• 78816
  • 7
  • 0
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Зейнолла дос

 
 
06.10.12.

Біз өзімізді үй ішінің алдында кәдімгідей, кінәлі сезініп, қысылып келгенбіз; сөйтсек, мыналардың бізбен тіпті де ісі болған жоқ: балалы-шағалы үй емес пе, дәнге үймелеген торғайдай, үпір-шүпірлесіп дастарқанның басына отырып жатыр екен.
Өздері көңілді. Үлкендер жағы әлде­неге күліп мәз; қарт ана да өзінің күндегі дағдылы орнына жайғасыпты, күлкісін әзер тыйып, ығысып қасынан маған орын беріп жатыр. Үй жалдап бөлек шыға алмағанымыз болмаса, мұндағы өміріміз көңілсіз емес. Есін білмейтін кішкентай балалар басы піспей у-шу боп жататын үйде біздің өзіміздің де күндегі күлкіміз, ойын сауығымыз үзілмейді. Басқа ермек табылмағанда үстімізде лаждап отырған баспананың «шерісін» әр саққа жүгіртеміз. Сол сөз қарт ана аузынан қанша шықса, сонша күлеміз.
Бүткіл үйдегі басты дүниенің бірі - рас­кладушка. Кейде оған Зейнолла екеу­міз жатамыз. Ертеңгісін төсектен атып тұра­мыз да, ылғал үйдің сызын түнде бойына тартып дымданып тұрған шалбарымызды ыстық өтекке быжыл­датып басып, қырын шығарып жатсақ үй іші бұған да күледі.

- Біздің үйдің «шерісі» сендерге жақсы болды ғой, - дейді Сәуле.
Апыр-ай, жас кездегі адам өмірінің қызығы көп бола ма, қалай? Үстімізде тұратындар ана жақта аяғын алшаңдап басып жоғарыға көтеріліп бара жатса, біз, мына жақта қасқырдың апанындай үңгірге басымызды бұғып, жер үстінен жердің астына түсіп бара жатқанымызға күліп, тіпті мәз боламыз.
Иә, бұл, бұл ғой. Ал, енді көше беттегі кішкентай жартыкеш терезе осы үйдің біз бұнда келгеннен бергі қызықтап көңіл ашатын басты ермегі. Ас үстінде отырғанда да көзіміздің қиығы тұ­сымыздағы жартыкеш терезеде. Тас көшеге иегін төсеп, жер тістеп жатып алған терезе алдынан тұяғы тырсылдап ерсілі-қарсылы өтетін де жататын халыққа түнде де тыным жоқ; күндіз болса болмаса да, тыным жоқ; сол қыруар халықтың біз іште отырып аяқтарының дыбысын есітеміз.
Шпилканың жаңа шыққан кезі ғой. Қайсыбірде үріп ауызға салғандай қып­ша бел әп-әдемі не қыз, не келіншек өте­ді. Ондай қарақтарымның әне бір кісі қызыққанда тамағыма тұрып қалар-ау деп қорықпай, шпилкасымен қоса жұтып жібергендей, сүп-сүйкімді, әп-әсем аяғы болса бір сәрі; ал, егер қоң етінен жарылайын деп тұрған түйенің жарты етіндей жеңгейлер шпилка кисе құрыдық; олар терезе алдынан темір қазықтай тақамен тас көшені тепсіне басып өткенде тас төбеңді тесіп жібере жаздайды; түнде шырт ұйқыдан шошып оянасың; ал, күндіз басқаша: күндіз терезе алдынан ағылып өтіп жатқан кісілердің бетін көрмесең де, сен, бірақ терезеден олардың тізеден төменгі жағын көресің; іште отырып көретінің кіл аяқ: әйелдің аяғы, қыздың аяғы, еркектің аяғы, қисық аяқ, оқтаудай түзу аяқ; ал, торсықтай аппақ ақ балтыр аяқты көргенде мен, есім шығып, келіншектеріміздің көзін ала бере Зейнолланы, Зейнолла мені түртіп, көзіміз әлгі жалт етіп жоқ болған аяқтың соңынан ілесе жүгіре жө­нелетіндей, ұмтыла жаздап, өзіңнің шалғайыңды өзің басып, әлекке түсіп жатқаның.
Апыр-ай, адамның беті сияқты аяқтардың да бір-біріне ұқсамайтынын кім білген! Құдды адам сияқты, бұлардың да әрқайсысына тән өзіне лайық мінезі болатыны ма, қалай? Бірі сылбыр. Бірі шапшаң. Шалт. Әне біреу: «басқаны қайтесің, мені көр» дегендей, тереземіздің алдынан бұлшық етін бұлтылдатып ойнақтап өтеді. Мына біреудің сирағында сүйек пен сіңірден басқа бір шайнам ет жоқ; өзі сидаң ба, шапшаңдап басып бұ да өте шықты; ал, мына бір терте аяқ ерең-серең.

