Қалалық сайлауалды штабының тұсаукесері
Ақтауда қалалық сайлауалды штабының тұсаукесері өтті.
Бүгін «Nur Otan» партиясының Ақтау қалалық филиалында қалалық сайлауалды штабының ресми тұсаукесері өтті. Шараға штаб мүшелері, сенімді өкілдер мен кандидаттар қатысты
Штаб жұмысы партияның 2025 жылға дейінгі "Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір" сайлауалды бағдарламасын насихаттау мен түсіндіруге, сондай-ақ «Nur Otan» партиясынан депутаттыққа үміткерлердің үгіт - насихатын жүргізуге бағытталған. Бүгінде 25 кандидат санындағы партиялық тізім тіркелді. Оның ішінде 20 -сы праймериз жеңімпаздары, 5 -уі партия филиалының квотасы бойынша. Штаб құрамына 25 адам кірді. Бұл біздің өңір және қала тұрғындары арасында лайықты беделге және құрметке ие адамдар – мәдениет, білім, ғылым, азаматтық сектор, бизнес өкілдері.
Республикалық сайлауалды штабпен келісім бойынша желілік кесте қабылданып, бекітілді. Барлығы 120 іс – шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде 21 көшпелі іс – шара, 15 тікелей кездесулер және 103 онлайн форматтағы шаралар. Барлығы 10 мың адамды қамту жоспарлануда. Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық қауіпсіздік ережелері сақталатын болады.Сонымен қатар, штаб жанынан Жастар қанаты құрылды.
"Сайлаудағы табыс әрқайсымыздың біліктілігімізге, жауапкершілігімізге, толық берілгендігімізге тікелей байланысты. Партия Төрағасы - Елбасы барлық кандидаттар сайлау науқанына белсенді атсалысуы керектігін нақты белгілеп берді", – деп атап өтті қалалық сайлауалды штаб жетекшісі Мұратбек Дощанов.
