место в рейтинге
  • 194400
  • 171
  • 40
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Өкіреш Шал

Атадан балаға ауызекі қалып келе жатқан шежірелер біз ізді бола бермейді. Ала -құлалық, жаңылыс жиі кездеседі. Сондықтан да шежірелерді оңды-солды пайдаланып, оларды нақтылы факті ретінде алдыға тарту аса дұрыс емес сияқты. Ал олардың ішіндегі жеке тұлғалар жайлы сөз басқа. Ұлы бабаларымызды, аса ірі ру басыларын аңыздан аршып алып, тарихи деректер арқылы ғылыми түрде зерттеу аса қажет. Себебі, алдыда өткен аталарымыздың өмір жолы, әр бабаның тарихы, түптеп келгенде, қазақ тарихының бір-біп парағы. Осы парақтарды түгендесек қазақ халқының тарихы толыға түседі.

Сол аталарымыздың бірі, бірегейі - Найман Өкіреш Шал. Шежірелердің әртүрлілігіне орай «Өкіреш Шал»  кейде -Тоқпан деген кісінің лақабы. Кейде, Тоқпан-Өкіреш Шалдың ұлы. Өз заманында Өкіреш Шалды - «Ақмырза», «Ақсофы» деп те атапты. Қалай деп атаса да сол шежіредегі «Өкіреш Шал» қазір ең кемі үш миллионға жуық найманның ұлы бабалары, найманның «Өкіреш Шал» тармағының бастауы.

Кей шежірелер, шежірешілер барлық найманды Өкіреш Шалдан таратады. Келесісі үш топқа бөледі. Біз осылардың ішінен Өкірештен- Белгібайға, одан -Сүйінішке (Сүгірше), одан Төлегетайға (Төлек атайға, Төле -Қытайға) түсетін тармағын бөліп алып қарастырмақпыз. Себебі, біз алды-артын емес, Өкіреш Шалдың жеке басын аңдамақпыз. Әңгіме дара тұлғасының кім екенін анықтауда.

Мен де шежіре бойынша Өкіреш Шалдан тараймын. Алайда атамыздың «кіндігіненбіз» дегенге үлкен күмәндімін. Әрине, Өкіреш Шалдың кіндік төлдері бар. Оған дау жоқ. Әңгіме үш миллион адам туралы. Енді, күдігімді таратып айтайын. Ол үшін атамыздың қай тұста ғұмыр кешкенін анықтау керек. Осыған келейік.

М.Тынышбаев «Төлегетай он алтыншы атам» дейді. Төлегетайдан Өкіреш Шалға дейін және екі ата бар. Барлығы - 18. Бұл мөлшері, әр атаға 25 жылдан бөлсек, 450 жыл. Бұған Белгібай туғандағы Өкіреш Шалдың 93 жасын қосамыз. Барлығы - 543 жыл.  М.Тынышбаев 1879 жылғы 12 мамырда туғанын өз қолымен жазыпты. Демек, 1879-дан  543-ті аламыз. Сонда Өкіреш Шал мөлшері  - 1330 жылдары дүниеге келген. Мүмкін сәл ертерек. Шежірелерде  бір-жар ата ұмытылып қалатыны бар.

Қаракерей Қабанбай батырдың шежіресімен алсақ ол кісіден Белгібайға дейін   13 ата -325 жыл. Оған Өкіреш Шалдың  93 жасын қосамыз. Барлығы - 418 жыл. Енді Хан батыр туған  1692 жылдан  418-ді аламыз. Онда Өкіреш Шал 1274 жылы туады. М.Тынышбаевтың шежіресімен өкшелес. Шежіредегі мұндай алшақтықтар қалыпты нәрсе. Сөйтіп, нысана  XIII ғасырдың аяғы немесе XIV ғасырдың басы. Найманның бір тармағы осы мөлшерде тууы тиіс.

Дәл осыған сене алмаймын. Шежіре ең кемі 6-8 ғасырға жаңылады. Себебі:

1. Найман V-VI ғасырда қытайдың жазба тарихына енгені анық. Орхон жазуларында Қаржаубай Сартқожа дәлелдеген Арық бұқа мен Семіз бұқа секілді хандар бар.

2. Өкіреш Шалдан - Сүйініш (Сүгірше), Сүйініштен - Төлегетай (Төлек атай), (Төле Қытай). Байқасаңыз Өкіреш - жалқы, Сүйініш - жалқы, Төлегетай -жалқы. Төлегетайдан Қытай да жалқы. Сонда Қытай ХV ғасырдың аяқ шенінде дүние есігін ашады. Қытайдан (кейде Кітәй, дұрысы Қытай сияқты) --Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Бұлар мөлшері ХVI ғасырда туады. Одан бері бес жүз жылдай уақыт өтіпті. Ендеше, Найманның бір ғана тармағы Қытайдан туған балалар бес ғасырда екі миллионға жетеғабыл дегенге сенесіз бе? Шыңғысханнан бұрын жасап келе жатқан, V -ғасырда із тастаған қырғыздар содан бергі 1500 жылда 3 миллионға әзер жетті. Ендеше, Өкіреш Шалдың ұрпақтары ХV ғасырдан бері қанша қауласа да бүгінгі жан сандары -2 миллионға дейін өсуі мүмкін емес. Бірақ, осынша адам бар.

Демек бір құпия болғаны ғой. Рас, солайы солай. Осы сырды ашу үшін тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханның «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегіне жүгінеміз. («Қазақ Ордасы» 2003 ж №3). Ғалым «Найманның әкімшілік атауы - «Шал» деп сенімді жазады, дәлелдер ұсынады. «Жамиғат тауарихтың» «Шыңғыс хан» шежіресінде Найман Күшіліктің әпкелері, қарындастары мен руы туралы әңгімеде осы сөз бар: «Әмин Шал, Тарту Шал, Таян Шал, Түңге Шал ағайынды. Төртеуі де Күшіліктің руынан. Шал - ханзада деген мағына береді. Найман Таян  ханның бір әмірі, әки бегінің аты Титик Шал. Ал осы Титик Шалды «Юань Чао Би-Ши»-да «Титик сақал» деп жазған. Сондай-ақ, «Ляо ши»-дің «Шалға» берген түсініктемесіндегі «ұл» деген сөзді «патша ұрпағы ханзада» деп түсіну керек. Бұл наймандарды ханзаданың «Шал» деп көрсетуімен мағынасы бірдей. Шал немесе сақалдың мәнсап көлеміне келсек, олардың іс-қимылынан (атқарып жүрген қызметтерінен) мынаны көреміз: Шал-сыртқа қол бастап шығады; жат ру-тайпалардың істеріне қатысады; ел арасындағы араздықтарды келістіреді; заңды атқарады».

Бақыт Еженханның осы деректерін таратып айтсақ Шал:

  1. Әскербасы. Өз бетінше шешім қабылдайды.
  2. Сыртқы саясат мәселелерін шешеді, шекара қорғанысын басқарады, бодан елдерге билік жүргізеді, ішкі істеріне араласады.
  3. Соттың, бидің бар қызметін атқарады. Үкім шығарады, төрелік айтады;
  4. Мемлекеттік заңдардың жүзеге асырылуын  бақылайды. Заң бұзушыларды айыпқа тартады. (соттайды).

Көріп отырсыздар, «Шал»  патшадан, ханнан кейінгі лауазым иесі. Әр, жеке-жеке саланы басқаратын уәзірлер сияқты емес, мемлекеттің барлық салаларына тікелей араласады. Уәзірлерден әлдеқайда жоғары лауазымды адам-Шалымыз. Ал уәзірден жоғары ханзада екені кімге де болса мәлім. Шалдың қызмет ауқымы аса кең.

Демек, «Шал», сөз жоқ, хан ұрпағынан. Ендеше сол тұста-ақ Хан басқаратын дербес мемлекет немесе ұлыс болғаны ғой. Ол, не дегенде де, мол жұрт. Әйтпесе, хандық, мемлекет қалыптаспаса ханзада қайдан болсын. Бұлай десек, нақты тарихи деректерге жүгінсек, VI ғасырда бар найман ХІІІ ғасырдың аяғында, табаны жалпақ жеті жүз жылдан соң, өзінен жеті жүз жыл кіші Өкірештен қалай туады? Жеті ғасыр бұрын бар, өз ата-бабасына  Өкіреш қалай әке болады? Сөз басындағы күдігім осында жатыр.

Өкіреш Шал барлық найманның атасы емес. Өкіреш Шал сол тұста, сол маңда топтасқан наймандардың билеушісі. Оның лауазымын ұлық би дейсіз бе, ұлыс биі дейсіз бе, кіші патша дейсіз бе, өз еркіңізде. Бұл бір жағы. «Шал» сөзін саралау осыған алып келді.

Екінші жағы «Өкіреш» не мағына беретінін тапсақ көрінеді. Мұны қазақ наймандары жадыдан шығарып алған екен. Бірақ Самарқандағы өзбек наймандары ұмытпапты. Сонымен «Өкіреш» не мағына береді? Кей аңыздарда Тоқсұлу-анамыздың  (найман арасында Қызеней аталады) бойына бала бітерде тоқсан үш жастағы атамыз өкіріп құлапты. Содан «Өкіреш Шал» аталыпты дейді. Бұл қисынсыз. Бабамыз Самарқан маңында дүниеге келіп, сүйегі Самарқаннан қырық шақырым жердегі Үргіт тауының етегінде Өкіреш аталатын ауылда жерленген. Моланың басына жергілікті өзбек наймандар жиналып, 1988 жылы белгі қойыпты. «Өкірач қабирстаны» деп жазыпты. Жанында Қаранайман, Қызылнайман, сәл әрірек Дүрмен найман ауылдары. Бұларда өздерін Өкіреш Шалдан тарататын өзбек наймандары  тұрады. Осы маңда Төртуыл, Жанғұлы, Балталы, Бағаналы, Садырсай, Қаңлы, Қарақұрсақ, Қаракесек, Зарман, Шанышқылы, Тарақты, Маңғыт, Жағалбайлы, Қатаған, Балғалы, Сарқұл, Керейт, Наймансай, Қаранайман табиғи қорығы, Қанжығалы, Наймансарай, Қарабағаналы қышлақтары орналасқан. Нақ бір қазақ жерінде жүргендейсің. Бұл біздің көзімізге түскендері. Көне атауларын жоғалтқандары қаншама екен? Мысалы, Кеңес үкіметі тұсында Өкіреш найман, қаранайман, қызылнайман ауылдарын қосып, «Москва» колхозы атапты, қазір Әмір Темір атындағы шаруашылыққа ұйысыпты. Ең таңданарлығы -найман атаулары Самарқанның төрт тарабында да бар.

Осы наймандар «Өкірач» - «Кіші бұқа» деген мағына береді дейді. «Бұқа» найманның хандық атауының қосымшасы екенін дәлелдеу қажет емес шығар. Оған VI ғасырдағы найман хандары Арық бұқа, Семіз бұқа, ХІІ ғасырдағы Инанығ Білге бұқа, ХІІІ ғасырдағы Байбұқа, Тайбұқа, Кетбұқа, Келбұқа бабаларымызды айтсақ та жеткілікті. «Кіші бұқа» - «Өкірештің» мағынасы тағы айналып ханзадаға соқты. «Өкірач» дегеніміз осы жерде кіші хандықтың билеушісі дәрежесінде тұр деп пайымдауға келетіндей. Себебі, өзбек наймандары - Құдайчукур Хакимов, Тауфих Юнусов ақсақалдар Өкірач бабаларын Самарқан ғана емес, Таулы Бадахшан, қырғыз, қазақ еліндегі наймандардың сол кездегі дара билеушісі деген пікірде. Жас кезінде аса ірі әскербасы екен, кейін егделене келе наймандардың ханы. Аса діндар. Өзі арыдан тартар нағыз қаракөктің ұрпағы -найман хандарының бұтағы. Онда да ар жағын атын атап, түсін түстеп айтады.

-  Кучулук Таулы Бадахшанда Жебе ноянмен жекпе-жекте өлген соң, Жебе ноян найманның соңғы ханының қатын-баласын, іні-қарындастарын түгелдей Мыңғұлға ала кетіпті. Бірақ бір ұлын нөкерлері жасырып қалыпты. Соңыра Кучулук Ханнан қалған осы ұлдың маңына азды-көпті найман жиналып, бір қауымға жетіпті. Мұны Кетбұқа естіп, шақыртады. Жошыханнан найза бергізіп, бар найманның билеушісі етіп тағайындайды. Өкірач атаның арғы жағы сол Кетбұқаның замандасы. Біз Кучулук ханның осы әулетіненбіз,-дейді қариялар.