Бәтір-ау, бұларға не болған? Қай сыбағасынан қалып барады? Бәрі асығыс. Бұлар неге қапылып, жан­таласып, аяғы аяғына жұқпай, тез, тез өтіп жатыр? Қазіргідей емес, ол кездегі жанарымыздың жытылығына қа­рамастан - мен де, Зейнолла да - әлгілердің аяқкиімі Ленинградтың атақты «скороходы ма», әлде складта тау боп үйіліп жататын өзіміздің «Жетісу ма», оншасын айыра алмай, бір-бірімізден сұрап жатамыз.
- Сендерге жақсы ермек табыл­ды, - дейді Сәуле.
- Иә, бұларға терезе болса, телевизордың керегі жок, - дейді Ажар.
Өзі бұнда келгелі үнсіз. Жүзі сынық. Тіс жарып айтпаса да, ар жағындағы ренішін білем. Алдында әкесінің үйі күтіп тұрғандай, есі бар кісі алдын ала қамданбастан үй ішімен көшіп келе ме екен. Бізсіз де өздері тоғыз жан, аядай бөлмеге әзер сыйып отырған балалы-шағалы жас семьяның үстіне енді біз семьямызбен кеп жатып алғанымыз менен көрі Ажардың жанына батып жүрген-ді.
Қарт аналардың көңілі кашанда жүйрік қой. Біздің шыныменен қи­налып жүргеніміз басқадан бұрын Жақу ананың жанына батып болды. Бұл кісіні мен қартайған кезінде көр­дім. Жас кезінде еті тірі, ширақ, пы­сық еді дейді. Ол кезде Қабдол аға­мыз­дан бас­тап үй ішін ұршықтай үйіріп, уысын­да ұстап отырса керек. Тумы­сынан тіл­ді, тік мінез жанның кө­кі­регінде де бір басқа жететін би­лігі де бопты.
Сол күні Зейнолла жоғарғы жақта жиналыс болып, түскі тамаққа кел­меген-ді. Осы күндері маған да ас батпай жүрген. Алдымызға келген астан ауыз тидім де, алас-қапас тұрып жөнеле бермек болғанымда, қарт ана етегімнен басып, қайта отырғызды.
- Шырағым, Әбдіжамил, - деп сөз бастады, - өзіңді жаңа көріп жа­тырмыз, бірақ сыртыңнан қанықпын. Зейнолламның жан жолдасы маған қайдан жат болсын. Тумасаң да, қазір сен де өзімнің бір баламдайсың. Үйі­мізді тарсынба. Шүкір, баспана қып отырған үстіміздегі мына қос уыс бөлменің кеңі - сендердікі, тары - біздікі.
Әбді балам, біз мұнан да қиын заманда өмір сүргенбіз. Соның бәрінде де, Құдай дес бергесін, көппен бірге бөле-жара қауымдасып көтердік. Бірде сүріндік. Бірде жығылдық, әйтеуір бір қараға жеттік қой.
Ендігі қалған өмірде, әкесінен қалған жалғыз бала қайда жүрсе де көзімнен таса қылмай, қарасын көріп, қасында жүруге бел буып, ана жақта қалған ел-жұртты тастап, көкірегімді сүйретіп келіп жатырмын. Бұрын болмаған жер ғой, бізге де қара керек, үй тапқанша бізбен бірге тұра тұрыңдар!
«Қайран, сол замандағы қазақтың әйелдері-ай, - дедім ішімнен, қатты тебіреніп, - осы сендер томашадай болып алып, оқу, тоқусыз да аңғал- саңғал адыра дүниенің жетпесі мен жоғын жасырып, барын асырып, бая­ғының кісілеріндей, барыңды бетке тосып, керек болса, бір малдың сүтін бөліп ішіп, бір дәнді жарып жеп, соған, апыр-ай, қағанағың қарқ боп шал­қып жүретіндерің-ай! Өздерің және адам­ның ішіне кіріп шыққандай, маң­дайда­ғы екі көзден де басқа, көкі­рек­теріңде де айтқызбай білетін тағы да көздерің бар ма, қалай? Апыр-ай, жан­дарың қан­дай жайдары еді. Жұ­ды­рықтай жүрек­теріңе, қаласа дүние сыйып кетердей неткен дархан, кең едіңдер!
Тап жаңа тарының қауызына сы­йып кетердей боп тұр едім-ау. Қапе­лімде, мына дүние қалай қол-аяғы созылып кеңіп сала берді! «Үлкен кісі-ау, - дедім мен, - қос уыс үйдің кеңі сендердікі» дейсің. Қысылма дейсің. Бізде өзімсініп шамамыз келгенше қысылмай да қымсынбай, емін-еркін тұрғымыз келеді. Бірақ күнде кешкісін Сәуле мен Ажар құшақтарында ба­уырына қысып алған бір-бір көрпе. Аядай бөлмеге үй ішінің жандарын қалай сыйғызып жатқызарын білмей, қиналып тұрғанын көргенде, қара жер жарылса кіріп кеткендей болам.
Бұнда келгенімізге бүгін он төрт күн бопты. Сендер Атыраудансыңдар. Біз Аралданбыз деймін. Қонысымыз басқа болды ғой деймін. Отын, суымыз да бө­лек болды. Бірақ Жақу ана, маған салса, өзіңді баяғыдан білетін сияқ­тымын. Иә, білем. Білгенде кандай! Біл­меген жерім болса, қалғанын жа­ным, жүрегіммен сезіп жатырмын. Сен де, кеше біз келгенде ішке ба­сы­мызды сұқпай жатып көкірегіңді ашып қарсы алғаныңды көрдік қой деймін.
Қазір кемді күн қиындық көріп жатқанымыз болмаса, тағдырыма ризамын деймін. Тірліктегі талабымыз ыңғайлас болды да, тағдыр Зейнолла екеумізді ерте табыстырды ғой деймін. Әскерден әзер дегенде босанып елге келсем, Зейнолла студент екен. Келесі жылы күзде Алматыда жас ақын, жа­зу­шылар бас қосқан жиында кездес­тік. Ол да, мен де бір көргеннен іштей ұмтылып, ықыласымыз құлап түсті де, көңіл жарасып, дос боп тарастық. Сонан бері жұбымыз жа­зылмады. Арамыздан қыл өтпестей доспыз, дей­мін. Осы жылдары, сендердің жағ­дай­ларыңды Зейнолла доспен жата-жастана жүріп, біліп алғам деймін.
Қабдол ағамен екеуіңде екі түстің екеуінен де - қыз да, ұл да болыпты. Бірақ сен, Зейнолла тұрғанда басқа балалар көзіңе түспей, осы бір қол- аяғы шидей, қоңқақ мұрын қоңырды әлдеқандай қып «жалғыз бала» деген көрінесің, - деп, мен күліп ем, сенде, Жақу ана:
- Қайтейін енді, - деп қосыла күліп едің-ау!
Қабдол ағамыз заманында Ембі мен Доссордың өңірінен шыққан белгілі, білеудей мұнайшы бопты. Ол заманда, бірақ сендер қомсындыңдар ма, қа­лай, «мұнайшы» демей, бірде «қара майшы» деп, енді бірде «қара жұмыс­шы» деп, онша мән бермей, жай ғана айта салған көрінесіңдер ғой, - деп едім, сен:
- Осы күнгі балалар ғой, жерден же­­ті қоян тапқандай «қара алтын» деп, әлдеқандай қып жүргендері. Ол кездегі оның шын аты қарамай болатын, - деп едің.
Елден келгендер «бала не істеп жүр?» деп сұрағанда, біз де өзіміздің жалпақ тілімізбен «қара майшы» деп, белінен бір басып айта салатынбыз. Құдай шебер-ау, үйтпегенде ше. Жа­ман, жақсы осы үйді ұстап отырған азамат болғасын, күнде ертеңгісін мұн­таздай қып киіндіріп жіберсемші, бар­­­­­ған жағында бейшараны қара майға батырып қоя бере ме, адам кө­ретін сиқы жоқ, екі көзі жылтырап келіп тұрады. Амал қанша, қоламтада шойын құманда тұрған жылы суға шо­мыл­дырып, тазалап алам, - деп күлуі күл­сең де, сен бірақ аяқ астынан көңілің бұзылатын еді де, жалма-жан көзіңнің жасын сүртіп әпі-шәпі боп қалған едің. Бұған да шүкір дегенсің. Екі қолы ал­дына сыймай, соламандай боп үйде отырып алса қайтер едім. Зейнол­лам­ның әкесі талапкер болды. Қолмен іс­тейтін қара жұмыстың ешқайсысынан қашқан жоқ. Таң атар атпаста көппен бірге кетті, кеш келді. Қолына тиген тиын-тебенін әр айдың аяғында әкеп алақаныма салатын деп, сен ылғи да сол кезді сағынышпен еске алып, кө­зіңнің жасын сүртетінсің.
Елден келген баяғыдағы замандас қыздар сықылықтап күліп отырып әр нәрсені бір сұрайды дейтінсің. Сөз арасында мұндағы күй-жайымызды да сұрайды дегенсің. Жасырмай, шы­нын айтсам, қағынғырлар азсына ма, қайдам, «жете ме?» деп, бетіме мүсіркей қарайды. Онысы, әрине, маған ұна­майды. Ал, жетпейді. Жетпесе қайтем екен, әй? Онсыз да, Құдайдың мына күйіп тұрған ыстығында қара майы түспегірді жеті қат жердің астынан қауға тартқандай ақ тер, көк тері шы­ғып азаппен алып жатқанын көрем ғой.
Жетпей бара жатса, қайтейін, ала қаптың түбін қағам. Қоламтаға күлше пісірем. Сосын анам байғұстың қар­шадайымнан құлағымда Құранның сөзіндей жатталып қалған «шүкір», «тәубем» бар. Тарыққанда сол тіліме оралып, мінажат дұғадай ішімнен қайталап, өзіме медет қылам.
