Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ақтөбе қаласындағы қызықтауға тұрарлық он орын

Ақтөбе –  еліміздің батысында орналасқан көрікті қалалардың бірі де бірегейі. Қала 28 мамырда өзінің 148 жылдық мерекесін атап өтпек. Ал сіз әсем қалаға қонақтап келген жағдайда  қандай жерлерді аралау керектігін білесіз бе? Білмесеңіз, сізге келесі тізімді ұсынамын.

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атындағы саябақ – қала тұрғындарынан бөлек,  қонақтардың да көңілінен шыға білген орын деп есептеуге толық негіз бар. Себебі, бұл жерде сіз демалып қана қоймай, республика, облыс, қала көлеміндегі ірі іс-шаралардың да куәгері бола аласыз. Бұл саябақ көптеген маңызды оқиғалар мен көңілге қуаныш сыйлайтын концерттердің куәгеріне айналып үлгерді. Саябақтағы орналасқан субұрқақ пен әдемі гүлдер қаланың күнделікті тіршілігінен бір серпілтері анық. Кез келген адамға бұл орын көтеріңкі көңіл-күй мен жағымды демалыс сыйлайды.

 

«Keruen city» сауда орталығы. Осы уақытқа дейін «Mega» атанып келген бұл сауда орталығы 2017 жылдан бастап атауын өзгерткен болатын. Жалпы, қызықты демалыс өткізуге тұрарлық орын деп есептеуге болады. Кинотеатрда кино қараймын десеңіз де, дәмді ас ішемін десеңіз де, киім мен азық-түлік сатып аламын десеңіз де, кішкентай балаларды ойнатамын десеңіз де орталық сізге барлық қызмет түрлерін көрсетуге даяр. Сондықтан да, мен сізге осы орында серуендеуге кеңес беремін.

Сулы-жасыл гүлзар– жақын жандарыңызбен жағымды демалыс үшін таптырмайтын орын. Қаланың көрікті келбетіне көз тоймай қарап,күнделікті күйбең тіршілікті бір сәтке болсын, ұмытып, субұрқақтың жанында жақын жандарыңызбен әсерлі әңгімемен бөліскіңіз келсе,мен Ақтөбенің көрікті орындарының біріне айналған бұл орында демалуға кеңес беремін.

«CITY shopping center» сауда орталығының ашылғанына ұзақ уақыт бола қоймаса да, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда сіз мейрамханадан ас ішіп қана қоймай, өзіңізге қажетті заттарды да сатып ала аласыз.

Ақтөбе – өзінің сұлулығымен ғана мақтанбайды, сонымен қатар еліміздің футбол астанасы десек те қателеспейміз. Егер Ақтөбе қаласына келе қалсаңыз, Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға келіп, «Ақтөбе» футбол клубының ойынын тамашалауға кеңес беремін. Өйткені, орталық стадион - барша "Ақтөбе" футбол клубының жанкүйерлерінің екінші үйіне айналған мекен. Сондықтан да, қызықты ойынның атмосферасын сезінгіңіз келсе, жанкүйерлердің команданы шын пейілмен қолдағанын көргіңіз келсе, стадионға келуді ұмытпаңыз!

«Мир» бизнес-сауда  орталығы – қалаға көрік беріп тұрған әсем ғимараттардың бірі. Ғимарат көз тартар әдемі архитектурасымен ғана емес, өзіңізге қажетті қызметтің барлық түрлерін көрсетумен ерекшеленеді. Жаз айларында "Седьмое небо" мейрамханасына келе қалсаңыз, Ақтөбенің көрікті келбетінің куәгері бола аласыз. Сондықтан, күнделікті қаланың тіршілігін өз көзіңізбен көргіңіз келсе, орталыққа келуді ұмытпаңыз!

«Нұрдәулет» сауда орталығы –  қала тұрғындары мен қонақтарының жиі бас сұғатын ғимараттарының бірі. Өз есігін ашқанына ұзақ уақыт болса да,бүгінгі күнге дейін келушілердің санын жоғалтқан емес. Себебі, бұл жер тек қана сауда жасауға қолайлы орын ғана емес, сонымен қатар жаз айларында бүлдіршіндерге арналған аттракциондар жұмыс істейді. Балаларыңызбен бірге бой сергіткіңіз келсе, міндетті түрде орталықтың қонағы болыңыз!

 

Боулинг - бүгінгі күні көптеген адамдардың қызығушылығын тудыратын ойын түрі.  Барша осы ойынды ұнататын жандар үшін осы ғимаратқа келіп, бой сергітіңіз деп кеңес беремін. Бағалары да тиімді, қонақтарға қызмет көрсету сапасы да көңілден шығады.

«Локомотив» кинотеатры – қаладағы көне ғимараттардың бірі. Соған  қарамастан, кинотеатр келушілерге қызмет көрсетуден әсте жалыққан емес. Қайта, жаңадан шыққан фильмдерді көрермендеріне ұсынуға әрдайым дайын.Егер сіз өзіңізді қызықтыратын фильмді қолжетімді бағамен тамашалағыңыз келсе, есте қаларлық демалысты бастан өткізгіңіз келсе, міндетті түрде "Локомотив" кинотеатрына келуді ұмытпаңыз!

Орталық гүлзар – серуендеуге таптырмас орын. Облыс әкімдігіне қарама-қарсы орналасқан бұл гүлзар жаз айларында серуендеп жүрген жандармен толығады. Қаланың көркем келбетімен қоса, көңіліңізге қуаныш сыйлайтын субұрқақты тамашалағыңыз келсе, орталық гүлзарға келіп, қонақ болыңыз!

Қаланың сізге көрсетер көрікті орындары бұл ғана емес. Егер оларды өз көзіңізбен көргіңіз келсе, Ақтөбе қаласына қонақ болып келіңіз, біз сізді асыға күтеміз!

0
0
35397

Осы тақырып бойынша