Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
4
10:21, 23 октября 2012

Альмодовардың алабөтен туындысы

Адам баласы махаббатқа құштар. Ол оның тыныстау, тамақ ішу, ұйықтау тәрізді қарапайым қажеттілігі. Ол бірнеше жылдар бойы терең ұйқыдағы адам ба, немесе жай ғана көшеде кетіп бара жатқан кәрі шал ма, маңызды емес. Біреуді сүйуге, біреудің сүйіктісі болуға бәріміз де құштармыз. Бұл тақырыпты қозғағанда ұлттар арасындағы шекара өшіріле бастайды. Өйткені махаббат тақырыбы бүкіл адамзатқа ортақ тақырып. Тек оған әр ұлт өзінің "менін", өзінің болмысын сан қырынан көрсетеді. Махаббатың өзгеше де, біздің ұғымымыздан бөлек қырын испан режиссері Педро Альмодовар «Онымен сөйлес" (исп. «Hable con ella») фильмінде көрсетеді (2002ж).
______________________________________________________________________

Blog post image

Бұл фильм түсірушілеріне 51 млн доллардай ақша тауып, "Ең үздік сценарий" номинациясы бойынша "Оскар" сыйлығын иеленуге мүмкіндік берді. Фильмнің сценаристі де Альмодовардың өзі. Сондай-ақ бұл туынды иесіне "Алтын глобус", ресейдің "Золотой овен", және т.б. көптеген сыйларды алып берді.

Альмодовар табысының құпиясы неде? Оның әр фильмі көрермен жүрегінің қай талшықтарын қозғайды? Оған қоса, туындыларында қымбат спецэффект те жоқ, әрлеуші қымбат киімдер де, машиналар да көрінбейді. Оның басты көзге ұстайтыны - адам тағдыры. Қарапайым сезімдер мен күйзелістер. Алайда Альмодовар оның бәрін нәзік эстетикамен, торғын шымылдықпен ғана әрлейді. "Онымен сөйлес" фильмінде көзге бірден түсетіні - испандықтардың мінезі, темпераменті. Альмодовардың формасы - тым натуралистік болғанынан, біздің көзге ол дөрекі көрінуі де мүмкін.

Blog post imageАлайда стереотиптен арылып, ұлт шекарасын өшіріп, бұны әлемдік деңгейдегі өнер ретінде  қарастыратын болсақ, туындының кино әлеміндегі жауһардың бірі екенін жасыра алмаймыз. Көтерілген тақырыптар, сюжеттік құрылым, қиыннан қиыстырылған режиссерлік шешімдер - бәрі де бұл туындыға көрінбес көркемдік, сезілмес шынайылық беріп тұр. Әсіресе Альмодовардың спектакльдер мен үнсіз фильмді қолданғаны кино-туындыға қосымша тебіреніс береді. Жалпы, спектакльдерді кино арасына қосу Альмодовардың стилін көрсететін бірден-бір тәсіл. Бұл тәсілді Педро өзінің тағы да бір «оскарлы» «Бәрі де анам туралы» (исп. Todo sobre mi madre) атты фильмінде қолданған (1999).

«Онымен сөйлес» драмасы бізге екі жұптың тағдыры жайлы баяндайды. Бірінші жұп – авариядан кейінгі летаргиялық ұйқыға кеткен Алисия атты қыз бен оған өлердей ғашық, әрі оның 24 сағат бойы күтушісі болып жүрген Бениньо. Фильм басында Бениньо өзінің атына сай («бениньо» - ақкөңіл, мейірімді дегенді білдіреді) момын, балаға тән аңқаулығымен танылады. 20 жыл бойы ауырған анасының қасында жүрген жігіт, 4 жыл бойы Алисиямен сау адамдай сөйлесіп, айналадағылардың оның «сау» жігіт екендігіне күмәнін келтіреді. Бір жағынан қарасаң, «ұйқыдағы ару» оған ешбір жауапты сезім білдірмейді. Алайда Бениньо оны өзінің қиялында бұрыннан әйелі етіп алған. Ол Алисияға ұнайтын фильмдерге барады, спектакльдерді көреді. Қысқасы, Алисияның өмірін өзі өмір сүріп береді.

Blog post image

Бір күні Бениньо журналист Маркомен танысады. Марко керісінше, өзін бірінші орынға қоятын жігіт. Оның қосағы Лидия - тореадор. Фильмге қайталанбас көрік беретін осы әйел сәтсіз корридадан кейін комаға түседі. Осы кезден бастап Марко мен Бениньоның арасында достық қарым-қатынас орнайды. Ғашығына мұндай халде жақындай алмайтын Маркоға бұл «салада» тәжірибесі бар Бениньо: «сен онымен сөйлесе бер, ол сенің көңіліңді сезеді» - деп кеңес береді.

Blog post image

Фильмде әр сюжет өрмекшінің өрмегіндей бір-бірімен байланысты. Ең алғашқы кадрдағы керемет Пина Бауштың «Кафе Мюллер» атты спектакліндегі екі әйелдің көздерін жұмып алып, сомнамбулалық қозғалыстар жасап жүрген үзіндісі кейіннен ұйқыдағы Алисия мен Лидияның тағдырын баяндайтын секілді.

Blog post image

Альмодовардың шеберлігі – Бениньоның іс-әрекеті қылмыс болып саналса да, бізді оған сүйсіндіріп қоюында. Расында да, фильмді көріп болғаннан соң, басты кейіпкер ретінде Бениньоны көріп, оған жанымыз ашиды.

Фильмнің сценариі өмірде болған оқиғадан туған екен. Румыниядағы морг қызметшісі комаға түскен бір қызбен жақындасқаннан кейін науқас қалың ұйқыдан қайта оянады. Қыздың жанұясы қызметшіге алғыс айтқанымен, оған қылмыскер деген айып тағылады. Яғни, біздің өмірімізде мұндай бір-біріне қарама-қарсы, парадоксты жағдайлар қаншама. Қылмыстар тек жауыздықтан емес, сүйіспеншіліктен де жасалады. Сонда сүйіспеншіліктің шегі қайда? Ғашығын соншалықты сүйетін Бениньоның есі ауысқан ба, әлде біреуді жан-тәнімен сүю деген осы ма? Альмодовар бізге осы сұрақтарды қойып, көрерменін сынап отырғандай.

Ұлы режиссер бұл туындысымен кино сыншылары мен өнер сүйер қауымды түпсіз ойдың тұңғиығына сүңгітті. Бұл кино туралы айта беруге де, ішіңнен қайта-қайта жаңа ой қазбалай беруге де болады. Немесе жай ғана оның әсем әуеніне, көңіліңді жібітетін сезіміне бойлап, ләззат алуыңа тағы болады.

4