Yvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
5
04:13, 20 декабря 2012

«Дала. Қала.»

Blog post image

Дала. Қала.

Қырда ерік, жібек кілем, тау мен су бар,
Шулаған көңілге хош қаз бен қу бар.
Қалада жан азығы, шам шырағы,
Белгісі адамдықтың білім-ту бар.

Дала. Дала деп атын айтсаң-ақ ойдағы ерік, ендік, құлпырып тұрған көкорай шалғын, төбесі мұнарланып, тұманданып көкке тірескен асқар тау, күмістей таза бұраңдап ағып жатқан өзен, тағы санап түгесілмес жасағанның жаратқан табиғатының әдемілігі көңілге сап ете түсті.

Жаз жетті. Қыс бойы саңырау, шырт ұйқыда, шала жансар жатқан дала оянды, оған жан кірді. Ол бұрынғы ертегілерде айтылғандай күні кеше басы таз, мұрнынан боқ аққан, үсті-басы шіп-шикі қотыр бір жаман жан еді. Бір сілкінді, он төртіндегі айдай үлде мен бүлдеге оранған жаңа бойжеткен бір қыз болды.

Қыс бойы түтін, сасықтың арасында ауруға шалдығып шыққан дала баласы о да тірілді... қараңғы, сасық үйін тастап қашып, киіз үйін тігіп көкорай шалғынға барып қонды. Қалың күпі, ауыр тұмағын тастап, желісін қақты, биесін байлады. Бір жағынан сүрін жеп, ертеңді-кеш сапырып сары қымызын іше бастады. Ол бір жасап қалды. Көршілес үйдің отағасылары астарына бір-бір тері салып алып, қолдарына таяғын ұстап, есік алдына көлеңкеге жиылып...қысыр кеңеске кірісті, жастар үйде жоқ. Бай балалары не қысырақтың айғырын, не күйлі шыққан бір қысыр бедеуді мініп алып, қырда жылқыда. Кедей балалары солардың қасына еріп, дәнеге ойында жоқ, асау тай, құнан, байталдан қарқ боп, о да мәз боп жүр. Жас келіншек, қыздар олар да шат. Әсіресе қыс бойы бұзау суғарам деп қар тасып, боқ күреп, жүдеп шыққан, артық көндіге алмаған жаңа түскен келіншектер жұмыстан босағандарына қуанып, жастау қыздар шешесінің қыс бойы үйде құрылыс қыласың деп кигізбеген жаңа тіккен...көйлек, күміс таққан тақияларын киіп қуанып, қуаныштары, қойнына сыймайды. Көксе қыздар, бозбалалар елдің желеуі, биенің байлауы, жұрттың жиын болатын мезгіл де жетіп қалды-ау деп іштерінен қуанады. Биыл ойын-той, қызойнақ көп болғай деп тілейді.

Міне, жаз жетсе дала әдемі, көңілді. Жалғыз-ақ сол сүйкімді даланың орасан бір кемшілігі бар. Оның баласы білімсіз, ойсыз. Ішіп-жеу, ойнап-күлу, ұйықтаудан басқаны білмейді. Төрт аяқты малдан аз-ақ ілгері, ол жарты адам.

Ал енді жаз жеткенде қалаға қарасаң, онда бұл әдеміліктің бірі жоқ. Құрғақ болып аз ғана жел тұрса, шаң, көз ашқызбайтын құм боран. Жаңбыр жауса жүргізбейтін батпақ болады. Дала баласына қала көңілсіз. Ол онда тұра алмайды, шыдай алмайды. Бірақ қаланың осы кемшілігін түгелдейтін бір артықтығы бар. Оның баласы білімді, ойлы. Ол таңқаларлық істер істейді. Отты дүние айналған теңізді кезеді. Айшылық жолды алты аттайтын атсыз арба жасайды. Майсыз шам жандырады. Неше жүз шықырым жерден сөйлесетін құрал жасайды, қанатсыз көкке ұшып, бұлтқа араласады. Түпсіз теңізге сүңгіп меруерт-маржан шығарады, қысқасы қала баласы асқан адамдар. Естімейтін нәрселері жоқ, қолдарынан бәрі келеді. Қала ол өнер-білімнің бесігі, анасы. Онда шын бүтін адамдар бар, онда адамды адам қылатын жұрттары бар. Онда өнер бар, онда білім бар, онда адамға жан бар.

Мағжан Жұмабаев

Мақала «Айқап» журналының 1912 жылғы №1 санында жарық көрген

Blog post image

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) — талантты ақын. Бұрынғы Ақмола облысы губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында туған. Қызылжар — Петропавловск медресесінде, Уфадағы «Ғалия» медресесінде, 1923-1927 жылдары Москвада жоғарғы әдебиет-көркемөнер институтында оқыған. «Айқап» журналында төмендегідей мақала, өлеңдері: «Қатын алу, ерге шығу», «Бұлбұл», «Жазғұтыры», «Жатыр», «Күз күні», «Шын сорлы», «Дала. Қала.» жарияланды.

_________________________________________________________________________

«Қазақ жастарына»

«Аз уақытта көп білу жолының басы»

«Тіл сақтаушылық»

Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»

5
5147
5