Алматы қаласының активтері «100 нақты қадамды» талқылауда
Алматы қаласының әкімдігінде қала активтерінің қатысуымен «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалды реформасын жүзеге асыру жөнінде «100 нақты қадам» атты семинар-кеңес өткізілді.
Семинардың модераторы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зауреш Аманжолова өз сөзінде қазіргі таңда жалпы әлемдік қаржы және экономика жүйесінде болып жатқан қиын-қыстау кезеңдерге тоқтала келе халқымыз үшін стратегиялық құжаттар маңызды екендігін атап өтті. Елбасымыздың «100 нақты қадам» ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін алға қойған мақсаттарға ең қысқа жолдармен жету, еліміздің жалпы өмір салтын жақсарту, тұрақтылығын сақтау, жер бетіндегі бейбітшілік пен келісім, еліміздің одан әрі дамуына қажетті шикізат қорларын келесі ұрпаққа қалдыру мәселелеріне өз пікірін білдірді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің Төрағасы Бақтияр Камалов кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі бірінші 15 қадам институционалды реформаны жүзеге асырудағы әрбір жеке қадамның маңыздылығына, мәнділігіне, мемлекеттік қызметке қабылдау, мемлекеттік қызметкерлер мен тұлғалар үшін жаңа ережелеріне тоқталды.
Алматы қалалық сотының судьясы Раушан Қуандықова өз сөзінде екінші реформада заң үстемдігі туралы – сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмыстарының тиімділігін арттырып, жаңғырту жөніндегі мәселелерді атап өтті.
Жиынның қорытындысы бойынша бес институтционалды реформаны жүзеге асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлттық Жоспарын Алматы қаласы тұрғындарының арасында насихаттау жұмыстарын жалғастыру жөнінде ұсыныстар енгізілді.

