место в рейтинге
  • 193928
  • 171
  • 40
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Қаракерей Қабанбай батыр Арқаға жерленген

Қазақ поэзиясының дүлдүлі Ілияс Жансүгірұлы:

«...Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді!»

деген алып-қосары жоқ, қазақы сана-сезімге шап-шақ, сиымды даналық сөз қалдырып еді. Астарында ол заманда өздері көкке көтере алмаған Ұлы бабаларымызды кейінгі ұрпаққа – бізге тапсырғанын жамырайды. Аруақты аталарымызды жадыдан шығармауды аманаттайды.

Ақын көксеген арман заманды Тәңірім қазаққа өзі берді. Орыстандыру саясаты көлегейлеген хандарымызды, билерімізді, батырларымызды, бар жақсыларымызды қазақ жұрты тұмшадан арылтып жатыр. Осы бабалардың алдыңғы санында Қожақұлұлы Ерасыл-Қаракерей Қабанбай батыр тұр. Замандастары Ерасылды-Нарбала, Ізбасар, Хан Батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деп те атапты. Санасақ, қасиетті жеті саны – жеті есім шығады. Көмекей әулие Бұхар жырау данышпан:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек, –

деп, сол тұстағы қазақтың төрт тірегін Қаракерей Қабанбайға бастатады. Кереметі осы төрт әулиенің ең кішісі Дарабоз еді. Мұны бүгін «абсолютті мойындау» дейді. Ал, Мәшһүр Жүсіп Көпей дана «Қазақта Қаракерей Қабанбайдай батыр болған емес» деп кесіп айтады, басқа ойды араластыруға шама қалдырмайды.

Бұл қағиданы аталарымыз ес білгеннен-ақ құлаққа құйған. Тіліміз шығар-шықпастан қарттарымыз санаға әбден сіңірген. Аңызды жаттап өстік, жаттағандарымызды бала жасымызда ауыз ашарға, тарауыққа жиналған қарияларға бірнеше күн қатарынан жырлайтынбыз.

Бүгін Қаракерей Қабанбай батыр туралы дастандардың жазылып алынған саны жиырмаға жетіпті. Он сегізі – Ғылым Академиясының қорында. Ең көнесі – 1862 жылы қағазға түсірілгені Татарстандағы Қазан университетіндегі қолжазба қорында сақтаулы. Қазір соның көшірмесін алғызу жөнінде жұмыстар атқарылуда. Енді бірі, Потаниннің жазып алғаны Омбы облыстың мұрағатында. Оны қолмен ұстап көрдік. Ғылым Академиясындағы көзге таныс нұсқалардан айырмашылығы жоқ. Бұлардың үшеуін «Қаракерей Қабанбай батыр» атты кітаптарымызда жарияладық. Жыр арналу жағынан да Дарабоз дара тұр.

Мұның барлығы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп келе жатқан, желісі аңызға құрылған жырлар. Ал аңыз нақтылы тарихи шындықтан ауытқып отырады, сондықтан аңызды пайдалануда аса сақ болған жөн. Әдетте фольклор-ауыз әдебиеті белгілі бір тарихи оқиғалардан аңыз тудырып алады. Мұны түсінуге болады. Ал аңыздан тарих тудыруға әсте жол бермеу керек. Бүйтсек, әбден адасамыз. Себебі, Қаракерей Қабанбай батыр аңыз кейіпкері емес. Ер Төстіктен, Алпамыстан, Керқұла атты Кендебайдан жолы да, жөні де бөлек. Хан Батыр қазақ тарихында теңдесі жоқ нақтылы Тарихи Тұлға. Өз заманындағы қазақ халқының тағдырына қатысты барлық ірі-ірі оқиғаларға тікелей араласқан, жұрт тағдырын шешетін санаулы Елтұтқаларының бірі. Оның үстіне біз күні бүгінге дейін Қаракерей Қабанбай батырды бір қырынан ғана танып жүрміз. Ол – Қаракерей Қабанбайдың Бас Сардар екені. Бұл жөнінде екі пікір жоқ. Ақиқаты – осы.

Алайда, Қаракерей Қабанбай атамыз өз тұсында аса ірі, үштің бірі болған мемлекет қайраткері. Мұны ешкім көтере қойған жоқ. Себебі, мемлекет қайраткерін нақтылы құжаттармен, ғылыми деректермен саралау қажет. Осы жағына келгенде тарихшыларымыз, әсіресе, жазушыларымыз таязда жүр. Шұқшиып мұрағатта отырғанға енжармыз да, аңыздың жетегіне ілесіп кете барамыз. Енді осы кемшіннің орнын толтыру қажет. Сөйтіп, дастандағы Қаракерей Қабанбайды, романдардағы әдеби бейнелі Дарабозды аңыздан ажыратып алуға тиіспіз. Ет пен сүйектен жаратылған қазақтың Қаракерей Қабанбайын нақтылы тарихи тұлғасымен көрсетуіміз керек.

Әрі қарай – Қаракерей Қабанбай батырдың қытаймен екі ортадағы 1758, 1762-жылдарғы келіссөзде негізгі сөз ұстаушы дипломат болғаны тасада қалып барады. «Қандыжап–Мамырсу бітімі» аталған бұл екі келіссөз 1723 жылдан басталып, 1757 жылға дейінгі соғыста әбден титықтаған қазақ халқы, қазақ хандығы үшін аса маңызды еді. Екінің бірі: не қарақұрым, зеңбірек, мылтықпен қаруланған, сансыз әскер шығаратын қытайды соғыссыз тоқтататын орайын табасың да, бейбіт күн кешесің, не сенен жан саны да, қайратты да кем емес ұйғырды тырп еткізбей басып алған, қазақпен қырық жылдай соғысып, опат ете жаздаған, қалмақты екі жылға жеткізбей табанына салған қытаймен соғысасың. Ал, бұл өлімге пара-пар. Осындай алаш тағдыры ұстараның жүзінде тұрғанда қазақ жұрты бар болашағын тағы да Қаракерей Қабанбайға тапсырды. Сөзін ұстатты. Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Әбілпейіз Сұлтан бастаған бабаларымыз ақыл, парасат, білімдарлықпен қытайдың бетін қайтарды. Бұл тақырыпты зерттеу аса маңызды. Себебі, қытай мен қазақтың арасындағы екіжақты, тең дәрежелі қарым-қатынасқа алғаш жол салған Абылай мен Қаракерей Қабанбай батыр.

Ұлы Қолбасшы бұдан әрі барша найманның тізгінін ұстаған би екені де аян. Бұл тақырып та бабамыздың батырлығының тасасында қалды. 1740-1760 жылдары Төлетайдың төрт ұлы, соның ішінде Қаракерейлер жер бөлісі кезінде Арқаның ең шұрайлы жері Есіл мен Нұраның ортасы мен батыс жағын, малға аса жайлы Қорғалжын жағын иеленуі мұның нақты айғағы.

Елшілік және жер бөлісіне алдыда арнайы тоқтаймыз. Әзірше айтарымыз – кейде аңыз бен әдеби шығармалар тарихи шындыққа залалын да тигізеді. Соның бір мысалы «Дидар» газетінің 16 желтоқсан, 2009 жылғы санында да қылаң беріпті. Бедел сыйлап үйренген қазақ жұртына ағаларымыздың айтқаны ақиқаттай естіледі ғой. Тіпті, оның шын, өтірігін де бажайламаймыз.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, бір тума ағамыз Қабдеш Жұмаділов Қабанбай бабаның зираты қай жерде деген сұраққа мынадай жауап беріпті» Шығыс... Оның әулеті де, ұрпағы да осында, туған жері де осында, мына барлық пен Барқытбелдің бауыры, Алакөлдің бойы. Ал, қайтыс болған жері де осы жақ. Қазір, иә, әркім әр саққа жүгіртіп жүр, ал менің көзқарасым басқа. Өйткені, біреулер аноу бір Астананың маңайындағы ескі бейітті Қабанбайдың бейіті деп жұртқа жаңсақ түсіндіріп, сол жерге кесене орнатты, маған айтқан да жоқ, ақылдасқан да жоқ, мәселен, айтпауға тырысты, ұрлап жасауға тырысты. Мен ол кесененің басына да барып көргем жоқ, өйткені ол Қабанбайдың кесенесі емес».

Қабдеш ағамыз осылай айтады. Бірақ бірде-бір нақтылы тарихи дәлел келтіре алмайды. Осының расында да шындығы қайсы? Қаракерей Қабанбай батыр қайда жерленген?