«Қайран, сол замандағы әйелдер-ай!» деймін мен де ішімнен қатты толқып, тебіреніп кетіп. Иә, бұдан бұрын да Зейнолладан талай-талай есіткем. Апыр-ай, сол жыл сендерге көптен күткен жақсылықтың ны­шанындай боп еді-ау! Зейноллаң ауылдық мектепті бітірді. Сендерге салмағын салмай, өз бетімен талап қып, Алматыға барып, университетке түсті. Қоңыр тұрмыс құрды. Қалимаш мек­тепте, оқуда. Иә, не айтатыны бар, жел­­дерің оңынан тұрып, тірлікте көрем бе деген қызықтарың аяғына жаңа міне бастағанда, Жаратқанның жазуы солай болғанға, Қабдол ағамыз аяқ астынан ауырды. Аз ғана күн төсек тартып жатты да, қайтыс болды.
Сені қала көрді. Үш құрсақ көтерді. Үш балаға ана болды десе де, шыққан жерің белгілі. Айдалада жатқан ба­йырғы қазақы ауылдың кешегі шүйке бас қызы едің ғой. Қатарға еніп, үстіңе үй көтеріп, сән түзеп жүргенің қара майшы Қабдол ағамыздың арқасы болатын. Талшық қып отырғаның да соның әр айдың аяғында әкеп ала­қаныңа салатын тиын-тебені еді. Сен оны үй ішінің бір айдағы рызық-не­сібесіндей, аз да болса көптей көретін едің де, үй ішін тарықтырмай айдың аяғына әзер-әзер жеткізетінсің. Енді... міне... Онсызда, «шықпа жаным, шықпа» деп отырған бір үйлі жанның бар тауқыметі зіл қара тас салмағы­мен, бойыңда алты айлық бала бар, шынашақтай әйелдің иығына түсті де, түйедей шөгіп жатып алмады ма.
Құрсын, адам итжанды ғой. Аспанға ұшып, жерге батып кетпегесін, басқа түскен бар қиындықтың бәріне кө­несің. Бәріне төзесің. Жақу ана, сен де көндің. Қабдолдан қалған қара ша­ңырақ құламай, үстіңде қалқиып тұр­ғасын айы, күні толғанда сендердің отбасыңа құлағы қалқиған тағы бір қызыл шақа тірілік келді. Кеше дүние салған әкенің осы неме орнын басар деген үмітпен, атын Орынжан деп қойдың. Ана жақта Зейноллаң оқуын жалғады. Мына жақта сендер де тал­пынып, тірі тір­ліктеріңді істедіңдер.
Кеше, көзі тіріде соғыс жылдарында қара майшыға картошкамен беретін жұдырықтай қара нанды, енді артында қалған шиеттей бала-шаға шетінен шымшып жеп, соған да «а, құдай, бергеніңе шүкір» деп, сен де бойыңда бойтұмардай болып кеткен «шүкірің», «тәубеңді» тарыққан, торыққанда өзіңе медет қып, жұртпен бірге та­лаптанып, тырбанып бақтың.
Пәле қылғанда, сонысы құрғыр бітудің орнына, қайта өршіп, бұрынғы бұрынғы ма, былтыр Мәскеу түбінде болған қырғын биыл үйлеріңнің ір­гесіне келді де, қолсозымдай жердегі Сталинградта ала-топалаң сап жатты. Бейшара халық өздері титықтап, ақ сирақ болғанына қарамай, ішер асын аузынан жырып, үстіндегі лыпаны иінінен сыпырып, ана жақта жаумен жағаласып жатқан боздақтарға жібердіңдер емес пе?!
Ембі, Доссордың атам заманнан бергі қара майы тек бізге ғана керек екен десек, ойбай құдай-ау, біздің қара майымызға неміс патшағарлардың да зәру болғанын қайтерсің. Үстімізден самолет ұшырып пәле қылды ғой.
- Құрсын, айтатыны жоқ. Балаларды сыртқа шығармай, үйде тығып ұстайтын болдық, - дей түстің де, табан астынан түсің қашып «пәленің бетін аулақ қыла көр» дегендей, қос қолыңды сермелеп әпі-шәпі бола қалдың. Біраз отырып барып, өзіңнің әдеттегі сабырлы қал­пына түстің, - шырағым, Әбді балам, сен де өзімдей қу жетім кө­рінесің. Әкең де, әкеңнің інілері де... Жасаған Ием-ау, біреулер «бесеу» десе, басқа бі­реулер «жоқ, алтау» еді дейді. Жаз­мыш солай болған да, қарақтарыма. Басы ноқтада жүргесін, ол заманда кімге қай жердің топырағы қайдан бұйырса да жаны шейіт, иманы жол­дас болсын!
Соны айтты да, қарт ана қос қолын көтеріп, алақанымен бетін басты да, қыбыр етпей отырып қалды. Кім білсін, ішінен қайырған дұға ма, әлде қарғыс атқыр заманның қазасы мен азасы ащы өзегін тағы да өртеп, жаны, жүйкесі босап, ет бауыры егіліп кетті ме? Екі рет иығының басы селк етті де, басы бауырына түсіп отырып қалды.
Менде қарт ананың өзімен-өзі оңашаланып, мұңға батқан осы бір сәтті бұзғым келмей, отырған қал­пымнан қозғалғам жоқ.

