Yvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
2
22:49, 14 июля 2013

Тылсым тыныс

Астана қаласы әкімшілігінің қолдауымен 2007 жылы шілде айында Астаналық «Жас көрермендер театры» бой көтерді. Театр алғаш шымылдығын 5 шілдеде Ш.Айтматов, Ә.Кекілбаев, Ж.Құлманбетовтың «Шыңғыс хан» пьесасымен ашты. Театр директоры және көркемдік жетекшісі Қазақстан Жастар Одағының иегері — Ғани Құлжанов. Бас режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

2009 жылдың сәуір-мамыр айларында театр ұжымы 55 күн Алматы облысының 12 ауданы мен 36 елді-мекенінде болып, өз өнерімен соңғы он жылда Қазақстан театр өмірінде болмаған гастрольдік рекордты жаңартты. Бүгінде театр репертуарында 19 спектакль бар. Олардың он үші көпшілік көрермендерге арналса, қалған алтауы балаларға арналған қойылымдар. Аталмыш театрдың алтыншы маусымы тағы бір премьерамен толықты.

Blog post image

Үстіміздегі жылы наурыздың 10-14-15 күндері Марк Левидің «Жер мен көктің арасы» атты мелодрамасы көрермен назарына ұсынылған-ды. Аударған Мәдина Матамова, қоюшы режиссер Дәурен Серғазин, суретші Ерлан Тұяқов, хореограф Асан Бороншы. Бұл шығарманың кино өнерінде Голливуд пен Болливудта жарыққа шыққаны жасырын емес. Жас актер Дәурен Серғазин бұл жолы өзін режиссер ретінде байқап көрмек болды. Жалпы еңбегі еш кетпеді, бірақ әттенген-ай деген тұстары да жетерлік. Ашып айтар болсақ, актерлер шеберлігі, ақсап жатқаны көзі қырағы көрерменге бірден байқалды. Спектакльдің сәнін келтіріп, рең беріп тұрған би мен пластика десек артық айтпағанымыз болар. Сөздік қор жұтаң, күнделікті үйреншікті сөздермен шектелген. Театр — рухани байлықтың ордасы, мұнда мәдениет пен өнер деген қос ұғым билік етеді. Театрға келген көрермен өзіне жаңа бір құндылықтың бөлшегін сіңдіріп кеткені абзал. Әсіресе, сөз өнеріне көп көңіл бөлу керек. Сахнада мәтіннен ауытқымай, сөз қайталануларды мейлінше аз қолданған дұрыс болар еді. Кідірулер, тұтығулар да осы көріністен орын алды. Лорэнді кескіндеуші Айым Жүсіпбекова өз кейіпкерін танып үлгермеген. Ішкі сезім иірімдеріне бойламаған, жан күйзелісіне ұшыраған «рух» образын аша білмеді.

Blog post image

Екі әлемнің арасында адасқан тылсым тыныс нағыз тығырыққа тірелген-ді. Өмір үшін күресуден шаршаған шарасыз аруақ. Тәні жерде болса, жаны аспан әлеміне жақындаған. Бойындағы құштарлық оны алға жетелейді.

Оған жалғыз анасының егіліп, көз жасын көлдеткенін көру бара-бара қиынға соғып барады. Актриса осы сезімдер сергелдеңдерін түсіне білмегендей. Дауыс ырғағының бір сарындылығы құлаққа түрпідей тиіп жатты, көніл-күй ерешеліктерін байқау да шынымен қиынға соқты.

Басты рольдердің бірінде Артур бейнесін Дәурен Серғазин кескіндеді. Жас талант иесі бұл жолы өз өнерін толығымен ортаға сала алмады. Оған кедергі режиссер ретінде спектакльдің жүру барысына алаңдағаны ма деп түсіндік. Режиссер ретіндегі алғашқы аяқ алысы жаман емес,«көш жүре түзелер» дегендей аздаған кемшіліктері де бар. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей сөзге көңіл бөлмеуі, мәтіннің екінші планға ойысуы. Басты назар биде.

«Театр» деген атауы болған соң сөз өнерін жетімсіретуге болмайды деп білем. Соңғы шешуші көріністе жақсы хабар естігендегі, ауруханадан қызды көргендегі сезімі қай арнада болғанын, аңғару қиынға соқты. Эмоциясын тежеп, көңіл тербелісін көрсете алмады.

Blog post image

Ал Том бейнесін ашқан Жандаулет Батай өз кейіпкерін зерттеп, оған жақындай түсуге ұмтылған. Шынайы образ, сенімді іс-әрекеттер оның ойнау шеберлігінен көрініп-ақ тұрды.

Аталмыш қойылымда хореограф пен суретшінің еңбегін елемеу мүмкін емес. Астарлы ойды, іс-әрекетті би арқылы жеткізген. Көрерменді елітіп, артынан ертіп отырған да осы би қойылымдары. Көк және қара түсті костюмдер би кезінде ұштасып, жер мен көктің арасындағы байланысты көрсетіп-ақ тұрды.

Ал суретші сахнаны ұтымды пайдалана білген. Екі дүние арасындағы байланыс, кедергілер, аурухана бөлмесі мен үй, барлығы ширмалар арқылы жанданып, өзгеріп отырды. Маталармен жұмыс істеу әдемі көрініске алып келді. Қос ғашықтың бір-бірінен қол үзген сәттері, ақ бұл мен тең жартыға бөлінген үстел арқылы шешімін тапқан. Бұл қойылым барысындағы ең үздік сахналардың бірі болды.

Жалпы «Жер мен көктің арасы» спектаклі жастарға арналған қойылым. Жас актер, режиссерлікке қадам басқан Дәурен Серғазин аз-кем ескертпелерді назарына алып, өзгерістер әкелуден тартынбапты. Бұл оның кәсіби шеберлікке деген ұмтылысын аңғартады. Уақыт талабына, көпшілік талғамына сәйкес өнердің де өзгеретіні анық. Алайда барлық дүние алғашқы бастамасынан, түп-тамырынан алыстамауы керек. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сөз өнерін сахна өнерінің айнымас, тұтас бөлшегі ретінде қалыптастырған, осыны қазіргі теартлар ұмытпаса екен.

Тылсым тыныс біз үшін әлі де болса шешілмеген жұмбақ. Оның сырын ашу үшін біреуді махаббат, кейбіреулерін құштарлық, басқаларын арман алға жетелейді. Біздің басты кейіпкер де өзін осындай сезімдер арпалысына тапсырды, оның жайы көрермен үшін жұмбақ күйінде қалды.

Гүлназ Ләмбек

Қазақ Ұлттық Өнер Университеті
«Театртану» бөлімінің 2 курс cтуденті

2
850
0