Бұл сұраққа жауап беру үшін мынадай мәселелер қамтылуы тиіс.

  1. Аңыз, дастандар не дейді? Ол тарихи деректерге сәйкес пе?
  2. Шежірелердің мәліметі қандай?
  3. Тарихи құжаттар бар ма?
  4. Топономика.
  5. Ғалымдар, ата ұрпақтарының пікірі.

Сонымен сөзді дастандардан өргізейік. Жырлардың негізінде, дүние жалғанның өтерін түсінген Қаракерей Қабанбай батыр Қубас атымен арыздасып:

Мен келдім жетпіс сегізге,

Сен келдің отыз сегізге. –

деп қанша жасағанын айтады. Іле-шала:

Дүйсенбі, қарашаның,

Он үшінде өтпекпін. –

деп жан тапсырар күнін де атайды. Сонан соң:

–       Жиылып тегіс, ас беріп,

Ту биені сойыңдар.

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар, – деп тапсырады.

Демек, бабамыз «от орны – туған жері» – Арқа екенін қадап тұрып, нақтылап көрсетеді. Өзін Арқаға жерлеуді аманаттайды. Аманат енді ғана көңіл сұрай келген дала аталығы Бұхар жыраудың, Абылай, Қанжығалы Бөгенбай бастаған Үш Жүздің игі-жақсыларының, найманның сөз ұстар азаматтарының, Дарабоздың Гауһар-Майсарыдай батыр қосағының, «сен тұр, мен атайын» жеті ұлының, Назымдай батыр қыздың алдында айтылады. Бұған дәлел Бұқар дананың:

–       Кеше түсте естідім,

Қабанбай ауру дегенді, –

дегені, Үйсіннің Сарышуаш жырауының:

–       Албанға келді бір хабар,

Үйсінге түсті бір шабар,

Дулаттың жиын жақсысын,

Арыздасып қалсын деп,

Арқаға тарттық бір сапар, – деуі.

Сол заманның адамдары көңіл сұрауларын осылай бастайды. Демек, Хан Батырды науқас меңдегені, әл үстінде жатқаны жөнінде төрт тарапқа ат шаптырылған. Ғалымдар осы жылдары Бұхар жырау Асақарлыда (бүгінгі Осакаровка) отырғанын айтып жүр. Екі орта 65-70 шақырым. Ендеше қыс көзі қырауда Бұхар жырау келген жерге Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр неге келмесін? Ол жылдары Абылай мен Дарабоздың қатар көшіп жүргені бесенеден белгілі. Енді ойланайық. Осындай алқалы топтың ортасында айтылған аманат орындала ма, жоқ па? «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ, намысшыл жұрт қайтсе де Хан Батырдың соңғы тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Орындамаса, сол күні қалың найманның, ну қаракерейдің тірідей өлгені. Бұл – даланың жазылмаған заңы.

Дастандардың біршамасында Бабаның келіні, Дәулетбайдың келіншегі Қаракерей Қабанбай қайнағасының сілекейін алып қалмақ. Ол:

Есіл мен Нұраның,

Арасына сыймаған,

Қайран менің қайнағам, – дейді.

Әне, Хан батырдың мекені қай жер екенін тап басып айтады. Мойын бұрғызбайды. Осынша жырдың бірде біреуінде Қабдеш ағам сілтей беретін Барлық пен Барқытбел, Майлы мен Тоқта, Саршоқы мен Қоңырала саз ең болмаса жалғыз ауыз айтылмайды. «...Жоңғар қақпасын күзетіп жатамын» деген сөзді қайдан тауып алғанын білмейміз. Қаракерей Қабанбай батырдың бұлай деуі мүмкін емес. Жалпы, «Жоңғар қақпасы» деген сөзді 1240 жылдары Қарақорымға сапар шеккен Вильгельм Рубрук пен Плано Карпинилер екі түрлі атайды. Бірі «Тышқан қақпа», екіншісі «Тау қақпа» деп жазады. Ертеректе бұл қақпаны «Арқас» деп атағанын қарилардан еститінбіз. Ал «Жоңғар қақпасы» дегенді 1864 жылы Обухов пен Абакумов алғаш рет қолданады. Ол – өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ тарихының жан ауыртар бір белесі. Оған дейін бұлай аталғаны аса күмәнді. Ендеше, Бас Сардардың аузына Қабдеш ағамыздың бұл сөзді салар реті жоқ. Оның үстіне ол кезде қазақ «қалмақ» сөзін қолданған. Ал Алакөл жырда бар:

«Айнала жел соғады Алакөлге,

Алакөл сусын болған талай елге.

Әркімнің өз тілеуі өзіне деп,

Қабекең көшіп кетті Сарыбелге.

Міне, Алакөлден көшкен атамыз Сарыбелге тоқтайды. Алайда, Қабдеш ағамыз айтатын Алакөл мен Арқадағы Алакөлдің жаратылысында аса үлкен айырмашылық бар.

1. Семей, Талдықорғанның Алакөлінде ешуақытта айнала жел соқпайды. Не оңтүстік шығыстан ебі, не батыстан сайқан (қыбыла) соғады.

2. Алакөлдің көне аты – Итішпес. Себебі, суы ащы. Сусын болмайды.

Ендеше, бұл Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінің батысындағы Алакөл. Себебі, әмісе айнала жел соғады. Әрі малға жайлы, ірілі-ұсақты хайуанның бәрі су ішеді. Бұл жақта үш Алакөл бар.

Енді Сарбелге келейік. Иманжүсіп «Абылай аспас Арқаның Сарыбелі» Нұрадан басталып, Ерейментаумен аяқталатынын ту заманда жырлап кеткен. Арқаның тең ортасы. Дәулетбайдың келіншегі айтатын Есіл мен Нұра, арасында бар-жоғы отыз шақырым салып, сұлудың қос бұрымындай қатар ағып жатыр. Тағы да қайталап айтамыз, он сегіз дастанның бірде-бірінде Қабдеш Жұмаділов ағамыз көрсететін Барлық, Барқытбел, Алакөл айтылмайды. Ол жақта Сарыбел атауы да жоқ. Бұл – түбегейлі жалған.

Қазір кесене тұрғызылған жерді маңайдағы жұрт екіұдай атайды. «Найман қорым» және «Қаракерей Қабанбайдың ақ моласы», «Қабанбай тауы» дейді.

Бұл аңыздағысы. Осылар тарихи тұрғыдан шындық па? Тасқа басылған дерек бар ма? Бар болғанда қандай?! Тарих ғылымдарының докторы Н.Апполова «Қазақстанның ХVІІ-ХХІІІ ғасырдағы Россиямен экономикалық және саяси байланыстары» атты еңбегінде: «ХVІІІ ғасырдың алпысыншы жылдары Арқада қауымдық жерлерді иелену аяқталды. Мысалы, Қабанбай мен Құлсары батырлар Есіл мен Нұра маңында көшіп жүрді» дегенді алдыға тартады. Бұл орыс әйелінің Қабдеш ағамыз бен біздің арамыздағы неше жылдан бергі пікірталасқа еш қатысы жоқ. Көзі де тірі емес. Орыс архивінен алғанын жазады да. Нақ осындай деректі мәскеулік туысымыз, тарих ғылымының докторы Н.Бекмаханова да Кенесары туралы «Легенда о невидимке» деген кітабында тілге тиек етеді.

Бері таман түссек, тарих ғылымдарының докторы семейлік Мұхтарбек Кәрімов мынаны айтады: «Мен профессор Нәби Дауылбаевтан дәріс алдым. Ол кісі ақмолалық. «Қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі Ақмоладан отыз шақырым жердегі «Октябрь совхозының территориясында жатыр» деп үйрететін. Н.Дауылбаев тарих ғылымының докторы.

Тура осындай деректі Қазақ Мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Байтұрсын Дәрішев те үнемі шәкірттеріне сіңіріп отырады екен. Жуырда Едіге Уәлиханов сынды тарих ғылымының докторы соны бір дерек келтірді. Онда да Қаракерей Қабанбай батыр Арқада отыр және найманның биі. Бұл бабамыз бақиға өтер жыл. Жеті доктор да көз майларын тауысып, архивте жылдап отырған, тарихи фактілердің негізінде ғана тоқтамға келгендер. Олар ішкі есеп, бұра тарту дегенді кәперге алмайды.

