Гоадан Делиге жетіп қалдық. Жаздан қысқа. Негізі Делидің қысы, біздікіне қарағанда әлдеқайда жылы. Сонда да ауа-райының күрт өзгеруі, ал ең басты проблема - жайлы жағажайдан тұманды, лас, қоқысқа толы Делиге қайта оралу мен үшін бір қайғылы оқиға еді. Өз-өзімді жұбатып, психологиялық тұрғыдан дайындалып, бұдан былай адамдардан қорықпаймын, көшеде еркін жүре беремін дедім де, аэропорттан шығарда осының бәрін ұмыттым. Себебі Делиде осы бір аптаның ішінде ештеңе өзгере қоймады. Салқын, тұман, дем алуға кедергі жасайтын бірдеңе (осы жолы аптекадан мед.маска сатып алып, дем алып жүрдім), лас Мейн базар, кір әрі жейтін ештеңесі жоқ кафе-мейрамханалар, қаланың орталығында шұбырып жүрген қайыршылар.
Осы жолы қонақүйді дұрыстап таңдап алып, “жаман емес” дегенге тоқталдық. Дүкендерде жаңа жылдан кейінгі жеңілдіктер болғасын, Коннат-плейсте кешке жақын адам масқарадай көп болды. Таң атпай темір жол вокзалына барып, үнді пойызына алғаш рет мініп, Аграға аттануымыз қажет еді. Жолға аттанарда Агра Делидей емес шығар, онда мұсылмандар көбірек тұрады, әрі Тәж махалы бар, мүмкін ол жақта бәрі басқаша болады-ау деген үміт болғанын жасырмаймын.
Таңертең қонақүйден шығып, вокзалға шықтық, жолдан өтеміз дегенде жол бойымен келе жатқан үлкен жүктері бар үш пілді көрдік. Бұл картина ертегідей, біз үшін таңқаларлық еді. Вокзалға да жеттік, қараңғыда қоқыс пен кірі көрінбейтін темір жол бұрынғыдай қорқынышты болмады. Перронда жергілікті халқы бар, туристер бар, бәріміз пойыз күтудеміз. Вокзалдары біздікінен басқаша, әсіресе қараңғы уақытта кинодағыдай қызық болып тұр. Сонымен, пойызға да кірдік, Аграға дейін 3 сағат жүретін экспресс пойызымыз біздің электричкалар секілді, әр жақтан 3 орыннан. Бір қызығы - пойызда тамақ тегін таратылып жүрді: шай, су, тәттілер, тағы бірдеңелер. Біз кешегіден дайындап қойған макдональдстың тамағын ішіп, үнді тағамдарына реніш білдірумен келе жаттық. Жолда келе жатып, Рушдидің романында билеті жоқтар: Әй, Махарадж, есікті аш! - дегені еріксіз есіме түсті...
Таңғы 8-ге таман Аграға да жетік. Пойыздан шыққан соң үмітім үзілді. Агра Делиден де нашар болып шықты. Вокзал жақта бізге бір кісі жолығып, экскурсия жасайтын такси ұсынды. Таксиге мініп, екі үндіге тап болдық, біреуі жүргізуші, біреуі менеджер-сымақ, бізге бәрін түсіндіріп, ақша жағынан келісіп, қайда апаратынын түсіндіріп жатыр. Бір байқағаным, Үндістанның халқы көп болғандықтан ба, бір адам атқара алатын жұмысты бірнеше кісі жұмылып жасап жүреді. Мысалы, Делиде кіп-кішкентай аптекаға кірсеңіз, 4 қызметкерді көре аласыз. Біреуі кассада, біреуі шаң сүртіп жүр, біреуі сізбен сөйлесіп тұр, тағы біреуі жай отыр. Сонда төртеуі де медик емес секілді.
Ең бірінші барған жеріміз, әрине, Тәжмахал. Кірер алдында тексерістен өтіп, сөмкені ақтарту қажет болды. Су мен бахилы алып, ішіне кірдік. Қыс болса да, кісі көп болды, шетелдік туристермен қатар тарихи мұраны жергілікті халық та тамашалап жүргенін байқадық.
“Экскурсоводымыз” бізді тарихи ғимараттарға апарумен қатар қаладағы дүкендер, қымбат сауда үйлеріне апарып, туристер тамақтанатын арнайы мейрамханаға жеткізді. Сонымен, кешкі алтыға дейін Аграмен танысып үлгердік, тек сауда үйлеріне барғанымыз ұнамады, себебі ондағы бағалар өте жоғары, әрі аса қызықты ештеңе жоқ. Жалпы, Агра Дели секілді лашықтар мен қираған көпқабатты үйлерге бай қала. Сол қираған үйлерде адамдар тұра береді екен. Лашықтардың үстімен өрмелеп жүрген маймылдар өте көп, олар адамдардан еш қорықпайды, керісінше, егер де адам оларға жамандық жасаса, шабуыл жаса й алады екен. Қызыл форт жақта осындай маймылдар көптеп кездесті.
Кешке қарай пойызға отырып, Делиге аттандық. Пойызда өзіміз секілді турист неміс қыз бен жігітпен танысып, Мейн базарға метромен аттануды жөн көрдік. Немістердің айтуынша, Делидегі метро өте ыңғайлы, әрі таксиден гөрі арзан. Метроға жеткен соң, оның шынымен де таза, ыңғайлы екеніне таң қалдық. Күндіз вагонда кісі өте көп болғандықтан, әйел адамдар мен қыздарға бөлек, ер адамдарға бөлек вагондар қарастырылған. Келесі және соңғы күнімізді Дели аралауға арнадық. Таңертең тамақтанып алған соң жергілікті баспасөзге назар аудардық. Үндістандық Форбс пен Эль 300 теңге тұрады екен (қазақстандық Форбстың бағасы 800 теңге) және де сапасы өте керемет. Үндістанда модельдік бизнес дамыған, фотографтары да мықты екені көрініп тұр. Тағы бір байқағаным, жарнама. Сыртқы жарнама болсын, теледидардағы жарнама болсын, өте көңілді, жарқын, жағымды болып жасалынады. Алайда, журнал мен билбордтағы адамдар көшеде неге көрінбейді, неліктен журнал мен теледидардағы үндістандық өмір бір, ал Делидің қақ ортасындағы шынайы өмір мүлдем басқа екенін түсіну қиынға соқты.
Пайдалы кеңес ретінде - қаладан аэропортқа дейін жету үшін ақша жұмсап, таксимен барғаннан гөрі, арнайы аэропортқа апаратын метромен барған дұрыс. Терминалға дейін жеткізетін бұл метро өте таза, әрі ыңғайлы.
Сонымен, бұл да бір шытырман саяхатымыз аяқталды. Дели менің қалам емес, ал әдемі Тәжмахал іші бос мұражай екенін түсіндім. Келесі сапарымыз - Орхан Памуктың отаны Стамбул...