Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
09:40, 20 мая 2014

ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КӨГІЛДІР КІТАП

Бала күнімнен көз алдымда қалған кішкене ғана көгілдір кітаптың сыртқы пішінін есімде жақсы сақтасам да, ішіндегі дүниені аяғына дейін ақтарып көрмеген екенмін. Әйтеуір, есімде қалғаны сол кітаптың үйге қалай келгені. Ол кезде электр энергиясының тапшылығын молынан көріп жатқан жерлердің біріне жататын  ауылда кешқұрым әдеттегідей майшамның жарығымен төрт көзіміз түгел үйде отырғанбыз. Кенет біреу есікті ашып кіріп келді де, төрде отырған әкеммен амандасып, шағын ғана кітапты қолына ұстатты. Шамның жарығына үңіліп, төмен қарап сурет салып отырған мен, ол кісінің әкеме кітапты беріп жатып әлдене деп сөйлегенін естісем де, бірақ не айтып жатқанына мән бермеппін. Кейін ол адам кеткен соң, әншейінде көзінен күлкісі төгіліп тұратын әкемнің жүзі одан бетер бал-бұл жайнап дереу көзілдірігін іздей бастады. Қолындағы кітапты ұстаған күйі көзіне көзәйнегін іле сап, майшамның жарығына қарай жантайды. Менің ол кезде 1 сыныпта оқитын кезім болса керек, әкемнің аптыққан іс-әрекетіне қарап аңтарылып қалыппын. Әкем әлгі кітаптың бірінші бетіне тез-тез көз жүгіртті де, ары қарайғы беттерін асығыс, арасында әр жеріне көз жүгіртіп қойып тоқтаусыз ашып жатыр. Бір мезетте іздегенін тапты-ау деймін, әйтеуір бағанадан бері тынымсыз ашылып жатқан парақтар бір сәт үнсіз қалып, әкемнің ұзыншұбар бір сөйлемдерді сыбырлата қайта-қайта оқыған дыбысы шықты. Одан соң көзілдірігін шешіп, кірпігіне ілінген жасты сүртті. Құдай-ау, әлгі кітапшаның ішінде соншалықты не құдірет болды екен деп аузым ашылып отырған маған кітапты ұстатты да, қалғанын ертең жарықта оқырмын деп, ары қарай анам екеуі әдемі бір әңгімеге кірісіп кетті. Қолымдағы кітаптың сыртқы мұқабасына мұқият көз жүгіртсем көгілдір түстес беттегі сары жолақта «Жұмыр жермен жүздесу» деп жазылыпты. Бұл жолдарды қанша оқып шыққаныммен, сол уақытта байыбына аса бара қойғаным жоқ. Дегенмен кітаптың артқы мұқабасындағы кісінің суретіне қарап отырып, әкем айтып жатқан әңгіменің осы адамға тікелей қатысы бар екенін сезгендей болдым. Әлгі суреттің астында қарамен Бауыржан Омарұлы деп жазылыпты. Одан төменірек сол кісінің өмірбаянынан қысқаша мағлұмат терілген. Неге екенін білмеймін, бәрінен бұрын бұл адамның жоғарыдағы көзілдірік киген суретіне ұзақ қарадым. Кім білсін, ештеңені терең түсіне қоймайтын менің сол күнгі бала көңілімде, «күтпеген жерден көкеме қуаныш сыйлаған бұл қандай адам болды екен» деген бір сұрақ туған шығар...

Қарап отырсам содан бері де қаншама уақыт өтіпті. Сол кездегі 1 сыныпта оқитын мен де бүгінде ЖОО-н бітірдім. Ал жоғарыда айтқан бала күнгі көкейдегі сұрақтың шешімін сол жылдардың өзінде-ақ тапқан болатынмын. Әлгі мен суретіне тесіле қараған көзілдірікті тұлға әкемнің шәкірті болса керек. Марқұм әкемнің кітапты алғаннан кейін келесі күні-ақ тапжылмай отырып аяғына дейін оқып шыққаны, өзіне кездескен кісінің бәріне кітапта өзінің аты аталған жерін мақтана көрсетіп, қуанышын бөліскені, көп ұзамай аудандық газетте сол төңірегінде мақаласын жариялағаны да әлі күнге дейін есімде. «Ее, әкемнің сонша қуанғанының сыры осы екен ғой» деп ойлағанмын да қойғанмын. Ол кезде «ұстаз бақыты» дегеннің не екенін мен қайдан түсінейін?

