Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:37, 23 сентября 2012

Қарағанды ақындары өзінің сүйікті қаласы жайлы

Blog post image

Жәлел ШАЛҚАРОВ

1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстан Автономиялық Республикасы Беруний ауданына қарасты Алғабас ауылында дүниеге келген. «Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшесі. Өлеңдері 2011 «Өмірге келер әлі талай Қасым» жинағына, 2011 жылы «Қасымнан – ғасырға» атты аудио антологияға енген.

 

47 – автобус

 

47 – автобус

Алға жылжиды

Айналып өтіп

Жыртық жамау қияқты.

Жолы да құрғыр

47 – жыл

Тозығы жетіп

Өңдеу көрмеген сияқты.

 

Жүргізуші ағай

Қара көйлекті

47-жастар шамасы.

Бетіндегі

әжімі сөйлеп тұр,

47-көктем наласын.

 

47-адамын

Мінгізіп алып

Шаңға оранып келеді.

47-шахта

Арқада қалып

Өлең боп, мидан тебеді.

 

Сол 47-мен

мен де келемін

Тамұқпен тылсым танысып.

Қаз-қатар жырды

тірілте беремін –

47-түрлі оймен алысып.

 

47 – автобус

Алға жылжиды

Айналып өтіп

Жыртық жамау қияқты.

Жолы да құрғыр

47 – жыл

Тозығы жетіп

Өңдеу көрмеген сияқты.

__________________________________________________________________________

Blog post image

Назерке ТҮСІПБЕКОВА

1990 жылы 5 тамызда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген.  2010 жылы  өткен І Облыстық Серік Ақсұңқарұлы оқуларына қатысып ІІ орынға ие болса,  2011 жылы өткен Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атындағы 5- облыстық жас ақындар байқауына қатысып ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

 

Алғашқы көктем Егіндібұлақта

 

Көнілсіз көктем көңілсіз бақта,

Жанымның тосар жолы сіз жақта.

Тіл қаттым тамшы нөсермен бірге,

Көңілді кезген толы сұраққа.

 

Көңілсіз күйдің мұң жайын сұрап,

Өтіп бара ма жыл айын құлап,.

Мұңға шомылып дәл маған ұқсап,

Саябақта тұр бір қайың жылап.

 

Санамда мұңлы дәйім сұрақтар,

Көңілдің сырын жайып бір ақтар.

Көктемгі жауған қарлы жауынмен,

Қайғы-шеріңді шайып жылап қал.

 

Сен мені енді іздеймін деме,

Сезімді шертер біздей кім терең.

Жырымның әні әлі де солғын,

Көктемі жанның күздей мұң неге?

 

Өлең жолдап ем шерім жылап та,

Жазбай атым мен тегімді хатқа.

Қарағандының көктемі күз бе?

Алғашқы көктем Егіндібұлақта.

__________________________________________________________________________

Blog post image

РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ

Түнмен сырласу

Қараша. Сұрғылт тіршілік.Сұрланып жатыр мұңды күз.
Кешегі жаңбыр көлшігін көк тайғақ етіп тынды мұз.
Жаз әнін аңсап сандалған ызғарға мынау қарамай,
Қарағай ағаш екеуміз баладан бетер жындымыз.

Мұңды күз. Түнгі бос қала. Иесіз қалған мұңды бақ.
Тұнжырап қалған үйшіктің шатыры шылқып тұр жылап.
Мендегі мынау шаттықты бөлісер бүгін біреу жоқ,
Хабарсыз кетті құстар да оңтүстік жаққа жылжып ап.

Майқұдық бүгін біртүрлі... қараптан қарап қайғырып,
Ай бұғып жатыр бүрісіп, жанарын жерден тайдырып.
...Әп-әйбат жүзің бұлт құшып, не болған бүгін сыйқыңа,
қаймығып жатқан арудай абыройынан айырылып.

Сырымды менің тыңда түн. Жан досым болғын былайғы.
Шабытсыз қалған жынды ақын ғашық боп қалған сыңайлы.
...Сұрайды бүгін сүйінші қаламым өлең-дәптерден,
жылайды ертең соны оқып Ләйлім менің шырайлы.

Ұйқысыз менің бұл түнім.. Жыр-жүрек жұлдыз санатар
Алақанынан шығыстың сонан соң сұлу таң атар.
Таң атар дағы, көркем Күн сүйіктім менің секілді,
Шашу ғып шашып шуағын, далама күліп таратар.

Әппақ қар, жұмсақ ұлпалар батпақты жауып, лайды...
Жердегі жырын шырқап ап , аймалар түнде Күн Айды.
..Сұрайды менің сүйіктім жұлдызға қарап бір тілек,
сол тілек үшін құрбан боп, сол жұлдыз көктен құлайды...
Жылайды сосын бақыттан шырайлым менің...

__________________________________________________________________________

Blog post image

Мирас Асан – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында 1987 жылы 13-ші мамырда дүниеге келген. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Педогогика ғылымдарының магистрі. 2010 жылғы XIII Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің лауреаты. 2010 жылы Астана қаласында өткен «Туған тілім - тұғырым» атты халықаралық жыр мүшайрасының бас жүлдегері.

2011 жылы «Профи Медиа» (Астана) баспасынан «Соңғы раушан» атты алғашқы жыр кітабы жарық көрді.

 

Түнгі Қарағанды

Жылайды жүрек шарасыз,

Көңілсіз қамалға мына.

Өзгемен кетіп барасың,

Сен түнгі Қарағандыда.

 

Сен кетіп бара жатырсың,

Бақыты ма едің басқаның?

Бүкпеген іште ақын сыр,

Жұлдызсыз қалды-ау аспаным.

 

Көзіме келді тамшылар,

Дәл осы жырмен табысқан.

Көрдің келмеген шығар,

Қол бұлғап едім алыстан.

 

Құйылып жатыр күй көктен,

Кеудемді жаншып зіл мына.

Ерніңнен бір кез сүй деп пе ең?

Құшақтап сені тұрды да.

 

Жылаған сынды жас төгіп,

Маған мұң қосып нала сан.

Тұрғанда сені басқа өбіп,

Мен қайтіп барып таласам...

 

Үзіліп сезім, үміттен

Таусылып жыр мен амалым.

Қарашы бөтен жігітпен,

Қыз шығып кетіп барады.

 

Жасыма ерік беріп жанарым,

Қол жетпей қалағаныма.

Тек, жаным, қалып барамын,

Мен сенсіз Қарағандыда.

__________________________________________________________________________

 
0
4971
0