Сөйтіп, өзбектер Өкіреш Шал найманның соңғы ханы -  Күшіліктің кейінгі ұрпағы екеніне куәлікке жүреді. Осында жан бар. Бытырып кеткен, ешкімге мойынсал болмай, қару асынып, қан көрген адамдарды бас игізу үшін соған лайық тегің болуы қажет. Ол найманда тек -Күшілік. Оның үстіне Кетбұқа шақыртса, оның Ұлытауда отырған, Жошыдан кейінгі Ұлық би кезі. Кетбұқаның наймандарға іш тарта, бар найманды бір ортаға жинауға пәрмен беруі заңды. Өзі найман адамның жанашырлығын түсіндіру қажет емес.

Өкіреш Шал қартайғанда әскерін өкізіпті. Кейінірек Әмір Темір (Ақсақ Темір) осы маңды сыйлапты.

-  Мұнда дихан наймандар тұрады. Біз малшы екенбіз. Содан бері көшпейміз. Малшы наймандар Жизақ, Науаиге қарай тұрады. Бұл жақта найман көп. Бір ғана Самарқан облысында, ең азы, бес жүз мыңдаймыз. Бәріміз де тегімізді білеміз. Жалпы өзбек жұрты немере, шөберелерінен қыз алып, қыз берісе береді. Біз өйтпейміз. Жеті ата шарт.

Өзбек наймандары осылай деді. Тереңірек үңілсек, «Шал» мен «Өкірач» бір мағынада -ханзада. Осы жерде тағы сауал туады. Онда неге қосарлап «Өкіреш Шал» дейміз? Жеке айтса да болғандай екен. Бұл сұраққа мына сөздер жауап береді. «Тоқты-Барлық», «Баян сұлу», «Ақ-Шаған», «Келте Мұқыры». Осылардағы «барлық» мыңғұл-қалмақша, қазақшасы –«тоқты», «баянның» қазақшасы - сұлу «ақтың» қалмақшасы- «шаған», «келтенің» қалмақшасы - «мұқыры», «Ақшаңқан» деп те жатамыз. Бұл да солай. Тілімізде қалмақ-мыңғұл тіліндегі сөзге қазақшасы қосылып айтылатын тіркестер көптеп саналады. Кейбір қосарлы сөздер жергілікті диалектіні түсінікті ету үшін де жүреді. Әуелдегі, көне «Шалдың» ұғымы, мағынасы ұмытыла бастаған соң, «Өкіреш» қосылғаны көрініп тұр. Көнесі «шал» сияқты.

Сөз реті келгенде айта кетейік. Г.Н.Потанин наймандардан «Көк бұқа» аңызын жазып алып, былай деп атап көрсетіпті: «Наймандардың бір бөлігі осы күнге дейін өздерін өгіздің ұрпағымыз» дейді. (Ғ.Байназарова «Қасиетті Түркі елі, Алматы, «Өнер», 66 бет)

Зер салсақ Өкіреш Шалдың ғұмыры үш кезеңге бөлінеді.

  1. Әскербасы. Толған ел алдындағы шағы.
  2. Жалпы найманның Елтұтқасы. Жұрттың сөзін ұстаған, билік айтқан шағы.
  3. Дінге бет бұруы. «Ақсофы», «Ақмырза» аталуы. Балалары өліп, тұл қалуы. Үйленуі.

Қазақ шежіресінде осы үш кезеңнің біріншісі жалғыз ауыз «Ешкімге есе бермеген екен» деген сөзбен айтылады. Самарқаннан қоныс аудару, көші-қонмен жүргенде, жаңа ортаға бейімделубарысында «Өкірештің» көне лауазымдық, найманға ғана тән мағынасы тасаланыпты. Ал сүйегі жатқан өзбектер есте тұтқан. Бұған найман хандығының бір жола жойылуы, найманның мемлекеттік лауазымдарының қолданыстан шығып қалуы да әсер еткені даусыз. Бірақ, 1625 жылға дейін Самарқанда биліктің бір ұшын ұстап отырған наймандар «бұқаны» пайдаланбаса да, «Өкіреш» - Кіші бұқаны ұмытпапты. Түпкі мағынасын сақтап қалған. Жеке хандықтың иесі «бұқа» сол кездегі найман алдымен Алтын Орданың, одан Ақ орданың құрамындағы бір руға айналған соң соған лайықталып, кішерейіп «өкірешке» көшкен сыңайлы.

Қазақ тарихында өз орны бар бір бабамыз –Өкіреш Шалдың кім болғанын, қай мезгілде өмір сүргенін, атқарған қызметін анықтаған сияқтымыз. Енді бабаны тереңдете зерттеу қажет. Бұған көпшілік атсалысса жөн бола еді.

25 мая 2010, 15:31
3587

Загрузка...

Комментарии

Совет-Хан Ғаббасов
Жазушы дәрігер, фантаст,
Медицина және Педагогика ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі,
Зайсан ауданының құрметті азаматы,
Махамбет сыйлығының лауреаты.
Халықаралық Нострадамус атындағы академияның
толық мүшесі – Академик.

Қабанбай батыр
(тарихи эссе)

Иісі қазаққа ортақ ойларымызды "...қалың елім, текті жұртым..." деп бастағанды жөн көріп отырмын. Әйтсе де, "қалың елім" дегенде, тұтасып жатқан қалыңдығың да, көл-көсір болған көптігің де жоқ қой. Мынау жатқан ұлан байтақ жеріңе... іштен де, сырттан да қызығушылық пен көз алартушылықтың да бар екені белгілі. Сірә, ол шіркіндер... шығысыңнан – Жетісу мен Алтайды, батысыңнан – Жайықты, терістігіңнен–тағы да қандай жерлерді алғылары келетіндіктерін, келешекте де әркез айта жатар. Оның үстіне, кезінде тағдыр қуып қаңбақтай ұшып қалқақтай жетіп жерімізді паналаған...қайбір "бауырларымыз" да, кең далаңнан ойып тұрып "автономия" алғылары келетіндіктерін, кешегі "желтоқсанның" ауыр күндерінде...ашық түрде айтып қалғандарын да ұмыта қойғамыз жоқ.
Бірақ, біздер үшін...айналамыздағы құдайы көршілерімізбен тату-тәтті отыру ата-бабаларымыздың айтып кеткен аманаты екенін ескерумен қоса, ертеңімізге қауіп-қатер төндіретін арам пиғылдардың қай жақтан келетінін де, алдын-ала аңғарып отыру ауадай қажет. Мінеки, осы тектес нақтылы жағдайлар...егеменді еліміздің келешегі үшін кезек күттірмейтін елеулі мәселелерді бірте-бірте шешуді уақыттың өзі талап етіп тұр.
Ең әуелі, "өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" дейтін қағиданы берік ұстап, кешегі "қызыл империяның" салған зобалаңынан...тарыдай шашылып, басы ауған жаққа қаңғырып кеткен жұртымызды әлемнің қай түпкірінен болса да өз Отанына қоныстандыруды жүйелі түрде жүргізу керек. Данышпан Абай айтқандай: "Біріңді қазақ бірі дос, көрмесең істің бәрі бос" деген ойдың мәніне жетіп, жұртымыздың ішкі бірлігіне дақ түсіретін...жүзге бөлінушілік, жерге, топқа бөлінушіліктердің қандай түріне болмасын қарғыс айтып, мұндайларды арамыздан аластап, тазартуды заңдылық дейгейіне дейін жетілдіріп жүргізу қажет.
Міне, заман өзгеріп, ғасыр ауысып жатыр? Бірақ, қоғамдағы өзгерістер өзінің қабағат қатты қиындықтарымен қинасадағы, тірі адам тіршілігін жасай беретіні айдан анық заңдылық екені де рас! Осылай деп тұжырымдасақ та, ойда-жоқта аспаннан Алланың рахымы жауғандай, халқымыз ғасырлар бойы аңсаған дербестігін алып, теңдессіз терең ризашылығымен өзінің жаңа сипаттағы мемлекетінің шаңырағын көтеріп жатқан сәтін де, тектік тәлімдері мен бекзаттық қадір-қасиеттеріне көңіл аудармай болмайды. Ол халқымыздың бойындағы сабырлылық пен салқын қанды ойшылдығы дер едік?! Сондықтан да осынау ошарыла келіп, төбемізден төнген ауыртпалық та, нарық жолындағы тар жол тайғақ кешулер де біздерді жасқандыра алмаса керек. Өйткені дана халқымыз: "Көппен көрген ұлы той" деген емес пе? Әйтсе де, тірінің тіршілігін жасар буынның қос қанаты бүтін бе?.. Өз бетімен көтеріле биіктеп ұша алатын халде ме? Мұндай тағылымдарды ұғыну үшін де ең әуелі тұтас жатқан бір халықтың қос қанаты – деген ұғымның өзін қалай түсінуге болады? Оның бейнелеп тұрған мәні не? Мінеки,осы сауалдарға жауап іздеп толғанып көрсек, сонда кез-келген халықтың қос қанаты – оның үзіліссіз жүйелене жетілген ұлттық тарихы мен ғылыми негізделген халық педагогикасы екенін ашық айтқымыз келеді. Бұл екеуін толық меңгерген халық – бақытты халық. Өйткені, халықтың өркендей дамуы үшін басқа құндылықтардың бәрі де, ел басқару саясаты мен сананы сараптар идеологиясы, тұрмыс жағдайын гүлдендірер экономикасы, ғылым мен білімге сүйенген технологиясы – тіпті дамудың күллі тетіктеріне дейін, сол жоғарыда айтылған қос қанатының бүтіндігімен ғана ажарлана түсіп, айқындана түлеп, түрлене бермек. Осы екеуінен нәр алып, халқының адалбақан ақ бесігінде тербеле жетілген ұрпақтың мәртебесі биік, парасаттары аса жоғары деңгейде болмақ! Осы айтылған ойдың бір үзік сыры ретінде, қазақ халқының "...ия болу, ия болмауына..." тікелей еңбек еткен Ерасылдай ердің ересен ерліктерге толы өмірі мен халқымыздың ардақтап, Хан-батыр, Дарабоз, Қабанбай атандырған Ұлы қолбасшысының өмірінен аз-кем тарихи деректер келтірмекпіз...

Өмір өрнектері

Ең әуелі, егемендігімізді алған он бес жыл ұлттық тарихымызды тануда қандай деңгейде екенімізді аңғартты?! Өз тарихыңды, небір күрделі кезеңдерде бой көтерген өмір шындықтарын тек әділеттің таразысынан өткізіп, әділ бағалай алдық па?! Өйткені, халқымыздың ішкі береке-бірліктерін сақтайтын Темірқазықтың беріктігі тікелей осыған байланысты.
Жалпы адамзат тарихындағы жеке-жеке халық болып құралу процесі...тым ұзақ уақыттарға созылып, алмастай түрленіп асыл да берік сапамен сан қилы қырлардың ашылатыны да белгілі. Бірақ, дұрыс сақталмаған гауһар тастың іші де, кеуектеп түскен қарабас құрттың әсерімен тозатыны да шындық. Осы сияқты халықтың да ішкі-сыртқы қасиеттерін мәпелеп ұстамаса, оның да дертке шалдығуы аса қиын нәрсе емес. Халық боп қалыптасу құбылысы өзінің өркендеу кезеңдерінде, замана әсерлерімен бірде қарқындап, кейде тіпті тым баяулап кететіні де анық. Бірақ уақыт апаттарынан бүкіл халық жойылып кетпесе, оның бірте-бірте қалыптасуы да ешуақытта үзіліп қалмайтыны белгілі. Осы тектес жағдайларды қазақ халқы да басынан кешірді. Басқа халықтар сияқты бұл халықтың да, тым әрідегі ерте дүние тарихы мен орта және жаңа заман тарихтарының бар екендігінде күмән жоқ.
Аллаға тәуба, әр жамандықтың бір жақсылығы болатыны сияқты, бөлініп Қытай жерінде қалған қазақтардың ескі тарихымызды тірілтіп, бүгінгі ұрпаққа ұсынуда ерекше бөлек орны бар. Басқасын айтпағанда, тек Н. Мыңжанұлының "Қазақтың қысқаша тарихы" атты 1987 жылы Үрімжі қаласында басылып шыққан 800 беттен аса көлемді жарық көрген кітабының өзі аса құнды тарихи еңбек деп бағаланса керек. Бұл еңбектің ешқандай қиялдау мен топшылауға бармайтын, тек ғылыми дәлелдерге сүйене отырып жазылғандығы, оның құндылығын ерекше асқақтатып тұр. Бұдан халқымыздың тарихы көрші елдердің көне жазбаларында, аса айқын да терең танымдық сипатында сақталғандығына шүкіршілік етеміз. Ендеше халқымыздың тарихы тасқа да, қағазға да жазылып, бүгінгі ұрпағына мол күйінде жетіп отыр екен. Олай болса, осыншама мол қазынаның сан ғасырлар бойы көмескі жатып, енді ғана қолымызға тиген біздердің әділет көзімен сараптауға сабырымыз жете ме, жоқ па, мәселенің үлкені осы болмақ. Егер де, кемеңгер Абайдың сөзімен айтсақ:
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін
Білгізер алыс-жақынға
Солардың сөйле дегенін,–деп тұжырымдайды.
Ендеше, қазіргі кездегі аса ерекше ойласуды талап ететін екі түрлі мәселеге арнайы көңіл бөлуді жөн көрдік. Мұның біріншісі – "Ақтабан шұбырынды" заманына дейін пайда болған «Үш жүз» жайында сөз етсек, екіншісі – 1723 жылдан кейінгі тарихымызды жүйелеудегі Ордабасының орны.