Мұндай жазба деректерге қалайша дау айтуға болады? Қабанбай батырды аңыздан ғана білетін болсаңыз, сүрінетін жерге кіріспеу керек қой. Кеуделеу тарихи деректерге қарсы тұрар қару емес.

Ең соңында, Қаракерей Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы, филология ғылымдарының докторы, өмір бойы Дарабозды зерттеп өткен Болатжан Абылқасымов сонау 1979 жылы «Қаракерей Қабанбай батыр Арқада, Сарыбелде жерленген» деп жазған-ды. Өз басым нақ осы жылдардан бастап Хан Батыр туралы деректерге назар аудара бастадым. Болатжанмен университетте қатар оқығанмын, іздеп барып «Ұрпағы мына жақта. Бабамыз ол жақта не етіп жатыр? Сенбеймін» деп дауласпақ та болғанмын. Марқұм «әлі-ақ көзің жетеді» деп еді. Мұндай ғалымдарға, дәлелдерге илікпеу мүмкін емес. Иланасыз.

Міне, жеті бірдей ғылым докторының айтқандары. Барлығы да бейтарап, шындықты жазған ғалымдар. Ғажабы – дастандардағы деректер мен нақтылы ғылыми негізделген мұрағаттық жазба деректер бірдей шықты. Бұл – бір және ең бастысы.

Күні кеше кеңес үкіметі құлағанша Семей, Өскемен, Талдықорған өңірінде Қаракерей Қабанбай, оның аталастары, ата-бабалары, ұрпағы, замандастарына байланыстырыла қойылған топономикалық атау бар ма еді? Бірен-саран ғана кезігетін. Ал Арқада ше? Ақмола облысының картасында ғана Байжігіт, Жанжігіт, Қожақұл, Шүңет, Шахаман, Әлі, Мырзакелді, Садырбай, Жангөбек, Байгөбек, Кешу, Жолымбет, Еспенбет, Есенгелді, Ағанас, Қалытон, Ақымбет, Шағалақ атаулары кезігеді. Бұл орыс әбден басып кеткеннен кейін қалғаны ғой. Егер орыс алғаш келген 1830 жылғы картаны таба алсақ, тіпті кенелер едік. Десек те, сөзімізге қайта оралайық. Егер Қаракерей Қабанбай батыр 1760 жылдары, Қабдеш ағамыз айтатындай, Алакөлге жете қонса, неліктен ол маңда бірде-бір топономикалық атау Қабекеңе байланыстырылмайды. Бұл жақта, кесене маңында ғана «Қабанбайдың үш бұлағы», «Қабанбайдың үш терегі», «Қабанбайдың қыстауы» атаулары бар. Сәл түстікке қарай Дәулетбай қыстауы жатыр. Керісінше, Қабдеш ағамыз мегзейтін тұста – Зайсан, Тарбағатай, Шәулі, Қарақол, Еміл, Ырғайтты, Барлық, Сайқан, Сұңғайты сияқты қазақы емес атаулар. Бұл нені айтады? Қалмақ бұл жерді қазақтан тартып алып, ең кемі 80-100 жыл иемденген. Қабекең тұрсын, ол кісінің аталары да бұл жақта тумаған. Туған жері де, өлген жері де Арқа, Нұра бойы. Бұған жоғарыдағы деректер дәлел. Бұл – екі.

Әңгіме арасында айта кетейік. Қытайдағы қазақ ғалымдарының ағасы, қазақ тарихының аса білгірі Нығмет ата Мыңжан қазақ хандығы шаңырақ көтергенде наймандар негізінен, Сыр бойында, Ұлытаудан тартып, солтүстікке қарай Есіл-Нұрада, одан әрі мекендегенін жиырма жыл бұрын «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітабында жазып қалдырған. Біздің тарихшылар тарапынан бұл дерек жоққа шығарылмаған. Қытайда өсіп, білім алған Қабдеш ағаның орыс, қазақ ғалымдарын оқымаса да, Нығмет атаны білетін жөні бар еді. Амал қайсы?!

Орыс жансыздары қалмақ пен қазақтың арасындағы дау-жанжалды түп-түгел жіпке тізіп отырған. Соның бірінде 1638 жылы қалмақтар қазақтарды Аягөздің оң жағалауына ысырып, Балхаш көлінің терістігіне қуып тастағаны және тартып алған жерлерді иемденіп қалғаны жазылады. Әр атаға 25-30 жыл бөлсек, бұл уақытта Қаракерей Қабанбайдың атасы Мәмбет батыр тумаған. Ал оның әкесі Байжігіт Арқада отыр. Бұлар да жай сөз емес құжаттармен дәлелденгенін оқыдыңыздар. Бұларға не дау шығарамыз?

Үшінші. Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған 1770 жылы (Бұл да жорамал. Қазір екі дерек табылды. Атамыз бұл мерзімнен сәл кеш өтуі де мүмкін сияқты. Сол деректі зерттеудеміз). Алакөлде кім отырды? 1785 жылғы 13 шілдеде Шанышқылы Бердіқожа батыр Семей бекінісінің комендантына мынадай жағдайды жеткізіпті: «Аягөз өзенінің сол жағалауына қытай өткізбейді. Бір жыл Қарақолға қарай өтіп едік, қуып тастады». Нақ осы кезде Аягөздің оң жағалауында Жаңаби бастаған 700 үй байсуандар, Долы, Дәулет бастаған 400 шаңырақ албан-қоңырбөрік, 300 шаңырақ Әжібай Алтай бастаған қызбөрік (ол да албан), Қойсоймас Қараша бастаған 1500 шаңырақ шапырашты, Атанбай бастаған 700 шаңырақ найман-қызай, 600 шаңырақ ақбарақ, ақболат Итемген, Жошан билердің басшылығында, Садық бастаған 120 үй қаңлы, Игілік бастаған 500 шаңырақ қашқарау, Жолдыбай, Шымырбайлар бастаған 600 шаңырақ Жалайыр, Байғабыл, Өтеп бастаған 100 шаңырақ жаныс (дулат), Тайлақ батыр бастаған матай-қайнардың 600 шаңырағы отыр. Санасаңыз, осынша рудың ішінде наймандар – болатшы, ақбарақ, ақболат, матай ғана. Қаракерейден тек болатшы бар. Арқадан найман көші енді басталды.

Осыдан сәл ертерек 1772 жылы (Атамыздың өмірден өткеніне екі жыл толған) Алакөл, Тарбағатай, Барлық, Барқытбелді, Ақсу, Сарқанды кім мекендегенін Қабдеш ағамыз білмейді. Ол кісі тарихи құжаттармен жұмыс істемеген, архивтерде отырмаған. Әйтпесе, 1872 жылы Н.Г.Андреев Сарқан, Ақсу бойында, одан әрі Энгада бастаған 10 мың шаңырақ хойт; Алакөл, Үржар, Барлық, Тарбағатайда, Шәуешекте Габузы Зайсан мен дінбасыларына қарасты 12100 шаңырақ шаталақ, аладой, бугунут, тунгут, орат, ардахинь, жахауин, кумирен тайпаларының қалмақтары көшіп жүргенін, олар қытайға бағынышты екенін тайға таңба басқандай етіп жазып қалдырған. Нақ осындай деректі Н.Аристов да ұстанады. Сөз түгел болсын, айта кетейік. Сол мезетте цаган, харацин, нарцин руларының 5 мың шаңырағы күнгей Алатаудан, 5 мың шаңырағы Шелектен, 3 мың шаңырағы Ұлыңғыр көлінен, Бош-Шагансудан (Лепсі өзенінен солтүстікке қарай), 3700 шаңырағы, Көксу, Қаратал өзендерінің бойынан, қазіргі Қапалдан (тарихи атауы Қопалы) Сайын бөлек бастаған 4 мың шаңырағы көрінеді. Барлығы 65000-70000 шаңырақ. Жан саны мөлшермен 30000-35000-дай. Осыдан қытайлар 40-тай дивизия құрыпты.

Осы деректерге күні бүгінге дейін бірде-бір салауатты тарихшы талас тудырған жоқ. Ал А.Г.Андреев кейіннен қазақпен қоян-қолтық араласып, тілімізді жетік меңгереді. Орыс пен екі ортадағы туындаған шаруаны қазақ жағы осы адам арқылы шешіп отырыпты. Қазақтар Андреевке үлкен сеніммен, сыйласыммен қарапты: «Семейтау» – қазіргі Семейдің жанындағы жер атауы екенін сол тұста жазып кетіпті. Бұған да рахмет. Кейбіреулер «Семей» – «Семипалатинскіден» шықты деп жаңылдырып келді ғой. Сөйтсек, «Семейтау» өз атауымыз екен.

