Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Адам саудасы. «Егемен Қазақстан», 08.08.2014ж.

 

Бұл – ауыр қылмыс Бұл күнде адам саудасы деген атауға жұртшылықтың еті үйреніп алды. Адам саудаланыпты десе үйреншікті жағдай секілді, мал сатылыпты дегендей ғана естілуі мүмкін. «Оу, саудаланған мал емес, адам ғой!» десеңіз де, бәрібір, ешкім селт етпейді. Өйткені қалай айтсаңыз да, бұл да бір заман үлесі. Оған қарсы тұруға бір елдің де күші жетпейді. Сондықтан адамды саудалайтын саудагерлермен күресті әлем қолға алды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы бұған бастамашы болды. Сөйтіп, кеше ғана, өткен айдың 30 шілдесі – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні деп жарияланды. Енді осы жылдан бастап халықаралық қоғамдастық оны жыл сайын атап өтетін болады.

Ал адам саудасына мысал көп. Періштедей пәк жаңа туған сәби­ден бастап, жасөспірімдер, жап-жас қыздар мен арулар, аяқ-қолы балғадай ерлер – бәрі-бәрі еркінен тыс сатылады, не күштеп зорлыққа жығылады, құлдыққа түсіп, ауыр жұмыстарға жегіледі. Көзі қарақты жандар мұны айтпаса да күнде естиді. Сондықтан оған барынша жол бермес үшін, яғни алдын алу шараларын қамдау мен қарастыру мақсатында БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі мен Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясы Оңтүстік Африка, АҚШ және Беларусь Рес­пуб­ликасының Қазақстан Респуб­ликасындағы елшілігінің және Қазақ МЗУ университетінің ІІМ-нің және «Көмек» орталығының қатысуымен Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне арналған іс-шара өткізді.

Онда БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл, АҚШ-тың Қазақстандағы уақыт­ша сенімді өкілі елші Джон Ордвей, ОАР-дың Қазақ­стан Республикасындағы елші­сі Шириш Манаклал Сони, Бела­русь Республикасының Қа­зақ­стан­дағы уақытша сенімді өкі­лі Дмитрий Зорин, Орталық Азия елдеріндегі үйлестіруші, Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Түрікменстандағы және Өз­бек­стан­дағы миссиясының бас­шысы Деян Кесерович және Адам саудасының құрбандарына арналған «Көмек» уақытша тұру орталығының төрайы­мы Анна Рыль сөз сөйледі.

Іс-шараға қатысушылар Қазақ­стан Республикасы адам саудасы проблемаларын шешуде елеулі ілгерілеушіліктерге қол жеткізгенін атап өтті. Соның бір дәлелі – қыл­мыс­­тар үшін жазаны қатаңдату мақ­­сатында заңнамаға түзетулерді ен­гізу, сондай-ақ адам саудасы түсі­нігін БҰҰ-ның трансұлттық ұйым­дасқан қылмысқа қарсы конвенциясына сай адамдарды, әсіресе, әйелдер мен балаларды сатудың ал­дын алу және жолын кесу туралы хат­тамаға сәйкес келтіру болып табылады.

2004 жылы жарияланған АҚШ мемлекеттік департаментінің адам сау­дасына қарсы күрес туралы жыл сайынғы баяндамасын­да Қа­зақ­стан Республикасы рейтинг бойынша адам саудасына қар­сы күреске айтарлықтай күш жұмсайтын елдердің тобына жат­қызылған. Өйткені атқарылып жатқан істер де бар екені рас. Мә­се­лен, Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі комиссияның жұмыс органының функциялары Әділет министрлігінен Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігіне берілді. Осыған байланысты ІІМ-де аталған комиссияның 27-ші отырысы өткен болатын.

Комиссия міндеттеріне сәйкес министрлік қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің адам саудасымен байланысты қыл­мыстарды болдырмау және оған қар­сы күрес жөніндегі іс-шара­лар­дың 2015-2017 жылдарға арналған кезекті жоспарын әзірлеуде. Оның негізіне: ТМД-ның адам сау­да­сына қарсы күрес жөніндегі 2014-2018 жылдарға арналған бағ­дарламасы және 2012 жылы Қазақстан Республикасына келген сапарының қорытындысы бойынша БҰҰ арнайы баяндамашысы Г.Шахинянның берген ұсынымдары алынды.