Үш жүз дегеніміз не?

Бұл ұғымның мәні қандай? Мүмкін халықтық қасиетімізді асылдандырып, жаратылысымызды жаңғыртып, тегімізді мәйектендіретін биологиялық, ия физио-психологиялық факторға жата ма? Ия болмаса, отбасылық дәстүрге береке-бірлік қосарлықтай ықпалы мол, шапағатты құбылыс па? Әлде иісі қазақтың туысқандық салт-санасына жағымды әсер ете алар ардақтау мен әлпештеуге тұрарлық заңдылықтардың жүйесі ме екен? Кәнеки, осы сауалдарға әрқайсымыз да толғанып та, ойланып та көрелікші ?!.. Сонда, саналы жанға ауыр азап...азғындаудың азапты жолдарына жетелейтін, жұртымыздың тұтастығы мен халқымыздың береке-бірліктеріне қаяу түсіретін, аса ауыр теріс психологияны қалыптастыратын жайсыз ұғым екендігін аңғару қиын емес сияқты. Егер қазақ халқын жаратылыс берген қасиеттеріне орай гауһар тасқа бағаласақ, онда қазіргі түсініктегі «үш жүз» деген ұғым осы асыл тастың ішін кеуектеп жатқан қарабас құрт тәрізді бейнеге ауысып бара жатқандығын ашық айтуымыз керек. Егемендігімізді алып ел бола бастаған алғашқы сәттен-ақ, іштей шарпып күйдірмек күлдібадам дерттің тамырына балта шабу, бүкіл халқымыздың біріге қимылдар асыл мұраты деп білемін.
Әйтсе де, «үш жүз» деген ұғым нені білдіреді? Қай заманнан бері қазақ жұртының қолданысына енген? Оның мәні мен мағынасы не? Міне, бұл үзік-үзік болып жеткен тарихи деректердің ізі, ескіден жеткен ел аузындағы аңыздар, қайбір көне шежірелердегі тұспалдарды ғана пайдаланып, логикалық қорытындылар жасауға тура келеді. Қазақ халқы өз алдына жеке мемлекет құрып, шаңырағын көтергеннен бері қарайғы уақыттың ішінде, әсіресе Хақназар ханның тұсында, қазіргі кең байтақ Қазақстан жерінің көлемінен де кең, ұлан-ғайыр кеңістікті қамтығандығы белгілі. Оның үстіне Хақназар осынау алып алқапты қырық жыл билеп, ел басқарудың ықшамды да, тамаша дәстүрлерін қалыптастырған асқан дарындылығымен де ерекшеленеді. Міне, дәл осы кезде қазақтың кең даласын «үш аймаққа» бөліп, оны «үш жүз» деп атандырғаны да сол заманның қалдырып кеткен мұрасы болып табылады.
Ендеше, қазіргі республикамыздың он төрт облысқа бөліп басқарып отырғанымыз сияқты үш жүз де өз заманындағы ел басқарудың жүйесі болып табылады екен. Осыдан келіп үш жүздің өмірге келген заманы да, оның өзіне тән ұғымы мен мән-мағынасы да айқындала бермек. Кезінде кең байтақ даласын ықшамды басқару үшін қолданған үш жүздік туралы ұғымды,біз қазір туыстықтың шекарасы тәрізді түсініп жүрген жоқпыз ба? Екінші дүниежүзілік соғыстың лаңынан пайда болған неміс халқын екіге бөліп тастаған Берлиндегі қолдан тұрғызылған "темір-бетон қабырғасы" сол халықтың бүгінгі ұрпақтарының арасында қаншалықты қиянат пен қиыншылықтардың себебіне айналып отырғандығы белгілі. Ал біздегі "үш жүз" деген ұғым сырттағы қаланған қабырға емес, бұл іштегі болғанда да психиканың өзінде қалыптасып келе жатқан ұғым екендігін түсінуіміз керек. Қазірдің өзінде "үш жүз" туралы ұғымды қайбір топ құрғыш "данышпандар" туыстықтың шекарасы тәрізді түсінуде. Мұны тіпті өздерінің жеке мақсаттарына пайдаланатын "зиялылар" да аз емес. Бұдан тез арада бой тартып арылмасақ, келешектің аса ауыр қателіктерге ұшырауы ғажап емес. "Үш жүз" ұғымның шын мәнінде халқымыздың туысқандығына да, оның тектік қасиеттеріне де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұғым екендігінің дәлелі көп. Мәселен, Кіші жүз ішіндегі – он екі ата Бай ұлына кіретін – Адай, Таз, Есентемір тегі жағынан иісі қазақпен тамырласып жатса да, ал қаны жағынан – Ұлы жүздегі Жалайырмен, Орта жүздегі – Найман руымен қандастығын түсіндірер деректер көп. Әуелінде, Өр-Алтайды мекендеген Адай, Таз, Жалайыр, Керей, Уақ, Тарақты, Меркіт тайпаларының қуатты күшімен – Шығыс Түрік Қағанатының шаңырағы көтеріліп, ұлан-ғайыр алып мемлекетке айналғаны белгілі. Адай мен Таздың жауынгерлік жолы, сонау Алтайдан бастау алып, Алатауды көктей өтіп, қазіргі мекен-жайы Маңғыстауға жеткенін тарихи деректерден танып-білуге болады. Осы ұғымды найзағайдың осып түскен отындай жарқ еткізіп, қысқа қайырып отырмыз, әйтпесе, бұл қатпары көп ұзақ әңгіме. Осы тәрізді, Алты Әлімді–алты Қаракесек дей отырып – Арғын ішіндегі Қаракесекпен қандасып жатқанын тануға болады. Жеті рудағы – Керделі, Керейт, Рамонддардың – Орта жүздің ішіндегі Керей мен Уаққа кірігіп кететіндерін аңғару қиын емес. Міне, өздеріңіз байқап та, сезіп те отырғандай, "Үш жүз"дейтін ұғымның қазақ та, тіпті туыстық та өлшем емес екендігін түсінуге болады. Келтіре берсе, мұндай дәлелдер көп. Ең бастысы уақыт оза "үш жүз" атты лаңның ұрпағына тигізер қиянатын сезгендей, данагөй халқымыз; "Қарға тамырлы қазақ – бір-біріңнен жөн сұраса келсең...қарын бөле болып шығарсың..." деп астары мол, ақиқаты үлкен ой өрнегін, ата бабамыз бекер қалдырмаса керек. Бұл жайындағы ойымыздың ұшығын өздеріңізге қалдырып, нұсқалы сөз ретінде Абай ғұламаның: "...Әкесінің баласы–адамның дұшпаны, Адамның баласы–бауырың..." – деген, Мұхиттай терең сыры бар, Асқартаудай алысқа нұрын шашқан аңсары мол ұғымға тоқтағанымыз жөн.

Ордабасыдағы ағаттық

Қазақ халқы жүз жылдан астам уақытқа созылған "Құбақалмақ" заманында...Ордабасының үстіне сан рет көтеріліп, өздеріне дәуірі сыйлаған небір күрмеуі қиын күрделі мәселелерін талқылап, алты Алаштың баласы ағынан жарыла әділеттің ақ жолымен шешімдерін тауып отырған. Олай болса, Ордабасы еліміздің береке-бірлігінің символы болып табылады. Ендеше, 1993 жылғы 28-мамырда жиналған Ордабасындағы жиын, тарихымыздың қай кезеңін еске алып... аруақ шақырып, азат елдің абат табағынан ас беру рәсімін жасады. Бұл жиын "Ақтабан шұбырындының" алдындағы кезеңін сипаттай ма, әлде сол аласапыран кезеңнің қанды толқыны өтіп, ес жинап еңсесін көтерген жұртымыздың Ордабасыға қайыра көтерілгенін бейнелей ме?..
Әйтседе, Ордабасыға көтерілетін бұл екі кезеңнің... өзара ортақ та, өздеріне тән өзгеше уәлі мәселеллері де бары рас. Жалпы қазақ халқының сандық символы – Жеті! Тіпті, халқымыздың генофонының өзі – жеті аталық мәнімен тұрақталады. Әркез аруақ шақырып, рухымызды асқақтатқанда... мұндай ерекшеліктерімізді ескергеніміз жөн. Мәселен, "Ақтабан шұбырындыға" дейінгі Ордабасыны бейнелесек,онда иісі қазаққа азаматтық парасаттарымен танылған кемеңгер шешен Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, өткір де айқын Әйтеке билермен қоса, міндетті түрде, қасқа жолды Қасым хан, даналығы дархан Хақназар, ескі жолды Есім хан мен Әз Тәукенің бейнелері қатар тұрғанда, тек тарихи шындық қана емес, оның үстіне кейінгі ұрпақ әлпештей алар әділеттің де мерейі үстем болған болар еді...
Ал егерде "Ақтабан шұбырындыдан" кейінгі Ордабасыны бейнелесек, онда "көмекей-әулие" атанған Бұхар жыраумен қатарластыра халқына қасиетімен жаққан хан Абылайды, Дарабоз және Хан батыры атанған Қабанбай батырды, қанжығалы Бөгенбай мен шапырашты Наурызбай батырлардың бейнелері тұрғанда ғана дәуіріне сай, жауынгерлік заманның сипаты да, әділеті де аңғарылар еді ғой. Қашанда тарихи шындықтардың өзін де, әділеттің таразысынан өткізе білуді үйренген жағдайда ғана иісі қазақ жұртының ішкі бірлігі мен сыртқы тұтастығын үндестіре дамыта аларымыз анық.Халқымыздың береке-бірлігін нығайтуға үндеген Ордабасыдағы жиын тек қазақтың үш биін ғана дәріптеумен, тағы да сол "үш жүз" атты қарабас құрттың ықпалында қалып қойғанымызды аңғартады. Осындай аңғарттықтарына қарамастан, Ордабасыда өткен салтанатты шеру өзінің тамаша дәстүрін жалғастыра беруге тиісті. Қазақ халқының осынау жарық дүниеде "...ия қалу, ия қалмауын..." айқындаған, "Ақтабан шұбырынды" заманның алғашқы соқпағына балиғат жасынан түскен, Қабанбай батырдың өмірімен сабақтастыра отырып, осынау ауыр бір кезеңнің сыры мен сипатына ой жүгіртуді жөн көрдік...

Ерасылдай –Ер қайда!

