Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
03:24, 18 февраля 2013

Абзал ҚҰСПАНОВ: «ТҮРМЕДЕН ШЫҚҚАН САЛАФИТТЕР НАҒЫЗ ТЕРРОРИСТ БОЛЫП ШЫҒАДЫ»

Абзал ҚҰСПАНОВ: «ТҮРМЕДЕН ШЫҚҚАН САЛАФИТТЕР НАҒЫЗ ТЕРРОРИСТ БОЛЫП ШЫҒАДЫ»
http://janaozen.net/shbat/abzal-spanov-trmeden-shyan-salafitter-nayz-terrorist-bolyp-shyady.html?lang=kz

Толығымен: http://janaozen.net/shbat/abzal-spanov-trmeden-shyan-salafitter-nayz-terrorist-bolyp-shyady.html?lang=kz

- Жақында сіз Саят Ыбыраевпен түрмеде жолықтыңыз. Ол кісінің жалпы хал-ахуалы, денсаулығы қалай екен?

- Адвокат ретінде мен заң бойынша Саят Ыбыраевпен кез келген уақытта, кез келген жерде барып, жолығуыма болады. Бүгінгі таңда ол кісі Семей қаласындағы қатал режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Көптеген айыптар тағылғанымен, соның ішінде Саят Мұратұлына «діни ұйым басшысы» деген негізгі айып тағылды. Сөйтіп, ол кісіні діни көзқарасы мен ойлары үшін әділетсіз соттап жіберді. 28 қаңтар күні мен Саят Ыбыраевты кезекті рет көруге барғанымда, жағдайы қалыпты болды. Ол кісінің жасы әлі 46-да ғой, сондықтан да жас болған соң, денсаулығы жаман емес. Бірақ, мені қапаландыратын бір жайт, профессор Ыбыраев нашақорлардың, адам өлтірушілердің, ұрлықшылар мен қарақшылардың қасында отыр. Ол кісі өзі интеллектуал, ғалым адам, ал жанындағыларының тіпті, жоғары білімі де жоқ. Сондықтан да ғалым қылмыскерлердің қасында отырмауы керек. Дегенмен, Саят Мұратұлының айтуынша, колониядағылар оған үлкен құрметпен қарайтын көрінеді. Түрме әкімшілігі де ол кісі жөнінде жылы сөздер айтты. Жалпы, Саят Ыбыраевтың ісі Жоғарғы сотқа шағымдануға келісім беру кезеңінде.

- Саят Ыбыраев секілді ғалым адамға абақтыда жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?

- Иә, оның қолында қағаздары мен қаламдары бар. Түрмеде уақытын бос өткізіп жатқан жоқ. Ғылыммен айналысқысы келгенімен, оған ғылыми әдебиеттер мен материалдар қажет. Түрмеде кітапхана бар болғанымен, онда оқитын кітап жоқ екен. Сондықтан «ШҚО, Семей қаласы, ТК-11 (ОВ-156/15), Ибраев Саят Мұратұлына» деген мекенжай бойынша, кез келген азамат Саят Ыбыраевқа тек ғылыми әдебиеттерді жібере алады. Өйткені, қазір ол кісіге ең бастысы – ғылыми кітаптар қажет. Ал азық-түлік пен басқа қажетті заттарды оның отбасы қамтамасыз етуде. Жылына тек 4 рет қана азық-түлік қабылданатындықтан, ол кісінің тапсырысы бойынша барлық заттарды жанұясы әкеп береді. Осы барғанымда ол кісіге «Наука и жизнь» журналының 30-дай данасын апардым. Жалпы, әлемдік саясатта биліктегілер осындай адамдардың ақылын, бар қабілетін мемлекет дамуы үшін пайдаланады. Біздегідей соттамайды. Тіпті, Сталин кезінде Саят Ыбыраев секілді техника ғылымының өкілдері ел игілігі үшін қызмет етті. Мәселен, атақты диссидент академик Сахаров кеңес билігін ашық сынағанымен, оның білімі мен қабілетін билік пайдаланды, ғылымды дамытты. Көзқарасы үшін темір торға отырғызбады. Ал физика-математика мектебін, Мәскеу мемлекеттік университетін алтын медальмен бітірген, 29 жасында техника ғылымдарының докторы атанған атақты ғалым діни көзқарасы үшін қылмыскерлердің қасында отыр. Бірақ бұған қарамастан, Саят Ыбыраев қапаланып отырған жоқ, оның рухы биік. Өйткені оның үлкен арманы бар...

- Қандай?