Қазақ пен қалмақтың Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғандағы шекарасы осындай екен. Ортаны Аягөз бөліп тұр. Қабдеш ағамыз айтатын Тарбағатай, Барлық, Алакөлді әлі қалмақ иеленіп отыр. Қытай оларды әзірше ішке, Бұроталаға, Шәуешекке қарай толық көшірмеген. Ендеше, Қаракерей Қабанбай батыр не елі, не руы, не өзі қоныстанып үлгермеген жерге, қалың қалмақтың тап ортасына қарай жерленеді. «Осы жақта жатыр» деу жұқалап айтқанда нақты тарихтан хабары жоқтық.

Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Х.Қалиди, Н.А.Аристов, А.Г.Андреев, Қ.Жанұзақов әлем таныған тарихшылар екеніне дау қайсы. Бұлардың тарихи деректерін жоққа шығарған әзірше бірде-бір ғалым кезікпейді. Сол ғұламалардың барлығы «Наймандардың Аягөзден өтіп, сол жағалауға қоныстануға 1810 жылдан басталды» деп жазып кеткен. Ол тұста Қаракерей Қабанбай батырдың дүниеден өткеніне – аттай қырық жыл. Дарабоз елінің Тарбағатай маңынан алғаш көрінуі, Байжігіттердің орыс құжаттарына түсуі – 1817 жыл. Атамыз жерленгеніне 57 жыл толғанда ғана Байжігіттер орыс тізіміне түседі. Ал Алакөлге жете қонуы тіпті бері. Мөлшері 1850-60 жылдарға дейін Итішпесті қызайлар мекендеген. Мұны М.Кәрімов нақтылы дәлелдеген. Осы мөлшерде Тазабек би бастаған қызайлар ағайын арасындағы өкпемен жер ауыстырады. Босаған өлкеге қаракерейлер орналасады. Бұл, міне, Қабдеш ағамыз айтатын жер. Мұнда Байжігіттер Хан Батыр көз жұмған соң, 80-90 жылдан соң жетті. Ендеше, атамыз мұнда қалай жерленбек?

Енді, Арқаға айнала соғайық. Жоғарыда топономикаға тоқталдық. Самсаған Қаракерей, оның ішінде Сыбан мен Мұрындар. Оған қоса М.Тынышбаев: «Матайдың – Қаптағай батыры ұлдарымен бірге 1740- 45 жылдары Атбасар өңірінде жерленген» дегенді жазып кеткен.Осы маңнан терістікке жүрсек, Омбы мен Қызылжардың ортасына төтелей түсесің. М.Кәрімов: «Тоқтарқожа Батыс бидің жылқысын баққанда би ата Қазаншұқыр, Қараағаш, Жалтыркөл деген жерді мекендепті. Бұл Мұрын шежіресінде айтылады. Ол тұста Байжігіттер Мұрынның құрамында болып, Мұрын – Байжігіт аталыпты. Кейін тез өскен соң, Байжігіт өз алдына шығады», – дейді. Осы Қазаншұқыр, Қараағаш, Жалтыркөл атаулары сол күйі әлі тұр. Ұмытылмапты.

«Сонау жақта қалай жүрміз?» деп таңданбаңыз. Найман ХІІІ ғасырдың басында бүгінгі мыңғұл жерінен құлаған. Басы тәжіктегі таулы Бадахшан, өзбек, қырғыздағы Самарқан, Ошқа өтіп кеткен. Самарқаннан 40 шақырым жердегі Өкіреш Шалдың қабірстанын 2009 жылғы ақпанда таптық. Өкіреш Найман, Қара найман, Қызыл найман, Дүрмен найман ауылдары қатар тұр. Басына «Өкрач қобирстаны» деп жазып қойған. Одан бері Төлегетай баба (Төлек атай) Сыр бойында – Жаңақорғанда тынымдаған. Екі жыл болды азаматтар кесенесін тұрғызды.

Арқадағы осынша найман атауы кездейсоқ па? Біреуі, екеуі, үшеуі ұқсас делік. Ал сонша аталардың аты қатар тұруы, сонша сәйкестік тіпті де кездейсоқ емес. Бұл – наймандардың от орны. 3. Сәнік ағамыз Дарабоздың тікелей ұрпағы: «1824 жылы Нұра өзенінің бойында Ақымбет ауылында жалпы найманның түселі өтті» дегенді жазады. Нақ осы деректі Омбының мұрағатынан таптық. Онда «По реке Нура прошел съезд всех найманов» делінеді. Жылы – 1824. Осы түселде наймандар ақ патшаға жеті талап қойған хат жолдайды. Соның біріншісі: «1.Бұл жаққа келсеңдер, жер наймандікі екенін мойындайсыңдар». Бұл не деген сөз? Демек, Ақмола наймандар мекені ғой. Сондай-ақ, ең соңында: «7. Біз тек патшаға бағынамыз. Бізді 3 жыл сайын патша өзі қабылдасын». Мұндай сөзді кім айтады? Патшаға кім доңайбат көрсетеді? Өзіне, жан басының молдығына сенген ру ғана сөй дейді.

Наймандардың бұлай деуіне негіз бар еді. 1830 жылы подполковник Шубин бастаған экспедиция маусымда Ақмолаға келіп тоқтады. Осы жердегі халықтың жан санын алады. Сонда Ақмола маңында жиырма бір мың шаңырақ найман отыр. Арғын алты мыңның үстінде. Жиырма бір мыңның он жеті мыңы қаракерейлер. Бұл мөлшері 75-80 мың жан. Үш мың шаңырақтай матай, бір мың шаңырақтай төртуыл түседі есепке. Ал Ақмола маңынан ары отырған наймандардың тізімі алынбаған. Бүгін Астанадан батысқа қарай, Есіл қаласына дейін наймандар мол отыр. Тұрсын Жұртбай екеуміз ол жақты екі күн аралап көрдік.

М.Тынышбаев 1917 жылы 830 мың найман барын патша санағына сүйене мәлімдейді. Ал, 1830 жылы ше? Ары дегенде 350-400 мың. Найман ол кезде де, бүгін де – Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Сарыжомарт, Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл6 Терістаңбалы – он атадан өрбиді. Ендеше 1830 жылы қаракерей қанша өсті десеңіз де, 100-мыңнан аспайды. Олай болса, 1830 жылы бар қаракерейдің 75-80 пайызы әлі Қабанбай батырдың Ақмоласы маңында отыр.

Сөз реті келген соң айта кетейік. Ақмола өңірінің өткеніне аса жетік адам Клара Әмірқызы еді. Ақмолада 21 мың шаңырақ найман отырғанын, оның 17-мыңы қаракерей екенін де «Егемен Қазақстан» газетіне 1992 жылы алғаш жазған осы апайымыз:

– Бұл жақта екі Ақмола болған. Бірі – Қаракерей Қабанбай батырдікі. Оны үлкен Ақмола дейтін. Екіншісі – Қыпшақ Нияз бидікі. Оны кіші Ақмола дейтін. Расында да Нияз атанікі Қабанбай атанікінен әлдеқайда кіші еді. Ертерек құлапты. Үйіндісі бар. Ал Қаракерей Қабанбай батырдың моласы 1950 жылдардың аяғына дейін тұрды-ау деймін, – дейтін.

Кереметі – бұл сөздің де тарихи құжатын таптық. 1851 жылы Омбының коллегиялық секретары Уфимцев Ақмолаға жасаған инспекциялық сапарынан соң, былай деп жазыпты: «Акмолинск при основании своем в 1932 году назван по белому памятнику, находящиемуся над киргизской (қазақ дегені) могилой, от города в 25 верстах, на сопке лежащей вдоль берега реки Нуры. Слава «Акмола» на языке туземцев выражает буквально «белую могилу». Между туземцами есть предание о могиле большого размера (улькун) сложенных из квадратного кирпича...» Аңдадыңыз ғой, әңгіме үлкен Ақмола жайында. «Ақмола» атауы қайдан шыққаны жөніндегі жалғыз нақтылы тарихи құжат әзірше осы ғана. Қабдеш ағамыз бұл деректі де білмейді-ау?! Ал қалған айтуларға сенім жоқ. Дерексіз.

