Абай ауданында кезекті рет ауылшаруашылық техникаларының аймақаралық фестивалі өтті
Әлемдік ірі компаниялар мен шаруа қожалықтарының басын қосқан шара аясында тараптар өзара тәжірибе алмасты.

Көкөністер мен астықты өсіріп-баптаудың соңғы технологиярымен де бөлісті «Дала күні» шарасын жыл сайын өткізу дәстүрге айналғалы қашан. Ауыл еңбеккерлерінің еңбегі еселенетін ерекше күн биыл осымен оныншы мәрте жалауын көтерді. Осы уақыт аралығында аймақаралық фестивальге екі мыңнан астам адам қатысқан. Биыл көрсетілетін техникалардың қатары да көбейіпті. Қырықтан астам заманауи трактор мен комбайн жиналғандарды тәнті етті. Олардың 70 пайыздан астамы – отандық өнімдер. Дала еңбеккерлері жер ананың несібесін пайдалану жолдарымен, берекелі өнім алудың заманауи әдістерімен өзара бөлісті. Шаруалар тарапынан егіншілік ісі мен тамшылатып суарудың тетіктеріне деген қызығушылық басым болды. Қысқы мал азығын дайындаудың жаңа тәсілдері де талқы таразысына түсті. Аталған осы технологиялардың арқасында біздің өңір күзгі жиын-терім мен еңбек өнімділігін екі есеге дейін арттырған. Көрмеде қойылған техникаларға деген сұраныс та жоғары болды. Алғашқы сәттердің өзінде сатып алушылардың қатары көбейді. Мына комбайн енді Абай ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде қызмет етпек. Екі жыл бұрын бұл техника үлгісі Ганновер қаласында өткен бүкіләлемдік көрмеде «Алтын медальды» еншілеген болатын. Көрменің өткізілетін жері он жылдың ішінде бірде-бір рет өзгертілмепті. Өйткені Көксу селолық округіндегі шаруашылық «Дала күні» шарасын инновациялық ерекшеліктерімен дүбірлетіп өткізіп келеді.