Мұнда адам саудасына қарсы іс-қимылмен қатар, адам саудасының құрбандарына көмек көрсету бойын­ша заң шығару жұмысы, ұйым­дастырушылық-практикалық, алдын алу іс-шаралары, сондай-ақ құзырлы органдармен, халық­ара­лық және үкіметтік емес ұйым­­дармен ынтымақтастық қамты­лады. Одан басқа «Арнайы әлеу­мет­тік қызметтер туралы» заңға ен­гізілген соңғы түзетулерге сәй­кес ІІМ қатыгездіктің дәреже­лерін айқындау бойынша уәкілетті мем­лекеттік орган болып табыла­ды. Қазір ІІМ Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­ліктерімен бірлесіп, көр­сетіл­ген критерийлерді әзірлеуде. Болашақта бұл адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуге мүм­кіндік береді.

2014 жылдың 6 айында ішкі істер органдары 192 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде 3-еуі пайдалану мақсатында адам ұрлау; 4-еуі пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру; 10-ы адам саудасы; 8-і кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту; 9-ы кәмелетке толмағандарды сату; 11-і жезөкшелікпен айналысуға тарту; 147-сі жеңгетайлық және притон ұстағаны үшін жауапқа тартылды. Бұған қоса, ауыр қыл­мыстар бойынша түрлі жаза мерзімдеріне (2 жылдан 8 жылға дейін) сотталған адамдар бар.

Адам саудасымен байланыс­ты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашу мақсатында ағымдағы жылдың 28 шілдесі мен 1 тамызы аралығында республика аумағында «SТOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы да өткізілді. Осы кезеңде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлініс қызметкерлері адам саудасымен байланысты 54 қылмысты ашты, оның ішінде 1 – кәмелетке толмағанды жанды саудаға салу; 1 – кәмелетке толмағанды жезөк­шелікпен айналысуға тарту; 4 – жезөкшелікпен айналысуға тарту; 6 – пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру; 7 – адам саудасы; 35 – жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйым­дастыру немесе ұстау және жеңге­тайлық анықталды.

Мәселен, Алматы қаласының ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 32 жастағы әйелдің интимдік қызмет көрсету үшін қыздарды жеткізумен айналысқан қылмыстық топтың құрамына енгенін анықтады. Ақ­төбе облысының ІІД ҰҚҚКБ ар­­на­йы жедел-іздестіру іс-ша­ра­ла­рын жүргізу барысында қала­да тұратын 48 жастағы әйел­ді ұста­ды, ол өзінің жаңа туған не­ме­ресін 8 800 АҚШ доллары со­ма­­­сын­дағы сыйақыға сатпақ бол­­­ған. Петропавл қаласында жезөк­­шелікпен айналысқан 25 жас­тағы әйел ұсталды, ол адамдар тобымен қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде бол­ған. Ақмола облысының ІІД Көк­ше­тау қаласында қонақүй кешен әкім­шісі моншаны жезөк­ше­лікпен айналысуға бергені анық­талды.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында жезөкшелікпен айналысу үшін көмек көрсеткен 37 адам және жезөкшелікпен айналысатын 271 адам анықталып, есепке қойылды. Ішкі істер органдарының арнайы мекемелеріне жеке басын анықтау үшін ақылы интимдік қызметтер көрсететін 48 адам, оның ішінде ТМД-ның 16 азаматы жеткізілді. Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзған 16 адам анықталды. Сөйтіп, осылайша бір­тіндеп болса да, бүгінгі таңда­ғы азғындық пен айуандықты ауыз­дықтау амалдары айтарлықтай атқарылуда, демекпіз.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

 
0
0
879

Осы тақырып бойынша

Адам саудасы. «Егемен Қазақстан», 08.08.2014ж. - Yvision.kz