Ақпараттық соғыс дегеніміз не ?
Ақпараттық соғыс әдістеріне ақпарат және байланыс құралдары арқылы манипуляция, үгіт-насихат, дезинформация, түрлі жолдармен деректер жинау кіреді. Жалпы айтқанда психологиялық соғыс деп те атауға болады. Өйткені, басты нысана — сана. Ақпараттық соғыстың негізгі мүдделері — адамдардың құндылық жүйелеріне әсер ету, олардың ойлау жүйесін бұзу, қарсылық көрсетуге дәрменсіз қылу. Ең күшті қару түрі — БАҚ, оның ішінде — ТВ және радио. Көгілдір экран арқылы таратылатын ақпарат әлде де интернет пен әлеуметтік желілерге қарағанда күштірек, сенімдірек, әсерлірек. Манипуляция үнемі жасырын түрде жүреді. Егер сіз манипуляцияны байқап қалсаңыз — демек, бұл іске аспай қалды деген сөз. Манипуляция техникасы әрдайым жетілдіріп, жаңа әдістерге жүгініп отырады. Бірінші кезекте не айтылғаны емес, оның қалай айтылғаны маңызды. Қазіргі кезде үгіт-насихат ашық түрде жүрмейді. Яғни, бір нәрсенің нақты жауабы берілмейді. Алайда, қоғамды бір жауапқа қарай итермелейді. Осылайша қоғам шешімді өзі тапқандай ойда болады.Бірақ ол манипулация нәтижесі.
Адамдар манипуляциядан неге жеңіледі? Адам өзін қоғамның бір маңызды бөлшегі ретінде сезінеді. Көпшіліктің пікірін дұрыс деп қабылдайды, өзі де көпшілікпен бірге болғысы келеді. Сондықтан да БАҚ көптеген пікірлерді қоғамдағы көпшіліктің пікірі ретінде беруге тырысады. Түсініксіз мәселелердің шешімін астыртын әрекеттерге әкеліп тірейді, қоғам да солай қабылдайды.
Манипулацияға берілмес үшін, санамен жұмыс жасау керек. Әр дерек пен дәйекті сүзгіден өткізе білу қажет. Бұл дүние іске асу үшін, үнемі дұрыс сұрақтар қою шарт. Ақпараттар көп,бірі ақиқат енді бірі дезинформация. Сол себепті фактчек сынды ұйымдардын көмегіне жүгінген жөн. Ақпаратты саралай білу, заман талабы.
