2017 Универсиада — Ерікті (Волонтер) болу
Бәріңізге сәлем!
Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, шығыстану факультетінің жапонтану бөлімінің студенттері 2017 жылғы қысқы универсиадасына волонтер, яғни ерікті ретінде қатысып, көптеген тәжірибе жинап келді. Қысқы Универсиадада Абдыкеева Сания, Каратаева Асем, Сабик Ергүл, Мустаким Малика, Сағатов Фараби түлектеріміз атлеттердің жатақханасында Лоббиде жұмыс істеді. Олардың қызметі жапон спортшыларына орналасумен көмектесу. Барлығы жапон тілінің білімімен бұл Универсиадаға үлесін қосты.
Маржан: Бастапқыда, бұл іс-шараға қызығушылығым болмаған. Себебі, қазіргі кезде университетімде Жапонияға оқуға дайындалып жатырмын. Сол дайындығыма кедергі болады деп, онша қызығушылығым болмады. Бірақ, басқа Абылай хан атындағы университетінде оқитын досым, жапонша айтатын болсақ «сэнпай», яғни менен жоғары курс оқитын студент досым маған қатысуды ұсынды. Оның айтқан қысқы спорт ойыны «кёрлинг» болды. Жалпы, менің кёрлинг атты спортқа байланысты хабарым мүлдем болмаған. Сол себепті, бұл мүмкіндік қызықтырды. Яғни, сол білмейтін спорт туралы енді бір хабарым болып қалады деген ойда болдым. Дәл солай шықты. Сонымен қатар, мен осы спорт ойынын таңдағаныма мүлдем өкінбеймін. Себебі, бұл ойын өте өзгеше әрі интеллектуалды. Неге десеңіз, бұл ойын мұз үстінде «тастар» мен «щеткалармен» ойналады. Мұзда тастардың сырғанауын қамтамасыз ететін щеткалар тастың «дөңгелектің» дәл ортасына тұруына көмектеседі. Сол арқылы ұпай жиналады. Бұл ойынды тағы да «мұз үстіндегі шахмат» деп те атайды.

Яғни бұл өте интеллектуалды ойын, ол үшін өте жоғарғы физикалық дайындық, ой өріс және жүйке қажет. Мен оны, кёрлингты, ойнап көріп айттым. Иә, мен де кёрлингты ойнап көрдім. Шынымды айтсам, өте қиын ойын. Бізге осы ойынды ойнап көруге Қазақстандағы Кёрлинг Ассоциациясының басты өкілі - Ким Виктор Гергиевич осындай мүмкіндік берді. Сол үшін алғысымды білдіремін.
Универсиаданың дайындығы туралы айтатын болсақ, Алматының, Қазақстанның деңгейінде өтті. Барша халық өзінің бір үлесін қосты. Кейбір жерлерде, әрине, ақталмаған жайттар кездесті, бірақ оларды тез арада шешуге тырысты. Мен униерситетте жапон тілін оқып жатқанымдықтан, жапон тілімен байланысты жұмысты қаладым. Маған жапон «кёрлинг ойыншыларының атташесі» боласың деді. «Атташе» дегеніміз гид-аудармашы. Мысалы, менің атқаратын жұмыстарымның арасында жапондықтармен бірге жүру, оларға универсиаданың қай объектілерінде не өтетінін түсіндіру, қазақ мәдениетімен таныстыру, қала ішінде қыдырту, оларға барынша көмектесу кірді.
Бұның барлығы жапон тілінде болды. Жапондықтар ағылшын тілін біледі, бастауыш сыныптарында оқуды бастаған, сол себепті кейде «менің керегім жоқ па?» деп ойланып қалатынмын. Бірақ, жапон спортшыларының айтқанына қарағанда, жапон тілін білетін студенттің болашағы бар әрі
менің оларға әжептәуір көмегім тиді. Мен жұмысымды былай бастадым: біріншіден, кёрлинг жайында мәлімет іздей бастадым, одан кейін мәліметті жапон тіліне аудардым, үшіншіден оны жаттадым. Бұның барлығы жапон спортшылары келмей тұрып болған әңгіме. Олардың ұшақпен қонатын күні - мен үшін бір ең қызықты күн болды. Себебі, ары қарай қалай болатынын да білмедім, іс-шараның және менің жапондықтармен араласуым қандай дәрежеге көтерілетінін, дамуын білмедім.

Әуежайда спортшыларды қарсы алғанда, жапон тілінде өзімді таныстырып, «ең сыпайы» түрде сөйлестім. Бұл дегеніміз, жапон тілінде сыпайылықтың бірнеше түрі бар, мен соның ең жоғарғысында сөйлестім. Бірақ, кейіннен жалпы сыпайы формаға көштім, ал одан кейін тіпті достар арасындағы формаға көштім. Олар үшін мен дос болып, Жапон -Қазақ мәдениетімен алмасып, жақсы араласып кеттік. Кейбір кездерде, «мен оларға бір кедергі болған шығармын, арттарынан жүріп, ойындарынан
кейін қарсы алып, жатақханаларына дейін шығарып салғаным бүртүрлі көрінген болар». Осындай ойлар басымнан шықпай қойды. Бірақ, олар бұл менің жұмысым болғандығын түсінді. Оған қоса, жапондықтар жапонша менімен сөйлесе алатындығына өте разы болды.

Мысалы, маған бір шет ел азаматы келіп, қазақша менімен сөйлескісі келсе, мен де разы болып, әлбетте қазақша сөйлесер едім. Универсиаданың соңғы күндері біз бірге қалаға аттандық. Оларға ойын-сауық кешендерін, мейрамхана
мен кафелерге барып, қаладағы әдемі әрі көркем жерлерді көрсеттім.
Волонтер жұмысы оңай емес, себебі, сен кез келген уақытта әртүрлі жағдайларға тап бола алатындығыңды түсінуің керек. Спортшының барлық заттармен қамтылғанын, түсінгенін, хабардар болуын қамтамасыз етуің керек. Әрдайым күлімдеп, жақсы көңіл-күйде болу міндетті. Артық сөйлемеу де, көп сөйлемеу де керек. Бұл қарапайым әдептілік пен сыпайылықтың белгісі. Бұл жұмыс үшін мен ешқандай ақы алмадым, барлығы өз еркіммен, өз қалауыммен болған нәрсе. Бұл жерде ақы болмаса да, спортшылардан және ұйымдастырушылардан көптеген сыйлықтар алдым.

Сонымен қатар сыйлықтар ғана емес, өте адал, керемет, көзі ашық, шынайы, көңілді, әрдайым араласу қызық адамдарға тап болып, осындай биік жетістікке жеттім. Ең қатты қуанып отырғаным - жақсы достар тапқаным!
