Адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашу мақсатында ағымдағы жылдың 28 шілдесі мен 1 тамызы аралығында республика аумағында «SТOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараны өткізу мерзімінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері адам саудасымен байланысты 54 қылмысты анықтады, оның ішінде 1 – кәмелетке толмағандарды саудаға салу; 1 – кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту; 4 - жезөкшелікпен айналысуға тарту; 6 – пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру; 7 – адам саудасы; 35 – жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық.
Мәселен, Алматы қаласының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері (бұдан әрі – ҰҚҚКБ) 32 жастағы әйелге қатысты Қазақстан Республикасының ҚК 235-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық істі (ұйымдасқан қылмыстық топ құру) тергеу барысында тергеу қамауына алынған екі адам Алматы қаласының аумағында интимдік қызметтер көрсету үшін қыздарды берумен айналысқан қылмыстық топтың құрамына енгенін анықтады.
Ақтөбе облысының ІІД ҰҚҚКБ арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қалада тұратын 48 жастағы әйелді ұстады, ол өзінің жаңа туған немересін 8 800 АҚШ доллары сомасындағы сыйақыға сатпақ болған.
Петропавл қаласында жезөкшелікпен айналысқан 25 жастағы айыпталушы әйел ұсталды, ол адамдар тобымен қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде болған. Тергеу изоляторына қамалды.
Ақмола облысының ІІД Көкшетау қаласында монша-қонақ үй кешенінде осы кешен әкімшісінің үй-жайды жезөкшелікпен айналысу үшін беру фактісі анықталды. Кейіннен Көкшетау қаласының әкімшілік сотына тапсыру үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында жезөкшелікпен айналысу үшін көмек көрсеткен 37 адам және жезөкшелікпен айналысатын 271 адам анықталып, есепке қойылды. Ішкі істер органдарының арнайы мекемелеріне жеке басын анықтау үшін ақылы интимдік қызметтер көрсететін 48 адам, оның ішінде ТМД-ның 16 азаматы жеткізілді. Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзған 16 адам анықталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі
