Егер балаларыңызды не кішкентай іні-сіңлілеріңізді бір тәттімен қуантқыларыңыз келсе, онда жексенбілік рецептімізді оқи отырыңыз.
Бұл балмұздақ тәттіқұмарларға сый болып қана қоймай, ағзаға біраз пайдалы минералдар да береді. Өйткені оның құрамында кальций, фосфор, темірмен қоса, адам көңілін көтеретін ферменттер де бар екен.
Сонымен бізге керегі: балмұздақ санына қарай банандар (2-3 жеткілікті).
Бір плитка шоколад (бізде «Қазақстан» шоколады) және кокос не жаңғақ ұнтақтары.
Алдымен бананды қабығынан айырып, екіге бөліп дайындап қоямыз.
Шоколадтың жартысын қайнаған судың үстінде буға ұстап, сұйықтап алу керек.
Банандарды бір-бірден шоколадқа батырып, үстіне кокос не жаңғақ ұнтақтарын себеміз.
Содан соң банан-балмұздақтарымызды арнайы таяқшаға кигізіп, шоколад қатқанға дейін тоңазытқышта ұстаймыз.
Жексенбіңіз сәтті, әрі тәтті өтсін!
Асханада болған Айжан Кәрібаева