АҒЫЛШЫН ТІЛІН МЕҢГЕРУ – ұлт жоспарының жемісі!

Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарының 79-ыншы қадамында білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу керектігін тілге тиек еткен болатын. Елімізде осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға айрықша назар аударылуда.
Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енеді. Егемен еліміздің алдында осындай ұлы мұрат, асқақ арман тұр. Ол үшін алдымен ел ертеңі саналатын бүгінгі жас буынның білімі бәсекеге қабілетті болып, шет тілін меңгеруі тиіс. Әсіресе, әлем халқының басым бөлігіне ортақ ағылшын тілін үйренудің маңызы зор.
Иә, бүгінде ағылшын тілі – ХХІ ғасырдың халықаралық тіліне айналды. Осыған орай, тәуелсіз ел жастарының көштен қалмауы үшін елімізде ағылшын тілін оқытуға ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда республикадағы білім беру мекемелерінің көпшілігі кейбір сабақтарды шет тілінде оқытуға көшуде. Мәселен, бұдан бірнеше жыл бұрын ашылған еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептері жаппай ағылшынша оқытуға басымдық бергені белгілі. Ал қазір елдегі өзге білім беру мекемелері де біртіндеп осы тілде оқытуға әзірлік үстінде. Айталық, былтырғы жылдан бастап республика көлемінде Павлодар облысы алғаш болып көп тілде оқыту жүйесіне көше бастады. Оған облыстағы шет тілі мамандарының ұйытқы болуымен тәжірибе жүзінде жүзеге асып жатқан «Көптілділік» бағдарламасының көмегі көп тигенін атап өткен жөн. Аталмыш бағдарлама аясында биылғы жаңа оқу жылы басталғаннан бері өңірдегі 50-ге жуық білім беру ұйымы жаңа жоба бойынша жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, аталмыш оқу ордаларының жұмысы нәтижелі болуы үшін дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейлері, «Жас дарын» мектебі, №3 гимназия, Ақсу қаласы гимназиясының тәжірибелері жан-жақты пайдалануда екен. Қазір бұл мектептердің ұстаздары математика, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту бойынша өзге әріптестеріне әдістемелік тұрғыда көмек көрсетуде. Соның нәтижесінде, жаңа жүйеге көшкен мектептерде жаратылыстану-математика пәндері ағылшын тілінде жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында да шет тілі өз деңгейінде оқытылуда. Болашақта жоғары оқу орындары да ағылшын тілінде білім беру жүйесіне көшеді деп күтілуде. Бұл – заман талабы, дейді ұстаздар қауымы.
Осылайша, облыс педагогтары «Көптілділік» мектеп бағдарламасын тәжірибеге енгізе отырып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарламалық құжаттарында белгіленген міндеттерді орындауға белсенді атсалысуда. Сол арқылы жеткіншектер мен жас мамандардың бәсекелестік қабілеттерін арттырып, білім беру секторының эскпорттық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік туып отыр.
Елбасы осыдан бірнеше жыл бұрын дәстүрлі халыққа Жолдауында: «Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу - әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін», - деген болатын.
Бүгінде бұл мақсатқа жетуге батыл қадам жасалуда. Қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болған Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы қазақстандықтар биік белесті бағындыруға ұмтылуда.
Бұл – отандық білім беру саласын дамытуға бағытталған сарабдал саясаттың нәтижесі, Ұлт жоспарының жемісі болары сөзсіз.
Марат Серікбай
