Yvision.kz
kk
Культура
Культура
Культура
734 постов503 подписчика
Все о культуре и искусстве.
0
15:24, 17 апреля 2024

Жақсы кино мен жаман киноның айырмасы

Кино өнердің ең қымбат түрі. Оның үлкен ақшаға түсірілуі даусыз, әрі заңды. Бірақ әңгіме қандай ақшаға емес, қалай түсіргенінде. Егерде жақсы түсірілсе, қандай ақша кеткені маңызды емес. Талғамға талас жоқ деп қоямыз, дегенмен соншама қаржыға түсіріліп жатқан кинолардың деңгейін, сапасын, түсіне білу өте маңызды. Енді осы жерде сұрақ туады. Жақсы кино мен, жаман киноның айырмашылығы қандай? Кино миллиондаған халыққа ұнап, касса жинап жатса, ол жақсы кино деген сөз ба? Ол тек, жақсы тәсілдермен түсірілген кино. Ал шын мығынасында кино бұл – тұтас әлем, өмір. Онда тыныс тіршілік, табиғилық, әр сөзінде қарапайымдылық пен үлкен философиялық мән қатар жүретін, сондай бір мәдени, мағнауи нәрсе болуы керек деп ойлаймын.

Сұраққа әлі ораламыз. Алдымен Қазақстан кино тарихын бір шолып өтейік. Сонау кеңес одағындағы ұлттық мүддемен идеологияның арасында, арбаны да, атты да өлтірмей түсірген киноларды айтпағанда, тәуелсіздік алғаннан бері елімізде 136 толықметр, 73 қысқа метр, 258 деректі фильм түсірілген. Деректі мен қысқа метрден бөлек, 136 толықметрлі киноның өзі біршама. Бірақ халық көңілінен шыққан, тамсанып таңданып көретін кинолар тізімі өте аз. Қазақ киносы десе, көзімізге ақша жеу, өтірік локация мен өтірік актерлар елестеп кете беретіні де, жайдан жай емес. Яғни кино бізде солай қалыптасқан.

Бірақ, оны басқа да арнаға бұрғысы келгендер болған. Бірақ халық оларды да, киносын да қабылдамаған. Авторлық бағытты айтпағанда, Ақан Сатаев бастаған топ өкілдері де біршама жұмыс жасаған. Ол уақытта (яғни 2005 – 2013 жж) фильмдерден, бөлек деңгей байқалады. Қазіргідей киноиндустрия бизнеске айналмаған, керісінше мәдениет қалыптастыру бағытында жұмыс жасағандай. Әрине бәрі жақсы, не бәрі жаман деп айту қиын. Бірақ Ермек Тұрсынов, болмаса Сергей Дворцевойдың, Ақан Сатаевтің фильмдерінен сондай бір леп келеді. Яғни фильмдер идеяға құрылған. Мағына мен мәнге толы болатын. Мысалға Ермек Тұрсынов бір сөзінде былай дейді. “Шал фильмі, шалдың қасқырмен алысуы жайлы емес. Егер ойланып қарасаң, Шалдың өзінің туып өскен жерінде адасып кетуі логикаға симайды. Бұл қазақ қоғамындағы Шалдардың, яғни үлкен буын өкілдерінің адасуы жайында. Фильмде орта буыннан да үміт жоқ. Үміт тек Шайтанбекте. Яғни өскелең ұрпақта/ дейді. Немесе қойшының өмірі, арманы аса нәзіктік пен табиғилық қатар сезілетін Дворцевойдың “Тюльпаны” да, елеусіз қалған картиналар қатарын толтырады.

Ал авторлық бағытта Эмир Байгазин, Адилхан Ержановтар қазақ киносының келесі бір деңгейін көрсеткендей болды. Бірақ ол фильмдерде өз кезегінде аса танымал болып, касса жинап, ел аузынан тастамайтын картина болды деу қиын. Әрине авторлық бағытта оған дейін де, ол кезде де, кейінде режиссерлар бар, бірақ мен білетін, көріп жүргендерімді жазғанды жөн көрдім. Айтпағым, қазақ киносында, киноның мәдени, құндылыққа толы, мәнді болуы сияқты бағытқа бірнеше рет талпыныс жасаған. Әлі де жасауда. Бірақ халық оны қабылдай алмады. Сөйтсек оларға күлкі керек екен. Яғни комедия. Күлген адам бір босап қалмай ма? Елімізде өмір онсыз да қиын.

