Алматы облысында полицейлер аты аңызға айналған генерал Әбдіқадыр Болсамбековпен қоштасу рәсімін өткізді.
Алматы облысында полицейлер аты аңызға айналған генерал Әбдіқадыр Болсамбековпен қоштасу рәсімін өткізді. «ҚазАқпарат», 07.04.2014ж.
Белгілі генерал Әбдіқадыр Болсамбековпен қоштасу рәсіміне мыңға жуық полицейлер қатысты. Полиция қызметкерлерінен жасақталған дәліз 400 метр жерге созылды. Алматы облысы Ішкі істер департаменті ғимараты алдында өткен қоштасу рәсімінде аймақ басшылары, Қазақстанның барлық өңірлерінен келген генералдар мен ардагерлер сөз сөйледі.
Осы шара барысында аты аңызға айналған генералдың мәйітін жас офицерлер жауынгерлік бронетранспортермен алып шықты.
Генералды жерлеу рәсімінде полиция офицеріне лайық сый-құрмет көрсетіліп, ол қалалық зиратта жерленді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 3 сәуірде 91 жасқа қараған шағында аты аңызға айналған запастағы генерал-майор, Ұлы Отан соғысына және Жапониямен жауынгерлік қақтығысқа қатысқан Әбдіқадыр Болсамбеков дүниеден өтті.
Ол Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданының Көкжиде ауылында дүниеге келген. Интернатта тәрбиеленген. Приволжский әскери округінің орталығы - Саратовта жеделдетілген әскери курстан өтіп, 1942 жылы 8 наурызда соғысқа аттанды. Әскери қызметін Ульяновскіде қатардағы жауынгер ретінде бастаған. Содан кейін «СМЕРШ» бақылаушы барлау взводына ауысты. Онда бөлімше командирі болды. Калинин майданында, Волгада соғысты. Жапониямен соғыста «СМЕРШ» бақылаушы барлау взводының командирі болды. Солтүстік Қытайда Порт-Артур мен Дальний портына жапондықтарға тойтарыс берді.
Соғыстан 1947 жылы оралып, партиялық есепке тұрып, Сарқанд ауданында учаскелік милиционер болды. Одан кейін аға жедел уәкілі, содан кейін Текелі АІІБ бастығы болды. Кейіннен әскери мақсаттағы қала - Степногор қаласына ауысты. Сол уақытта Мәскеуде ІІМ Жоғарғы мектебінде оқыды. Одан кейін Талдықорғанға келіп, осы жерде ол генерал-майор атағына ие болды.
