• 78816
  • 7
  • 0
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Сүндет БАЙҒОЖИН, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әншісі: Бас жүлдені алған жалғыз қазақпын

- Орда бұзар отызға толмай жатып Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атандыңыз. Естуімізше, елордамыздағы Қазақ Ұлттық музыка академиясына келіп, білім алуыңызға сол кездегі Арқалық қаласының әкімі ықпал еткен көрінеді. Сол рас па?
- Негізі, менің өнер жолына түсуіме ықпал еткен адамдар көп. Сол адамдардың өтініші бойынша Арқалық қаласы әкімінің Астанаға келуіме көмек бергені рас. Себебі қала басшысының қашанда қолы ұзын ғой. Ал ата-анамның ешқайсысы әнші емес еді. Әкем көркемөнерпаздар ұжымында мандолинде ойнағанымен, менің өмір жолымды өнер жолымен түйіседі деп ойламаған болар. Өйткені отбасында төрт баланың ішінде мен ғана өнерде жүрмін. Расын айтқанда, мектеп қабырғасында оқып жүргенде, болашақ мамандығымды таңдауда қатты қиналдым. Себебі ер- азаматтың мамандығы отбасын ешбір алаңсыз асырап-бағуына мүмкіндік беретіндей болғаны жөн ғой. Сондықтан да мен ә дегеннен әнші боламын деп ойлаған емеспін. Алайда адамның емес, Алланың дегені болады емес пе?! Арқалықтағы белгілі композитор Қалыбек Дербісалдин ағамыздың Роза есімді қарындасы бізге әннен сабақ беретін. Сол кісі менің ән айтқанымды тыңдап: «мына баланың даусы жақсы екен, бірақ қарлығып шығады, ең қызығы, жоғары нотаға барғанда даусы ашылып ке­теді, бұл баламен жұмыс істеу керек» деп, мені өз тәрбиесіне алды. Ол кісі Арқалықтағы Шоқан Уәлиханов атындағы №1 мектепте әлі күнге дейін ұстаздық етіп келеді. Роза апай қаншама баланың бойында бұғып жатқан өнердің көзін ашып, қанатын қатайта білетін өз ісінің хас шебері ғой. Менің де әншілік қабілетімді байқап, даусымды баптауға бастамашы болған сол Роза апайым еді. Мен сол кісінің қолдауының арқасында 3-4-сыныптарда-ақ үлкен концерттерде Қалыбек ағаның Торғай туралы па­триоттық әндерін айтып жүрдім. Кейін әкемнің жұмыс бабына байланысты Арқалықтан көшіп кеттік те, мектеп бітіретін жылы ғана қалаға қайта қоныс аудардық. Келген бойда балалар мен жасөспірімдер орталығында жұмыс істей бастадым. Сондағы жұмысым - қалада өтетін түрлі мерекелік мәдени шараларды жүргіземін, ән саламын. Бірақ ол кезде даусым опера мен эстраданың арасындағы түсініксіздеу дауыс болып жүрді. Сонымды байқаған қалалық мұражайдың директоры Жұмағали Өмірбеков сол кездегі қала басшысы Жомарт Түбекбаевқа «мына баланы Астанаға оқуға жіберу керек» деп қолқа салады. Жұмағали аға мені өз баласындай жақсы көретін. Мен осылайша елордадағы музыка академиясының дайындық курсына келгенмін.
- Сонда академияның өзіне емес, дайындық курсына қа­былдандыңыз ба?
- Иә, өйткені менің музыкалық білімім жоқ болатын. Ал академияға түсу үшін музыкалық дайындығың болуы керек қой. Шынымды айтсам, академиядағы алғашқы күндері «құдайым-ау, мен қайда тап келдім» деген ойға қалғаным бар. Өйткені мені өз қаламда бәрі әнші ретінде таниды, ал мұнда елеп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан ба, әлде балалық па, дайындық курсын дұрыстап оқи алмадым, сөйтіп, екінші жылы тағы да дайындық курсына қалып қойдым. Екінші жылы да оқуға ықылас болмады, сөйтіп мені оқудан шығарып жібермек болған кезде, Роза Тіленшиева есімді кафедра меңгерушісіне барып, үшінші рет дайындық курсына қалдыруға өтініш айттым. Егер дайындық курсын бітірмесем, негізгі оқуға түсуге, я болмаса колледжге құжат тапсыруға сертификат бе­рілмейтін еді. Менің өтінішімді орындап, маған сол бір мүмкіндікті сыйлағаны үшін Роза Тіленшиева апайыма әлі күнге дейін алғыс айтамын. Себебі үшінші жылы дайындық курсын бітіріп қоймай, бірден грантқа оқуға түстім. Ал академияға келгенде вокалға баса көңіл бөлдім. Мұнда Қанат Әбдіқадыров деген ағамыздан дәріс алдым. Қанат аға керемет ұстаз еді. Шәкірттерін ынталандыра отырып оқытатын, өзіндік оқыту тәсілі бар болатын. Студент бола жүріп опера театрындағы хорда жұмыс істедім. Хор жетекшісі Ержан Дәуітов ағамыздан да мол тәлім алдым. Кейін операға жас әншілер керек болғанда маған «Біржан - Сарадағы» Қожағұлдың партиясы берілді. 17 жастағы маған Біржан салдың әкесінің партиясын тапсырғанда қатты қобалжыдым. Тәжірибем жоқ, «бұл рөлді қалай ойнаймын?» деп қиналдым. Сөйтсем де сахнадағы премьерамды Қожағұлдың партиясымен бастадым. Айтқандай, Ермек Серкебаев ағамыз да сахнадағы алғашқы қадамын Қожағұлдың партиясымен бастаған екен. Мұны маған Ермек ағаның өзі айтқан. Ол кісі керемет орындаған шығар, ал мен сахнаға шыққанда, қатты қобалжығаным сондай, не айтқанымды білмеймін, көз алдым қарауытып, қап-қараңғы әлемге еніп кеткендей күй кешкенім бар. «Құрысын, енді әнші болмаспын» деп шешіп те қойғандай едім. Алғашқы рөлімнің сәтсіз шыққанын Қанат ағайымның қабағынан түсіндім. Ағайдың ренжуі мен үшін әрқашан да ауыр тиетін. Содан кейін дайындықты күшейттім, сөйтіп, келесі рөлім - америкалық консул Шарплестің партиясына дайындалдым. Мен бұл партияға дейін Италияда тағылымдамадан өтіп келген едім. Сондықтан да сахнада өзімді еркін әрі сенімді ұстадым. Сол күні спектакль көруге қазіргі Мемлекеттік хатшы, сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келген екен. Ол кісі: «Мен үшін бүгін жаңа арал ашылды, енді бұл бала шетелге барып өнер көрсететін әртістердің қатарында болуы керек» деген ұсыныс айтты. Содан кейін мен Үкіметтік концерттерге шығып, телеарналардан көріне бастадым.
- Ал өткен жылы Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер конкурсында 7 елден қатысқан 40 әншінің арасында бас жүлдеге ие болдыңыз. Сізге осы байқауға қатысудың қажеті бар ма еді? Бұлай деп отырғаным, сіз бұл байқауға дейін Италиядағы Тотти Дальманто атындағы опера әншілерінің байқауынан бас жүлдемен оралдыңыз, былайша айтқанда, операның Отаны мойындаған соң, біздің елдегі байқауға қатысудың қандай мәні бар еді?
- Италиядағы байқауға қатысып, Гран-приді жеңіп алғанымда 22 жаста болатынмын. Бірақ бұл туралы біздің елдің бірде-бір ақпарат құралында жазылған жоқ. Ал бұл байқауда бұрын-соңды ешқандай қазақ жеңіске жеткен жоқ екен. Сондықтан бас жүлдені алған жалғыз қазақпын. Сонда да менің шетелден әкелген жеңісім елеусіз қалып қойды. Тотти Дальманто атындағы байқаудың ерекшелігі, жеңіске жеткен соң, жүлдеңді алып еліңе қайта салмайсың, сол елде қалып, келісімшарт арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мен сондай келісімшартпен үш ай жұмыс істеп, 3-4 театрда концерт қойдым. Италиядағы байқауда бағым жанған соң, өз елімдегі опера әндерінің байқауына қатысқым келді. Себебі мен елімізде өткен байқаулардан Гран-при алған емеспін. Оның үстіне, Бибігүл Төлегенова атындағы байқау - біздің елдегі опера әншілерінің ең ірі байқауы ғой. Дәл осы байқауға студент кезімде бір қатысып, бірінші турдан өте алмай қалғанмын. Себебі біз байқаудан бір күн бұрын Алматыдағы «Қиял әлеміне» барып, қыдырып, суши жеп, суық су ішіп қойдық. Жастықтың желігі ғой. Сөйтіп, ертесіне қазылар алдында нашар өнер көрсеттім. Ал арада біршама жыл өткенде осы байқауда тағы бір рет бақ сынауға бел байладым. Сөйтіп, Бибігүл Төлегенова апамыздың атындағы байқауға қатыстым. Бұл байқауға да үлкен дайындықпен келдім. Күрделі әндерді таңдадым, қолдан келген өнерімді көрсеттім. Мен бұл байқаудағы жеңісімді операда жүрген онжылдық еңбегімнің жемісі мен нәтижесі деп санаймын. Дәл сол байқау өтіп жатқан кезде ұстазым Қанат Әбдіқадыров Германияда ауруханада жатқан еді. Байқаудан алған бас жүлдемді ұстазыма арнадым, ағайымның көңіл-күйі көтерілсін деп. Шын мәнінде, біз ол кісіні көзі тірісінде бағалай алмадық. Ең болмаса, «Еңбек сіңірген қайраткер» деген де атақ бермедік. Ал Қанат ағаның Астанадағы опера театрын құрудағы еңбегі зор дейді білетіндер. Мен сол сөзге имандай сенемін. Өзі жуас, өз жұмысын атқарып қана жүре беретін адам еді. Ең қызығы, ол кісіге ең әлсіз деген студенттерді береді екен. Міне, сол әлсіздерден Қанат аға опера жұлдыздарын тәрбиелеп шығарды. Солардың бірі - Наталья Мизюк бүгінде Вена консерваториясының профессоры атанып отыр. Айжан Арыстанова - Шаляпин конкурсының Гран-приін жеңіп алған, қазір Ленинградта ма­гистратурада оқып жатыр. Бауыржан Әндіржанов Италияда білім алуда. Тағы бір «жаманның» бірі - мен. Бану Ержанова деген сопрано дауысты шәкірті және бар, жақында жеке концертін берді. Тенор дауысты шәкірттері де болды. Егер ағайдың көзі тірі тұрғанда, олар бізден де асып түсетін өнерпаздар болып шығар еді.
- «Ештен кеш жақсы» демекші, шәкірттері жиналып, еске алу кешін ұйымдастырмайсыздар ма?
- Ондай ой бізде болған. Алайда Мизюк Наталья Австрияда сабақ береді, шәкірттері көп. Бауыржанның да Италияда келісімшарты бар, шыға алмайды. Бәріміз жан-жақта жүргендіктен, дәл қазір басымыз қосыла алмайтын сияқты. Бірақ бұйырса, түбінде ұстазымызды еске алу кешін ұйымдастыратынымыз анық.
- Айтқандай, баспасөзден сізге «Ла Скала» мен «Метрополитенге» тыңдауға шақыру жасалыпты дегенді оқыдым...
- Бұл бір жаңсақ ақпарат болса керек. Мені «Метрополитенге» де, «Ла Скалаға» да шақырған жоқ. «Мелодрама» деп аталатын Сан Карло театрының агенттері шақырғаны рас. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты бара алмадым. Өйткені, ол кезде опера қойып жаттық. Бір жағынан анам төсек тартып жатты. Анам Қанат ағамнан бұрын бақилық болды. Негізі, биылғы жыл мен үшін ауыр тиді, қаңтарда анам, одан соң ұстазым өмірден озды. Ән айтуға деген ниет те, мұрша да қалмады. Енді ғана ес жиып, өз-өзімді баптап жатқан жайым бар. Жаңа маусымда жаңа партиялар алып жатырмын. Ал егер құдай сәтін салып, шетелдің ірі агент­тіктерімен келісімшартқа отырсам, «Метрополитенде» де, «Ла-Скалада» да опера айтуға мүмкіндігім бар.
- Президенттің сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Менің қалам» әнін орындап жүрсіз. Бұл ән қолыңызға қалай түсті?
- Төлеген аға телефон шалып, «Менің қаламды» айтуға ұсыныс тастады. Мен бұрын-соңды ол кісімен бірге жұмыс жасаған емес едім, бірақ ағамыз театрдағы қойылымдардан, концерттерден мені көріп, тыңдап жүреді екен. Төлеген ағаның ол әнді неліктен маған бергенін білмедім, бірақ Нұржамал Пернебекқызы айтты ма деп те ойлап қоямын. Себебі ол кісі театрға жиі келеді, жастарды жақсы таниды, тыңдап жүреді ғой. Ал әннің өзі маған қатты ұнады. Өткенде ғаламторда «ән неге қазақ тілінде емес» деген пікірді оқыдым. Менің білуімде, Президенттің қазақ тілінде жазған да әндері бар, әрі-беріден соң музыка тіліне аударманың қажеті жоқ емес пе? Сондықтан бұл ән қай тілде болмасын, тыңдарманның жүрегіне жол табады деп ойлаймын.
- Осы әнге түсірілген бейнеклиптен сізді көре алмадық...
-Меніңше, бұл бейнеклип емес, қаланы таныстыруға арналған сюжет сыңайлы. Ең бастысы, клипте әнді менің орындайтыным жазылған ғой. Мен осы сұхбатты пайдаланып, маған «Менің қаламды» орындау мүмкіндігін сыйлаған Төлеген ағаға және бейнеклипті шығаруға мұрындық болған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке алғысымды айтқым келеді. Айтқандай, Төлеген аға маған жуырда «Отан» деген тағы бір әнін сыйлады. Бұл әннің тұсауы таяуда ғана «Астана» радиосында кесілді.
- Сіз үкіметтік концерттерде баритондар шеруінде ән айтып жүрсіз. Дәл сол топпен үлкен концерт қойып, ел аралағыларыңыз келмей ме?
- Баритондар шеруі Үкіметтік концерттерге келген шетелдік қонақтарға жас әншілерді бір концерттің аясындағы қысқа уақыттың ішінде болса да көрсетіп қалу үшін ойластырылған жоба болса керек. Себебі әншілердің бәрін жеке-жеке шығарса, уақыт жетпейді. Баритондар шеруінде бас қосып опера айтқанымызбен, бәріміз жеке дауыстағы әншілерміз, оның үстіне, біріміз Алматыда, енді біріміз Астанада жұмыс істейміз. Басымызды қосып, концерт берсек жақсы ғой, әрине. Ауыл-аймақты араласақ та тамаша болар еді. Өйткені, біз Қостанайда Талғат Мұсабаев, Андрей Тригубенко үшеуміз концерт бердік, керемет кеш болды, халық классикалық әнге сусап қалыпты. Көрермендер: «бізде мұндай класси­калық әндер кешінің өтпегеніне көп болды» деп жатты. Олар соңғы рет Әлібек Дінішевтің концертін көрген екен. «Ол кезде әншінің өзі жап-жас жігіт болатын» деді.
- Осы сіз еңбек ететін Опера және балет театрының қызмет­керлері баспана мәселесін жиі көтереді. Тіпті Үкімет жетекшісіне дейін хат жазып еді ғой... Содан бері не өзгерді, баспаналы бол­дыңыздар ма?
- Мен осы театрда 10 жылдан бері жұмыс істеп келемін, бірақ «баспана беріңіз» деп ешкімге өтініш те, «пәтер бермей жатыр» деп шағым да жазған емеспін. Бірақ отбасын құрып, балалы болған соң бір пәтердің керек екенін сезіне бастадық. Сондықтан болашақта пәтер сұрап жазуыма тура келетін шығар (күліп алды).
- Ал пәтер сатып алуға немесе несиеге алуға опера әншілерінің мүмкіндігі жоқ па?
-Жалақымыздың көлемін айтсам, күлкіңіз келеді ғой. Өйткені, айлығымыз шайлығымыздан аспайды.
- Жарыңыз Серина - жапон қызы, өзі балерина. Бір ұжымда еңбек етесіздер. Оны жолықтырғанға дейін шетелдік қызға үйленемін деген ой болды ма? Ал ата-анаңыз жапон келінді қалай қабылдады?
- Бала кезімізде үнді фильмдерін өліп-өшіп көретін едік қой. Әсіресе, үнді қыздарының ән салып, би билегені адамды керемет әсерге бөлейді емес пе?! Сол кинолардың әсерінен бе екен, мен үнді қызына үйленемін дейтінмін. Жат елден қыз алуды құдай сол кезде аузыма салған шығар. Бірақ Үндістаннан да асып кеттім, ата-анамды жапон жұртымен құда қылдым. Бұл менің маңдайыма жазылған тағдыр шығар деп ойлаймын. Серинаға үйленемін деген шешімімді ата-анам дұрыс қабылдады. Оның үстіне, Серина өте қарапайым жан, қазақтың қызы десе, сеніп қалатындай.
- Жарыңыз мұсылман дінін қабылдапты, бұл сіздің талабыңыз болды ма?
- Мен болашақ жарымның мұсылман дініндегі адам болғанын қалайтынымды айтқаным бар. Бірақ мұсылман дінін қабылдау туралы талап қойған емеспін. Бұл Алла разылығы үшін деген Серинаның өз шешімі болды. Азамат басымды сыйлап, осындай қадамға барғанына риза болдым, алғыстан өзге айтарым жоқ. Біз некемізді «Нұр Астана» мешітінде қиғыздық. Жапон елшілігінің қызметкерлері мен елшінің зайыбы келіп құттықтады. Олардың біздің дінді сыйлағаны сондай, қыз-ке­ліншектері мешітке бастарына орамал тартып келіпті. Соның барлығы жапон халқының ішкі мәдениетінің деңгейін көрсетеді емес пе?!
- Жапонияға күйеу жігіт ретінде алғаш барғаныңызда қайын жұртыңыз қалай қарсы алды?
- Өте жақсы қарсы алды. Себебі қайын атам мен енемнің алдынан өтуге бару үшін 2 жылдан астам уақыт бойы жапон тілін үйрендім. Өз тіл­дерінде сөйлесіп, қыздарын маған беруге өтініш жасадым. Содан бері үш-төрт жыл өтті ғой, қазір Сәния есімді қызымыз бар, жасы екіден асты. Өзіміз мүмкіндігінше кезекті еңбек демалысында Жапонияға барып тұруға тырысамыз. Ата-енем бізге қонақ болып келіп, кетті. Ол кісілерге Астана қатты ұнады.
- Осыдан екі жыл бұрын «Астана күнінің құрметіне сахналанған «Астана» мюзиклі сюжетінің прототиптері Сүндет Байғожин мен балерина Серина Сунагава» деп жазды бір басылым. Бұдан хабарыңыз бар ма?
- Мен мұны Мұхтар Абрарұлынан естідім. Елбасы опера және балет театрына келген күні дайындығымды пысықтап болған соң, фойеде жүрген едім. Сол кезде Президенттің жанында келе жатқан Мұхтар аға мені шақырып алып, «Астана» мюзиклінің сценариіне өзек болған осы бала, әйелі жапон қызы, осы театрда жұмыс істейді» деді.
- Театрдың жаңа маусымында жаңа рөл алдым деп қалдыңыз... Жалпы, театрда қанша партия орындайсыз?
- Жаңа маусым өзім үшін де жаңалықпен басталайын деп отыр. Себебі мен тұңғыш рет неміс тілінде опера орындаймын. Моцарттың «Сиқырлы флейтасындағы» Попагенаның партиясына дайындалудамын. Содан кейін «Кавалерия Рустикано» деген операда Альфионың партиясын жаттап жатырмын. Бұл партияны дирижер Ринат Салаватовтың Алматыда өтетін опералық концертінде орындамақпын. Мен театрдағы партияларымды санап көрмегенмін. Біздің театрда 15 шақты опера бар болса, соның жартысында басты кейіпкердің партиясын орындайды екенмін. Сондықтан алдағы маусым мен үшін қауырт жұмыстармен басталмақ.
- Осы операның бәрі дерлік шет тілінде шырқалады ғой. Итальян, француз тілдерінде ән айтуға қиналмайсыздар ма?
- Бір қызығы, біздің отбасындағылардың бәрі шет тілін тез үйренуге бейім. Ағам арабтанушы, қазақ пен орыс тілін былай қойғанда, араб, ағылшын, қытай және француз тілдерін жетік меңгерген. Мен қазақ, орыс, жапон, итальян тілдерінде сөйлеймін, ағылшынша аздап қана білемін, қазір неміс тілін үйреніп жатырмын. Мұның бір себебі, Вена консерваториясына түссем деген ниетпен магистратураға құжаттарымды жібердім, ал Австрияда сабақ неміс тілінде жүреді. Егер жақсы хабар болып жатса, екі жылға оқуға жол жүруім мүмкін.
- Ал жаңа маусымдағы партияларыңызды қайтесіз, қалай тастап кетесіз?
- Партияларды келіп-кетіп орындай беруіме болады. Мен үшін бірінші кезекте білімімді әрі қарай жалғастыру болып отыр. Себебі қазақ әншілерінің дауысы ерекше ғой. Табиғи дауыс. Кезінде әнші Әміре Парижде ән салғанда еуропалықтар босқа таңдай қақты дейсіз бе?! Күләш апамызды сахнаның Қыз Жібегі атандырған да сол құдай берген дауысы емес пе?! Бүгін сексеннің сеңгіріне шыққан Бибігүл апамыз да, Ермек ағамыз да табиғи талантының арқасында сахнадан түспей келеді. Біз сондай деңгейге жетуіміз үшін даусымызды тәрбиелеп, ұштай түсуіміз керек. Мен бұған Италияда болған кезімде көз жеткіздім. Сондықтан Италияға екі-үш жылға тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілсе, опера әншілерінің қай-қайсысы да операны жоғары деңгейде меңгеріп келер еді. Өйткені Италиядағы опера мектептерінің сабақ беру тәсілі ерекше, өте сапалы. Сондықтан мен опера әншісі деген атқа лайық болатындай дәрежеге жету үшін әлі де болса білім алсам деймін. Себебі мен үшін операның орны бөлек.
- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