Ерасылдаың /Қабанбайдың/ әкесі Қожағұл...сонау Жалаңтөс баһадүр /1576-1656 ж./ дәуіріндегі, аса көрнекті де, аты әйгілі батырлардың бірі болған. Осы кезеңдерде үш аймақтың немесе үш жүздің баласы алты ай жаз жайлауларға іргелес қонып, әдейі алыс-беріс үшін той-томалақ жасап, тұманың бастау көзіндей бұрқылдай қайнап, араласып та, қораласып та жататын қалың елдің ертеден бергі әдеттері болатын. Міне, осындай дәстүрлердің әсерінен болар ұлан-ғайыр жерді мекен еткен, қазақ халқының тілінде ешқандай да диалектикалық айырмашылықтар жоқ десе де болады. Қожағұл батырдың бір әйелінен туған Есенбей мен Ерасыл жігерлі де алғыр қырандай боп, тетелесе ержетіп келе жатқан. Кейінірек "Қабанбай" деп аталғанымен, оның азан шақырып қойған есімі – Ерасыл еді. Ерасыл өзінің мазмұнға бай ұзақ өмірінің әр кезеңдерінде әртүрлі есімдермен аталынып отырған. Оның бала кезінде дене бітімінің ерекше тұлғалылығынан жеңгелері Нар-бала деп те атаған. Өйткені, ,ол он үш жасар кездерінде үйретіп мінген тайлары, тіпті мөңкімек түгіл, қайқаң қағып, қайысқан күйі тәлтіректей теңселіп әзер көтеретін көрінеді. Ерасылдың аяқтары, мініп келе жатқан тайының еңселілігіне қарамай, жер сызып отырады екен. Оның бидай өңді нұрлы жүзіне қыр мұрыны мен тұңғиық жанарлары соншама жарасымдылық берсе, жазық маңдайының ортасына біткен "қоян тобық" нысанасы ерекше қайрат пен жігердің белгісіндей әсер етуші еді. Халық арасында кең таралып кеткен "оның маңдайындағы қоян тобық нысанасы қас батырдың белгісі еді" деп жыр ғып айтатын аңыздары неше алуан мазмұнмен байытылып, құбылып та айтылатын.
Ерасыл әкесінен жеті жасында жетім қалады. Бірақ Қожағұлдың елі мен жұртына сіңірген еңбегі оның балаларына жетімдіктің тақсыреттерін тарттырмайды. Бұл шаңырақ бұрынғысынша аса сыйлы қадір-қасиетімен беделді күйі қала береді. Оның үстіне Қожағұлдың балалары да сайыпқырандай ерте есейіп, ел алдындағы өздерінің кісіліктерін айқындай түседі. Ерасылдың туған жылы – Жылқы немесе 1691 жылы туып, жетпіс сегіз жасында қазақтың атажауы жоңғарларды /1757 ж./ жер жастандырып, онан кейінде он шақты жылдай ел өмірін көзімен көріп, иісі қазақтың тұтастығына жан аямай қызмет етумен, даналық пен парасаттың үлгісіндей боп 1769 жылы дүние салады.
Ерасылдың алғашқы ерлігі 1704 жылы, он үш жасқа толар-толмас кезінде-ақ басталады. Өзінен үш-төрт жастай үлкен бірге туған ағасы Есенбай бір күні жайылымда жатқан жылқыларын түгендей қараса, жартысынан жуығы жоқ екенін бірден аңғарады. Ол дереу айнала шауып із шала бастайды. Әлден уақытта қуғынға түскен жылқылардың ізі алдында жатқан таудан асып, Қалмақ жеріне қарай бет түзегенін көреді. Кідірместен қалың жылқының ізімен жылқы алушылардың соңына түседі. Жылқысын жау айдап бара жатқанын түсінген Есенбай көз жазып қалмас үшін алыстан шолып, айдауға түскен жылқысының артынан ере береді. Оның жау соңынан өкшелеп қалмауының негізгі бір себебі қараңғы түсісімен түн жастанып, өзінің ең сүйікті аты "бәйге құласын" алып қалу мақсаты еді. Бірақ ол қаншалықты сақтықпен бой тасаласа-дағы арттарынан қалмай келе жатқан жалғыз аттыны жау жағы байқаған болатын. Осы топтың ішінде атағы жаңа шыға бастаған қалмақтың садақ тартқыш мергені, арындап жүрген Арсылан батыр да бар-ды. Күн еңкейіп кіші бесін бола берген кезде Арсылан қайрыла беріп аттарынан қалмай келе жатқан жалғыз аттыны садағының ұшына алған бойы шірене тарта атып түсіреді. Сол сәтте-ақ ат үстінен ауып құлаған Есенбай қалып қояды да, үріккен ат желіккен күйі жау әкетіп бара жатқан жылқылармен араласып кетеді...
Күн кешкіре бастағаннан-ақ үйде қалған Ерасылдың мазасы кете бастайды. Өйткені ол Есенбайдың жоқ іздеуге кеткеннін жақсы білетін. Бұдан әрі күтуге шыдамы жетпеген Ерасыл кермеде тұрған атына қарғып мінген күйі ағасының артынан іздеуге шығады. Ерасыл да күн жарықта жөңкілте қуған көп жылқының ізіне түсіп келе жатса, оның құлағына әлдеқайдан "тоқта-тоқта" деп ыңырсыған дауыс шалынады. Ерасыл тебіне түсіп жеткен бойы қанға батып жатқан Есенбайды көреді. Ат үстінен ыршып түскен ол бірден Есенбайдың бүйірінде қадалып тұрған садақтың оғын жұла тартып суырып алады. Оққа қана сүйеніп қансырап жатқан Есенбай көп ұзамай жан тәсілімін береді. Жападан жалғыз қараңғы түнде ұзақ қайғырған Ерасыл есін жиып, ағасының басын құбылаға беріп жайғастырады да, кідірместен ауылына кеп хабар береді. Елі-жұрты таза арулап, Есенбайдың өзі жатқан кезеңнің басына жерлейді де, содан былай осынау жатқан Қаратауды "Тоқта" атандырып жібереді. Ол бүгінге дейін "Тоқта" тауы деп аталады. Есенбайдың кегін қолма-қол алуға батылдары жетпеген Мәмбет елі, әуелі барлық Байжігіттерге хабар салып, сонан кейін елші арқылы монғолдармен сөйлеспекші болып тым сиырқұйымшақтандырып жібереді. Ағайындарының мұндай әрекеттеріне риза болмаған Ерасыл елден таңдап бір жүйрікті мінеді де, ешкімге де айтпастан жалғыз өзі жасырын жүріп кетеді. Ол өзі білетін із сорабымен тура тартып, Тоқта тауы мен Алакөлді басып, Сары таудың өңіріне жеткенде түйе бағып жүрген бір жас жігітке жолығады. Олар бір-бірімен таныса келе, жасы жиырмалардағы Ердене – жаугершілікте қалмақтардың қолына түскен қырғыз жігіті екен. Ол еліне қайтайын десе, жер жағдайын жақсы білмейтіндіктен, еріксіз осы елде түйе бағып күн көріп жүрген сияқты. Ердене өзі білетін жайларды Ерасылға жасырмастан жырдай етіп айтып та береді.Осылайша бірер күнге кідіріп қалған Ерасыл, аяқ астынан жау жағының шолғыншыларына жолығып, оны оп-оңай-ақ қолға түсіріп көп жағдайдың сырына әбден қанығып алады. Сөйтсе жылқыны шауып алған Арсылан батыр мезгіл-мезгіл шолғыншы жіберіп, өзінше қазақ елінен қатты сақтанып жүр екен. Жіберген шолғыншысы кешіккен соң, "Арсыланның өзі де келіп қалар" деп күткен Ерасыл бір кезеңде баспалай аңдып жол тосты. Көп кешікпей-ақ өзі жеткен Арсыланды оңтайлы жерден Ерасыл оқыс тиіп, ұрымтал қимылмен қарақұстан дәл тигізіп, қас-қағымда ат үстінен қағып түсіреді. Бұл арада енді кешеуілдеуге болмайды деп келіскен Ерасыл мен Ердене бірден елге қарай аттанып жолға шығады. Ол жолайрыққа жеткенде Ерденеге қырғыз елінің жөнін сілтеп көрсетеді де, өзі өкпелеп кеткен еліне бармай, терістік Алтайдағы Керей еліне тұрмысқа шыққан апайының үйіне келеді. Жездесі де өз аймағына белгілі батыр жігіт болатын. Күн өткен сайын Ерасылдың елден ерек қарулығы мен жүректілігі айналасына аңыздай болып тарала береді. Бірде ойламаған жерден аса қызық уақиға болды. Тау ішінде жайлауға бет алған қалың көштің алдын кескектеген дала шошқалары жол бермей қояды. Әсіресе тістері ұрттарынан ақсиған өгіздей-өгіздей дөңкиген екі қабан тіпті жалдарын күдірейтіп мізбағар емес. У-шу болып қамалып қалған көшке ойын-сауық құрған жастармен бірге Ерасыл да жетті. Ол болып жатқан істің мән-жайын түсінгеннен кейін осы елдің аты әйгілі жүйрік атына мінеді де, еменнен жасалған қара шоқпарын алып, қабандарға қарсы дүрсе қоя береді. Аңтарылған жұрт аңырған күйлері үнсіз қалыпты. Астындағы сенімді атпен арлы-берлі ағыза өтіп, екі қабанның бас сүйектерін быт-шытын шығара ұрып жығады. Міне, осы күннен бастап жұрт оны Қабанбай – батыр атандыра бастайды...

Ер есімі мен Ел тарихы егіз.

