Yvision.kz
kk
1
12:19, 16 апреля 2024

Бала психологиясы

Бала психологиясы: мектеп-интернат балаларымен жұмыс

Қазіргі таңда бала психологиясы мәселелесі белең алған кезең. Ата-ананың баламен жұмыс жасауы, оны түсінуі, әрі оған көмек көрсетуі шартты ұғым болғанымен, қым-қуыт тіршіліктің қайнаған ортасында жүргендер үшін жоғарыда аталған әрекеттер қиындық тудыруы әбден мүмкін. Заман талабына сай, баламен жұмыс жасау ата-анаға да үлкен ауыртпалық болуда. Ал, арман қуып, білім іздеп, өз отбасынан жырақта жүрген мектеп-интернат балаларымен жұмыс жасау жайында білу үшін, Алматы қаласы,Абай атындағы РММИдің педагог-психологі – Аружан Бейбітқызымен сұхбаттастық.

- Қайырлы күн, Аружан! Жоғарыда аталғандай, заманның ағымына қарай балалардың түсінігі де, ойлауы да басқаша. Қазіргі қоғамдағы балалармен жұмыс жасау қаншалықты қиын?

- Қайырлы күн! Жақсы сұрақ қойдыңыз. Қазіргі қоғамдағы балалармен жұмыс жасау айтарлықтай қиын. Өйткені, қазір XXI ғасыр, жаңа технология дәуірі, жастардың заманы болғандықтан,балалардың қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауы, көрсетуі басқаша және ерекше. Жалпы алғанда, қазіргі балалардың психологиясы мен бұрынғы балалардың психологиясын салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, олардың сөйлеу мәнері, отбасына сый-құрметі, қарым-қатынасы, ойлауы басқаша еді. Біздің ата-ана, аға-әпкелерімізді «ұят болады» деген принциппен тәрбиелесе, қазіргілерде еркіндік басты орында. Қазір ұрпақтар бөлінуі бар, яғни альфа ұрпақтар, бетта ұрпақтар, зет ұрпақтар деп айтып жатамыз, солардың ішінде біздің мектепте бетта мен зет ұрпақтар. Олардың психологиясы жіңішке жіп секілді, жұмыс жасау өте қиын, жұмсақ түрде, олардың замандас досы ретінде сырласып, мәселелермен жұмыс жасаймыз.

- Мектеп-интернат балаларымен жұмыстың ерекшелігі қандай?

- Қарапайым мектеп оқушыларына қарағанда, бұл жерде балаларға максималды түрде қолдау, мейірім көрсете білу керек. Әрине, оқушылардың бәріне бірдей қараймыз, дегенменде интернаттағы оқушылар ата-анасынан жырақ жүргендіктен олар қолдау қажет етеді. Өйткені олар, ата-анаасын, жақындарын сирек көреді. Оқуда ұзақ уақыт өткізгендіктен де біз оларға ата-анасындай жақын қарым-қатынаста болуымыз керек. Менің осы, Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жұмысқа орналасқаныма 1 жылдай болып қалыпты. Дарынды балалармен жұмыстың ерекшелігі балалар өте белсенді, олармен ұзақ уақыт жұмыс жасағың келеді, берген тапсырмаларды мұқият әрі ерекше орындауға талпынады. Жалпы мектеп-интернат балаларға тек білім ғана емес, тәрбие алады, еңбекке, қздігімен ізденіске үйренеді және тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар.

- Өз тәжірибеңізде психологиялық ауытқуға ұшыраған бала болды ма? Қандай әрекет жасадыңыз?

- Менің тәжірибемде осы күнге дейін психологиялық ауытқуға ұшыраған бала болмады. Мектеп-интернатқа қабылдану үшін оқушылар барлық тексерістен өтетіндіктен, біздің мектепте психологиялық дерті бар балалар жоқ. Оқушылар көбіне сабақтан шаршағанда, белгілі бір сұрақтармен, жеке басындағы қиындықтарға байланысты қабылдауыма келеді. Және ата-анасы жоқ балалар да жеке кездесуге келіп шер тарқататын кездері болады. Әлі де мәселелер бойынша белгілі бір техникалар қолданып, әңгімелесулер жүргізіп тұрамыз.

- Адам өзін түсіну үшін, өзімен жұмыс жасауы үшін қандай қағидаларды ескеруі керек?

- Адам өзін жай ғана түсініп қана қоймауы керек, адам саналы түрде өзін түсінуге әрекет жасауы керек. Соған сәйкес бірнеше қағидаларды ескеруі шарт. Өзінің өткеніне көз жүгіртіп, өзін тыңдай білуі; өзінің құндылықтары мен қызығушылықтарын білуге талпыну; ойларын жүйелеп,эмоциясын басқара білу; өз кемшіліктерімен жұмыс жасап, өзін қабылдап үйренуі. Дәл осы ұғымдарды түсініп, жұмыс жасай бастағанда адам өзінің тұлғалық, жеке дамуына септігін тигізеді әрі дамиды. Осы тұста Абай атамыздың он бесінші қарасөзі еске түседі. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»Бұл қағида арқылы сен өзіңе есеп беріп қана қоймай, өзіңнің әркеттеріңді, ісіңді, айтқан сөзіңді сараптау арқылы өсесің, дамисың.

- Енді соңғы сұрақпен қорытындыласақ. Қазіргі таңда мектеп-интернат балаларымен қандай жұмыстар, коучтар, тренингтер өткізілуде?

- Мектеп-интернат балаларымен оқу жылының басында бекітілген жоспар бойынша жұмыстар жасалуда. Қыркүйек айынан бастап бейімделу апталығы, бейімделуге байланысты 8-ші сынып оқушыларымен тренингтер жүргізілді, әлі де жүргізілуде. Балалардың қандай қабілетке имкемділігін анықтау барысында да тест жұмыстары, темперамент типтерін анықтайтын тесттер алынды. Сонымен қатар, 9-11 сыныптарға емтихан алдындағы, ҰБТ алдындағы дайындық; қорқынышын жеңуге; өз қабілеттеріне, өзіне деген сенімділікті арттыру;эмоционалды қысымды төмендету жайында тренингтер өткізілуде.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет, Аружан! Оқырманға пайдалы кеңестер айтылды деген ойдамын, шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан:Әл-Фараби атындағы

ҚАЗҰУдің 3 курс студенті А.Бекболатова

Жетекшісі: Н.Б.Рушанова, аға оқытушы

1
177
0