* * *
Осы біз өткенді неге тез ұмытамыз? Өзгені қойғанда, оны мен өз басымнан да байқайтын боп жүрмін. Әрине, бұндайда кінәңді біліп, мойынға ал­ғаннан гөрі, ақталған әлдеқайда оңай. «Өмірдің аты өмір, деуге болады. Әр заманның өзіне жететін қиындығы бар» деуге болады. Иә, шынында солай. Тірлікте қай пенде дүниесі түспегірдің бас-аяғын түгендеп үлгерген. Қызыл танау боп анаған бір, мынаған бір жүгіріп, табаныңнан таусылып жүр­генде, шолақ өмірдің шолтаң етіп өте шыққанын байқамай қалатын адам пақыр, жұдырықтай баста өткен-кет­кеннің қайсыбірін есте сақтай берсін десең, бұл тіпті орынды боп шығады.
Иә, солай-ақ болсын. Бірақ солай дей тұрсақ та, бәтір-ау, тап күні кеше емес пе еді, халық қынадай қырылып, қан құсып жатқан сол қарғыс атқыр заманды адам баласының тірі жүріп ұмытуы тіпті де мүмкін емес сияқты болғаны қайда? Қазір сол кімнің есін­де?
Кеше, Жақу анамен сөйлескеннен кейін маған дүние біртүрлі төңкеріліп кеткендей болды. Ажардың: «бір амалын тапсайшы, бөлек шығайық» деп, құлағымнан аздырып болған қыңқылы да есімнен тарс шығып кетті. «Апыр-ай, - деп ойладым, - осы біз кішкене қинала бастасақ, неге «дүние шолақ» деп, басымызды жауап­кершіліктен ала қашамыз? Жарайды, шолақ болса сол шіркін шолақ шығар. Әйтеуір, дүниеге келгендер - хан боп, қара боп - дегеніне жете алмай, өмі­рінің ақырында бармағын шайнап өтетіні тегін бе еді? Бірақ дүниеде адамдар бар емес пе? Сана бар емес пе? Сана деген айналайында тіпті де ұмытылмайтын оқиғалардың бола­ты­ны қайда? Ол өзі және мәңгі бақилық болушы емес пе еді?
Әл-д-е, тоқ-та... сайып келгенде, бәтір-ау, бұның бәрі кеше бізді тәрбиелеп өсірген қоғамға байланысты ма еді? Иә, сол кез еді ғой, ұлан-байтақ Отанның шүлдіреген кіп-кішкентай балалары «егер де ертеңгі күн соғыс болса» деген киноның рухында тәрбиеленіп өсіп едік-ау! Сол рухта тәр­биеленген біздер: есерсоқ жау, егер де ертең соғыс ашса, қарсыласуға келтірмей, танкіміз темір табанымен тапап, қызыл әскеріміз шалғыдай шауып, қырып саламыз деп, мәз боп жүрмеп пе едік, лепіріп.
Міне, 22 июнь. Құдай көктен тіле­генді бізге жерден берді: күндегідей сол күні де таң атты. Жо-жоқ, таң атып та үлгермеді. Есерсоқ жаумен жаға­ласа кеткенде, біз емес, масқара бол­ғанда олар бізді танкімен таптады. Біз емес, олар бізді шалғыдай шауып, шынтағынан асыра жеңін түріп алған әпербақан солдаттар есімізді жиюға келтірмей, әп-сәтте Мәскеудің түбінен бір-ақ шықты. Ел тағдыры сынға түсіп, жан алқымға таялып, баяғы ата-баба заманындағыдай, «аттан!» - деп айқай салатын күн туды.
Қара ағаштай қаптағалы әзір тұрған халықты көтеретін рухы биік отты, өткір сөзді арамыздан бізден де біреу шығып айту керек болғанда, оны:
Оралым менің, Оралым.
Оралым шықтың алдымнан,
Қол созып қызыл вагоннан.
Үстіңнен өтіп барамын, - дей түскен ақын, кенет өзінің қызыл вагонмен қайда, неге кетіп бара жатқаны есіне түсіп:
Айтпақшы қайда бораның,
Кетейін алып майданға, - деп, ұрысқа кірер алдында шар қайраққа салған болаттай, Қасым ақын өзін қайрай түсіп еді.
Бұрын дәл осындай өжет, өткір сөзді қазақ поэзиясында қас дұшпанға Махамбет айтса, фольклорда Нәріктің - ұлы, естеріңде бар ма, Шора ба­тырдың:
Мен, Қазанға барғанша қар жау­масын, нұр жаусын,