«Айқын» AIKYN
Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің алғашқы саны 2004 жылы 6 наурызда жарық көрді. 2005 жыл газет Президент сыйлығын жеңіп алды. 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын иемденді. Аптасына 5 рет шығатын күнделікті газеттер арасында «Айқынның» өз орны бар. Аз ғана уақыт ішінде «Айқын» республикадағы белді де беделді басылымға айналып, Қазақстанның бұқаралық ақпарат кеністігінде өз ор…нын тапты. Газеттің әр нөміріндегі мақалалар түрлі сараптамалық шолуларда, пікірталастарда негізгі тақырыпқа айналып, интернет жүйесінде де қайта басылып келеді. Шенеуніктер, менеджерлер, түрлі деңгейдегі кәсіпкерлер өз жұмысын біздің газеттегі жаңалықтарды оқудан бастайды. Республикалық қоғамдық-саяси басылым – «Айқын» газеті қазақ қоғамының мәдени өмірі мен қоғамдық-экономикалық, саяси деңейін көтеруді алдына мақсат етіп қойған. Басылымның бірқатар облыстарда тілшілер қосыны бар. Сондай-ақ Будапешт, Пекин, Ашхабад қалаларында өз тілшілеріміз қызмет етеді. Газеттер бағасы мен таралымы жағынан б
13 сентября 2012, 13:59
2384

