Алматы облысының полицейлері екі тәулікте 23 барымташыны ұстады.
| Алматы облысының полицейлері екі тәулікте 23 барымташыны ұстады. «ҚазАқпарат», 15.05.2014ж. Соңғы екі тәулікте Алматы облысының полицейлері мал ұрлаған деген күдікпен 23 адамды ұстап, жауапкершілікке тартуда. Бұл туралы ІІД баспасөз қызметінен Көбейхан Нұрахмет хабарлады. К. Нұрахметтің айтуынша, 12-15 мамыр аралығында Алматы облысының аумағында «Мал ұрлау» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараға барлық полицей қызметі тартылды. Құқық қорғаушылар ет нарықтарын, мал соятын, шұжық цехтарын, сондай-ақ ет өнімдерін көтерме өткізетін адамдарды тексерді. Өңірде жұмылдырылған жол-патрульдік полициясының бақылау-өткізу посттарында мал мен ет өнімдерін тасымалдауға бақылау едәуір күшейтілді. «Әр кезеңде ұрланған 80 бас мал іздестіріліп, екі күнде 57-сі заңды иелеріне табысталды», - деді ІІД өкілі. Шара барысында ізін суытпай 5 ұрлық фактісі ашылды. Бұдан басқа полицейлер қабылдаған шаралар нәтижесінде мал ұрлауға қатысты жасалған 16 қылмыс ашылды, олардың алтауы «былтырғы жыл» санатына жатады. |