Мен, Қазанға барған соң, қар жаумақ түгіл, қан жаусын, - деп өзін де, өзінің қас дұш­панын да жанынан түңіл­діргендей, жүрек жұтқан ерлік те, өрлік те, өктем сөз еді, бұл.
Кеше өзіміздің даланың әлгі бір қаһарлы қыста қаптай соғатын қара боранын қан майданға өзімен бірге ала кеткен өжет ақынды өрт ішінде оқ- қағары сақтады. Жауды жеңіп, ел-жұрттан алақайлап сүйінші сұрайтын күн туып еді; бұл жолы жүрегін қолына ұстап, шаттық жыр-жеңіс жырын өзінің дуалы аузымен тағы да сол «Аманжол Рахымжанның Қасымы» айтты:
Жеңдік қой жауды,
Арман не, құрбым,
Күркіреп күндей,
Өтті ғой соғыс,
Келемін қайтып,
Өлеңімді айтып...
Иә, жеңіспен оралған солдат-ақын ел-жұртына жай қайтпай, жүрегі тола жырмен оралып еді-ау. ІІІаттанып, мақтанып, шалқып оралып еді ғой. Тілекті Құдай беріп, ақ түйенің қар­­­ны жарылып еді! Құшаққа-құшақ айқасқан күн еді ғой, ол! Кенерінен асып төгіліп жатқан, ой-қой дүние, сол күнгі халық қуанышы да бір, түбімен шайқалып толқып кеткен теңіз де бір еді-ау! Осы күнге дейін жан созып, шүлдіреп көзі тірі жүрген азғантай кем­пір-шалдар болмаса, қазіргі ұр­­­пақ сенің айтқаныңа қайдан сенсін. Сол бір ұлы қуаныштың алғашқы апақ-шапақ, шат-шадыманында кімдер кү­ліп, кімдердің қара жамылып, жы­­лап жат­қанын кім білген. Осы күнді көрер, көрмесін білмей, зарығып та торығып күткен халық байғұстың күліп жүріп жылап, жылап жүріп күліп, қайта жылап, шалғайға оралған жас баланы жалма-жан бас салып құшақтай алып, енді, ана, бала еңіреп қосыла жылап, біріне-бірі мұңын, зарын шаққан күн еді-ау,ол!..
Қанша десе де, ақын сорлы, ол да бала. Ел-жұртқа: «Жеңдік қой жауды, арман не құрбым» деп, жанын жа­лаулатып, шаттанып, шалқып кел­се де, бірақ кеше, ана жақта шыбын жанын шүберекке түйіп, оқ пен от астында жүрген боздақтардың бәрі болмаса да, көбі сол жақтан қайтып оралмап еді ғой. Жат елде, жат елдің то­­пырағы астында белгісіз, беймағлұм төмпешік боп қалған жоқ па еді?
Сол бейшаралардың өздері көре алмаған бір-бір жетімектер мен ар­тында аңырап қалған бүлдіршіндей, жап-жас бейбақтар аз ба еді? Солар ұя басқан ана құстай еді ғой! Аруақты сыйлап еді. Антына берік боп еді де, бауырындағы әлгі бір-бір жетімек­терін жетілдіріп еді. Сөйтіп жүріп, өздері де дегеніне жетіп еді. Өзгелерді білмеймін, ал өзім білетіндерден: Әбіш Кекілбайдың төрінде Ай-ана, Асқар Сүлейменнің төрінде Айтоты - бұл күнде бауыры толған немере, шөбере, ал, әне біреулер шөпшек пе, немене ме, өздерін шатыстырып ала берем деп күліп, ой, жарықтықтар-ай, күні кешеге дейін салулы төсек, салқын үйде ақ жау­лықты ажарын келтіріп, алшысы­нан тартқан ақ шашты сол екі ана қазір де көз алдымда!
Сол жарықтықтар барда ол үйлер­ге жиі барушы едім. Қашан барсам да, қанша барсам да Ай-ана алдыңнан шығар еді; есікті өзі ашар еді; та­бал­дырықтан апыл-ғұпыл аттай берем дегенше, ол да құшағын аша ұмтылып, бауырында ұзақ ұстап:
