Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ақ жол саған, жас түлек!

Мектеп түлегі атану – үлкен өмірге қадам басудың жаңа баспалдағы. Бұл баспалдақтың сенің өміріңнің бір бөлшегіне айналары сөзсіз. Жас түлек, сондықтан да мен саған алдағы өмір баспалдағыңның қызықты да қуанышты жағдайларға толы болуын тілеймін.

Бір жыл бұрын менің де көңілім күпті болып, өмір-өзеннің қай ағысқа қарай алып кетерін білмей жүрген кезеңді бастан кешірдім. Мен үшін ҰБТ – алынбайтын үлкен қамал, ал өз арманымдағы ЖОО-на түсу – орындалмас арман болып елестейтін. Бірақ, аз ғана уақыттың ішінде алынбайтын қамалдың «алынатындығына», орындалмастай болып көрінген арманның «орындалатындығына» көзім жетті. «Қалай?»-деп ойлайтын боларсыздар? Өз күшіңе сене отырып, еңбектену арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

ҰБТ-дан жоғары балл алған соң, өзімнің арманымдағы оқу орнына түсіп, «Студент» статусын иелендім. Алып шаһар, жат адамдар – мен үшін студенттік өмірімнің алғашқы кезеңіндегі есте қалған жайттар болды.

Туған қаламнан алыс жерге аттап басып көрмеген мен үшін алып шаһарда бәрі таңсық болды. Көшелері де, адамдары да... Алғашқы үш ай мен үшін бейімделу кезеңі болғандай. Қалаға да, оқу орнына да...

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған студенттердің әрқайсысымен тіл табысу да мен үшін оңай шаруа болмады. Себебі, әр аймақтың өзіне тән диалект сөздері бар, мен қолданатын сөздерді олар түсінбей, олар қолданатын сөздерді мен түсінбей қалып жататын кездер жиі болушы еді. Бірде кітапханаға барғанда танымайтын студенттің: «Алсай,»-деген сөзін естіген соң(өзім батыстан болғандықтан, «алшиш» деген сөзді қолданатынмын), бетіне қарап, күліп жібергенім есіме түссе, әлі де ұяламын. Бұдан бөлек, диалект туралы бірталай сөз қозғауға болады.

Мен үшін тағы да бір қиындық туғызған жайт – университеттің білім беру жүйесі. Мектеп партасында он бір жыл отырып келген оқушы үшін «лекция, семинар, СӨЖ, СОӨЖ, аралық бақылау, мидтерм» сияқты сөздер «неологизм» болып елестейтіндігі анық. Семестр сайын емтихан тапсыру, әр жеті апта сайын аралық бақылау жазып, сегізінші аптада мидтерм тапсыру, одан бөлек, әр семинарға дайындалу мен апта сайын шеті мен шегі, ұшы-қиыры жоқ СӨЖ бен СОӨЖ тапсыру студенттік өмірімнің өте күрделі болатындығының дәлелі болғандай еді. Алайда, күн өткен сайын бұның барлығы да мен үшін үйреншікті жағдайға айналды.

Студенттік өмір – кез келген адамның өмірінің маңызды бір бөлшегіне айналатындығы сөзсіз. Сондықтан да, қымбатты түлектер, өмірлеріңіздің осы кезеңін мәнді әрі мағыналы өткізулеріңізге шын жүректен тілектеспін!

 
0
0
2645

Осы тақырып бойынша