Алдыдағы ойды өрбітейік енді. Ақмола өңірін көп зерттеген Н.Н.Балкашин. Е.Сәлімбай оның мынадай деректерін тапқан екен: «Наймандарда мынадай рулар бар: сарыжомарт, көкжарлы, бағаналы, балталы және бура, осылар «ергенекті» деген ортақ атаумен біріккен, бес және терістаңбалы; төртуыл, садыр, матай, суан, семіз найман, ақ найман, байжігіт және қожамбет». Дереккөздерде дәлсіздіктер бар. Соған қарамастан, тіпті, 1870 жылы да Арқада Қаракерей Қабанбай батырдың өз руы – Байжігіттер отырғанына көз жетеді.

Осынша тарихи құжаттар нені дәлелдейді? Қабдеш ағамыздың пікірі түбірімен қате, жазушының фантазиясына құрылған, ешқандай тарихи құжатқа сүйенбеген, ғылыми негізі жоқ екенін көрсетеді. Жалпы, Қабдеш ағамыз әр жерде, әр кезде әртүрлі пікір айтады. Тұрақты позиция ұстамайды, құбылып отырады. Ту баста Ақмоладағы ескерткіш кімдікі болса да, Қаракерей Қабанбайдікі емес деген сыңай танытты. Сөй дейтін себебі бар. «Дарабоз» атты кітабында бабаны Алакөлден шығысқа қарай жерлеп қойды ғой. Одан соң «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қотыраш Қабанбаев деген болыпты. Соныкі болуы бек мүмкін» деді. Бұл адамды подполковник Шубин 1830 жылы маусымда Санжар Қасымұлын (Кенесарының ағасы) және Кенесарыны шақыруға жұмсайды. Хатқа алғаш түсуі – осы сәт. Отыздан жаңа асқан жігіт. Еті тірі азамат. Әкесінің аты – Қабанбай. Әке мен баланың арасы 25-30 жыл десек, Қабанбай әке мөлшері 1770-жылдарғы. Бұл Дарабоздың көз жұмған шағы. Ырымдап ат қойылған сияқты. Бірақ бұл Қабанбай үйленуі, балалы болуы қажет. Сонда тіпті, 16 жасында үйленді, ертесіне өле қалды, әйелі ауыр аяқ қалды десек те, 1786 жыл шығады. Осы мөлшерде оған, Қотыраштың әкесіне кесене тұрғызылуы керек. Алайда 1778 жылы капитан Бардашев Ақмола деген сөзді алғаш рет орыс жазба дерегіне түсіреді. Оның алдында Рычков пен Шангин 1770 жылы Ақмола өңірін картаға түсіріп, көп аралайды. Олар Ақмоланы ауызға алмаған. Жазбаларында кезіктірмедім. Себебі, атамыз осы жылы қарашаның 13-інде (қазақша ай санаумен) көз жұмады. Кесенені келесі жылы қарақалпақ Қылышбек батыр бастаған қарақалпақтар салғанын жергілікті ақсақалдар тап басып айтады. Бұл да кесене өзге ешкімдікі емес, Қаракерей Қабанбайдікі екенінің нақты куәсі. Олай дейтініміз, Қабдеш ағамыз айтатын 1830-жылдары Қылышбек батырдың қайтыс болғанына да елу жылдай уақыт өткен. Ол кісі Қотыраштың әкесі Қабанбай туардан он шақты жыл бұрын бұ дүниеден өтіп кеткен. Қылышбек келсе, қарақалпақты құлдықтан аман алып қалған Қабанбайдың алдындағы жұртының қарызын өтеуге келеді. Қабдеш ағамыз осындай деректерден мүлде хабарсыз. Ең құрымаса, өзі атын атаған Қотыраш Қабанбаевты бір уақ зерттемепті. Өкінішті-ақ. Қабдеш аға «Маған телефон соғып, «Қотыраш Қабанбаев деген болыпты деді» деп жазады. Бар-жоғы – осы. Қотыраш Қабанбаевты телефоннан ғана естіген. Бір де бір мұрағат дерегіне сүйенбейді.

Қабдеш ағамыз көп жаңылады, өз сөзінен өзі айни береді. Алдыңғы екі дерегін біз баспасөз бетінде нақтылы деректермен жоққа шығарған соң, үшіншісін тауып алыпты:"Қанжығалы Қабанбай деген би болыпты. Соның зираты" дейді. Бірден айтайық. Бұл да төтелей жалған.Қанжығалылар Ерейментауға кейінірек келген. Қанжығалы Бөгенбай батырдың Қаратаудың етегінде туғаны анық. Арқаға құлаған қанжығалы руы Ақмоладан бір жүз шақырымдай шығыста отыр. Олар да ол жерге мөлшері 1760 жылдары біржола қоныстанған. Қабдеш ағамның айтып отырғанын кісісі тіпті бері. Ағам мұны да білмеген. Қанжығалылар Шежіресінде Қабанбай би деген адам жоқ екенін осы мәселені зерттеп екі күн Ерейментауда жүргенде білдік.

Әрі кесене салынған қыраттың осы тұсын жергілікті жұрт «найман қорым» атайды. Ауылда өскен қазақ баласы білетін шындық бар. Ол – Қабанбай заманы емес, тіпті, бертін де екі ру бір қорымға кісі қоймаған. Себебі аталарымыз моласымен шекарасын, жерін  белгілеп отырған. Сондықтан да «найман қорымға» арғынның қанжығалысының биі жерленбейді. Бұл жазылмаған заң еді ол кездері.

Айтқандайын, Дарабоздың немере бауыры Шүңет ауылы кесенеден 12 шақырымда, Нұраның батысы – сол жағында, Шахаман түстігінде 40 шақырымдай, Кешудің қараөткелі терістікте 25 шақырымда, шығысында 18 шақырымда найман Кетте қорымы, келесі үлкен найман қорымда 25 шақырымда, ары қарай – Жолымбет. Тап ортада, ең биікте Қаракерей Қабанбайдың Ақмоласы.

Интервью берген ағамыз тіпті асыра сілтеп: «Сол кездегі тәртіп бойынша батырларға, дұшпаны, қасы көп батырларға кесене тұрғызылмайтын. Қойғаннан кейін топырағын тегістеп, үстіне шым қалап, батырлардың қас жаулары оларды қорламасын деп зираттың орнын тегістеп жіберген» депті. Ал «Дарабоз» романында: "Белгі ретінде батырдың басына тас үйілді. Алайда туыстары алыстан тас әкелуді қиынсынып, орташа ғана оба тұрғызып еді...Әне- міне деп жүргенде үйілген обалар мүжіліп, бірте- бірте жұрт жадынан өше бастады" деп басқаша жазып еді. Қайсысына сенейік? Тағы екі сөйледі. Оның үстіне тек топырақ үйілген сақтардың обалары арада 1500- жылдай өтседе әлі төбешік болып жатыр. Ал "тас мүжілді"  дегенді Қабдеш ағамнан естідім. Екі ғана сөйлесе бір сәрі ғой, түбірімен өтірік сөйлеген. Мұндай «тәртіпті» Қабдеш ағамыз жанынан шығарған. Тұтастай жалған. Себебі, Албан Райымбек, Керей Жәнібек, Мұрын Нарбота, Тоқпақ Қасабай, Дулат Бармақ батырлардың бейіттері осы батырлар соғысқан, жауларын күйреткен қалмақпен шекарада, қырғызбен шекарада. Ендеше, неге Аягөздің ар жағында төбесін көріп отырған қалмақтан қорықпай Нарботаға, Қасабайға, Әлі батырға, Боранбай биге, Керей Жәнібекке тағы да басқа аталарға кесене салынған. Ал Райымбек, Сәмен, Бармақ батырлар қырғызбен ең көп соғысқандар. Оларға да төбе астындағы қырғыздан қорықпай кесене тұрғызылған. Әлде бұл аталарда жау жоқ па еді? Болғанда қандай? Қабдеш ағамыз тағы да жоқты шығарды.

Оның үстіне қалмақ, Есіл-Нұрадан Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанда 1200 шақырым жырақта.Әбден тынышталған. Қазаққа шатпақ тұрсын, қытайдың қырғынына түсіп, басымен қайғы болып кеткен. Әрі, 1758, 1762 жылғы Қандыжап-Мамырсу бітімдеріне сәйкес қытай тарабы қалмақтардың алдағы уақытта қазақ жеріне өтпеуіне кепілдік беріп, қазақ пен қалмақтың арасында әскер ұстап отырған. Бекіністер салған. Мысалы, Үржардың жанындағы Талды деген жерге 1762 жылы қытай генералы орналасып, оны өз ыңғайына қаратып Бәйар атапты. Онысы Ақжар дегені. Ауыл қазір осылай аталады. Демек, қалмақтан еш қауіп жоқ.