Халық кинотеатрға барып, бір күліп жеңілдеп мәз болысу кезеңі жайлап 2016 жылдарда сезіле бастады. Оған дейін комедия жанрнда, Нуртас Адамбай ТВ сериалдар мен кинолардың бір шетін көрсеткен. Халыққа ұнады. Артынша Нұрлан Қоянбаев бастаған, артында жүздеген продюссер мен режиссерлар, одан қалса ақшасы бар әнші мен блогерлерге дейін есіл дерті кино болып кетті. Олар дәл бір жауыннан кейінгі саңырау құлақтай бытырлай бастады. Продюссер, режиссерды былай қойғанда, актерлардың өздері кино түсіріп кетті. Бірақ ол киноларға баға беру қиын. Әрине ол комедия болғасын солай болуы керек. Бірақ, ақша табам, хайп жасаймын деп кино саласын төмендетіп алды. Міне сол мәселе. Бұл, шет елмен салыстырып қарайтын нәрсе емес. Әр елде, киноға әртүрлі ақша бөлінеді. Сол ақша, жетер жеріне дейін жетсе, мүмкін жақсы кинолар шығар еді. Бізде жақсы комедиялар бар. Олардың жақсы болуының бірден бір себебі, ол белгілі адамдардың қалтасынан шыққан ақшаға түсірілген соң, орнымен кетеді. Ықылас бөлінеді. Яғни мемлекеттік тапсырма, міндетті кинолардан біршама жеңіл болады. Ал мемлекет уақыттан да, ақшадан қысатындай болып көрінеді.

Бірақ соңғы 2 жылда, Айсултан, Қуаныш, Айторе, Диас,Мұрат есімді жаңа режиссерлар, КОМЕДИЯ деп аталатын кинолар легін біршама тежеп, жаңа жанр алып келді. Осылардың ішіндегі Куканың(Қуаныш Бейсеков) “Дәстүр” фильмін алып қарайықшы. Кино 200 000 000 теңгеге тұсіріліп, 1 000 000 000 тан аса касса жинады. Қоянбаевта миллиард жаңартқан, бірақ бұл комедия емес, хоррор, драма сосын барып комедия. Немесе Мұрат Есжанның Оян қазақ фильміде, киноның осындай да болатынын көрсетті.

Енді сұраққа оралайық. Жақсы кино несімен жақсы? Сөзсіз кассаға қарап қалған ештеңе жоқ. Ол көбінесе маркетингтің жеңісі. Ал жақсы кино меніңше, өлмейтін кино. Қашан көрсең де, қалай көрсең де жан дүниеңмен, іштегі сезімдеріңмен ұштасатын, мақала басында айтқандай, тірі, табиғи кино. Егер маған, әлемнің киномандары мен киносыншылары ұсынған кинолары ұнамаса, әңгіме ол киноларда емес, менде. Яғни оны түсінбей жатқан мен. Дәл осы тұста шиеленісу байқалады. Сонда, халық түсінбеген киноның барлығы, мен айтқандай жақсы кино ма? Әрине жоқ.

Осы тұрғыда, киносыншы, актер Сұлтан Алтынбайға сұрақ қойдық. Ол былай дейді,

Кино әртүрлі болады. Жанрдан бөлекте, жоғары жанрлар (сверх жанр)болады. Ол шынымен түсініксіз кино. Андрей Тарковский мен Стэнли Кубрик есімді екі режиссердің мысалымен келтірейін. Кубрик 1975 - 90 жылдары ең кассовый режиссер болған. Кинолары арт хаус жанры. Қызығы сол замандағы американың деңгейі қабылдай алған. Бірақ дәл сондай деңгейдегі Тарковский олай бағаланбаған. Халықтың деңгейі көп нәрсе шешіп кетеді. Иа, ешкім түсінбеген, бір сөзбен айтқанда онша емес киноларда бар. Оны киноны түсінетіндерден сұрау керек. Түсінбесең, бірақ сезсең көре беру керек түсінгенше.

Қазақ киносы даму үстінде. Солай болуы да керек. Бірақ халықта қалыспаса, мүмкін әңгіме басқаша болар ма еді. Кино жасаушылар мен, көрушілердің келесі легі үлкендердің олқылықтарын қайталамаса екен деймін.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 3 курс студенті:Закиров Омар

Жетекші: Н.Б.Рушанова , аға оқытушы

0
190
0