Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
8
12:12, 22 октября 2012

Қысқы сюита. Алма Мұқан.

Blog post image

Музыка - адам жанын жадыратар сиқырлы күш. Музыка атты нәзік те тылсым әлемге бойлап, өмірін соған арнап жататындар қаншама. «Кейбір дәрілер тамаққа тәбет ашатындай, музыка да өмірге деген құштарлықты оятады» - деп В.Ключевский айтқандай, біздің кейіпкеріміз музыкасыз өмірін елестете алмайды. 21 жасар Алма Мұқан Күләш Бәйсейітова атындағы Республикалық музыка мектебінің түлегі. Ол атақты Шопен мен Листтің аспабы - фортепианоның маманы. Қазірде Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваторияның 3 курс студенті. Сонымен қатар, консерваторияда балаларға сабақ береді. Бос уақытында қоғамдық жұмыстарға араласып, өмірдің әр қырында белсенді болуды ұнатады.

Blog post image

- Алма, музыка сенің өміріңде қаншалықты маңызды орын алады?

- Музыкамен 5 жасымнан бастап айналысып келемін. Анам - қазақтың халық аспабы саз сырнайдың шебері, ал әкем консерваторияны хорды дирижерлау мамандығы бойынша бітірген. Ата-анам музыкант болғандықтан, кішкентайымнан жаным өнерге жақын болды. Сол себептен музыка қазіргі таңға дейін менің ажырамас бөлігім.

- Фортепианолық ең сүйікті шығармаң қандай? Қандай композиторларды өзіңе үлгі тұтасың?

- Жалпы классикалық бағыттағы музыканың бәрі де жақсы... Бұл әуендердің қайсыбірін тыңдасаң да, жаның ләззат алып, бір сергіп қаласың. Себебі музыканың емдік қасиеті бар екені сонау орта ғасырлық кезеңде дәлелденгені бәрімізге мәлім. Ал сүйікті композиторым - Сергей Рахманинов. Бұл кісінің шығармалары, өмірге деген көзқарасы, жан әлемі менікіне жақын деп ойлаймын.

- Ал қазіргі қазақстандық композиторларымыздан кімді атай аласың?

- Қазіргі таңда елімізде жас та өнерлі композиторлар өте көп. Бұрынғы үлгілерден бастау алып, әуенді заман талабына сай әдемі үйлестіретін қазақ композиторларына өте ризамын. Солардың ішінде Бахтияр Аманжол, Алмас Серкебаев, Ақтоты Раимқұловаларды ерекше атап өткім келеді.

Blog post image

Музыкатанушы Святослав Бэ́лзамен қайырымдылық балында. Алматы, 2009 ж.

- Ал өзің музыкалық туынды шығармайсың ба?

- Өкінішке орай жоқ... Жалпы композиторлар қауымы өте сирек кездесетін өнер иелерінің бірі болып табылады.

- Түсінікті. Қазірде 3 курс студенті бола тұра сабақ бересің. Мұғалім болудың салмағын сезініп жүрген шығарсың?

- Әрине, мұғалім болған соң тұрақты, салмақты білім иегері болуға талпынасың. Жаупты іс екенін де сезінесің. Оқушыларым 9 сыныпты бітіріп, өнер іздеп келген 16-17 жас шамаларындағы балалар. Сондықтан маған ең бастысы студентпен достық қарым-қатынас орнатып алу. Бұл менің үйретуіме де, оқушының үйренуіне де оң әсер етеді.

- Байқауларға қатысып тұрасың ба?

- Байқауларға қатыстым. Ең биік және ең маңызды жетістігім - Астана қаласында өткен халықаралық жас музыканттар байқауында 2-орын алғаным.

Blog post image

- Алма, бүгінде студенттер ұйымында жұмыс істеп жүрсің, қазіргі жастарға деген көзқарасың қандай? Олардың қандай кемшіліктерін баса айта аласың?

- Иә, қазіргі таңда Қазақстан студенттер Альянсының Алматы қаласы бойынша вице-лидерімін. Еліміздің жастары қазіргі таңда өте сауатты. Қай саланы алып қарасақ та, заман талабына сай қарқынды дамып, ұтқыр ойларымен көзге түсетін - жастар. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, басым бөлігі: "білсем, көрсем, үйренсем" - деген қағидамен өмір сүреді. Қуантарлық жайт.

- Кітап оқығанды жақсы көресің бе? Ең сүйікті кітабың қандай?

- Кітап - менің рухани азығым. Кітаптың арқасында көп нәрсеге көзім ашылды. Әсіресе поэзияны ұнатамын. Оның ішінде Мұқағали, Мағжандардың поэзиясын сүйіп оқимын. Ал әлем әдебиетіне келетін болсам, сүйікті кітабым - Г. Маркестің "100 жылдық жалғыздық" романы.

- Сүйікті киноң мен сүйікті актерлеріңді атай аласың ба? Өзіңді қай кино кейіпкеріне ұқсата аласың?

- Кеңес дәуірінің классикасы. Сондай-ақ Қазақфильмнен -"Қыз Жібек". Шетел фильмдерінен - «Перл Харбор». Актерлерім – Моника Белуччи және де Сергей Безруковтың ойыны керемет деп ойлаймын. Өз образымды «Мистер мен миссис Смиттағы» Миссис Смитке ұқсатамын.

- Алма, кішкентай кезіңде кім боламын деп армандадың, қазігі ойың қандай?

- Кішкентайымда балерина болғым келген, ал болашақта мәдениет министрі болуды армандаймын.

Әңгімелескен Айжан Карибаева

______________________________________________________________________

P.S. Құрметті оқырмандар, егер де жобамыздың кейіпкері бола алатын жастарды сұхбатқа ұсынамыз десеңіз, aliya@yvision.kz адресіне хаттарыңызды жолдай аласыздар. Сондай-ақ, "Екпіннің" штаттан тыс авторы боламын десеңіз, материалдарыңызды күтеміз.

8