ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Алматы облысының Талғар ауданында 600 орынға есептелген жаңа мектеп ашылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысының әкімі А. Баталов пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен Талғар ауданы Бесағаш ауылында 600 орынды № 45 жаңа мектеп-гимназиясының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

«Бүгін біз жаңа мектепті ашып отырмыз. Мектеп - жас буынның білімі мен тәрбиесіне негіз болатын киелі мекен. Сондықтан жаңа мектептен елжанды ұрпақ пен болашақ жоғары білікті мамандар өсіп шығады деп сенемін», - деді облыс басшысы А. Баталов құттықтау сөзінде.

Өңір басшысының айтуынша, биыл Алматы облысында 19 жаңа мектеп салынуда. Оның 1-еуі осы Бесағаштағы мектеп болса, тағы 15-і 1 қыркүйек күні, ал 3-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Соның ішінде 10-ы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, ал 5-еуі авариялық мектептерді жою бағытында салынуда.

Бесағаш ауылындағы № 45 жаңа мектеп-гимназияның құрылысы 2014 жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метр, 600 орынға лайықталған, шеберхана, мультимедиялық кабинет, химия, физика, биологияға арналған арнайы кабинеттері жасақталған. Мектепте спорт зал, асхана, медициналық және стоматологиялық кабинеттер жұмыс істейтін болады.

Салтанатты жиыннан кейін ресми делегация Іле ауданы Тілендиев ауылындағы 600 орынды және Комсомол ауылындағы 450 орынды мектептердің  құрылыс алаңдарында болды.

Сонымен қатар, Алматы облысында 280 орынға есептелген жаңа балабақша ашылды.

Еңбекшіқазақ ауданындағы «Айжан» балабақшасы бүгін өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдады. Балабақшаның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аталып өткендей, 2013 жылы басталған «Айжан» балабақшасының құрылысына 567,829 млн. теңге бөлінген. Мекемеде музыкалық және спорттық залдар, әдістемелік және медициналық кабинеттер, психолог, өзін-өзі тану, қазақ тілі бөлмелері, асхана бар. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасына сәйкес облыста биылғы жылы 92 балабақша және 17 шағын орталықтар ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде балабақшамен қамту деңгейін 77,3 % көтеруге мүмкіндік береді. Бүгінгі жаңа балабақша 280 балдырғанды қабылдап отыр. Бұл аса маңызды және қуанышты жайт», -  деді аймақ басшысы Амандық Баталов.

Ақпарат көзі