Ақтау қаласы әкімдігінде алғашқы институционалды реформа қызу талқыланды
Ағымдағы жылдың 25 тамызында Ақтау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Агенттіктің арнайы жоспарын орындау мақсатында Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» ұлт жоспарының алғашқы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру» бөлімінің талаптарын түсіндіру бойынша мемлекеттік органдарға арналған жиын өтті.
Іс-шараға Ақтау қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Б. Кенжалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңесінің Төрағасы М. Қадырбек, департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің консультанты А. Сванбаева, қалалық мәслихат депутаттары, Өмірзақ ауылының әкімі, қалалық жергілікті атқарушы, аумақтық және құқық қорғау мемлекеттік органдарының, БАҚ, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Іс-шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңесінің Төрағасы М. Қадырбек «Еңбек ақысын төлеудің факторлы-баллды көрсеткішін енгізу», «Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру», «Мемлекеттік аппараттың дербестігін қамтамасыз ету», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту», «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды қабылдау тақырыптарында баяндама жасады.
Мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары өз пікірлерін ашық білдіріп, «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясындағы алғашқы институционалдық реформасына белсенді түрде қолдау білдіріп, өздерінің ұсыныстарын қызу талқылау барысында айтып жеткізді.
Жалпы бұл іс-шара мақсатына жетіп, қатысушылар өз көкейіндегі сауалдарына тиісті жауаптарын алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