- Жарығым, аман-сау жүрсің бе? - дегенде, ойпырмай дап-дардай басыммен өзімнің, қапелімде қалай кіп-кішкентай дәрменсіз пақыр бала­дай сезінетінімді білмей қалушы едім. Қаршадайдан ана құшағын көрмей, қоңылтақсып өскен сорлы басым осы бір мейірімді жанның ар жағынан жүрегінің жылуы мен дірілін ала шыққан жаңағы баяу, жұмсақ үні құлағыма жеткенде буыны құрғыр босап, ыстық құшаққа тығыла түскім келетін еді. Жалғыз мен емес, алдына барған үлкен-кішілерге, ағайындарға, абысын-ажындарға әрқашан ағынан жарылып, омырауын ашып, ақ дас­тарқанын жайып, жылы райын беріп отыратын, иманды болғыр, қайран Ай-ана, сонан саған батасын беріп, бетіңнен сүйіп шығарып салар еді-ау. Боса­ғасынан ары аттап ұзағасын да келесі кездескенге дейін сыртыңнан бес мезгіл намаздың бесеуінде де маңдайы шаждаға қанша тисе, сонша тілегіңді тілеп: «Ей, Жаратушы Жаппар Ие, кешегі біз көрген бейнет пен қай­ғы-қасіретті мына қарақтарыма көр­сетпегін, кәпірдің бетін әрмен қыла көргін. Бұларға не көрсетсең де кеше біз көре алмаған жақсылығың­ды көрсеткін» деп, бар ықтиқат риза­лық көңілден ақтарылып отыратын жанашыр тілекшіміз еді ғой!
Осы күні сол ананы, сол анадан да басқа небір соның өзіндей, әлде көзіндей талай кейуана есіме түседі. Сондайда оңаша үйде өзіммен-өзім отырсам да, қайдағы-жайдағы ойлар өре түрегелді де, басымды қаумалап алады. Бір есептен бұл заңды да шығар. Қауқары қайтқан кәрілер алдағы күн­нен күтер үміт азайғанда не жақ­сы­лықтың бәрін аманда кейіннен, ке­йін болғанда кешегі өздерінің қы­зығы көп күндерден іздеп, артына жал­тақтайтын әдет болмаушы ма еді? Соны айтсаң қазіргі ұрпақ ыржалақтап «сен­ти­мен­тальный старичек» деп күлер еді ғой!
Е, күлсе қайтеміз. Күлсін. Бұрын­ғылар да «күлсең кәріге күл» демеп пе еді? Бір-а-қ... Сол күлегештерде тың­дайтын құлақ болса, кәрілерден де бірдеңе үйренуге болар еді дегім келеді. Со-л а-анау заманда өзіміздің қауға тартқан, сойыл өңгерген ата-ба­ба­ла­рымыздың қайсыбір істері қайран қал­­дырады. Япырм-ау, - деп ойлаймын сонда, - жарықтықтар малын бағып, көші-қонын реттеп, жөніне тыныш жүрсе болмай ма. Кімнің қайдан шық­қанында, арғы-бергі текте, ұр­пақ­тың нәсіл қуалағанында несі бар? Ол, ана көзі қарақты ұлама оқы­мысты­лардың үлесі, солар тындыратын шаруа емес пе? Басын қатырса солар қатырсын. Олар да қарап жатпаған шығар. Есіт­кен құлақта жазық жоқ: кешегі боль­шевик заманында, үлкен ұлама био­лог-генетиктер нәсіл, тек төңірегінде пікірлері бір жерден шықпай, күні кешеге дейін көкпардың лағындай әркім әр жаққа тартқылап жүргенде, әлгі, өзіміздің әліпті таяқ деп білмейтін шалдарымыз ер жеткен баласын үй­лендірерде, апыр-ай, садағаң ке­те­йін­дер, құрым киіз күркесінде отырып ас­пандағы айға қарай ма, жұл­дыз­дарды санай ма, оны өздері біледі; ал, біздің білетініміз - ертең өздері құ­да түскелі отырған қыз әке­сінің өрістегі малы емес, қызды ту­ған ана­ның жа­ты­рын әңгіме қылыпты ғой.
Иә, пәруардыгәр! Сонда сол жа­рықтықтар, үйінің табалдырығын оң тізесін бүгіп «пісімілла», деп сәлем етіп, оң аяғымен аттағалы тұрған болашақ жас келіннің арғы-бергі тегін қазбалап, ту, ту-у жеті атаға дейін жіліктеп шақ­қанда, түптің түбінде көздегендері - өзінен өсіп-өнетін ертеңгі ұрпақтың асыл нәсіл, тектілігі еді-ау! Не шық­са,тектіден шығатынын білген екен ғой, жарықтықтар!
Ал, әне бір қылтанақ шықпайтын қу тақырға құдіреті күшті Құдай көктен нұрдың суын қанша құйып, адамдар қанша тер төксе де гүл шыққанын бұл жалғанда, жан баласында көрген, білген,сірә, бар ма екен? Әй, қайдам!

