Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

2017 жылғы ҰБТ-ның жаңа форматы

2017 жылғы ҰБТ-ның жаңа форматы

Құрметті түлектер мен ата-аналар! Мектеп бітіру және оқуға түсу емтихандарын тапсыратын уақыт жақындап келеді. Биылғы оқу жылында мектеп бітіретін 131 мың түлектің 95 мыңы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Біз биылғы жылы мектептегі қорытынды аттестация мен ҰБТ-ға енгізілген жаңа өзгерістерге орай тағы да ақпарат беруді жөн көріп отырмыз.

Қорытынды аттестация

Өтетін уақыты: 29 мамырдан 10 маусымға дейін. Өтетін орны: мектептер. Түлектер мектеп пәндері бойынша 5 емтихан тапсырады: 4 міндетті, біреуі таңдау бойынша – мектеп аттестатын және «Алтын белгі» алу үшін. «Алтын белгі» мектептерде бітіру емтихандарының қорытындысы негізінде беріледі.

ҰБТ

ҰБТ-ға қатысу жөніндегі өтініштерді қабылдау 10 мамырда тоқтатылды; кешенді тестілеуге орай өтініштер 1 маусымнан 20 маусымға дейін қабылданады. 
Өтетін уақыты: ҰБТ – 20 маусымнан 1 шілдеге дейін; кешенді тестілеу – 17 шілдеден 23 шілдеге дейін.
Шығармашылық емтихандарын өткізу уақыты: 8-13 шілде.
Арнайы емтихандарды өткізу уақыты: 20 маусым – 18 тамыз.
Қайта тапсыру күндері: 19-24 тамыз күндері – ҰБТ-да немесе кешенді тестілеуде ең төменгі шекті балды жинай алмағандар мен қандай да бір себептермен тестілеуге қатыспағандар; 20-24 қаңтар күндері – ҚР жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданғандар мен шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысып келген студенттер.

2017 жылы ҰБТ бес пәннен тұрады: үш міндетті және екі бейіндік пән (таңдау бойынша).

Міндетті пәндер:
1. Математикалық сауаттылық – 20 тапсырма;
2. Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма (қазақ мектептері үшін қазақ тілінде, орыс мектептері үшін орыс тілінде); 
3. Қазақстан тарихы – 20 тапсырма.

Екі бейіндік пән 30 тапсырмадан тұрады. Оның ішінде: 
- 20 тапсырманың ұсынылған бес жауабының тек біреуі дұрыс;
- 10 тапсырманың ұсынылған көп жауабының ішінде бірнешеуі дұрыс.

Былтырғы жылдағыдай, екі бейінді пәннің комбинациясы мектеп бітірушілерге 4 мамандық таңдап, сол бойынша грант алу конкурсына қатысуға мүмкіндік береді.

«Алтын белгі» иегерлері, 2017 жылғы республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жалпыға бірдей негізде ҰБТ тапсырады. 2014, 2015, 2016 жылдардағы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының бірінші, екінші және үшінші орын жеңімпаздары 2017 жылы ҰБТ тапсырудан босатылады.

ҰБТ-да барлығы 120 тапсырма бар. Ең жоғарғы көрсеткіш – 140 балл. Ең төменгі балл: 
- ұлттық жоғары оқу орындарына – 65;
- «Жалпы медицина» мамандығы үшін – 65;
- «Білім беру», «Ауыл шаруашылық ғылымдары», «Ветеринария» мамандықтарына – 60 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына – 50.

Шығармашылық мамандықтарға түсу үшін түлектер тек екі пәннен тапсырады:
- Оқу сауаттылығы;
- Қазақстан тарихы.

Колледж бітірушілер үшін ҰБТ-да үлкен өзгеріс бар, бұл колледж түлектерінің білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруын қолдау үшін жасалып отыр. Мамандықтар тізімі де өзгерді. Енді олар колледждің жоғарғы курсында оқыған екі пәннен ғана тапсырады: жалпы бейіндік пән және бейіндік пән. Бұл колледж түлегінің мамандығы бойынша деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Егер колледж түлегі өз саласы бойынша білімін жоғары оқу орнында жалғастырғысы келсе, қысқартылған оқу бойынша конкурсқа қатысады. Егер басқа мамандық бойынша оқығысы келсе, мектеп түлектері секілді ҰБТ бойынша барлық емтиханды тапсырады. Бұл өзгерістер түлектердің кәсіп таңдауын анықтауға мүмкіндік береді.

2017-2018 оқу жылына бөлінетін грант саны артты. Былтыр бакалавр мамандықтары үшін 31 мың орын берілсе, биыл олардың саны 55 мыңға дейін жетті. Гранттың нақты саны сәл кейінірек белгілі болады. Гранттар негізінен педагогика мамандықтарына, содан кейін техникалық мамандықтарға бөлінеді.

ҰБТ базасында қазақ және орыс тілдерінде барлығы 40 мың сұрақ бар. Жыл бойы олар түзетіліп, 11-сынып оқушылары арасында сынақтан өткізілді. Оның қорытындысы бойынша түсініксіз сауалдар тұтас алынып тасталды. Сондай-ақ, түлектер үй жағдайында онлайн тест тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Статистика бойынша 131 мың оқушы онлайн сынама тестілеу тапсырған.

ҰБТ тапсыру кезінде балаларды жеткізу, тамақтандыру және олардың қауіпсіздігі үшін жергілікті атқарушы органдар жауап береді. ҰБТ өткізетін пункттер саны биыл да өзгеріссіз қалды, олардың саны – 165, оның ішінде 115-і мектепте, 4-еуі колледждерде, 46-сы жоғары оқу орындарында.

Ақпарат «2017 жылғы ҰБТ-ға дайындық барысы туралы» брифингінен алынды, брифинг 12 мамыр күні Орталық коммуникация қызметінде өтті. Оған Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева, Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки, Мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директорының орынбасары Зейнеп Махсұтова, Ұлттық Тестілеу Орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов қатысты.

     
0
0
2050

Осы тақырып бойынша

2017 жылғы ҰБТ-ның жаңа форматы - Yvision.kz