- Бостандыққа шыққаннан кейін ғылыммен айналысқысы келеді. Бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған да еді. Журналистер маған оның адвокаты ретінде сауалдар қойғанда, Саят Ыбыраевты ең алдымен діни лидер ретінде атап, тек содан кейін ғана оның ғылыми қызметін айтып жатады. Бірақ, ол ешқашан да діни қайраткер болған жоқ. Ол Қазақстанда уахаббизмге тойтарыс беретін сопылық ілімінің дамуын қолдады. Әрқашанда уахаббизмге қарсы болды. 2005-2006 жылдары Саят Ыбыраев Қазақстандағы салафизм мен уахаббизмнің қауіптілігін айтты. Ол бұл ағымдардың жасырын, құпия түрде дамып келе жатқанын, бірнеше жылдан соң, кез келген жерінде жарылыс жасай бастайтындарын о баста ескертті. Сөйтіп, бүгін діни экстремистер мен террористердің жарылыстары күнделікті жағдайға айналып кетті. Осыған бір мысал келтірейін. Батыс Қазақстан облысы Атырау мен Ақтөбе облыстарына қарағанда тұрақты аймақ болып саналады. Бірақ өткен жылы өзім туған Жаңақала ауданында үш адамды терроризмді қаржыландырғаны үшін соттапты. Және бұл жағдайды БАҚ та талқылаған жоқ. Себебі күн санап бұл жайттар қалыпты, дұрыс жағдайға айналып барады. Бұл үш адам Түркия арқылы Сомалиде соғысып жүрген, сол ауданда туылған бір қазақ пен оның әйеліне қаржы жіберіп отырған... Міне, осы жағдайлар туралы кезінде профессор Саят Ыбыраев айтып, қауіптілігіне назар аудартқан. Уахаббизмге қарсы шығып, тұрақтылықты үндеген азамат қазіргі таңда діни экстремист, ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ретінде сотталып отыр.

- Ал Саят Ибраевпен бірге сотталған рухани серіктестерінің жағдайы қалай?

- «Сопылар ісі» бойынша сотталғандардың барлығы республиканың әр тарапындағы түрмелерде отыр. Бірі – Атырауда, келесі бірі – Шымкентте, енді бірі – Оралдың абақтысында. Ал Исматулла Әбіғаппардың қай жерде түрмеде отырғаны осы күнге дейін белгісіз, ешқандай мәлімет жоқ.

- «Сопылар ісі» бойынша сотталған азаматтарды мерзімдерінен бұрын бостандыққа шығаратынына сенесіз бе? Жалпы, бұл мүмкін бе?

- Бұл істі ІІМ, ҰҚК, Қаржы полициясынан құралған барлығы 116 адам тергеген. Алайда, осы істе мемлекетке, президентке қарсы ешқандай дәлел таппады. Сопылардың конституциялық құрылымды күштеп құлатуға, билікті басып алуға шақырғаны жөнінде айғақтар табылған жоқ. Сопылардың әр уақытта мемлекет басшысын қандай да бір ісіне қарамастан үнемі қолдайтыны бәріне мәлім. Сондықтан Саят Ыбыраевтың сөздерінен мемлекет пен президентке қарсы айтылған сөзді тапқан жоқ және ол ешқашанда саясатқа араласып, онымен айналысқан жоқ. Дегенмен де, мен оларды бір күні ақтап, бостандыққа шығаратынына сенемін. Бұған дейін ІІМ-нің терроризмге қарсы департаментінің бастығы полковник Құмарбеков сол кездегі президент аппаратының жетекшісі Аслан Мусиннің сопыларды міндетті түрде соттау керек жөнінде жазылған бұйрықты көрсеткен. Сондықтан біз, Жоғарғы сотқа емес, Ақорданың ойланып, оларды бостандыққа шығаратынына үміттенеміз.

- Қаншама іс жүргізіп, адамдардың қорғаушысы болып жүрген соң, еліміздегі колониялардың жағдайын жақсы білесіз. Бүкіл дерлік түрмелерде діни экстермизм мен терроризм үшін сотталғандар отыр. Түрме бұл азаматтарды «түзетіп» шығара алады ма? Бостандыққа шыққаннан кейін олардың өз қызметін қайта жалғастырмайтынына кепілдік бар ма?

- Колонияларда да өмір бар. Онда да сотталушылар бірнеше топқа бөлінген. Бірінші топта қылмыскерлер болса, екінші топта колония әкімшілігімен байланыста болатындар, үшінші топта не біріншіге не екінші топқа қосылмайтын, бейтарап адамдар. Қазіргі таңда тағы бір топ бой көтерді. Олар – уахаббтар мен салафитттер тобы. Салафиттер халықты ортағасырлық өмірге жетелейді, ұлттық дәстүрлер мен салттарға, ғылымның дамуына қарсы. Бүгінгі таңда билік салафиттерді топ-тобымен соттап жатыр. Көп жағдайда кінәлары дәлелденбесе де, 5-7 жыл аралығында сотталуда. Бірақ сол баратын түрмелерінде олардың ағымы бойынша сотталған «бауырлары» отыр. Сөйтіп, қазіргі таңда бұлар түрмелерде мықты топ құрып алды. Ең қызығы, бұларға не қылмыскерлер, не әкімшілікпен байланысы бар адамдар ешқандай да ықпал ете алмайды. Мерзімдері аяқталған соң, ол жерден нағыз террористер шығады! Түрмеден шыққан уахаббтар мен салафиттердің ешқайсысы осы күнге дейін діни сенімінен бас тартып көрген жоқ. Өйткені мен бірнеше салафиттердің қорғаушысы болып, олардың діни көзқарасын өзгертуге күш салғаныммен, одан ештеңе шықпады. Сондықтан діни ахуалды әкімшілік әрекетпен түзеуге болмайды. Менің ойымша, біздің елімізді өте күрделі, әрі қауіпті мәселелер күтіп тұр.

0
2029
0