Әбдіжамил Нұрпейісов


 
«Айқын» AIKYN
Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің алғашқы саны 2004 жылы 6 наурызда жарық көрді. 2005 жыл газет Президент сыйлығын жеңіп алды. 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын иемденді. Аптасына 5 рет шығатын күнделікті газеттер арасында «Айқынның» өз орны бар. Аз ғана уақыт ішінде «Айқын» республикадағы белді де беделді басылымға айналып, Қазақстанның бұқаралық ақпарат кеністігінде өз ор…нын тапты. Газеттің әр нөміріндегі мақалалар түрлі сараптамалық шолуларда, пікірталастарда негізгі тақырыпқа айналып, интернет жүйесінде де қайта басылып келеді. Шенеуніктер, менеджерлер, түрлі деңгейдегі кәсіпкерлер өз жұмысын біздің газеттегі жаңалықтарды оқудан бастайды. Республикалық қоғамдық-саяси басылым – «Айқын» газеті қазақ қоғамының мәдени өмірі мен қоғамдық-экономикалық, саяси деңейін көтеруді алдына мақсат етіп қойған. Басылымның бірқатар облыстарда тілшілер қосыны бар. Сондай-ақ Будапешт, Пекин, Ашхабад қалаларында өз тілшілеріміз қызмет етеді. Газеттер бағасы мен таралымы жағынан б
8 октября 2012, 12:34
309

Загрузка...

Комментарии

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Дастархан в те времена был скромен. Не было понятия «сынау» - осуждения кто как живет, какой в доме ремонт и т.д. Пока взрослые обсуждали задержку заработной платы, мы играли в армию, жмурки, строили городки...
socium_kzo
5 дек. 2016 / 15:19
  • 22566
  • 28
Верховный Суд презентовал комментарий к Гражданскому процессуальному кодексу

Верховный Суд презентовал комментарий к Гражданскому процессуальному кодексу

ГПК содержит 505 статей, многие из которых написаны несколько сложным юридическим языком. Однако теперь понять их можно проще и без обращения к юристу.
RuSnake
6 дек. 2016 / 10:31
  • 10861
  • 0
Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

"Мужчины должны у вас тут права качать, ибо их процент в вашей численности населения уступает проценту женщин". Я машинально начала уверять, что у нас в стране таковых не имеется...
Sapientia
5 дек. 2016 / 10:52
  • 10235
  • 71
Известный европейский фотограф показал истинную красоту казашек

Известный европейский фотограф показал истинную красоту казашек

С 26 по 30 ноября в Алматы гостил известный европейский фотограф Ян Маклайн в рамках реализации совместного проекта с Казахстаном. Подробности не уточняются, однако ходят слухи о том, что этот...
Muchacho55
7 дек. 2016 / 18:29
  • 7339
  • 8
Распил 1 млрд долларов или спасение для Алматы? В 2017-м начнётся строительство БАКАД

Распил 1 млрд долларов или спасение для Алматы? В 2017-м начнётся строительство БАКАД

Конечно, Алматы заслужил эту дорогу. Невзирая на все издержки, которые могут возникнуть. Заслужил и как крупнейший город Казахстана, и как субъект, формирующий своими налогами около четверти всех...
merurg
7 дек. 2016 / 12:35
  • 7022
  • 19
10 причин, по которым я не смогла работать учителем. Не только в зарплате дело, ребята

10 причин, по которым я не смогла работать учителем. Не только в зарплате дело, ребята

Я почти год проработала в школе, и когда уходила оттуда, была самым счастливым человеком в мире. Тот год, честно говоря, я и сейчас вспоминаю с ужасом.
demonica
6 дек. 2016 / 17:21
  • 5615
  • 78
На самом деле дела плохи: казахстанские школьники на 49-м, а не на 12-м месте по математике

На самом деле дела плохи: казахстанские школьники на 49-м, а не на 12-м месте по математике

О том, как масс-медиа раздула миф о казахстанских вундеркидов в розовый воздушный шар, пока его не проколола правда-иголка. Получается, что казахстанские дети не могут применить теорию в практике...
ardakzhurynov
7 дек. 2016 / 0:17
  • 5064
  • 35
Почему Дональд Трамп назвал Казахстан чудом. Президент подтягивается по географии

Почему Дональд Трамп назвал Казахстан чудом. Президент подтягивается по географии

Трамп и не подозревает, что 16 декабря 1991 Казахстан не создал, а восстановил свою национальную государственность. Иначе бы он упомянул не только 25 лет, а больше чем 550 лет казахской истории.
Stehlikova
2 дек. 2016 / 9:02
  • 5258
  • 88
Молчание врачей. Дети ЮКО, заражённые ВИЧ 10-11 лет назад, узнают о диагнозе-приговоре

Молчание врачей. Дети ЮКО, заражённые ВИЧ 10-11 лет назад, узнают о диагнозе-приговоре

Как сообщают новостные издания, в ближайшее время в Южном Казахстане 102 детям в возрасте 11-12 лет сообщат об их страшном диагнозе. Все эти дети были заражены ВИЧ, причём большинство было инфицировано по вине врачей.
openqazaqstan
2 дек. 2016 / 13:57
  • 4555
  • 4