашып көрсететін, отбасы оның жалғыз еместігін сезінетін, ал қоғам әркімнің құндылығын көруге үйренетін кеңістік. Егер ол аяқталғаннан кейін ең болмағанда бір бала сенімдірек болса, ең болмағанда бір ана қолдауды сезінсе және ең болмағанда бір отбасы өз баласының жаңа мүмкіндіктеріне сене бастаса, онда біз жасайтын барлық нәрсенің мәні бар деген сөз».

Фестиваль 2026 жылы мүлде жаңа форматта өтті. Жобаның ұраны: «2026 жылы «Алматы қызыл алмасының» жаңа ертегісін балалар жазуда!». 13 қатысушының әрқайсысы сүйікті ертегі кейіпкерін өз бетінше таңдады, ал біздің сценарийшілер мен видеографтар барлық кейіпкерлерді достық, отбасы, өзара көмек және өзіне деген сенім туралы бір жақсы оқиғаға біріктіретін бірегей авторлық қойылым жасады.

Фестивальді ұйымдастырушылар:

·  Әлиева Эльмира Мақсұтқызы – Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты (ҚжОАОИ) жобасының жетекшісі, клиникалық психолог, ҚР ОМ инклюзивті білім берудің жетекші сарапшысы, «Психологиялық қызмет туралы» ҚР заңын жасау бойынша ЖТ мүшесі;

·  Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты;

·  Қазақстандық гемофилия қауымдастығы.

Демеушілер:

·  «КазПетроМаш» ЖШС, Barys Dynamics инженерлік мектебі

·  Fruit Lab

Фестивальдің негізгі мақсаттары:

·  балаларға құрметпен қарау арқылы Қазақстанда инклюзивті мәдениетті арттыру;

·  ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік бейімделуіне және шығармашылық өзін-өзі танытуына жәрдемдесу;

·  ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасын, сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайту;

·  даму бұзушылықтарын халықаралық жіктеу стандарттарына сәйкес мүмкіндіктері шектеулі балаларды уақтылы қолдауды қамтамасыз етуге қоғам мен бизнестің назарын аудару және баланың әлеуметтік бейімделуінің қолайлы тетіктерін анықтау.

Фестивальдің ұйымдастыру комитеті мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдайтын, олармен айналысатын адамдармен, компаниялармен, серіктестермен өзара іс-қимыл жасауға дайын.

Ынтымақтастық мәселелері бойынша хабарласыңыздар:

Әлиева Эльмира Мақсұтқызы, тел.: +7 702 112 00 33.

«АЛМАТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛ АЛМАСЫ – МЫҚТЫ ЖӘНЕ БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНЫҢ СИМВОЛЫ» YOUTUBE-АРНАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ТРАСЛЯЦИЯНЫ КӨРІҢІЗДЕР, сілтемесі: https://www.youtube.com/watch?v=uw5jV2_ho2U

Сапалы фотосуреттерге сілтеме:

https://6370e03b826f87-24472567.gallery.photo/gallery/krasnoe-abloko-2026-q1bm0r/

Галерея 2026 жылғы 13 қазанға дейін қолжетімді болады.

Осы тақырып бойынша