Қырғыз да бас көтеруден қалған. Абылай мен Қабанбай қолы оларды тас-талқан етіп, тентіретіп жіберген. Ендеше қалың қазақтың ортасындағы кесенеге кім тиіседі? Қабдеш ағанікі өз білместігін көлегейлеу амалы. Енді мынаны оқыңызшы: «Қоңырала саз» деген жерде Қабанбайдың жайлауы болған. Қайтыс болған жері де сол Барлықта». Атамыз Ұлы Сардардың өмірден озған уақытын да білмейді. Әйтпесе, қараша айының аяғында жайлау қайда! Ел қыстауда ғой! Атамыз қазақы жыл, ай санаумен қарашаның 13-інде қайтады. Бүгінгі қарашаға қазақылану үшін 14 күн қосамыз.  Сонда 27 қараша. Қыс емес пе? Оның үстінде алдыда келтірген деректерден бұл жерде қалың қалмақ отырғанын білеміз.

«Дарабоз» романында тарихи шындықтан ауа жайылатын тұс көп. Қажет болса, санап, дәлелдеп береміз. Кішкене ғана мысал. Жазушы ағамыз Қабанбай батырдың кенжесі Әлі батырдың бәйбіше, тоқалдарын ажырата алмайды. Шағалақ атамыздың қатынды қайдан алғанынан мүлде қиыс кетеді. Ал бұл қателіктер Қабанбайды білем деушілерге кешірілмес айып.

Аталған романда, осы интервьюде "1760 жылдары Қаракерей Қабанбайдың найманға Алакөл, Тарбағатай, Барлық маңындағы жерлерді бөліп, әр рудың орнын белгіледі" деуі – Қабдеш ағамыздың фантазиясы, сол тұстағы тарихи оқиғалардан еш хабарының жоқтығы. Бұл өңірге наймандар Қабдеш ағамыз айтқан уақыттан 50 жыл өткенде ғана табан тірейді. Ол кезде Қаракерей Қабанбай батырдың қайтыс болғанына 40 жыл толады.

Қазақ жұртының қайда, қашан орналасқанын білудің бір жолы – ата-бабалардың моласы. Мысалы, ХІV-ғасырда найманның үлкен бөлігінің Самарқанда отырғанын Өкіреш Шалдың, одан бері Сыр бойында тұрғанын Төлегетай бабамыздың, Арқада, Есіл-Нұрада мекендегенін Қаракерей Қабанбайдың молаларынан білуге болады. Ал Қабдеш ағам айтып отырған Барлық, Үржар, Тарбағатай, Алакөл маңындағы ең көне зираттар нақ осы 1810 жылдан бері көтерілген. Мәселен, Семей өңіріндегі ең көне молалардың бірі – Ырғызбай әулие, Талдықорған өңірінде Көтен тәуіп әулие мен Шіре ана. Бұл кісілер ХІХ ғасырда өтеді өмірден.

Сондай-ақ, осы өңірде отырған «менмін» деген шежіреші қарттар алты атасынан арғы бабаларының зиратын дәлдеп айта алмайды. Бұл – 150 жыл. Міне, сізге тағы бір қазақы дәлел. Егер найман осы жақта Қабанбай батырдың арғы аталары туғанда отырса неге аруақтарын ұмытып қалады? Жеті ғасыр бұрынғы Өкіреш, алты ғасыр бұрынғы Төлегетай ұмытылмағанда 300-400 жыл бергі аталарды атай алмайды. Себебі олар бұл жақта жоқ. Шымкент, Жамбылдың Дулаттары мен Қоңыраттары ХІV-ғасырдан бергі аталарын жазбай тауып береді. Себебі, сол жерде отыр. Ұрпақтан-ұрпаққа көрсетіліп келеді. Көшпеген.

Осы тұста Күдеріқожа бабамыздың «Найманда елдің ағасы, алтынды тонның жағасы» деп басталатын толғауындағы:

«...Қайран Есіл-Нұрамыз,

Қайда барып сиямыз».

деген жолдарды да еске сала кеткен артық болмас. Күдеріқожа ата толғауын көш үстінде Қарқаралыда айтыпты. Қабдеш ағамыз бұл бабамыздың мұрасымен таныспағаны қалай екен?

Қазақ тарихының білгірі, тарихшы, Академик Манаш Қозыбаев Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесіне үш рет келді. Үнемі адам көп кезде ат басын тірейді. Сол ғалымның былай дегені бар:

– Сен, Камал, айналайын, мына кесене салынбай тұрып-ақ маған келгенсің. Сонда не айттым? Менің ата-бабам осы маңнан көшсе керек. Қабанбай елі де бертін қотарылған. Негізінде, әрбір тарихи оқиға, тарихи факті, тарихи тұлға үш фактор арқылы мойындалады, сөйтіп қана тарихи шындық ретінде қабылданады. Ол, бірінші – халықтың мойындауы, екінші – тарихи дәлелдердің сәйкестігі, үшінші – мемлекет тұрғысынан мойындау. Ара-тұра, бірінші фактор қазақ жағдайында жазба дерек емес, шежіреге сүйенетіндіктен тура болмайды. Аңыз бұрмалап отырады. Сондықтан халық аузындағы аңызға сену дұрыс емес. Оны қосымша дәлелдеу қажет.

Енді, нақтылы Қаракерей Қабанбай батырға келсек, дастандарда айтылатыны – Арқа, оның ішінде Есіл-Нұра. Бұл халықтың айтары. Қабанбай атамыздың жағдайында бұл фактор толық мойындалған. Ал тарихи дәлелді өзің айттың. Оның үстіне мен де көзім жеткен соң ғана келемін. Мұны мен саған кесене салынбай тұрып жолыққаныңда айтқанмын. Үшінші, мемлекеттің мойындауына келсек, мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың кесенені ашуы – үшінші фактор болып табылады. Әрі Әбіш бауырымыз мен басқаратын Тарих және этнология институтымен, менімен көп ақылдасты. Бұл – Қаракерей Қабанбай батырдың моласы. Кім не десе де, шындық осы. Қалғандары, әсіресе жазушылар, айта береді. Сенбе.

Газет мақаласындағы мына жолдар назар аударуды қажетсінеді: « кесене орнатты маған айтқан да жоқ, ақылдасқан да жоқ, мәселен айтпауға тырысты, ұрлап жасауға тырысты». Жалпы халық болып жұмылған кезде жұрт неге Қ.Жұмаділов ағамен ақылдасуы, ол кісіден рұқсат сұрауы керек? Ағамыз рас жанашыр екен, қолында бұлтартпас дәлелдері бар екен десек, өзі келіп, елдің көзін жеткізуі қажет еді. Олай ете алмаса, ақыл айтып, бас-көз болса кім «қой» дер еді. Қайта қуанбаймыз ба. Олай етпеді. Себебі, қолында бірде-бір нақты дәлел жоғын өзі де біледі. Біздің неше жылдан бері жариялап жүрген нақтылы дәлелдеріміздің бірін де жоққа шығара алмайды. Себебі, біз ғылыми тұрғыдан талданған, нақтылы фактілерді алдарыңызға жайып отырмыз.

2000 жылғы көктемде Қайрат Сатыпалды бастаған ұлттық Ат спорты Федерациясы барлық республикалық баспасөзге, оның ішінде «Қазақ әдебиеті» газетіне де Қаракерей Қабанбай батыр кесенесін салуға сауын айтқан мақалалар, жарнамалар берді. Есеп-шотын айтты. Семей, Өскемен, Талдықорғанның облыстық газеттеріне де басылды. «Хабар», «Қазақстан» телеарналары әлденеше хабар беріп, құрылыс жұмысымен таныстырып отырды. Ендеше, Қабдеш ағамыз газет оқымайды, теледидар көрмейді дегенге сенесіз бе? Мен сенбеймін. Демек, «ұрлап жасады, жасырды» деген сөз түбірімен жалған. Кесене жалпы жұрттың көз алдында жүрді.

Бірақ бір расы бар. Ешкім Қабдеш ағадан ақыл сұрамады. Ағамыздың бар өкпесі осы жерде жатпаса деңіз. Бұл енді ер азаматқа тән мінез емес- ау.

