Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Аджария/Батуми сапары туралы, 2-бөлім

Сонымен түнгі автобуспен Тбилисиден Батумиге де жеттім, хостел иесі таңғы 6.00-де күтіп ала алмайтынын айтты, бірақ автовокзалдан таксимен жетуге болатынын, бағасы шамамен 10-15 лари екенін жеткізді. Автобуста отырған кезде хостел (TJ+Hostel) иесі Майя деген әйел (бәлкім әкімші) телефон шалып: «келіп жеттіңіз бе?» деп сұрады, оны автобус ішінде отырған басқа жолаушылар да естіген болатын. Түскен соң такси жүргізушілерімен сөйлесіп тұрған сәтте, автобустан шыққан бір ерлі-зайыптылар: «кішкене әрі жүріп, таксиге отыруға болады» деді. Жолды да көрсетті. Жаңбыр құйып тұр. Олармен бірге шамалы жүрген соң, басқа такси жүргізушісімен сөйлесіп: «мына қонақ жігітті апарып тастаңыз» деп жатты. Жүргізуші: «бүгін таңертеңгі алғашқы жолаушымсыз, бүгін күні сәтті болады» деп жатыр. «Есімім Мұрат, мұсылманмын, аджармын» деді. «Бүгін қала сыртындағы тарихи-табиғи орындарға баратын болсаңыз, шамамен 100 лариға апаруға болады» деді. Оған шынын айтқанда уақыт жоқ еді. Ақсақал айтқан мекенжайға 5 лариға апарып тастады. Хостел иесі шай беріп, төсек орнымды көрсетті, көзімді шырамытып алайын деп, сол қалпы сағат 12.00 дейін ұйықтап қалыппын. Айтқандай бір күнгі қонып шыққаным үшін бар болғаны 10 лари төледім. Тұра салып, шай ішіп алған соң, Кутаисиге бару жоспарынан бас тартып, автовокзалға басқа бір көлікті ұстап жетіп қалдым.

Бұл бір боқтампаз такист екен, мұсылманмен деп қояды, шындығында мұсылманға тән сабырлық жоқ, Қарабақ деген сөзіне бір қарап, тағы бір жолы өзге айтып қалған белгілеріне қарап, кім екенін түсініп қалдым. Жарайды маған оның қандай қатысы бар, тезірек жетіп алып, түнгі сағат 02.00 уақытына автобусқа Тбилисиге билет алдым, ал енді осы уақытқа дейінгі мерзімді Батумиге арнауым керек. Біреулерден сұрап алып, № 31 автобустың (билет құны 0,50 әлде 0,80 лари болуы керек, тиындарын тетри деп атайды) Батумидің Ботаникалық бағына баратынын білдім, бұл бақты міндетті түрде көруім керек. Жалпы, Батумидегі Ботаникалық бақ (айтқандай баққа кіру құны 8 лари) бұрынғы КСРО елдерінің ішіндегі ең ірі бақ, тіпті дүние жүзінде мұндай бақтар сирек шығар, Әлемнің Антарктидасынан басқа құрлықтарынан әкелініп, осында қаншама өсімдіктер жерсіндірілген, айтқандай бақта Иран мен Түркия, және мен сияқты өзге де орыс тілді туристер аралап жүрді. Жалпы, Грузияда Иран туристері көп екен, әрине Еуропаға жету қиын, оның үстіне Грузияға Иран көрші, бір жағынан олар үшін бәрі таңсық, асханасы, табиғаты, менталитеті, тілі, сәулеті, тіпті осында келіп грузин шарабы мен коньягын ішіп уланып қалып жатқан Иран қыздарын да көрдім. Негізі тыйым салу деген ешқашан жақсылыққа алып келмейді ғой. Сонымен армансыз аралап, бақтың ішіндегі теңіз жағалауы бетінде бірталай фотоға түстім.

Осы жерде Батуми мен Аджария туралы мағұлмат бере кетсем. Аджария Грузияның ең мықты туристік өңірі, автономиялық мәртебесі де бар, халқы мұсылман тектес аджарлар мен өзге де грузиндерден тұрады, басқа шағын ұлттар да көп, заманында Осман империясы құрамында болғандықтан тілдері мен менталитетінде мұндағы грузиндердің (аджарлардың) өзге грузиндерден айырмашылығы бар. Кеңес Одағы ыдыраған уақытта Аслан Абашидзе деген басшысы Грузияның орталық үкіметіне бағынбай, біраз «қиғылықты» салғаны бар. Оған Шеварднадзе де Гамсахурдия да ештеңе істей алмады, тек Саакашвили билікке келген соң екі елді жалғастырып тұрған көпірден бері өтіп, «әкелерін танытты». Аслан Мәскеуге қашты. Қазіргі күні Аджария Грузияның экономикалық ең күшті дамыған аймағы, әрі туристік өлкесі, оның үстіне шетелдік инвестициялардың көп бөлігі осында – Аджарияға салынып жатыр, қалада құрылыс қатты жүріп жатыр, Түркия мен Әзірбайжан және араб инвесторлары расында Батумиді «гүл жайнатып» жіберген. Экономикалық еркіндік расында қатты сезіледі, қалада казино ашылған, қалталы шетелдіктер арнайы осында ұшып келіп, байлықтарын да шашады.

Батуми мен Тбилисидің ара қашықтығы 372 шақырым, сонда Грузияның батысы мен шығысының арасы 400 шақырым болып тұр ғой, бұл дегеніңіз елдің аумағының шағын екенін көрсетеді, ал біз үшін 400 шақырым деген не тәйірі? Мысалы, Астанадан 1000 шақырым ауылымызға таңертең шығып, қонаға жетіп жүрген кезіміз бар.

