«Адамгершілік – адалдықтың айнасы»

Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша 2015-2025 жылдарға арналған Стратегиясында тұлғаны бала кезінен қазақстандық париотизм мен сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухына тәрбиелеу туралы айтылған.
Осыған орай, жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаменті 2015 жылдың 7 сәуір күні Орал қалалық №41 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейінің 8ә сыныбы оқушыларына мектеп басшылығымен бірлесіп, «Адамгершілік – адалдықтың айнасы» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.
Тәрбие сағатында оқушылар адалдық, әділдік және шындық атауларымен үш топқа бөлінді. Топтар «Адалдық – адамдықтың белгісі» тақырыбында эссе жазып, суреттерді классификациялау арқылы постер қорғау және «Тазалық» тақырыбында өмірден үзінді рөлдік қойылымды сомдады.
Сонымен қатар, Департамент тарапынан қатысқан консультант оқушыларға
жемқорлық көріністерніе мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру тақырыбында әңгіме қозғап, агенттіктің 1494 call-center орталығының жұмысы туралы бейне таспа көрсетті. Шара соңында оқушыларға арнайы дайындалған «Сыбайлас жемқорлықтан қалай қорғануға болады?» тақырыбындағы жаднамалар таратылды.