Жалпы, бір-жар ағаларымыз Қаракерей Қабанбай батырды жекешелеп алғысы келеді. Бірақ Ұлы Қолбасы приватизацияға жатпайды. Бабамыз қазақ қана емес, иісі түркі, арысы мұсылман үмбетінің ортақ батыры, ортақ мақтанышы. Осы себептен де Қаракерей Қабанбай батырдың мұрасын зерттеу, кесенесін көтеру үшін ешкімнен рұқсат сұралмайды.

Жуырда Қабдеш ағамен тілдесіп қалдық. Таң қалғаным: жазушы ағамыз Дарабоздың жұрт сақтап отырған заттарының бірде-бірін білмейді екен. Мұны қалай түсінесіз? Бүгін бас Сардардың сапысы, жалбағайы, қалпағы, басқағы, қылышы, оқшантайы, қолтырамышын ұрпақтары ұстап отыр. Осыны айтқанымда ағамыз «Ойбай, көп емес пе?» деп аса жаратпаған сыңай танытты. Сондай-ақ батырдың атасы Мәмбет батырдың Туын да ұрпағы көзіндей көріп, сақтап келеді. Туматайдың шапаны және бар. Ағамыз ел арасынан дерек жинап, ең болмаса екі жыл жүрсе, оларды білер еді-ау.

Қабдеш ағамыздың романында Қабанбай Сардар Үрімжіге сауда қуып баратыны бар. Бірақ ғұмырын Ұлы Бабасы Қаракерей Қабанбайды зерттеуге арнап келе жатқан, батырдың кіндік төлі Зейнолла Сәнік қытайдан мынадай хат жолдапты: «Бабамыз Үрімжі саудасына бармаған. Оған сол кездегі Үрімжінің амбыны Нусанның Бейжіңге жолдаған мына ақпараты куә: «9 айдың 17 күні Қарауыл батыр Қабанбайдың баласы Едіге мен інісі Туматай бастаған алғашқы қазақ сауда тоғанағы келді. 57 адам. Олар 380 жылқы әкелді». Нақтылы осылай. Қабдеш ағамыз әлі қиял жетегінде жүр.

Келіссөзді басы бүтін Едіге жүргізіпті. Әкесі барса, ол сөз ұстар ма еді?

Айтқандайын, ілгеріде өткен бабалардың кім екені көңіл айту, естірту, жоқтау үстінде көрінетіні бар. Сондай жоқтауды Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанда, Мырзакелді атамыз Назым анамызға жазып берген екен. Мұны бізге атаның тікелей ұрпағы Қ.Әубәкірұлы айтып беріп еді. Соның үзіндісі:

Жиылып тегіс ас беріп,

Қайтқан жерін айтайын –

Есіл-Нұра арасы.

Ақ атанын шөгеріп,

Жатқан жерін айтатын –

Сарыбелдің сағасы.

Ол кісі жоқтауды шөбере ағасы Мұстахымнан естіген екен. Бұған нендей қарсылық жасайсың?

Манадан бергі деректерді, дәлелдерді жинақтасақ, мынадай түйінге жетеміз:

1. Қаракерей Қабанбай батыр Арқада туып, Есіл-Нұра арасындағы Сарыбелге жерленген;

2. Наймандардың топтала Аягөздің сол жағалауына өтуі 1810 жылдан бері.

3. Байжігіттердің бір тобының Барқытбелге (Тарбағайға) жете қоныстануы 1817 жылдары. Осы маңда бұдан ерте қойылған бірде-бір найман, бірде-бір Байжігіт сүйегі жоқ. Қаракерей Қабанбайдың замандастары мен балалары Арқада, Аягөздің оң жағалауына қойылған. Мысалы, Әлі батыр атамыздың кенжесі. Дарабоздың қырық жеті жасында туған деседі. Әлі батыр ұзақ жасапты, сексеннен мол асып, қайтыс болыпты. Сонда Әлекең мөлшері 1735 жылдан бері туса, 1820 жылдары өмірден өткен. Бұл да Байжігіттер Аягөздің сол жағалауына 1817 жылдан кейін өтті деуімізге – бір дәлел. Қазақ салтында кенже ұл – Қарашаңырақтың иесі. Әке мен шешенің сүйегі осы үйден шығады. Ол заманда бұл қатаң сақталған. Ендеше, Хан батыр 1760 жылдары Алакөлге жетіп алса, Әліні неге тастап кетеді. Тағы да қисынсыз-ақ.

Нарбота мен Қасабай батырлар 1757 жылғы Фу Денің әскерімен соғыста ерекше көзге түседі. Нарбота соның алдында Әмірсананың таңдаулы бес жүз жанкештілерін қырып салады. Бұл екі атамыздың да бейіттері белгілі. Жасырған түгі жоқ. Қалмақ қорлайды десе, шекараның тап үстінде отырған осы батырларды тығып, жасырып қойса керек еді. Жоқ. Қасабай батырдың бейіті Аягөзден 3-ақ шақырым жерде. Сондықтан, Қабанбай батырды жасырып қойды деу – аңыздан аңыз туғызу ғана.

Қабдеш ағам, әйтеуір, маған тиіспей, маған соқтықпай кетпейді. Қайтсе де жеке басымды ебін тауып қаралай өтуге ұмтылады. Ана жылы наймандардың 1770 жылы қайда ғұмыр кешкенін, қалмақтардың түтіндері қайда ұшқаны жөніндегі Ш.Уәлихановтың, Н.Мыңжанның, М.Тынышбаевтың деректерін келтіріп едім, Қабдеш ағам жата кеп жармассын. Халық жауы жасай жаздады. Бірақ, менің не жазығым бар? Шамасы келсе, Шоқан, Нығмет, Мұхаметжан аталармен жаға жыртысса ғой. Мен бар-жоғы осы ұлыларымыздың Қабдеш ағама беймәлім деректерін ғана сол кісі біле жүрсе екен деп жазғанмын. Кейін түсіндім. Ол кісілерге бұл кісі не дей алсын? Оларға қарсы сөйлеуге дәрмен де, дәлелі де жоқ. Аттарын атап дауласайын десе, ел күледі. Сонан соң маған дүрсе қоя берген екен. Өзі білсін.

Дегенмен де пікірталаста жеке басқа тиісу шарасыздықтың, айтар аргументінің жоқтығының, дөрекіліктің, бейшаралықтың белгісі. Мен ешуақытта үлкен кісінің жеке басына барған емеспін. Қабдеш ағаның қазақ әдебиетіндегі орнын бағаламау – күнә. Білген адамға – қазақ әдебиетін мойындамау. Бұл – шындық. Бірақ жаласына жауап беру керек. Мен ешқашан Дарабоздың «тікелей ұрпағымын» деген емеспін. «1979 жылдан әуестендім, бар қазақ бабамызға жат емес» деймін.

Анау жылы Қабдеш ағамыз кесенеге іші пысқан бір-жар адам болмаса, ешкім төңіректемейді екен деген сыңайда газетке жазған-ды. Не ғажабы барын қайдам, ағамыз өз дегенін өзі ұмыта береді. Бұл жолы мола басында кісі қарасы мол екенін мойындапты. Біреулерден естісе керек. Бірақ олардың барлығын «турист» депті де, мені солардың арқасында байытып тастапты.

Жазушы ағамыз айтқандай, Әулиенің басына туристер емес, аруаққа құран бағыштаушылар, тағзым етушілер келетінін Қабдеш ағаның білмейтіні өкінішті-ақ. Кесене – зиярат орны. Құдайдан тілеу тілеп, аруақтарға құрмет көрсететін киелі орын. Мұнда ел беруге емес, құдайдан жәрдем, әулиеден бата алуға келеді.

Не жазса да, ағамыз мені кемсіткісі келеді. Онысын да түсінемін. Тарихи, нақтылы деректермен сөйлеп отырған соң маған «мынауың қате» дей алмайды. Фактілерге фактімен жауап беруге қолы қысқа. Ол кісі менің ұзақ жылдар Талдықорған облыстық «Қазақ тілі» қоғамын, облыстық мәдениет, тіл, кино басқармаларын басқарғанымды, Үкіметтегі сектор меңгерушісі қызметін өз еркіммен өткізіп беріп, Қаракерей Қабанбай батырдың шырақшысы болғанымды жақсы біледі. «Дүрілдеп байып» жатпасам да, атаның кесенесіне келгенде джип машинам бар болатын. Келе салысымен, екі ай өтпей азаматтар «Аға, мына машинаңызға обал болады. Қазір жол салынбапты. «Нива» мініңіз» деп жап-жаңа машина тарту етті. Жаз шыға асфальт төселді жолға. Әзір киіміміз бүтін, асымыз бар. Тәп-тәуір бизнесім бар. Жасырмаймын.

