«Алматы вагон-жөндеу зауыты» АҚ ұжымы сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне қарсы
ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Алматы вагон-жөндеу зауыты» АҚ кәсіпорынында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын жүзеге асыру барысын талқылау мен жаңа саяси бағыттардың орындалуы жөнінде еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
«Алматы вагон-жөндеу зауыты» АҚ кәсіпорынның бас директоры Бақыт Молдаханұлы Даденов төмендегідей ақпараттарды ортаға салды:
«Алматы вагон-жөндеу зауыты» акционерлік қоғамы салааралық вагон-жөндеу кәсіпорны болып табылады, кәсіпорын жөндеудің түрлі бағыттары бойынша (деполық, күрделі жөндеу қызметтері, жолаушылар вагондарын) жөндеуді жүзеге асырады. Кәсіпорында 1614 адам жұмыс істейді. 2016 жылы зауыт 50 955 мың теңге көлемінде таза пайда табуды жоспарлап отыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы 128 000 теңге.
Кездесу барысында Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу басқармасының басшысы Мақсатхан Анапин сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласы бойынша нормативті құқықтық актілерге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті көтеру, жемқорлықтың алдын алу, ескерту барысында қоғамдық азаматтық институттарды тарту арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау мәселелеріне түсініктеме берді. Сонымен қатар, басқарма басшысы жаңа Этикалық кодекс пен мемлекеттік қызметтегі мансаптық өсу моделіне тоқталды.
Дөңгелек үстел пікір алмасу форматында өткізілді.