Он сегізінші ғасырдың бас кезінде қазақ даласының оңтүстік шығыс бетінде Жоңғария атты екінші бір көшпелі мемлекет күшейіп келе жатады. Олар да өздерінің мал өрістерін кеңейту үшін қазақтың кең байтақ даласына басқыншылық ниетпен жыл өткен сайын тие шауып, көз аларта бастайды. Ұзақ жылдарға созылған осынау бір жаугершілік кезеңді қазақ халқы өз тарихына "құбақалмақ заманы" деп айдар тағып, атын жазды. Әйтсе де, бұл шақ иісі қазақтың жұдырықтай жұмылып, береке-бірліктері жарасқан кезі болатын. Іші бүтін елді сырттан келген жау қалай алсын. Елді бір басшылықта ұстаған Әз-Тәукенің хандық құрған уақыты еді. Сондықтан да жоңғарлардың алғашқы шапқыншылықтары үнемі сәтсіздікке ұшырып отырды. Бірақ олар да өршеленген үстіне өршелене береді. Осы жағдайларды егжей-тегжей қарастыра білген Тәуке-хан, ел мен жерді пәрменді түрде қорғайтын тұрақты халық жасақтарын ұйымдастыруға кіріседі. Бірақ көп ұзамай 1718 жылы Әз-Тәуке аяқастынан ауырып қайтыс болады. Бұл өлім қазақтар үшін қаншалықты қайғылы болса, жонғарлар үшін соншалықты жағдайлы кезеңдердің жолын ашады. Тап осы сәтте "Үш жүз" атты қарабас құрттың құдіретімен айрандай ұйып отырған Қазақ елі іштей ыдырай бастады. Бұл ыдыраудың кешірілмес қатесі де халықтың болашақ буындарының тауқыметтері де сол тұстағы ел басқарған Ерлер мен сөз ұстаған Билердің мойындарымен көтерер қателіктері екенін ашып айтуымыз керек. Алдыңғы буын жіберген сол бір қателік, үш жүз жылға созылған бодандықтың қамыты боп жабысқаны белгілі...
Қазақ пен жоңғар арасындағы қақтығыс бұрынғысынан да үдей түсті. Алма-кезек алысып ит-жығыс түскен соғыстардың зардабы жүз жылдан артық уақытқа созылса да, қазақ халқының басына небір қиын күндерді төндірсе де, ақыры қайғылы болып, жоңғарлардың шаңырағы түбегейлі түрде ортасына түскеніне тарих куә. Осылай дей тұрсақ та, қырық жыл қырғын жасаған қанды соғыстардың ішінде, әсіресе 1723 жылғы жоңғарлардың ұрымтал шақты пайдаланған шабуылы, қазақ халқын аса қатты күйзелістерге ұшыратып, бастары ауған жаққа жөңкіле шұбап, айтса құлақ нанғысыз, бордай тозған босқындықтың күйін кешуге мәжбүр етті. Ел басына түскен бұл тауқыметті, тарихта "Ақтабан шұбырынды" деп атандырғаны да белгілі.Әйтсе де жоңғарлардың осынау жымсыма шабуылы қазақ жерін жаппай күйзелтіп кетті деуге болмайды. Тек, халықты іштей іріткен "Үш жүзге" бөлінушіліктің салдарынан, өзін-өзі сорлатқан жұрттың берекесі жоқ еді. Сондықтан да, өзек-өзекті қуалай шапқан соғыс екпіні, белгілі бір аймақтарды ғана аса ауыр апаттарға ұшыратқан еді. Мәселен, "Ақтабан шұбырынды" зардаптары Іле бойы мен Балқаш жағалаулары, Сарысу өзені мен Сарыарқаның оңтүстік өңірлері мен Сырдарияның орта тұстарын молынан қамтығаны анық. Бірақ қазақ даласының басқа өңірлеріндегі елдер қол қусырып қарап отырған жоқ. Солардың ішінде жоңғарлар үшін ең тегеурінді күш ретінде танылғаны Қабанбай батыр бастаған халық жасақтары болатын. Қабанбай батыр жоңғарлармен қақтығысын он үш жасында-ақ, сонау 1704 жылы бастағаны белгілі. Бұл кезеңдерде оның атақ-даңқы, жалпақ жатқан жоңғар елін кезіп кеткен. Әсіресе, соңғы жылдарда Қабанбай батырдың жасақтарымен жоңғардың билеуші топтары, тіпті де есептеспей отыра алмайтын болған.
Әз-Тәукенің өлімнен кейін, қазақ халқы "үш жүз" атты ылаңның ықпалымен, бөлшектене ыдыраудың айықпас ауруына шалдығып жатқан. Осынау бір аласапыран кезде орта жүздің ел билігі, үлкен Абылайдың ұлы көркем Уәли сұлтанның иелігінде еді. Халық аузында үлкен Абылайды – қанішер Абылай дейтін. Ел басына түскен осынау ауыр жылдарда Қабанбай батыр сонау Аякөз өңірінен неше дүркін Түркістанға келіп, Уәли сұлтаннан жиілеп кеткен жаудың шапқыншылықтарынан пәрменді түрде қорғануды талап етеді. Бірақ ел қамымен шаруасы жоқ Уәли сұлтан оның айтқандарына мән беруге де кісілігі жетпейтін топас жан еді. Ақырында жоңғарлардың шағын ғана қолы 1724 жылы ежелден қазақ елінің астанасы болып саналатын, Түркістан шаһарына кенеттен шабуыл жасайды. Белсенді қайрат көрсете алмаған Уәли сұлтан он үш жасар Әбілмансұрды /кіші Абылай немесе Абылай хан/ жұртына қалдырып, өзі артына қарамастан Ташкент асып қаша жөнеледі. Сол кезде Түркістан қаласында отыз мыңнан астам халық тұратын. Жау қолында қалған Түркістанның жағдайын ести салысымен-ақ, жолай қазақ батырларын өзімен ерте келген Қабанбай, шаһардағы бірден қару ұстай алатындарды ұйымдастырып жасақтауға бел шеше кірісіп кетеді. Асығыс болса да, темірдей қатаң тәртіпке бағындырылған қалың қол мен халық қарсылығына душар болып, арындары қайта бастаған жаудың бетін ойсырата соғып серпіп тастайды. Жер астынан жік шыққандай, аяқ астынан пайда болған қажырлы топты байқаған жоңғарлар жағы, тіпті маңдайлары тасқа тигендей есеңгіреп те қалады. Сәл де болса саябыр тапқан, осынау жағдайды сәтті пайдалануға тырысқан. Қабанбай батыр, Қожа Ахмет Яассауи ғимаратының алдына жиналған қалың жұртқа Айшыбек батырды басшы етіп қалдырады да, өзі кідірместен Кіші жүз қазақтарынан қалың қол жинап келуге аттанады. Отыздың үстіне енді ғана шыққан Қабанбай батырды осы сапарға ерекше ілтипатпен аттандырып салған Гауһар қыздың да жау-жарағын асынып, қаумалаған қалың жұрттың алдына алғаш рет шығуы еді. Кейінірек ол құдай қосқан Қабанбайдың қосағы ретінде көптеген жаугершілікке қатысады. Ел-жұртының алдында аты аңызға айналып, ақыл тапқыш көріпкелі бар Гауһар батыр атанады. Ол иісі аты әйгілі Малайсары батырдың туған қарындасы болатын.
Ел басына күн туған осынау аласапыран кезде сол тұстағы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр отыз мың әскер, Орта жүздің ханы Сәмеке – жиырма мың әскер шығарып, қалың жұрттың қалауы бойынша Қабанбай батырды Бас сардар етіп тағайындайды. Бұл шақта бөлек-бөлек әр жерде жүріп жатқан шайқастарды ыңғайына орай бір арнаға түсіру, Қабанбай батырдың алдына қойған негізгі мақсаты еді. Осындай батыл да бағдарлы әрекеттердің себебімен жау қоршауынан сытылып шыққан Гауһар қыздың тобы, Бас сардардың құзырына көптеген нақты мағлұматтарды жеткізеді. Бұл деректер алдағы тұрған шешуші шайқастардың дұрыс шешімін қабылдау үшін ең қажетті жаңа мәліметтер болатын. Осының арқасында 1725 жылғы Шаған маңындағы шайқаста жоңғарлар ойсырай жеңіліп, аса ауыр дағдарыстарға ұшырайды.Міне, тап осы шайқаста он бес-ақ жастағы Әбілмансұр өзінің алғашқы ерліктерімен көзге түседі. Оның бұдан былай да біраз жыл Қабанбай батырдың қарамағында жүріп, ірі-ірі қимыл әрекеттерімен айналасына даңқы шыға бастайды. Әсіресе, оның он сегіз жасар кезінде "Абылайлап" жауға шапқан ерлігі иісі қазаққа аңыздай тарап үлгереді. Көп ұзамай-ақ ол қазақтың Абылай ханы атанып, өмірінің ақырына дейін өркенді де өрелі ел билігін жүргізеді.
Не керек, осынау жүз жылға созылған "құбақалмақ заманында" біздер біле білмейтін ерліктерге толы неше түрлі әңгімелерде бар-ау. Оның қайсыбірін хаттай жазып алып қала алдық. Бұл да өткен тарихымыздағы үлкен өкініштеріміздің бірі ғой. Әйтсе де, өзінің Отаны мен Елін қорғаған қазақ халқының тарих бедеріндегі ар-ұжданы таза екенін ұрпағымызға ашып айтқан жөн. Қазақтар үшін бұл соғыс Ұлы Отан соғысы деуімізге әбден болады. Осы соғыстарды бастан-аяқ басынан кешірген Қабанбай батырдың қолбасшылық еткен еңбектері, орыс халқы үшін сіңірген Кутузовтың еңбегімен шендестіруге болады. Оның өз уақытында "хан ұраны Қабанбай" да, елден ерек танылған батырлығымен "Дарабоз" да атанғаны тарихи шындық...
Хан Абылай қазақ жерін ақырына дейін азат ету үшін аты белгілі батырлардың бірін қалдырмай, ең шешуші кеңеске бас қосуға шақыртады. Олар бірлесе отырып көп толғаныстармен бір түйінге келіп, соғыс шептерін былайша орналастыруға келіседі.
1.Барлық жасаққа Қабанбай батыр қолбасшылық етеді де, оның кеңесшісі – қаз дауысты Қазыбек би, ал бүкіл майдан мен елді байланыстырушы Бұхар жырау мен Абылай хан болып тағайындалады.
2. Оң саланы басқаратын – Жәнібек батыр, кеңесшісі – Есенгелді батыр қосымша күштерге ие –Бармақ батыр да, кеңесшісі –Сүбебай батыр.
3.Орта саланы басқаратын –Ақбантай батыр, кеңесшісі – Боранбай би.
4.Сол саланы басқаратын – Баймұрат батыр да, кеңесшісі – Байғазы батыр тағайындалады.
Атақты Бұланты бойында өткізілетін бұл шайқаста жау ойсырай жеңіледі. Жоңғарларды басқарып келген атақты Доржы ноян іш құсалығына шыдай алмай, өзіне-өзі қанжар салып, опат болады. Осы жылдардағы бірінен-бірі қиын шайқастарда Қабанбай батырдың ойлап тапқан соғыс әдіс-тәсілдері өте көп. Солардың аңызға айналып, ел арасындағы сақталып қалғандары да аз емес. Мәселен, а) жауды өз-өзімен соғыстырып жіберу; б) жаудың шебін қауесет арқылы дүрліктіру тәрізді т.б. көптеген әдіс-тәсілдерін әлі де ел арасынан жинастыруға болады.

Ел еркіндігі

Өзінің ұзақ ғұмырында Қабанбай батыр /1691-1769 ж.ж/ жарты ғасырға созылған қазақ пен жоңғар шайқастарында, ел қалауы бойынша басынан-аяғына дейін қолбасшылық етті. Соғыстың ақырғы нүктесі қойылған 1756-1757 жылдары қазақтардың жеңісімен аяқталады. Соңғы жылдарда ерекше белең алып, тым күшейіп бара жатқан қазақ жасақтарына "көмекке" келіп, жоңғарлардың күйрегелі тұрған әскерлерінің сыртынан, Қытайдың қалың қолы үдере тиіп, жоңғарлардың шаңырағын ортасына түсіре тасталқан етіп жіберді. Осылайша, Жоңғар мемлекеті жер бетінен мүлдем аты-жөнімен жойылып кетті.
Абылай ханның шебер саясатының арқасында Қытай мемлекетімен тату көршілік келісімдеріне қол жеткізіп, ертеректе жау қолында қалған қазақ жерлері түгелімен-ақ қайтарылып алында. Осынау ел басына түскен қиын-қыстау заманда егеулі найзасын қолына алып, бүкіл қазақ даласының о шеті мен бұ шетіне ат аяғымен-ақ жетіп таңғажайып ерліктің үлгілерін көрсеткен Қабанбай батыр кемел әскербасы ретінде, ұрпағына мәңгі өшпестей елін сүюдің тәлімі мен тәрбиесін қалдырды. Ол жайында айтылған аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар мен қанатты ойлар өте көп. Ол әлі күнге дейін зерттелмей жатыр. Қандай күштің әсері екені түсініксіз, бірақ осы қазыналардың бәрі де жабулы күйі әлі архив сөрелерінен қозғалар емес. Осы материалдарға алғаш рет 1989 жылы қолым жеткендіктен, бірден Қабанбайдай алып тұлғаның 1991 жылы үш жүз жылдық мүшел тойын тойлау керектігін көтеріп, әуелі Қазақстан Жазушылар Одағының жанындағы фольклорлық секцияда талқылап, сол қортындының негізінде Министрлер кеңесінің Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың атына хат жазылды. Осылайша, басы ашылған мәселені әрі қарай жалғастырып, 1990 жылы Қазақ теледидарынан, әрқайсысы бір сағаттан асатын үш түрлі хабар жасауға мүмкіндік алдық. Осы хабарлардан кейін, бірден Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойының алғашқы қадамы ретінде Талдықорған облысының әкімі Сағынбек Тұрсынов мырза осы жылдың желтоқсан айында бүкіл республикалық ақындар айтысын және ғылыми конференция ұйымдастырып, келер 1991 жылдың мамыр айында Үйгентастың үстінде мерейтойын өткізіп асын беру жайында шешім қабылданды. Талдықорған қаласының ең үлкен көшесіне сол бірінші жиында-ақ, Қабанбай батырдың атын беріп, қала бағының сәулетті жерінен ат үстіндегі Қабанбайдың ескерткіші ашылатынын да хабарлаған еді. Сөйтіп, бұл шын мәнінде халықтық мерекеге айналып кетті. Біздер басы-қасында жүріп, ғылыми конференцияның баяндамаларын жасауға ат салыстық. Міне, осылайша басталған Қабанбай батырға ас беру рәсімі, тек Талдықорғанда ғана емес, Семей облысының Мақаншы ауданында, 1991 жылдың күзінде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандарында да аса үлкен өрлеу үстінде өтті. Осы жылы астанамыз Алматының аса сұлу көшесі Калинин Қабанбай батыр көшесі аталынды. Бұл "Ақтабан шұбырынды" заманының жеңімпаздарына, алғаш рет жасалынған құрмет екенін айтумен қоса, үш ғасырлық бодандықтан кейінгі ата-баба аруағына ас беруге жараған ұрпақ мерейі еді."Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" деген атынан үрей есіп тұратын бұл апат, қазақ халқының басына 1723 жылы анталай төніп келгенде, Қабанбай батырдың отыз бірден енді ғана асып бара жатқан сәті екен. Атақты Абылай хан бұл кезде бар-жоғы он екі жаста болды. Ол қашып кеткен әкесі көркем Уәлидің жұртында қалып, белгілі Төле бидің түйесін бағып жүреді. Ал халқымыздың "көмекей әулие" атаған Бұқар жырау қырық екі жаста еді. Ол Қабанбайдан тура он жас үлкен болатын да, бірін-бірі ертеден-ақ білетін, өзара сыйлас жандар еді. Қабанбай батыр өлгеннен соң /1769ж/, тура он екі жылдан кейін Бұхар жырау /1781 ж./ қайтыс болады. Кейінірек Қабанбай батыр қатты ауырып жатыр дегенді естісімен-ақ, Бұхар жырау көңіл сұрай келіп:

"...Айналайын Қабанбай,
Жау келгенде жарағым!
Алыстан асып дау келсе,
Түрулі тұрған құлағым,
Жақыннан жарып жау шықса,
Белдеудегі пырағым.
Мың жылқыны суарған
Төскейде аққан бұлағым.
Кеше түсте естідім,
Қабанбай ауру дегенде –
Жетімсіреп жыладым.
Бір құдайдан сұрадым;
Арғыннан айттым–жүз кісі,
Найманнан айттым–жүз кісі,
Үйсіннен айттым – жүз кісі,
Үш жүз кісі болар ма?..
Айналайын Қабанбай,
Қара мойын – лағың ?!
Әулиенің арты едің,
Бұл дүниенің қарты едің,
Айналайын Қабанбай...
Қайда болар тұрағың?" – деп толғаныпты.

Бұл өзі өмір сүрген ғасырдың барлық сырларын ішіне түйген халқымыздың данышпан қариясының жүрегінен шыққан азаматтық сөздері еді. Бұхар жырау мен Қабанбай батырдың бірін-бірі қия алмай, қиналған сәттерінен жеткен үзік сыр екені де түсінікті. Қазір міне, қазақ халықы егемендігін алысымен-ақ ұзақ жылдар атаусыз қалған ата-бабалары – Сырым, Исатай, Махамбет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бөгенбай, Жәнібек, Баян, Райымбек, Наурызбай, Бұхар мен Қабанбайға т.б. толып жатқан аруақты бабаларымызға ас беріп, аса үлкен ұрпақтық парыздарымызды жасадық. Мұның рахымы Алладан қайтарына сенімді де.

Қара қылды қақ жарған тарихи
шындыққа да әділет қажет.

Қазақ халқының тарихында, ұзын ырғасы бір ғасырға созылған, "Құбақалмақ заманы" ерекше тәптіштеліп қыры мен сыры барынша терең талданып жазылуға тиісті. Өйткені мұнда, қазақ халқының тарихи тағдырының тоғыз тарау тоғысқан түйіндері жатыр. Оның жұмыр жердің үстінде "ия қалу, ия қалмауының" да соңғы сөзі осы кезеңде айтылған. Сонымен қоса, соғысқұмар Жоңғар мемлекетін желіктіруші сыртқы саясатты да, шығыстағы – Қытай империясының да, батыстағы – Ресей империясының да екі ұшты саясаттарын тереңдей талдап, батыл зерттеу керек. Сонда ғана қазақ халқының – жүз жылға созылған Ұлы Отан соғысының мәні ашылмақ. Сонда ғана "Ақтабан шұбырынды" заманының ересен ғажап сырын естіп, халқымыздың қан кешкен өлшеусіз мықты, асқан төзімді қажыр-қайратына тәнті боп түсінетін боламыз. Мынау кеңбайтақ ата-бабамыздан қалған жерді біздер үшін ешкім де "садақаға" немесе "сыйға" бермегенін бүгінгі ұрпақ ұғынатын болады. Сөйтіп, олар Ел мен Жердің қадір-қасиеттерін жанымен ұғынып, тәнімен түсінеді. Ендеше халқымыздың басына қара бұлттай төнген осынау ауыр кезеңдерде тарихи тұлғаларға айналған ардагерлеріміз – қаракерей Қабанбай батыр, көмекей әулие қариямыз Бұхар жырау, кейінірек ел билігін қолына алып, кемеңгерлік танытқан хан Абылай, ересен үздік шыққан батырларымыз – қанжығалы қарт Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, керей Жәнібек, тархан Жәнібек, уақ Баян, атақты жырау Ақтанберді батыр, Абалай атын Адақ атандырған – ер Еспенбет, атақты Малайсары, көкжал Барақ, тоқсанында топ бұзған Тама батыр...айта берсе таусылмайтын, толып жатақан ерлеріміздің есімдері мен тарихи тұлғалары терең зерттеліп, кейінгі ұрпағымыздың зердесіне хаттай жазылуы керек. Өз халқының тарихын білген ұрпақ қана еліміздің болашағын да батыл жасай алатын болады.
Сондықтан да тарихи шындық – қара қылды қақ жарып, ешқандай бұрмалануға тиісті емес! Тарихи шындық бар әділетімен айтылған елде ғана алауыздыққа да арам ниеттерге жол жоқ. Олай болса, тіпті азғантай деректердің өзін жан-жақты қарастырып, тек жүйелі қисынға келетін ұғымды ғана тарихи ақиқат етіп ұсынған жөн. Сондай бір шындықты айта кетуді жөн көрдім...
Қазақ халқы "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" атандырған – 1723 жылы Жоңғар басқыншылары "жоңғар қақпасы" деп аталынатын жазық даладан кірмей, ат жүрісіне әлдеқайда ыңғайсыз Алатау бөктерлерін сағалай келіп, Іле өзені жақтан шабуыл жасауының сыры неде? Атүстіндегі мыңсан қолды олар осыншама шатқалды қиын жолмен неге жүргізді? Кәнеки, сәл де болса, сол кездегі шындықтарға сүйене ойланып көрелікші...
Міне, осы арада ғажайып бір тарихи шындықтың сыры ашылады. Өзінің ең алғашқы ерлігін он үш жасында, 1704 жылы жасаған Ерасыл /Қабанбай батыр/ бертін келе буыны бекіп, ержеткен сайын қазақ пен қалмақ жұртына ерекше асқан батырлығымен тұлғалана береді. Ел аузында бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен деректерге қарағанда, түптің-түбінде Жоңғар соғысының болмай қоймайтынын анық түсінген Қабанбай батыр 1720 жылдардың өзінде-ақ неше жүздеген жасақтарын, тұрақты түрде соғыс тәсілдеріне үйрете бастаған. Осы кезеңде Қабанбайдан басқа еш жерде, қазақтың тұрақты жасақтарын ешбір батыр ұстаған емес. Оның таңдап алған жасағын жаттықтыратын жері – Тарбағатай тауының үстіндегі Мыңбұлақ бастауларының жанындағы Ақбет биігінің төбесіндегі кең жазық көрінеді. Бұл биіктен бүкіл айналадағы барлық әрекет-қимылдар көзден таса қалмайтыны да ескерілсе керек. Егер бұл тәрізді арнайы жасақталған қол иісі қазақтың еш жерінде болмағандығын ескерсек, манағы айтылған Жоңғар шапқыншылығы "жоңғар қақпасынан" өтпегенінің сыры ашыла бастайды. Сол кездің өзінде-ақ жоңғар басшылары Қабанбай батырдың жасақтарымен санасқандығын анық аңғаруға болады. Сондықтан да, олар Ақбеттің тура алқымында жатқан жазықтан өтіп, қазақ даласына шабуыл жасауға дәттерінің жетпегендігі айдан анық ?! Олар осындай нақтылы себептің салдарынан, қиын болса да тау бөктерлей келіп, Іле бойын құлдай келіп шыпқыншылық соғыстарын бастаған.
Әйтсе де, жоңғарлардың бұл шабуылы қазақ елін жаппай күйзелтіп кетті деуге тіпті де болмайды. Қазақты күйзелтсе, сол «үш жүзге» бөлінген қарабас құрттың кеміктеуі екенін ашық айтуымыз керек.
Жауды жеңген Қабанбай батыр бастаған халық жасақтары болатын. Осы жасаққа он бес жасында қосылған Сабалақтың он сезіг жасында "Абылайлап" жауға шапқан ерлігі иісі қазаққа желдей тарап, аса үлкен абыройға ие болады. Осыдан кейін жеті жылдай ол өзінің сүйікті ағасы – Қабанбай батырдың қол астында тәрбиеленеді. Қабанбай – соғыс өнерін үйретуде Абылайдың заңды түрде ұстазы болғандығын ерекше даралап айтқан жөн. Осы жылдар ішінде Абылайдың елден ерек ақыл-парасаты мен жігер-қайратын анық таныған Қабанбай батыр мен әуелі Бұхар жырау ақылдасып, егде тартса да ел билігінен қала қоймаған Төле би мен қаз дауысты Қазыбек биді көмекке шақырып, енді ғана жиырма бес мүшеліне келіп толықсып тұрған Абылайды ақ киізбен көтеріп, Хан тағына отырғызады. Ал Абылайдай біртуар тұлғаның тарих бедеріндегі көрсете алған аса шебер кемеңгерлігі халқымызға белгілі. Олай болса, өз заманында Қабанбай батыр тек елі мен жерін қорғаған Ұлы Қолбасшы ғана емес, ірі әлеуметтік жағдайларға да жіті араласып отырған азамат. Ол – өз уақытының аса беделді мемлекет қайраткерлерінің бірі.
Қазір міне, қазақ өзінің ардагер тұлғаларының мүшел тойларын кең көлемде атап өткізді. Егер ой елегінен өткізіп сараласақ, осынау қадірі мол шаруаның үстінде де «үш жүз» атты шұбар жыландай рушылдық құрты да жыбырламай қалаған жоқ тәрізді. Әйтпесе, Қабанбайдан мүшел жас үлкен қарт Бөгенбайдың 300 жылдығы деп 1991 жылы атап, жұртты жаңсақтандырудың не жөні бар? Немесе Абылай ханның 280 жылдық тойында "Ақтабан шұбырындының" алғашқы жылдарындағы Абылай басқармаған аса ірі шайқастардың шындығын ашып айтпаудың не сыры бар? Бұл сұрақтар көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бәрінің де көкейінде жүр. Осындай бұрмалаудан үзілді-кесілді тыйылуды талап еткен жөн. Әділдік үшін, біздер сол кезеңнің өзіне жүгінсек, осынау ел басына түскен ауыр апаттан кейін /1723ж./ он екі жыл өткен соң, 1735 жылы ғана Абылайдың хан тағына отырғаны белгілі. Осы кезеңнің шындығын ұрпағына жазып қалдырған, данышпан қариямыз Бұхар жыраудың Абылай мен Бөгенбайды бақырайтып қойып, көзінше айтқан мынау сөзін елемеуге болмайды:

Әй, Абылай, Абылай,
Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға
Қызметкер болып жүр едің
Қалтақтап жүріп күнелткен
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің.