Кесене басына келгелі мұнда жалпы көлемі 600 шаршы метр екі үй салынды. Бірінде өзіміз тұрамыз. Екіншісін қонақ үй, қатымханаға лайықтап, күтіп отырмыз. Ешкім тұрмаса да, қыстай от жағулы, жып-жылы, мұнтаздай таза. Екі үйдің жалпы бағасы 40 миллион теңгеге жуық.

200 түп қарағай, 200 түп қайың еккенбіз. Бүгін кесене маңы жасыл желекті. Оларды қоршай бірқатар үйеңкі, қарағай, бірқатар жиде жайқалып келеді. Екі жерден, қырдың ең ұшар басынан құдық бұрғылатып, 100 метр терңнен ауызсу алып отырмыз.

Алдыда жеке мұражай салсақ деген жоспар бар. Қазір ақылдасудамыз. Сол мұражайға Қабдеш аға мен туралы жазғандарын сыйға тартса, көрнекі жерге іліп қояр едік. Осы мұражайға ел азаматтары, басы Өмірбек Байгелді ақсақал болып, қазақ батырларының сауыт-сайманын, қару-жарағын, киім-кешегін әкеліп жатыр. Қаракерей Қабанбай батырдың өзі ұстаған, төл дүниесі – жез леген де біздің қолда.

Кесене салынғалы бері мыңғұлға, қытайға, өзбекке, Ресейге, Қырғызға әлденеше рет барып дерек жинадық. Өкіреш Шал, Төлегетай (Төлек атай) бабаларымыз туралы мол мағлұмат алдық. Оларды жарияладық.

Бүгінгі күні Қаракерей Қабанбай батырдың қаһармандық тұлғасы жайлы Амантай Жақыптың «Хан Батыр – Қаракерей Қабанбай» атты шежірелік кітабы, Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садыханның «Қаракерей Қабанбай» атты деректі-шежірелік кітабы, Болатжан Абылқасымовтың осы аттас зерттеу кітабы, Зейнолла Тілеужанұлының осы аттас тарихи романы. Мұхтарбек Кәрімовтің де осы аттас деректі кітабы, біздің де осы аттас кітабымыз, Егізбай Қарпықтың шежіресі жарыққа шықты. Пьесалар қойылып, әндер айтылуда.Жұрт пейілі керемет. Қаркерей Қабанбай батыр кесенесіне ел аман, жұрт тынышта бір- ақ адам залалын тигізді, қастандық жасады. Ол "мен" дегенде кеудесіне қи жанатын Мырзатай Жолдасбеков.  2007 жылы Дарабоздың халық жиналып салған, қазағымның маңдайына біткен қас батырының кесенесін мемлекеттік бюджеттен шығарып тастады. Аса рушыл Мырзатай алдында Ақтамбердінің тегіне күмән келтіріп еді. Ол жалпыға аян. Сөйтсем Қаракерей Қаракерей Қабанбай батыр дың кесенесі тозады десе керек. Керісінше одан бері қанша құрылыс жүргізілді. Келіп көрсеші. Бірақ қай бетімен келеді?

Бұл сөз арасында айтылып жатыр. Ел мұны да білсін.

Әлі де талай-талай соны дерек табыларына күмәнсізбіз. Қу басын әзер алып қашып құтылған.Ел ішінде небір қазына жатыр. Соларды бұра тартпай, әсіре жершілдікке салынбай елге жеткізіп отырған жөн. Қателессек, оны да айтамыз. Айтқанбыз да. Әйтпесе лағы кетуің кәдік.

Кеудесінде «қазақпын» деген сәулесі бар азаматтар Қаракерей Қабанбай батырды, барлық бабаларымызды зерттеуге ат салысып жатыр. Біз Ұлы Сардардың әрбір ісін, әрбір сөзін, өзі ұстаған дүниесін тірнектеп жинап жүрміз. Бұл шаруа адамды байытпайды. Мұнда саясат та, күнкөріс те жоқ. Тап-таза қазақы патриотизм, ата-баба мұрасына деген адалдық қана бар. Ойымыз қазақтың ата тарихын байыту, бабамызды кейінгі ұрпаққа нақтылы тарихи бейнесімен табыстау. Шындыққа жету.

Камал ӘБДІРАХМАН,

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы

(8-717-2) 49-00-67

8 701 766 13 98

 
16 мая 2012, 17:13
6284

Загрузка...

Комментарии

Аға осы Қу дауысты құттыбай қайда жерленгеннің білесіз бе білсеніз жауыбын жызынызшы

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Только на 10-й раз он смог поступить в Кембридж! Герой с Кармакшинского района

Только на 10-й раз он смог поступить в Кембридж! Герой с Кармакшинского района

Свыше 10 известных университетов приглашают его обучаться за рубежом, но выбор будет оставаться за Сакеном. Он выберет обучение в The University of Edinburgh и отправится в эту удивительную страну...
socium_kzo
30 нояб. 2016 / 11:06
  • 11397
  • 10
Взгляд со стороны: Назарбаев глазами кыргыза

Взгляд со стороны: Назарбаев глазами кыргыза

В чем уникальность этой личности? В чем его успех или провалы? Эти вопросы требуют глубокой аналитики и исследований. Я же хочу рассказать о Нурсултане Абишевиче глазами рядового кыргыза...
maxes
1 дек. 2016 / 8:05
  • 5167
  • 17
Молчание врачей. Дети ЮКО, заражённые ВИЧ 10-11 лет назад, узнают о диагнозе-приговоре

Молчание врачей. Дети ЮКО, заражённые ВИЧ 10-11 лет назад, узнают о диагнозе-приговоре

Как сообщают новостные издания, в ближайшее время в Южном Казахстане 102 детям в возрасте 11-12 лет сообщат об их страшном диагнозе. Все эти дети были заражены ВИЧ, причём большинство было инфицировано по вине врачей.
openqazaqstan
2 дек. 2016 / 13:57
  • 4154
  • 4
Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

Японец о Казахстане: «Ваши девушки уж сильно себе набивают цену...»

"Мужчины должны у вас тут права качать, ибо их процент в вашей численности населения уступает проценту женщин". Я машинально начала уверять, что у нас в стране таковых не имеется...
Sapientia
вчера / 10:52
  • 4230
  • 61
Почему Дональд Трамп назвал Казахстан чудом. Президент подтягивается по географии

Почему Дональд Трамп назвал Казахстан чудом. Президент подтягивается по географии

Трамп и не подозревает, что 16 декабря 1991 Казахстан не создал, а восстановил свою национальную государственность. Иначе бы он упомянул не только 25 лет, а больше чем 550 лет казахской истории.
Stehlikova
2 дек. 2016 / 9:02
  • 4441
  • 88
Аэропорт Схипхол и Алматы. Смотришь на это и ощущение, что мы лет на тридцать отстали

Аэропорт Схипхол и Алматы. Смотришь на это и ощущение, что мы лет на тридцать отстали

Недавно пролетал через аэропорт Амстердама - Схипхол. Так как улетал из аэропорта Алматы, то не мог не начать сравнивать эти аэропорты.
Superkurt
30 нояб. 2016 / 10:09
  • 3559
  • 12
Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Мысли вслух. Почему казахи перестали общаться с родственниками и ходить в гости?

Дастархан в те времена был скромен. Не было понятия «сынау» - осуждения кто как живет, какой в доме ремонт и т.д. Пока взрослые обсуждали задержку заработной платы, мы играли в армию, жмурки, строили городки...
socium_kzo
вчера / 15:19
  • 3160
  • 12
Мой личный опыт использования Astra Plat: мелочи в моем кармане заметно стало меньше

Мой личный опыт использования Astra Plat: мелочи в моем кармане заметно стало меньше

Давно ждал запуска электронного билетирования в общественном транспорте Астаны. В ноябре 2016 года этот день настал. Мой опыт насчитывает последние 2 недели и мне есть чем поделиться.
iamYerlan
1 дек. 2016 / 15:24
  • 3226
  • 12
Понять и простить: почему большинство стран бывшего СССР отказалось от амнистий

Понять и простить: почему большинство стран бывшего СССР отказалось от амнистий

Президент Назарбаев предложил амнистию для совершивших преступления небольшой тяжести несовершеннолетних, пожилых, женщин и других социально уязвимых категорий осуждённых.
openqazaqstan
30 нояб. 2016 / 13:45
  • 3058
  • 21