Ахмад — нағыз көшбасшы
«Белсенді жастар» акциясының бүгінгі қатысушысы — «Jas Otan» жастар қанатының мүшесі Ахмад Каимов.
20-жасар Ахмадтың жетістіктері көп. Жас та болса, бас бола білген ол осы уақытқа дейін «Jas Otan» жастар қанаты төрағасының орынбасары, Достық Үйі Жастар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып үлгерді. 2018 жылы өткен «Достық FEST» республикалық фестивалінде «Сөз шебері» номинациясының жеңімпазы атанып, қала даңқын асқақтатты. Қалалық іс-шаралардың белсенді қатысушысы, ерікті. Осыдан төрт жыл бұрын күрестің грэплинг түрімен айналыса бастап, спортта да едәуір жетістіктерге қол жеткізді.
- Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Салауатты өмір салтын ұстанған адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады, — дейді Ахмад. — Ұлы ойшыл Ибн Сина денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан. Өзімді осы бағытта дамытқым келеді, әлі де үйренерім көп. Алдыма қойған мақсатқа қол жеткізіп, биік белестерді бағындырғым келеді.