Уа, сен қанжығалы Бөгенбай,
Тақымы кеппес – ұры едің,
Түн қатып жайыңа жүр едің
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қай жерде жауға тіредің?!
/Бес ғасыр жырлайды, 1-т/

Міне, "Ақтабан шұбырынды" заманының тірі куәсі, иісі қазақ қадір тұтқан кемеңгер қариясының айтқан сөзі осы. Сол заманның ақиқаттығы үшін бұдан артық дәлел де, бұдан артық сөздің болуы да мүмкін емес. Бүгінгі қайбір "кеңестік методологиямен" қаруланған тарихшы ғалымдар: "Ой-й, бұл жолдар Бұхарекеңнің жай бір айта салған сөзі" – деп неше дүркін айтқандарын да, жазғандарын да білеміз. Сонда ол ғұламалар Бұхардың сөзін теріс дегенде, өздері қандай шындықты айтқылары келеді екен? Бар болса ондай шындықтарын ашып жазса болмай ма? Ел бірлігін бүлдіретін де осындай екі ұшты пікірлер мен әділеттігі жоқ төрелік шешімдер болып табылады. Жоқ!!.. Біздің табан тірер дәлеліміз – сол заманды басынан өткізген Бұхар жырау, Төле би, Ақтанберділердің қалдырып кеткен сөздері. Құр болжаммен айтылатын тұспалдардың бәріне де тыйым салыну керек. Өйткені, халқымыздың ішкі тыныштығының ұйытқысы қара қылды қақ жарып айтылған әділеті мол қайырымды сөз! Ұрпақ тәрбиесінде де, сондай сөздер ғана үстемдік етуге тиісті.
Біздің негізгі әңгімеміз қаракерей Қабанбай батыр хақында болғандықтан, енді бір арнайы көңіл аударуды қажет ететін мәселе – қазақ халқы Қабанбай батырдың өлімі мен зиратын неге жасырған? Мұның сыры неде? Ендеше, осыған бір ой жүгіртіп көрелікші.
Жалпы мұндай құбылыстың адамзат тарихында жиі болмаса да, аракдік ұшырасатыны белгілі. Мәселен, ұлы жиһангер Шыңғысханның зираты осы күнге дейін белгісіз. Сондай-ақ ислам дінінің негізін салушы пайғамбарымыз Мұхаммет Ғалейһиссәләмнің күрескер батыр сахабасы – Шами-Набудың да зиратын әдейі жасырып, дүние жүзінде төрт жерге салғызған екен. Өз уақытында оның мәйітінің де, қайда қойылғанын ешкім-дағы білген емес. Шами-Набудың осы айтылған зиратының бірін біз бұрынғы көне Үргеніш жеріндегі қазіргі Қарақалпақстанның Көжелі ауданындағы Назымхансұлу ғимаратының жанынан өз көзімізбен көрген едік. Шами-Набудың бойының ұзындығы қырық екі кез болған көрінеді. Оның зираты да өз тұлғасына сәйкес қырық екі кездік белдеулерден тұрады екен. Кезінде Қият пен Топырақ қалаларының қираған орындарында археологиялық зерттеулер жүргізгенде, осы Шами-Набу зиратын да ашып көріпті. Бірақ осыншама алып тұлғалы адамның қаңқасын да, тіпті ешқандай заттық бұйымдардың да болмағандығы зерттеушілерді қатты таңқалдырған көрінеді. Міне, осы айтылған Ұлы Қолбасшылар тәрізді Қабанбай батырдың да өлімі мен зираты әдейі жасырылған. Мұның өзіне тән лайықты қисыны да жоқ емес. Мәселен, Қабанбай батыр дүниеден қайтқанда оның пікірі үндес дос-жар ағасы – Бұхар жырау да, өзінің кемеңгерлігімен ел-жұртына қадірі асқан аяулы інісі – Абылайхан да тірі. Олар таза арулап, Қабанбайды өз қолдарымен қойған жандар. Міне, Қабанбай батырдың өлімі мен зиратын дабыраламай жасыру да, осы ел басшыларының ұйғарымымен шешілген дуалы түйін. Осы күнге дейін айтылып жүрген, ел арасындағы аңыздар да осыны растайды. Өзіміз де бала кезімізде талай естігенбіз. Шежіре қуған көкірегі ояу қариялар тамсана сөйлеп, ертегідей етіп айтып отыратын. Сол аңыздардың бірінде:
"...Қабанбай батыр дүние салғанда, үш жүздің батырлары мен игі жақсы бағландары жиналып, аса дабырламай алты Атанға жүк артып, мыңға тарта жасақпен жауға аттандық деп асығыс жолға шығады. Сол кеткеннен бірнеше ай өткізіп оралған олар: – Қабанбайдың өз өсиеті бойынша қабірінің бетін жаппай, үш күн күзетіпті. Үшінші күні таңға жақын төрт аққу келіп, ақыреттке оралған мәйітті төрт жағынан көтерген бойы аспанға алып ұшып кетеді. Әулиелігімен де елге сыйлы баһадүр: "менің денемді төрт аққу келіп алып кетсе, жанымның-жаннатта, тәнімнің-Меккеде болатынына сеніңіздер",-деген екен. Ұрпағына қалдырған сөзі: "кім Қабанбай деп аруағыма сыйынса, соны жебеймін" деп айтуды тапсырыпты. Бұл айтылып қалған аңыз...
Шыны, "Қабанбай батыр" атты бірнеше дастандар бар, соның бірінде Бұхар мен Абылайға өсиет еткені; "от жаққан жетіме қой"-делінеді. Ол Қараөткелдің бойында қоныс тепкен әкесі Қожағұл батырдың ата-қонысын меңзепті. Міне, "алты атанға жүк артып қалың қолмен", осында әкеп қойып, ақ кірпіштен зәулім етіп моласын тұрғызады. Сөйтіп, "Қараөткел" деп атанған аймақ, "Ақмола" атанып бізге жеткені белгілі. Осы дерек археологиялық зерттеліп анықталған соң, 1998 жылы үкімет шешімімен Қайрат Назарбаевтың басшылығында, бүгінгі мемериол ескерткіші тұрғызылды. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен әулие батыр Ақорданың түбінде жатыр...
Ел аузында осы күнге дейін сақталып жеткен осынау жалғыз ғана деректің өзі-ақ Қабанбай батырдың рухы мен аруағының қаншалықты құрметті болғандығын анық аңғартса керек. Қазіргі кездегі әрбір жормалдаушы әр жерлерді айтып – "Жаркентте", "Алакөлде" дегендерімен, қасиетті Қабанбай батырдың атымен аталынатын жерлер Сарыарқа мен Жетісу өңірлерінде де аса көп. Оның атымен аталынатын тау да, өзен де, жылға да, сай да, тіпті қорған-төбелер де толып жатыр. Соның барлығының астынан Ұлы Қолбасшының мәйітін іздеу әбестікке жуық болар еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, егеменді қазақ мемлекеті әділеті айқын, адалдығы мол мынадай шешімдер қабылдау қажет деп есептеймін:
1. "Құбақалмақ заманы" аталынатын Жоңғар шапқыншылығында қазақ халқының тарих алдындағы ары таза. Ол өзінің Жері мен Елін қорғады. Сондықтан осынау қырық жылғы қырғын қазақ халқының Ұлы Отан соғысы деп танылып, жаңадан жазылатын Қазақ тарихында осылай аталынуы керек.
2. Осы Ұлы Отан соғысының Бас Қолбасшысы ретінде көзінің тірісінде-ақ "Хан ұраны–Қабанбай", "Хан-батыр", "Дарабоз" атанған Қабанбай батыр тарихтағы өзінің әділетті орнын алуға тиісті. Оның осынау жарты ғасырдан астам уақытқа созылған қанды соғыстың Бас Қолбасшысы міндетін абыроймен аяқтағанын алтын әріппен жазу ұрпағының азаматтық борышы.
3. Астанамыз Астанада "Ақтабан шұбырындының" ардагерлері – Абылай хан, Қабанбай батыр, Бұхар жырау, билерден – Төле, Қазыбек, Әйтеке, әйгілі батырлардан – Бөгенбай, Жәнібек, Баян, көжал Барақ, шапырашты Наурызбай, Ақтанберді мен Еспембет, Райымбектерді даралай тұлғалап, біртұтас мемориалдық ескерткіш тұрғызылғаны жөн.
4. Жалпы қазақ халқының ерте дүние, орта ғасыр және жаңа заман тарихын жасауды жылдамдата қолға алу керек. Алға қойған мақсаты ақиқат пен әділет болу үшін Қытай мен Түркия ғалымдарының қатынасуы міндетті.
Түйін
Жалпы қазақ халқының Ұлы Отан соғысы болып табылатын "құбақалмақ заманы" қаншалықты ауыртпалығы мол болғанымен, елдің рухани бірлігі мен бір орталыққа жұмыла білген ұйымдастырушылығын көрсеткен, ұрпаққа үлгі етерліктей айтулы кезең. Сол кездегі иісі қазаққа белгілі ерлер мен билердің халықты тоздыратын жүзге, руға, тайпаға бөлінушіліктің дертіне жол бермеген еді. Солардың ішінде ерекше биіктік пен данышпандық танытқандар – Абылай хан, Қабанбай батыр, Бұхар жыраудың орындары бөлек болған. Жалпы осы үшеуінің ішінде де, "үш жүз" деген ұғымға бар болмысымен қарсы адам – жалғыз Қабанбай батыр болғанын ашып айтуымыз керек. Тіпті Абылайдың өзіне осы ұғымды шым-шымдай сіңіріп тәрбиелеген де Қабанбайдай аяулы ағасының еңбегі екенін кезінде Абылай хан да жиі айтып отырады екен. Жалпы Абылай хан өзі жүргізген барлық саясаты мен ел билігінде де Қабанбай батыр
Совет Хан ҒАББАСОВ,
Жазушы-дәрігер, фантаст, драматург,
медицина және педагогика ғылымдарының докторы,
КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, профессор,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ШҚО-сы,
Зайсан ауданының құрметті азаматы,
Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты,
Халықаралық Нострадамус атындағы академияның
толық мүшесі – Академик.
ТӘУЕЛСІЗДІК АЛДЫН ДА...
Қазақ хандығының 550-жылдығына арналады.
Бұл - Тәуелсіздік алдындағы өлара мезгіл еді. Сонау-у-у, жеті жасар шағымда... екі-бірдей 19 және 17 жасар Ағайларым, он-ақ күн аралап... қайтыс болған сәтте... "ажалмен күреспек болған" - сәбилік антымды орындап, дәрігер-хирург ретінде (1965-1987) істегеніме 22-жыл болыпты. Медицинадан кандадаттық және доктолық корғап, үш кітапша ("Қан жүрісі - жүрек тынысы", "Дәрігер келгенге дейінгі көмек...", "Қатерлі ісіктің алдын алуға бола ма ?!"), жүзден аса ғылыми мақала жазып, төрт мыңнан аса үлкенді-кішілі операция жасап, жеті түрлі жаңалықтарыма куәлік алып қортындылаппын. Әйтседе, дәрігерлікпен ажалды жеңу мүмкін емес екен..
Осы уақыт ішінде... көптеген әңгіме-повесть-романдар жазып, 1974 жылы КСРО Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдандым. Жазушылық арман еңсеріп, 1987 жылдың күзінен дәрігерлікті қойып... Москвадағы М. Горький атындағы "Әдебиет институтының" жанындағы... Жазушылар оқитын, екі жылдық - Жоғарғы күрске (ВЛК) - Қазақстан Жазушылар одағы жіберді. Осылайша, дәрігерлік мамандығыммен біржола хош-айтысқан едім. Күрсті 1989 жылы күзде бітіріп келісімен, Жазушылар одағының тапсыруымен... "Мектеп кеңесі" атты қоғамдық ұйымды басқаруға кірістім. Өйткені, осы жылдарда "Адам тәрбиесінің жаңа ілімі" жайында көптеген ғылыми мақалаларым жариялануда болатын. Бұл идеяға қызыққан "Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институты" - ғылыми кеңесшілікке шақырып, мүлдем жаңа бағыттағы ізденіске кірістік. Осын-ау... ғылыми талпыныстың арқасында , бұрын-соңды педагогика мен психология да жоқ - екі сатылы Методология (биологиялық индивид және сананы жетілдіру) - екі Жүйе ("Жүрек тәрбиесі" мен "Ақыл тәрбиесі") - жеті түрлі Негіздері - бар "Халық педагогикасы" дүниеге келіп, 2003 жылы осы тақырып та доторлық қорғалды. Міне осылайша... тіршіліктің жаңа өрісіне, құлаш ұрғандай болдық...
Осын-ау бір кезең... бейне дәуір ауысып жатқандай, аласапыран сыйпатта еді. КСРО атты орыс империясы құлауға жақын. Тіпті, "Балтық Елдері"... өздерінің Тәуелсіздіктерін жариялап та үлгірген. Кеңес одағының құрамындағы... басқа респуликалар да, өз мемлекеттіктерін құра бастаған. Сабыр сақтап отырған, тек Қазақ ССР-ы еді. Міне осы 1990 жылы... Ұлттық ғылым академия кітапханасының "сирек қорынан", "Қаракерей Қабанбай батыр" атты үлкен папкаға жолығып, ішіндегі материалдарымен таныса жүріп, халқымыздың "Ұлы қолбасшысына"... келесі 1991 жылы, туғанына 300 жыл толатынын байқадым. Сонымен қоса бұл папканың ішінде - Қабанбай батыр жайында жазылған 16-дастан, арап әрпімен жазылған қаншама деректі материалдар бар екен. Олармен арап әрпі пен төте әліпбидің маманы, М.Әуезов музейінің қызыметкері, марқұм Мұхаметханов Нариманның көмегімен біразын игергендей болдық...
Кездейсоқ табылған осы жаңалық, мені ерекше толқытты. Біраз күндер "не істеуді" ойластырумен болдым. Сөйтіп, Жазушылар одағының "фольклор кеңесіне" келсем, оның меңгерушісі Сәбит Досанов пен профессор Романқұл Бердібаев ағамызбен әңгімелесіп қалдық. "Қабекең" жайындағы папкаға... олар да қызғушылық танытты. Кеңесе келе... Жазушылар одағының атынан, сол кездегі Үкімет басшысы Н.Ә. Назарбаевқа..қысқаша рухсат сұрап хат жібердік. Көп кешікпей "жариялай беріңдер"- деген хабар да алынды. Осылайша, "папкадағы материалдарды" пайдаланып, "Алатау" телеарнасы бойынша... сәуір- маусым- тамыз - айларын да, бір сағат он минуттан үш хабар жүргізілді. Қаракерей Қабанбай батырдың үш жүз жылдығын атап өту, дәлелді түрде ұсынылды. Жалпы осы әрекеттердің барлығына да... Нұрекеңнің берген рухсат хатының әсері мол болды. Жаз бойы "Қабанбай батыр" атты мақала жазумен болдым. "Алатау" телеарнасында берілген хабарларды бар ынтасымен... үнемі хабарласа талқылай көріп, ерекше қызығушылық танытқан... халқымыздың "абыз ақыны", Әбділда Тәжібайевтің ақыл-кеңесі көп септігін тигізді. Уақыт шіркін де... тоқтау жоқ, сағымдай сырғанап өтіп жатыр. Қоңыр күздің аяқталып қалған кезі. Бір күні, қараша айының ортасында... Талдықорғаннан, Обком-хатшысының көмекшісі үйге телефон шалды.
- Совет-Хан ағай бар ма екен ?
- Иә-ә, тыңдап тұрмын.
- Сізбен, обкомның бірнші хатшысы Сағынбек Тұрсынов сөйлеседі.
- Иә, иә...
- Сәке сәламатсыз ба ?
- Сау-саламатсыз ба ?!
- Анау Сіз жасаған телехабарлардан соң, Қабекеңнің 300 жылдығын атауды сұраған, халық талабы көбейіп кетті. Біздер де хоштаймыз. Осы алдағы Желтоқсан айының басында Талдықорғанда "Қабанбай батырға" арналған ғылыми конференция жоспарланып жатыр. Соған Сіздің көмегіңіз керек...
- Сағынбек мырза - құлдық... дайынмын.
- Онда келістік. Адамдар хабарласады... аман-сау болайық, - деп соншама мол парасатпен тіл қатып еді...
Мен еш күтпеген жаңалықтан, тіпті сансырап қалғандай әсерде болдым. Қысқасы Желтоқсан айында... Жазушылар одағынан оншақты адам, Талдықорғанға жеттік. Екі күнге созылған "ғылыми конференция" аса жоғары дәрежеде өтіп, алғаш рет республикалық "ақындар айтысы" да тыңдалып, біраз шешімдер қабылданды. Ең бастысы... 1991 жылдың мамыр айында, "Ханбатыр"-"Дарабоз" - "Ұлы Қолбасшы" - Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығын, республика көлемінде атап өтетін болды. Дәл осы көнференция кезінде "Қазақ әдебиеті" газеті... "Ерасылдай Ер қайда..." атты менің мақаламды да жариялады...
Осының бәрі де бір АЛЛАНЫҢ рахымымен болып жатқан сияқты ?! Көптен бері елеңдеп жүрген ... Қазақ Елінің тәуелсіздік декларациясы, 1991 жылы Қазанның 25-і күні қабылданып, 16-шы Желтоқсанда дүние-жүзіне әйгілі болды. Бұл Қазақ халқының көптен күткен мұраты еді. Үлкен тартыспен болса да, Қазақ тілі - мемлекеттік тіл - болып бекітілді. Біраз елдің "Елшілері" - қазақ тілінде сөйлеп, өз құрметтерін көрсетіп жатты. Жазушылар одағының жанындағы "мектеп кеңесінің" ауқымды жұмыстарының арқасында, 1990-91-ші екі жылдың ішінде... Алматыда 7-і қазақ мектебі мен 13-балабақшалары ашылды. Қазақтар балаларын... орыс мектептерінің 3-4-ші кластарынан алып, жаңа ашылған қазақ мектептеріне бере бастады...
Осылайша, Ұлттық ояну мен өрлеудің әсерінен, Қазақ халқы өзінің өткен тарихы мен тұлғалы адамдарына бет бұрды. Соның дәлеліндей, Тәуелсіздіктің алғашқы үш жылында-ақ, Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық мерей тойын - Талдықорған облысы атаумен қоса, Алакөл ауданында ат үстіндегі үлкен ескерткішін ашты. Қабекеңнің мерей тойын, Семей облысының Мақаншы ауданы мен Шығыстың - Тарбағатай ауданында да өткізді. Өркенді зерттеулердің нәтижесінде, Астана қаласының жанынан (35км) Ұлы қолбасшының моласы табылды. Аса құнды осын-ау деректі, "Хабар" телеарнасының беделді жұрналисі Махат Садық бүкіл республикаға ғылыми дәлелденген бейнелі хабарын жүргізді. Осы хабардан кейін, өзімнің білетін тарихи деректеріммен, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа - ДАТ ! - деген хатымды (16-қараша 1998ж) жолдап, "Қабанбай батырдың" кесенесін тұрғызуды өтінген едім. Осы хаттан кейбір үзінді келтірейін.
"... Қабанбай батырдың орны бөлек екенін, ғұламалар Мұхтар Әуезов пен Мәшһұр Жүсіп Көпеевтен артылтып айтқан ешкім де жоқ. Мәселен, Мәшһұр Жүсіп : - " Қазақта Төледен артық - Би, Қаракерей Қабанбайдан асқан - Батыр жоқ," - деп түйіп те, қиып та айтыпты. Көмекей әулие Бұхар жырау мен үкілі ақын Үмбетейлер де : - Қаракерей Қабанбай батырдан бұрын... ешкімнің де аттарын атауға, - дәттері жетпегені тарихи шындық. Мінеки, "әділетті арым" дейтін Елбасымыз Нұрсұлтан мырза, Ақорданың іргесінде "әулиенің соңы" атанған қасиетті аруақ жатыр. Сол аруақтың басына бүкіл "Ақтабан шұбырынды" заманының "асқақ монументін" салып, сырттан келетін "құрметті қонақтардың" ат басын бұратын орынға айналдыру, ата-баба алдындағы - қарызыңыз болғанда, ұрпаққа берер - парызыңыз екенін, "дат үстінде" ескетуді жөн көрдім. Қара қылды қақ жарып айтар үкіміңізді Ел-жұртыңыз күтеді... (соңы)
Тарихи деректер келтіріп жазылған, осындай (1999) хатты Қасым-жомарт Тоқаевқа да (мем.архивте) жазыппын. Бұл күнде "Қабекеңнің кесенесі" бүкіл иісі Қазақтың "тәу-етер" орнына айналып, қасында 4-5 шақырым жерде... "Қабанбай ауылы" көркейе өсіп келеді. Қазақ халқының жер-бетінде қалуы... иә қалмауын шешкен, Жоңғар шапқышылығын ұлы жеңіспен аяқтаған "Дарабоз - Қолбасшы" - Қабанбай батырға тұрғызылған кесенеге қоса, республиканың біраз қалаларында бой түзеген ескерткіштері де көп. Былтырғы жылы Үкіметтің арнайы шешімімен... Қабанбай батырдың кесенесінің жанынан, "мемлекеттік пантион" ашылып... жұмыс істей бастағаны да белгілі. Жасымыздың егде тартуына байланысты, өзім де "Қабекеңнің қасынан" орын алуды Ел азаматтарына тапсырамын. Осы Наурыз айының өткен аптасында ғана... Астанада болған сәтімде, Қабекеңнің басына тәу-ете келіп... аяаулы замандасым, Қазақтың асқақ ойлы ақыны... Фаризаға да дұға жасап, көңіл толқыныстарында болдым. Бүгінде... қай нәрсенің қайырын сұрағанда да, Халқымыздың келешегі... кемелді болуын, ақ ниет шын жүрегіммен тілеймін...
Алматы, 28. 03. 2015 жыл.

