2-11 сынып оқушыларына берілетін үй тапсырмаларын орындауы
ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептердің 2-11 сынып оқушыларына берілетін үй тапсырмаларын ұйымдастыру және орындау бойынша методикалық ұсынымдардың 2 жобасын педагогтар мен ата-аналардың талқылауына беріп отыр. Бұл жобаларды жан-жақты қарау мақсатында талқылауға мектеп педагогикасы мен еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту мәселелеріне бейжай қарамайтын әрбір азамат шақырылады.
PISA халықаралық зерттеулер қорытындыларына сүйенсек, қазақстандық оқушылардың үй тапсырмаларын орындауға шектен тыс уақыт жұмсайтынын аңғарамыз (65 мемлекеттің арасында 4 орын https://vk.com/album-120804658_241206821). Ғалымдардың пікірінше, оқу үлгерімінің жақсаруына оқушыларға тапсырылатын жұмыстың аз болуы елеулі әсерін тигізеді. Сонымен қатар, үй тапсырмаларын орындау барысында қазақстандық оқушылар басқа елдердегі құрдастарына қарағанда, ата-аналарының көмегін жиі сұрайды (65 ел ішінде 1-ші орында). Ата-аналар тарапынан оқушыларға берілетін үй тапсырмалары көлемінің аса үлкендігі мәселесі бірнеше рет көтерілген.
Бұл мәселе зерделеу мен түзетуді қажет ете ме? Мұны анықтау үшін социологиялық зерттеу жүргізіліп, орта білім саласының ең үздік мамандарынан құралған екі жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі күні бұл топтар жұмысын аяқтап, методикалық ұсынымдардың екі нұсқасын даярлап шықты: екі жоба да оқушылардың денсаулықтарын сақтау мен шамадан артық жүктеуді болдырмауды көздеп, үй тапсырмаларының көлемі мен қарқындылығының оңтайлы мөлшерін белгілеудің тәсілдерін, сондай-ақ, осы мақсатта қажетті педагогикалық амалдарын қолдану ұсынып отыр.
Екі топ мүшелері де, социологиялық зерттеулерге қатысқан ата-аналар да бір ортақ тұжырымға келіп отыр: үй тапсырмаларын орындауға жұмсалатын уақытты қысқарту керек. Дегенмен, бірінші топтағы мамандар үй тапсырмасын орындауға санитарлық-эпидемиологиялық талаптарда белгіленген уақытты екі есеге азайту қажет деп тапса, екінші жобаны әзірлеушілер бұл уақыт мөлшерін тек 40 минутқа қысқартумен шектелуге болатынына сенімді. Сонымен қатар, мамандар оқушылардың материалдарды жақсы меңгерулері үшін негізгі және жоғары сыныптарда қосарланған сабақтар (әсіресе тілдік және математикалық пәндер бойынша) өткізу қажеттігі мәселесі бойынша бір пікірге келіп отыр. Мұғалімдерге міндетті түрде орындалатын (минимум) және өз қалауымен орындалуы мүмкін (максимум) тапсырмаларды үйлестіруді, сондай-ақ, үй тапсырмаларын демалыс және мерекелі күндері қарсаңында, каникул кездерінде және бақылау жұмыстары өткізілгеннен кейін бермеу ұсынылған.
Бір нұсқа бойынша мектеп пәндері үш топқа бөлінбек: бірінші топқа жатқызылған пәндер бойынша үй тапсырмалары міндетті түрде берілмек, екінші топтағы пәндер бойынша тапсырмалар орындалуға міндеттелмей, тек ұсынылады, сондай-ақ, үшінші топқа жатқызылған пәндер бойынша тапсырма берілмейді. Балама жобада орындалуы міндетті және міндетті емес тапсырмалардың қосарланып берілу мүмкіндігімен қатар олардың барлық пән бойынша тапсырылу қажеттігі ұсынылып отыр.
Әзірленген ұсынымдардың бір нұсқасында тапсырылған үй жұмысын орындауға жұмсалатын уақытты есептеу формуласы келтірілген. Екінші нұсқа жобасын дайындаған мамандар пәндерді күрделілігіне қарай саралап, кестелерінде 2-11 сынып оқушыларына берілетін үй тапсырмаларының уақыттық нормативтері мен көлемдік шамаларын ұсынған. Педагогикалық ортадағы талқылаулар 15 наурызда аяқталып, үй тапсырмаларының көлемі биылғы қыркүйекте енгізілмек.
Екі жоба да Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы www.nao.kz мен Ақпараттық-сараптама орталығы www.iac.kz сайттарында жарияланған.