Сонымен Батумидің Ботаникалық бағын аралап болған соң қалаға серуендеуге шықтым. Қала сәулеті тамаша, кейде кезінде мұсылман елдерінің құрамында болған Испанияны елестете ме қалай өзі? Биік ғимараттар, өзіндік сәулет, Еуропа, шығыс үлгілерінің үйлесімдігі, биік өскен пальмалар тіпті одан сайын реңк беріп тұр, қауіпсіздік мәселесі күшті, жалпы қала халқының саны 300 000 адам төңірегінде екен.

Шіркеулерін де көрдім, теңіз жағалауына да бардым, Қара теңіздің жағалау беті жасыл түсті екен де, алыс қашықтықтағы теңіз қап-қара болып жатыр, ата-бабаларымыз бекерден бекер Қара теңіз деп атамаған болар, теңіздің Грузиямен шектес жағы Түркия, солтүстігі Абхазия (Грузияның Ресей жаулап алған аймағы), одан әрі Ресей, Қара теңіздің мына жағы Украина, Румыния мен Болгария сияқты Еуропа елдері.

Ендігі қалған уақытымды қаланың тарихи һәм мәдени ескерткіштеріне арнадым. Бірінші, Батумидің (қаланың) теңіз жағалауы, яғни бульвары, дәл Бакудегі бульвар сияқты екен, айырмашылықтары бар әрине, иә кейде Ақтаудағы теңіз жағалауын еске түсіреді.

Екінші, Еуропа алаңы, бұл Грузияның Еуропаға бет алғанын білдіреді, жалпы бұрынғы КСРО ыдыраған кезде Балтық елдері (Эстония, Литва мен Латвия) бірден Еуропаға бет бұрды да, қалған елдер өз жолын іздеуге кірісті, тек Саакашвили билігі тұсында ғана Грузия біржола Еуропаға бағыт ұстады, негізі бұл үрдіс дұрыс, оның жасап кеткен істері жемісін де беруде.

Мысалы, МАИ қызметкерлері сыбайлас жемқорлық дегенді білмейді, салық мәселесі ашық, инвесторларға барлық жағдай жасалған, еш ресурстары жоқ мемлекет тек 7,5 млн. туристердің арқасында-ақ күндерін көріп отыр, туризмге қатты мән берілген.

Үшінші, Нептун субұрқағы, бұл бір әсем ансамбль. Төртінші, Әліпби ғимараты, бұл да бір өзіндік ерекшелігі бар ғимарат. Бесінші, Колоннада, ежелі Грекия дерсіз. Алтыншы, Илья Чавчавадзе ескерткіші, ол грузин ақыны. Жетінші, «Пьяцца» алаңы. Сегізінші, Таңғажайыптар паркі. Тоғызыншы, Әділет Үйі. Оныншы, «Дельфин» неке сарайы.

Бұл тізімді жалғастыра беруге болар еді, ең дұрысы асықпай, бір дәмханаға кіріп, ұлттық тағамдарынан дәм татып, серуендегенге не жетсін, ал кешкі серуен тіпті тамаша, қала небір қызылды-жасылды бояуға әрленіп, ғажап түске енеді.

Арасында жаңадан ашылып жатқан пиццерияға кіріп одан да дәм татып үлгердім, қысқаша айтқанда қаланың өзіндік бір аурасы бар. Бірақ маған тағы жолға шығу керек, сөйтіп хостелде 1-2 сағат көзімді шырамытып алып, түнгі Батумимен қош айтысып, Тбилиси «қайдасың?» деп жолға шықтым. Айтқандай ұялы телефонымды ауыстырмадым, хостелде вай-фай бар еді және телефонды көтермеуге тырыстым. Сондай-ақ, автовокзалға бару үшін таксиге тапсырыс бердім, бағасы 4,20 лари болды, бірақ жүргізуші келіп мені 25 минут күтіп қалыпты, үстіне 1,80 лари қосып бердім, бұл бір ыңғайлы сервис екен. http://taximaxim.ge/ru/ Бұл такси қызметін кейін Тбилисиде пайдаландым, мысалы Тбилисиге ұшып келген кездегі трансфер 25 лари болатын болса (хостел арқылы), кетер кезде осы такси қызметі менен 15,50 лари ғана алды.

Айтқандай алдында Кутаисиден Тбилисиге Астанада отырып, поезға http://www.railway.ge/?web=0&action=0&lang=rus тапсырыс берген болатынмын, кейін уақытқа байланысты ақшасын қайтарып алдым, әрине ол да онлайн ғой, бірақ 1,5 лариды ұстап қалды. Жалпы, Грузияға бару кезінде көп қызметтерге онлайн тапсырыс беруге болатынын көзім жетті, өте ыңғайлы!

Автовокзалға келіп алдында тапсырыс беріп кеткен автобусыма отырдым, бұл қызметті де онлайн пайдалануға болады, тіпті орныңызды да өзіңіз таңдайсыз http://geometro.ge/ru/home Әрине, бұдан да арзан автобустарды табуға болады, бірақ бұл компания автобустары ыңғайлы, таза, шай береді, кино көруге болады, іші кең. Сөйтіп, жолай алдында тоқтаған жол бойы дәмханасынан шай ішіп алып, таңғы 8.00-де Тбилисиге де келіп жеттік.

0
0
838

Осы тақырып бойынша

Аджария/Батуми сапары туралы, 2-бөлім - Yvision.kz