Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы аумақ тұрғындарымен «тікелей эфирде» әңгімелесті
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) басшысы Шаттық Тынымбайұлы Өтеев көрермендердің сұрақтарына «Алматы» телеарнасының «Ашық әңгіме» бағдарламасының тікелей эфирінде жауап берді.
Департаменттің басшысы жаңадан құрылған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алдына қойылған басты міндеттеріне назар аударды. «Қазіргі таңда Агенттіктің басты міндеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға жағдай жасайтын себептерді анықтау мен минимизациялау, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру, халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары мәдениет қалыптастыру»,-деді Департамент басшысы.
Тікелей эфирге қоңырау шалған қала тұрғындары тарапынан өзекті мәселелерге байланысты сұрақтар қойылды. Сұрақ-жауап барысында мемлекеттік органдардың жауапкершілігін көтеру, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату бойынша бірнеше ұсыныстар жасалды. Айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылданатыны белгілі болды.
Сонымен қатар, журналистер мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі және оның ашықтығы жайлы мәселені қозғады. Оған қатысты Департамент басшысы қазіргі таңда мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі ашық әрі толығымен заң нормаларын сақтай отырып жүзеге асырылатындығы туралы айтты. Бұл орайда, Департамент басшысы Шаттық Өтеев мемлекеттік қызметке жастар тарапынан қызығушылықтың артып келе жатқандығына тоқталып өтті.
Департаменті басшысы Шаттық Өтеев халықпен тығыз жұмысқа аса назар бөлініп отырғанын айтты. Осыған байланысты жыл басынан бастап Департамент түрлі қоғам өкілдерімен 23 кездесу өткізді.
Бағдарлама соңында Департамент басшысы қала тұрғындарын өзекті мәселелер бойынша жеке қабылдауына келіп, өз арыз-шағымдары мен ұсыныстарын білдіруге шақырды.

