Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

А.ж. 12 сәуірде Атырау қаласында Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі мен Атырау облысының әкімдігі бірлесе «Дін және жастар» тақырыбында Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Аталған шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, ғалым-сарапшылар, жоғары оқу орындарының студенттері мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қатысты.

Конференцияның мақсаты – ел жастарының назарын діни экстремизмнің қатеріне аудара отырып, оның Қазақстанда таралуына идеологиялық тұрғыда қарсы әрекет етуге жұмылдыру.

Конференцияда Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қ.Лама Шариф, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Ертаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Е.Маямеров, қоғам қайраткері А.Айталы, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Сыдықов, «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж.Қадырғазиева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті А.Жұмабаев және тағы басқа азаматтар сөз сөйледі.

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қ.Лама Шариф өз сөзінде «Дін және жастар» атауымен жүзеге асып жатқан іс-шара тақырыбының көкейкесті екендігіне ешкімнің де күмән келтірмейтіндігін атап өтті. Әлеуметтік белсенділігінің жоғарылығымен ерекшеленетін және де тіршілік пен өмірдің мәнін іздеуден талмайтын жастар ортасы қоғамның ерекше тобы ретінде теріс пиғылды діни насихатқа оңай олжа болуда. Яғни, өзіне ғана тән идеологиялық әсерлерге еліккіштігімен тұзаққа ілінуде. Қазіргі таңда жастар қылмыстық элементтердің аса айлакерлікпен құрған идеологиялық торларына жиі түсетін болды.

Конференция қатысушылары әлеуметтік өзгерістермен қоса қоғам өмірінде дін рөлінің артуы жағдайындағы жастар ортасында туындап жатқан түйткілдерді талқылай келе, өскелең ұрпақтың діни экстремизмнің таралуына қарсы әрекет ету бойынша азаматтық ұстанымдарын белсенді етуге қатысты нақты ұсыныстар әзірледі.

Жиын нәтижесі бойынша іс-шараға қатысушылардың Қазақстан Республикасы жастарына арнаған Үндеуі  қабылданып, онда діни экстремизмнің қоғамға қатер төндіретіні атап өтілді. Яғни, жастарға елінің патриоты болу керектігі, мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдар мен дәстүрлі діндер өкілдерімен бірге радикалдық діни ағымдардың жастар арасына және қоғамға өз идеяларын таратуына қарсы күресу мен еліміздің өсіп өркендеуіне атсалысу қажеттілігі түсіндірілді.

http://www.din.gov.kz/kaz/novosti_i_sobytija/?cid=0&rid=558

0
0
422

Осы тақырып бойынша

А.ж. 12 сәуірде Атырау қаласында Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі мен Атырау облысының әкімдігі бірлесе «Дін және жастар» тақырыбында Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. - Yvision.kz