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Дастархан в те времена был скромен. Не было понятия «сынау» - осуждения кто как живет, какой в доме ремонт и т.д. Пока взрослые обсуждали задержку заработной платы, мы играли в армию, жмурки, строили городки...
socium_kzo
5 дек. 2016 / 15:19
  • 29334
  • 30
Верховный Суд презентовал комментарий к Гражданскому процессуальному кодексу

Верховный Суд презентовал комментарий к Гражданскому процессуальному кодексу

ГПК содержит 505 статей, многие из которых написаны несколько сложным юридическим языком. Однако теперь понять их можно проще и без обращения к юристу.
RuSnake
6 дек. 2016 / 10:31
  • 10994
  • 0
Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

"Мужчины должны у вас тут права качать, ибо их процент в вашей численности населения уступает проценту женщин". Я машинально начала уверять, что у нас в стране таковых не имеется...
Sapientia
5 дек. 2016 / 10:52
  • 10765
  • 71
Известный европейский фотограф показал истинную красоту казашек

Известный европейский фотограф показал истинную красоту казашек

С 26 по 30 ноября в Алматы гостил известный европейский фотограф Ян Маклайн в рамках реализации совместного проекта с Казахстаном. Подробности не уточняются, однако ходят слухи о том, что этот...
Muchacho55
7 дек. 2016 / 18:29
  • 9309
  • 8
Распил 1 млрд долларов или спасение для Алматы? В 2017-м начнётся строительство БАКАД

Распил 1 млрд долларов или спасение для Алматы? В 2017-м начнётся строительство БАКАД

Конечно, Алматы заслужил эту дорогу. Невзирая на все издержки, которые могут возникнуть. Заслужил и как крупнейший город Казахстана, и как субъект, формирующий своими налогами около четверти всех...
merurg
7 дек. 2016 / 12:35
  • 7404
  • 20
«Лицо дьявола»? Страшный силуэт на стекле – не оправдание водительской безответственности

«Лицо дьявола»? Страшный силуэт на стекле – не оправдание водительской безответственности

Казнет уже которые сутки подряд обсуждает страшную аварию на трассе Астана – Боровое, где сошлись страшные мистические знаки и где из-за банальной человеческой безответственности гибли люди..
openqazaqstan
8 дек. 2016 / 13:14
  • 6518
  • 6
Невозвращенцы-болашаковцы должны государству почти 2 млрд тенге. Кто их теперь вернет?

Невозвращенцы-болашаковцы должны государству почти 2 млрд тенге. Кто их теперь вернет?

Как сообщают новостные порталы, в Нью-Йорке нашёлся бывший болашаковец Ержан Еликов, исчезнувший пять лет назад и всё это время не выходивший на связь с родителями. Да-да, это именно он, «тот самый».
openqazaqstan
вчера / 14:31
  • 6049
  • 22
На самом деле дела плохи: казахстанские школьники на 49-м, а не на 12-м месте по математике

На самом деле дела плохи: казахстанские школьники на 49-м, а не на 12-м месте по математике

О том, как масс-медиа раздула миф о казахстанских вундеркидов в розовый воздушный шар, пока его не проколола правда-иголка. Получается, что казахстанские дети не могут применить теорию в практике...
ardakzhurynov
7 дек. 2016 / 0:17
  • 5884
  • 36
10 причин, по которым я не смогла работать учителем. Не только в зарплате дело, ребята

10 причин, по которым я не смогла работать учителем. Не только в зарплате дело, ребята

Я почти год проработала в школе, и когда уходила оттуда, была самым счастливым человеком в мире. Тот год, честно говоря, я и сейчас вспоминаю с ужасом.
demonica
6 дек. 2016 / 17:21
  • 6279
  • 78