Сол оқиғадан кейін де Бауыржан Омарұлының есімі біздің үйде сирек аталмайтын. Оқушы кезімде Хабар арнасының апталық «Жеті күн» бағдарламасын асыға күтіп, оның жүргізушісіне «менің шәкіртімді қараңдар» деп әкемнің теледидар алдында еміреніп отыратын сәттеріне де талай рет куә болғанмын. Ия, шынымен де көңілімді күпті еткен жайларды ақ қағазға түсіруге деген мендегі алғашқы құштарлықтың оянуына да сол сәтттердің әсері болған шығар. Кім біледі? Себебі, ауыл адамдарының теңіз төрінде ту тіккен құмды өлкенің бір кездегі қарадомалағы деп аузынан тастамай отыратын есімі сол кездерде белгілі журналист екендігін маған ұғындырған еді. Бірде, студент кезімде Алматыда қоғамдық көліктердің бірінде келе жатып, қазақ радиосынан Мемлекеттік тіл комитетінің басшысы ретінде Бауыржан Омарұлымен өтіп жатқан сұқбатты құлағым шалды. Демімді ішіме тартып, тыңдай қалдым. Сол сәтте себебін түсіндіре алмасам да жан-жағымдағыларға іштей ерекше бір мақтанышпен қараған едім. Бұл тек бір ғана сәт емес, ол кісінің аты аталып, есімі таңбаланған жерлердің бәріне бей-жай қарамай, әрдайым назарда ұстауға тырысам.

Бүгін де әкемнің көзі тірісінде өзі жинаған кітап толы сөресін сүртіп жатып, Бауыржан Омарұлының кітаптарына көзім түсті. Солардың арасында әкеме кезінде ерекше қуаныш сыйлаған көгілдір кітап та тұр. «Жұмыр жермен жүздесу» – бұл Бауыржан Омарұлының 1995 жылдары «Ер-Даулет» агенттігінде тілші боп жүрген кезінде әлемнің әр түкпірінде болған сәттерін қағазға түсірген көріністері. Кітапты қолыма алғаным сол еді, мен іздеген парағы оп-оңай өзі-ақ ашылды. Арасындағы әкемнің өз қолымен жазылған жазуы бар, төрт бүктелген қағазға көзім түсті. Парақты ашып оқысам: «Баяғыда мектепте оқып жүрген кезімізде географиядан сабақ беретін Бегімбет ағай Арал мен Сырдариядан басқа суға балтырын батырып көрмеген біздерге осы сарқыраманы көзбен көргендей майын тамызып тұрып суреттеуші еді. Сол ағамыздың ұстаздықты шексіз сүйгендігін жиырма жыл бұрын естіген әңгіме Ниагараның жағасында құлаққа саңқылдап келе қалғанда білдім деп жазыпты шәкіртім. Оның еңбегімді бағалап мерейімді көтергеніне шексіз ризамын. Маған берілер бұдан артық баға да, бақыт та жоқ деп есептеймін. Рахмет шәкіртім, Бауыржан!» деген бір ауыз сөз жазылыпты. Ашулы тұрған кітаптың сол жақ бетіне қарасам жоғары жағында жаңағы сөйлемдер тұр екен. Сол сәт тұла бойым шымырлап, жанарыма еріксіз жас үйірілді. Марқұм әкемнің осы кітап үйге келгендегі іс-әрекеті көз алдыма келді. Енді түсінгендеймін, көзі тірісінде үнемі айтып отыратын «Ұстаз бақыты» деген осы екен ғой. Қаншама жыл туған топырағы, Қаратереңінің мерейлі  мектебінде ұстаздық етіп жүріп талай шәкіртінің сүйікті ұстазына айналған әкемнің сол бақытқа жеткеніне қатты қуандым. Бүгінде өзімнің де әкемнің ізгі жолын жалғастырып, география пәнінің мамандығына қол жеткізгеніме өкінбеймін. Себебі, «Ғалым да, шахтер да бас иетін, Ұстазым бұл сенің қасиетің...» деген өлең жолдары, мұғалім мамандығының мәртебесін кім-кімнің де әр кез есіне салатындай. Ал жоғарыда аталған әкемнің сүйікті шәкірті, «ұстаз бақытын» сыйлаған сол бір көгілдір кітаптың авторы, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспандент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, бүгінде еліміздің бас қаласында белгілі қызметте жүрген ауылдас ағам, Бауыржан Омарұлына деген ризашылығым шексіз, бұдан кейін де ол кісіге деген құрметім сол күйінше қала бермек.

ҮРГЕНІШБАЕВА АЙНҰР БЕГІМБЕТҚЫЗЫ

Қызылорда облысы

Арал ауданы

Қаратерең елді мекені

     
0
1888
0