Загрузка...

Комментарии

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Дастархан в те времена был скромен. Не было понятия «сынау» - осуждения кто как живет, какой в доме ремонт и т.д. Пока взрослые обсуждали задержку заработной платы, мы играли в армию, жмурки, строили городки...
socium_kzo
5 дек. 2016 / 15:19
  • 19855
  • 27
Верховный Суд презентовал комментарий к Гражданскому процессуальному кодексу

Верховный Суд презентовал комментарий к Гражданскому процессуальному кодексу

ГПК содержит 505 статей, многие из которых написаны несколько сложным юридическим языком. Однако теперь понять их можно проще и без обращения к юристу.
RuSnake
6 дек. 2016 / 10:31
  • 10808
  • 0
Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

"Мужчины должны у вас тут права качать, ибо их процент в вашей численности населения уступает проценту женщин". Я машинально начала уверять, что у нас в стране таковых не имеется...
Sapientia
5 дек. 2016 / 10:52
  • 9969
  • 71
Распил 1 млрд долларов или спасение для Алматы? В 2017-м начнётся строительство БАКАД

Распил 1 млрд долларов или спасение для Алматы? В 2017-м начнётся строительство БАКАД

Конечно, Алматы заслужил эту дорогу. Невзирая на все издержки, которые могут возникнуть. Заслужил и как крупнейший город Казахстана, и как субъект, формирующий своими налогами около четверти всех...
merurg
вчера / 12:35
  • 6621
  • 16
Известный европейский фотограф показал истинную красоту казашек

Известный европейский фотограф показал истинную красоту казашек

С 26 по 30 ноября в Алматы гостил известный европейский фотограф Ян Маклайн в рамках реализации совместного проекта с Казахстаном. Подробности не уточняются, однако ходят слухи о том, что этот...
Muchacho55
вчера / 18:29
  • 5759
  • 8
10 причин, по которым я не смогла работать учителем. Не только в зарплате дело, ребята

10 причин, по которым я не смогла работать учителем. Не только в зарплате дело, ребята

Я почти год проработала в школе, и когда уходила оттуда, была самым счастливым человеком в мире. Тот год, честно говоря, я и сейчас вспоминаю с ужасом.
demonica
6 дек. 2016 / 17:21
  • 5418
  • 78
Молчание врачей. Дети ЮКО, заражённые ВИЧ 10-11 лет назад, узнают о диагнозе-приговоре

Молчание врачей. Дети ЮКО, заражённые ВИЧ 10-11 лет назад, узнают о диагнозе-приговоре

Как сообщают новостные издания, в ближайшее время в Южном Казахстане 102 детям в возрасте 11-12 лет сообщат об их страшном диагнозе. Все эти дети были заражены ВИЧ, причём большинство было инфицировано по вине врачей.
openqazaqstan
2 дек. 2016 / 13:57
  • 4510
  • 4
Почему Дональд Трамп назвал Казахстан чудом. Президент подтягивается по географии

Почему Дональд Трамп назвал Казахстан чудом. Президент подтягивается по географии

Трамп и не подозревает, что 16 декабря 1991 Казахстан не создал, а восстановил свою национальную государственность. Иначе бы он упомянул не только 25 лет, а больше чем 550 лет казахской истории.
Stehlikova
2 дек. 2016 / 9:02
  • 5206
  • 88
На самом деле дела плохи: казахстанские школьники на 49-м, а не на 12-м месте по математике

На самом деле дела плохи: казахстанские школьники на 49-м, а не на 12-м месте по математике

О том, как масс-медиа раздула миф о казахстанских вундеркидов в розовый воздушный шар, пока его не проколола правда-иголка. Получается, что казахстанские дети не могут применить теорию в практике...
ardakzhurynov
вчера / 0:17
  • 4269
  • 34