Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

18 жастағы бойжеткеннің жігітіне «алып қашу» туралы ұсыныс жасауына не мәжбүрледі?

Түркістан облысының Жетісай қаласын алғаш мәрте жаяу араладым. Шілденің шіліңгір күні күйіп тұр. Сол күні аудандық Төтенше жағдайлар қызметі ауа температурасы 45 градус деп, телефоныма smm хабарлама жолдаған. Ол ескертуді елемегеніме өкінген жоқпын. Өйткені Жетісайға бұдан кейін қашан саяхат жасаймын, ол жағы өзіме де белгісіз еді. Себебі , еліміздің оңтүстігіндегі шалғайда орналасқан шаһар тұрғындарының тіршілігі өзгелерге мүлдем ұқсамайды. Қала оттай жанып тұрғанымен жергілікті жұрт , әкімдік қызметкерлерінің де ескі досындай қарсы алуы бұл қиындықтарды еңсеріп, шаһардың қызықты оқиғаларына саяхат жасауға мүмкіндік берді.

Сонымен Жетісай қандай қала?

Бір көргеннен қаланы - қалыңдықтар шаһарына теңедім. Неке көйлектері, ұзатылатын күні киетін көздің жауын алатын әдемі , сәнді киімдер сататын, жалға беретін салондар өте көп. Жалға берілетін үкілі сәукеле , бүрмелі көйлек, тіпті жас келіннің құрбыларын хор қызына айналдыратын киімдерден бас айналады. 3 мың -50 мың теңге төлеп, тойға ханшайымдай құлпырып баруға болады.

Біз барған күні Мақтарал ауданы әкімдігі Жетісай және Мақтарал ауданы болып екіге бөлінді. Сондықтан бұрынғы Мақтарал ауданы әкімдігі идеология бөлімінің экс-басшысы Айдар Сейдазымның айтуынша жұрттың төбе шашын тік тұрғызатын «қыз алып қашу» мақталы өңірде соңғы кездері азайған. Керісінше , болашақ келінге сырға салу, қызды ұзату салты жаңғырып, тойханалардың саны да көбейген. Мақтаралда жыл сайын 3 мыңға тарта жас жұбай отау құрса, заңды түрде тіркелмеген , мешіттерде некесін қиып, шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылардың саны белгісіз. Есесіне ажырасу оқиғасы мақталы өңірде өте сирек кездеседі және әр шаңырақта ең кемі бес, сегіз қарадомалақ өмірге келеді.

Алайда «алып қашу» оқиғасы ауылдық жерлерде аракідік кездеседі. Атакент елді-мекеніндегі сұлулық салонында жұмыс істейтін Гүлім сүйген жігітіне « алып қашу» туралы ұсынысты өзі жасапты. 18 жаста тұрмыс құрған жас келіншек әңгімесін айтқанда жүзі бал-бұл жайнап, еркелеген еліктей ,жарқын күлкісінен оның бақытты екенін зағип, тас керең кісінің де түсінетіні даусыз.

Гүлім болашақ жарына 15 жасында ғашық болғанын айтады. Көрші үйге жазғы демалыста қыдырып келетін қара торы ,бойшың жігітке бойжеткен мектеп бітіргеннен кейін тұрмысқа шығады. Ол ата-анасының иығына қаржылық ауыртпалықты арқалатуға намыстанып, болашақ күйеуіне « алып қашыңызшы» деп өзі ұсыныс жасағанын айтады. Гүлім өміріндегі ең ғажайып сәттерін айтқанда оның аппақ жүзі құлпырып,өңі ажарлана түскендей болды.

Жетісай, Мақтаралда қалыңдықтың қалыңмалы қанша тұратынын білмеймін. Бірақ өңірде 70-тан астам тойханада күнде той. 40 салтанат сарайы ресми түрде тіркелген. Ал тойханалардың бағасын естігенде өз құлағыма сенбедім. Әр қонаққа төлейтін қаржы 400-600 теңгеден басталып, 5000 теңгеге жетеді. Аудан орталығындағы 500 қонақ сиятын Жетіген деген тойханаға бардым. Зәулім сарайдан аумайды. Қыз –жігіттер тойға қызу дайындалып жатыр. Әкімшісінің айтуынша қазақтың танымал әншілері, өзбектің өнер жұлдыздары қонақтарға мұнда апта сайын ән шырқайды.

Ал біз мінген таксидің жүргізушісі 700 кісі шақырып, сүндет той жасадым дегенде аптап ыстықты ұмытып , шалқамнан түстім. 42-45 жастағы , өңі шикіл сары , орта бойлы ер кісі әңгіменің майын тамызып айтады екен. Аты есімде жоқ.

-Қызымның ұзату тойына 200 кісі шақырдым. Енді жиған-терген қаржы, үйдегі малды сатып, әйтеуір тұңғыш тойым жақсы өтті. Құда да, құдағи да риза болды.

-Қызықтың көкесі той өткеннен кейін басталды . Қонаққа, жиынға барғанда жекжат та , алыс ағайындар маған өкпелері қара қазандай екенін астарлап айтты. Олардың ренішін естігенде желкемді қасып, ұяттан тығылатын тесік таппадым. Келесі тойға шақырамын деп, бәріне уәде беріп, айыбымды, қарызымды өтейтін күнді күттім, -дейді жүргізуші.

Ол биыл көктемде ұлының сүндет тойына бір адамды қалдырмай шақырып, жұрттың тайлы- тұяғымен келгенін мақтанышпен айтты. Таксист 700 адамға шақыру билетін таратып, мыңға жуық қонақ келгеніне қуанышты.

-Екі адам тойға келсе , оларды көлікпен әкелген ұлы ,немересі еріп келеді. Есептей беріңіз. Қанша адам келгенін өзім де санаған жоқпын, - деп Атакенттің жомарт жігіті қомданып қалды.

Таксист салтанатты шараға қанша ақша жұмсағанын айтпады. Банктен несие алған екен. Жолаушыларға тойдың қызығы мен шыжығын рахаттанып әңгімелеп, ағынан жарылды. Той иесінің психологиясын түсінбедім. Өйткені ол несиеге алған қыруар қаржыны қайтарудың машақатын есіне де алмады.

Тіпті таксист осы өмір бойы шынығып, қайталанбас жеңіске жеткен чемпионды көз алдыма елестетті. Ол қонақтарын патшаның сарайындай тойханаға шақырып, ұлан-асыр мереке сыйлағанын бақытқа теңейді. Оның әңгімесін таңданып, тамсанып , ұйып тыңдап отырмыз. Бақытты адам көліктің тежегішін басқанда хикая да кілт үзілді.

Мақтаралдықтар егіс алқаптарындағы жеміс, көкіністі жинап ,мақта терім аяқталғанда той маусымы басталады . Аптасына 7 күн той –томалақ өтетін өңірдің еш жерде жазылмаған заңы да бөлек, тұрғындары да ерекше. Олар ала жаздай еңкейіп, жұмыс істеп , маңдай термен тапқан еңбектің жемісін тойға жұмсайды. Ең бастысы, Мақтаралда қайыр тілеп, жұмыссыз сенделген ер кісіні көрмедім. Ал ақ алтын жергілікті тұрғындардың басты байлығы .

Жазира Бегалы журналист.

1
0
275

Осы тақырып бойынша