Ағымдағы жылғы 25 қарашада Астана қаласында «Терроризм және интернет» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті
Ағымдағы жылғы 25 қарашада Астана қаласында «Терроризм және интернет» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті
Аталған конференцияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтымен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Конференция діни экстремизм мен терроризмді насихаттауда Интернетті пайдалануға қарсы іс-қимыл бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу мақсатында өткізілді.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары, отандық ғалымдар мен Интернет қауымдастық мамандары қатысты.
Аталған шараға, сонымен қатар, алыс-жақын шет елдердің 14 мемлекетінен, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Молдова, Өзбекстан елдерінің ақпараттық қауіпсіздік және терроризм мәселелерімен айналысатын беделді ғалымдары, сарапшылары мен мамандары қатысты.
Конференция барысында Интернет пен әлеуметтік желілерде экстремизм мен терроризмді насихаттауға қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық аспектілері, Интернет кеңістікте терроризм идеяларын насихаттау деректеріне мониторинг жасау мен анықтау мәселелері, тұрғындардың діни сауатын көтеруде Интернеттің мүмкіндіктерін пайдалану және кибертерроризм мәселелері кеңінен талқыланды.
Конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.А.Майлыбаев Қазақстанның терроризмге қарсы күресуде халықаралық қауымдастықтың сенімді әріптесі ретінде бірізді ұстанымды басшылыққа алып отырғанын атап өтті.
Атап айтар болсақ, елімізде діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризмнен төнетін қауіп-қатерлерге тосқауыл қоюдың тетіктері мен әдістері нақты айқындалған айтарлықтай құқықтық база қалыптастырылған, Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда.
Б.Майлыбаев осы ретте елімізде діни экстремизм және терроризмге тосқауыл қою бағытындағы алдын алу жұмыстарына қоғамдық күштерді мейлінше кең тартуға және тұрғындармен өткізілетін, оның ішінде интернет кеңістікте іске асырылатын ақпараттық-насихат жұмыстарын жаңғыртуға баса назар аударылып отыратындығын айтып өтті.
Конференцияда баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары – Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі Азамат Әбдімомынов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры Ерлан Карин, американдық «Джеймстаун» қорының сарапшысы Джакоб Зенн Интернет желілерде экстремизм және терроризм идеяларының насихатталу мәселесінің әртүрлі аспектілеріне баса назар аударып, жекелеген күштердің ғаламтор мүмкіңдіктерін жастарды террористер қатарына тарту мен еліктіру алаңы ретінде пайдаланып отырғанын және әлемдік қауымдастықтың осы қатардағы ғаламдық құбылыстарға бірлесіп күш жұмылдыруының маңыздылығы туралы жан-жақты тоқталды.
Конференцияда сөз алған ресейлік «Лаборатория Касперского» компаниясының және Ұлыбритания, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Австрия және Германия елдерінің зерттеу құрылымдарының өкілдері Интернет кеңістіктегі кибертерроризм мәселелерінің жай-жапсары мен әлеуметтік желілердің бақылаусыз қызметінің мемлекет үшін қауіптілігін егжей-тегжейлі ашып көрсетті.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Терроризмге қарсы орталығының, шетелдік ақпараттық агенттіктердің сарапшылары интернет пен әлеуметтік желілердегі экстремизм және терроризм қатерімен күресуде әлемнің әртүрлі елдерінде қолға алынып отырған бастамалар мен ұстанымдарға кеңінен тоқталып, ғаламтор желілерінде терроризмді насихаттайтын заңға қайшы контентпен күресудің техникалық, құқықтық және саяси аспектілерін тарқатып айтып берді.
Еуропа мен ТМД-ның бірқатар елдерінің әртүрлі министрліктері мен орталық ведомстволары өкілдерінің баяндамаларында Интернет желілеріндегі экстремистік және террористік идеялармен күресу ісіндегі мемлекеттік органдардың, қоғамдық құрылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлесіп қызмет ету мәселелері кеңінен көрініс тапты.
Конференция қатысушылары Интернетте терроризм мен радикалдық идеяларды насихаттаудың алдын алуда халықаралық қауымдастықтың күштерін біріктіре отырып осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында үнемі тәжірибелермен алмасып отыру қажет және мемлекеттік институттар азаматтық қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыстар жүргізуі керек деген тұжырымға келді.
